Үш құрдас – үш бәйтерек

465

3 арыс

Алматыда Қазақстан Респуб­ликасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ғылым ордасының «Ғылым сардарлары» клубының аясында Қазақстан ғылымының деңгейін әлемдік дәрежеге көтеруге атсалысып, оған елеулі үлес қосқан Ана тіліміздің үш алыбы – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық ғылым академиясының академиктері Рәбиға Сыздықованың, Шора Сарыбаевтың, Әбдуәли Қайдаровтың 90 жылдық мерейтойларына арналған салтанатты жиын болып өтті.

Жиынның мақсаты – бүкіл саналы ғұмырларын еліміздің білім, ғылым саласының дамуына арнаған ұлы тұлғалар, көрнекті ғалымдарымызға құрмет көрсету, сол арқылы жастар­дың ғылымға деген ынталарын арттыру және өскелең ұрпаққа отансүйгіштік рухта тәлім беру, өнеге көрсету. Ал жиынның ерекшелігі – бір мамандықты таңдаған, жарық дүниенің есігін бір жылы ашқан үш алыптың тойының бірігіп өткендігі дер едік.
Тілімізді көркейтуге өзіндік үлес қосқан ғалымдарымыз сахна төріне көтерілгенде жиналған жұртшылық аса ризашылық көңілмен, ұзақ уақыт ду қол шапалақтап, құрмет көрсетті. Аталған іс-шараны халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі Өмірзақ Айтбайұлы жүргізді.

3 арыс-1

Алғашқы сөзді ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Мұрат Жұрынұлы алып, тіл ғылымына еңбегі сіңген академиктеріміздің өлшеусіз еңбектері жайлы айта келе, «ең бастысы – ғалымдарымыз әлі ғылымнан қол үзген жоқ, кітаптары, еңбектері шығып жатыр» деп өзінің шынайы алғысын білдірді.
Ғылым ордасының директоры Роза Кәрібжанова, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сұлтан Сартаев, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Аманжол Қошанов, филология ғылымының докторы, профессор Ерден Қажыбек, филология ғылымының докторы, профессор Жамал Манкеева, «Қайнар» университетінің ректоры Еренғайып Омаровтар сөз сөйлеп, елімізге белгілі ғалымдарымыздың еңбектеріне жан-жақты тоқталып, әсіресе жиналған жастарға көп мағлұмат берді.
Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Сенатының депутаты, Қа­зақстан Жазушылар одағы басқар­ма­сының төрағасы Нұрлан Ораза­линнің құттықтауын Ғылым ордасының директоры Роза Кәрібжанова жеткізді.
Филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кәрімбек Құрманәлі өзінің Шора Сарыбаевтың шәкірті екендігімен мақтанатынын айта келе, көрнекті тіл жөніндегі еңбегінен басқа, азамат ретіндегі сегіз қырына тоқталды. Алматы қаласындағы Орталық стадионды аштыруға еңбегі сіңгенін, футболдың тарихын зерделей, зерттей келе «Футболды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» атағын алғанын, емшілік қасиеті барын, сол үшін Емшілер қауымдастығының алтын медалін иеленгенін, коллекционер екендігін, сондай-ақ өзінің тапқыр әзілдерімен ғалымдар арасында танымалдығын, бұйыртса жақын күндері жеке әзілдерінің өзі кітап болып шығатынын атап өтті.
Реті келгенде айта кетейік, таяуда ғана Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Рәбиға Сыздықовамен кездесу өткен. Оның себебі де бар. Өйткені Рәбиға Сәтіғалиқызы осы оқу орнының түлегі. Басқосудың негізгі жүргізушісі белгілі тележурналист Дана Нұржігіт болды. Қосымша жүргізушілер қатарында кезінде Рәбиға апамыздың өзі атын қойған, бүгінде студент Фариза Кен­жеғалиқызы болғаны да кеш қонағын тебірентіп кетті. Ғалым апа өз өмірінен естеліктер айтты, студенттер қойған сауалдарға тұшымды жауап берді. Жүздесудің бір ерекшелігі – жастардың кеш кейіпкеріне арнаған жыр жолдары еді. Шын жүректен шыққан бұл лебіздерге жиналғандар риза болды. Сөз сөйлеген университет ректоры аппаратының жетекшісі Б.Сманов, оқу орнындағы филология институтының директоры Б.Әбдіғазиев, кафедра меңгерушісі Қ.Есенова ұстаз-ғалым жөнінде ізгі тілектерін білдірді. Сол жарқын жүздесудің бүгін де жалғасын тауып жатқандығы көңілге қуаныш ұялатты. Елге танымал тұлғаларымызды қанша, қалай ардақтасақ та артық етпейді.
Бүгінгі өткізілген шара барысында ғалымдарымыздың құрметіне әннен шашу шашылып, домбырадан күй төгілді. ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынбек Қоразбаев, ҚР Мәдениет қайраткерлері Тілеубек Қожанұлы, Ардақ ­Исатаева, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті Дәлел Уәш, ҚР Мәдениет қайраткері Мұрат Әбуғазы секілді танымал өнер иелерінің орындаған ән-күйлеріне, Құдыс Қожамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театрының «Рухсара» би ансамблінің мың бұралған биіне жиналғандар ризашылықпен қол соқты.
Өз кезегінде ақын Шөмішбай Сариев арнау өлеңін оқыды. Қасым Аманжоловтың 1946 жылы Рәбиға Сыздықоваға арнаған «Рәбиғаға» өлеңін Мейрамбек Тауғали орындады.
Ғалымдардың атынан Рәбиға Сәтіғалиқызы сөз сөйлеп, ұйымдас­ты­рушыларға алғысын білдірді. Жастарға үміт артатынын айта келе, «Бізде қазақ тілін зерттейтін жалғыз ғана институт бар. Ол – Ахмет Бай­тұрсынов атындағы тіл білімі институты. Осы институттың жұ­мысын сендер жан­дандырыңдар, тіл үшін еңбек етіңдер» деген тілегін жеткізді.

Бағдагүл Балаубаева