Мырзагелді Кемел: Бір палаталы Парламент құратын уақыт жетті

464

М-Кемел-260x300Экономика ғылымдарының докторы Мырзагелді Кемел «Ақиқат» журналына сұхбат берген еді…

–  Мырзакелді аға, қазір қандай қыз­метте жүрсіз? 

–  Еуразия ұлттық университетінде менеджмент кафедрасында үш пән бойынша, атап айтқанда, «Мемлекеттік басқарудың теориясы мен тәжірибесі», «Экономиканы мемлекеттік реттеу», сондай-ақ, «Мемле­кет және кәсіпкерлік» деген пәндерден дәріс беремін. Осы пәндер бойынша оқу құ­­рал­дарын жаздым. Ол оқу құралын Мем­ле­кеттік басқару академиясы мен Еу­ра­зия ұлттық университетінің ғылыми ке­­ңес­терінде бекітті. Республикалық оқу-әдіс­темелік кеңес те бекітіп, 1000 дана болып жарық көрді. Бұл пәндерден бұрын қазақ тілінде оқулықтар жоқ екен.

– Аталған білім ордасында қандай ерекшеліктерді байқадыңыз?

– Еуразия университеті қалыптасқан іргелі білім ордасы болып жетілгеніне кө­зім жетті. Баса айта кететін жайт, бұл оқу орнында университет ректоры, тарих ғы­­­лымдарының докторы Ерлан Сы­ды­қов­­тың бастамасымен жақсы бір рухани ор­та қалыптасқан, оның қатарында ірі қайраткерлер, білікті де білімді азаматтар бар. Соның ішінде жазушы, ғалым Қой­шығара Салғараұлы, бұрынғы сенаторлар әрі ғалымдар Әділ Ахметов, Ғарифолла Есім, белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков бар. Әртүрлі ғылыми не шығармашылық басқосулар болатын болса, ортақ пікірімізді айтып отырамыз. Мұндай пі­кір алмасулар жан-дүниемізді молайтып, ортақ мүдде жолындағы қызметімізді жақ­сарта түседі. Парасатты адамдармен ой бөліскенді жаным қалайды. Бүгінгі таңда кезінде ғылыммен айналысуға ден қой­ғаным дұрыс болған екен деген тоқтамға ке­ліп отырмын.
Бұл оқу орнының бір ерекшелігі көп студенттері «Алтын белгі» мен мемлекеттік гранттың иегерлері. Олар оқуда үздік нәтиже көрсетіп келеді, өздеріне де, ұстаздарға да жоғары талап қояды. Аудиторияға келіп, не болса соны айтып отыруға ұяласың. Маңызды тақырыптарды қызыға тыңдайды. Әрине, студенттердің арасында ұялы те­ле­фонмен әуре болып отыратындар да, «Кейін ғаламтордан тауып аламыз» дейтіндері де бар. Оларға: «Бұл саланың оқулығын ғаламтордан таба алмайсыздар. Емтихан тапсырасыздар. Сондықтан лек­цияға баса назар аударыңыздар», – дей­мін және жан-жақты ақпараттар беру арқылы қызығушылығын оятуға тырысамын.

– Қажетті материалдарды қайдан табасыз?
– Теория жағынан ағылшын, орыс тіл­дерінде жазылған және өз ғалымдарымыз жазған еңбектерге сүйенеміз. Әлемнің озық экономистері мен менеджмент ма­ман­­­дарының кітаптарын пайдаланамын. Сон­дай-ақ, ғаламтордан іздейміз. Мем­ле­кет­тік басқару академиясының кітап­хана­сынан бірқатар материалдарды табамыз. Сол секілді республикалық журналдарда көп­теген құнды мақалалар жарияланады. «Саясат», «Экономика» деген журналдар бар, университеттердің ғылыми басылымдары бар, «Тұран» университетінің «Қазақ­стантану» атты семинары бар. Осы басылымдарды зерделеп отырамыз. Сабақ арасында бос уақытымыз болғанда кітапханаға барып, газет-журналды ақтарамыз.

– Мырзагелді аға, жаһан тарихында әртүрлі елдер ортақ мүдде тұрғысында өзара бір келісімге келіп, одақтар құрғаны белгілі. Біраз елдің басын қосып отырған халықаралық ұйымдар да аз емес. Қазақ елі еніп отырған Еуразиялық экономикалық Одақ туралы ойларыңызды ортаға сал­саңыз?

– Иә, осы Еуразиялық экономикалық Одақты біраз зерделедім. Бұл Одақтың құрылуын ғылыми тұрғыдан дәлелдегім келіп, бір мақала жаздым.
Жаһандық қоғамда одақтасудың бір­неше түрі бар. Мысалы, федерациялық құрылым бар. Федерацияның классикалық үлгісі – Ресей Федерациясы. Өзіндегі түрлі ұлттардың автономиялық республикалары мен облыстары бар. Солардың бәрін біріктіріп отырған үлкен федерация. Сол секілді конфедерация деген құрылым бар. Шекарасы бір, экономикалық, саяси, қорғаныс мүдделері тұрғысынан біріккен елдер бар. Конфедерацияның үлгісі – Ұлыбритания мен Швейцария десек болады. Әдетте, Ұлыбритания дегенде Англияны ойлаймыз, ал, нақтылап келгенде, олар төрт мемлекеттің бірігуінен құрылған.

Атап айтқанда, Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландия атты әкімшілік-саяси бөліктерден тұрады. Әрбіреуінде де толық еркіндік, заң шығаратын, атқарушы билік пен сот жүйесі, түрлі басқару органдары бар. Бірақ, ортақ шекара, аз ғана әскері, бір-біріне тауарын алдымен ұсыну құқығы бар, жәрдем беріп тұрады. Швей­цария Конфедерациясы да солай, өз ерекшеліктеріне орай төрт бұрышы ресми төрт тілде сөйлейді, ортақ мүдде үшін біріккен.Бұлардан басқа әртүрлі экономикалық одақтар бар. Бүгінгі таңда 28 мемлекетті біріктіріп отырған Еуроодақ бұрын Еуропалық қауымдастық деп аталған. Бұл құрылым тек экономикалық мүддені қорғайды. Мысалы, Еуроодақ Американың долларына бәсекелесе алатындай ортақ ақша түрін, яғни, евроны айналымға шы­ғарды. Осылай елдердің үлкен бір ұйымға бірігуінен олар ұтып жатыр ма, ұтылып жатыр ма, оны уақыт көрсетеді.

Еуро­одақтың өз мүшелеріне қолдау көрсе­туде тәжірибесі қалыптасып жатыр. Мысалы, қаржы дағдарысына дендеп кіріп кеткен Грекияға бірнеше жылдан бері қаржы беріп келеді. Сол секілді Бельгияға жәрдем беріп жатыр. Олардың Германия сияқты озық елдері бар. Тағы да Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ОЭСР-ЕЭЫДҰ) деген халықаралық экономикалық ұйымның да мақсаты – мүше мемлекеттердегі қаржы тұрақтылығын сақтау арқылы, олардың экономикалық дамуын қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды жақсарту және тұрмыс жағдайын көтеру. Кезінде Кеңес өкіметі осы ұйымға мүше болғысы келген еді.

Бұл ұйымның тәртібі қатаңдау. Ешбір мемлекетке жеңілдік жасалмайды. Сол секілді ЕАСТ (Еуропа еркін сауда қауымдастығы), АТЭС (Азия-Тынық мұхит экономикалық әріптестік ұйымы), ОПЕК (мұнай экспорттаушы елдердің ұйымы), АСЕАН (Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы) деген ұйым бар. Бұлардан басқа да әуелі былай басталып, бірі кіріп, бір шығып жататын бірлестіктер көп, мысалы ГУУАМ (Грузия, Украина, Өзбекстан, Армения, Молдова). Осындай біріккен құрылымдардың қатарында Дүниежүзілік сауда ұйымы да бар. ДСҰ-ға мүше елдер ішінде тауар өткізу процесін барынша жеңілдету, шектеулерді алып тастау, сырттан келген тауарға қосымша салық салмау, акциз салықтарын, баж салығын салмау мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл ел үшін де, тұтынушы халыққа да өте қолайлы әрі тиімді екені анық.

Біздің үш ел құрып жатқан Еуразиялық Одақта да ДСҰ-дағыдай «бір ел – бір дауыс» қағидаты негізге алынған. Демек, үш елдің біреуі қабылданатын шешімге келіспесе, шешім қабылданбайды. Басшылық органдарда да тепе-теңдік орныққан, бір мүше – бір дауыс. Біреуі келіспесе, шешім қабылданбайды.  Бұл қағидаттар әр елдің өз мүддесін қорғауына мүмкіндік береді. Одақтан шығу да еркін. Одақ – саясаттан тыс, ол жөнінде Елбасы әбден түсіндірген.

– ДСҰ-ға кірудегі процестің ұзаққа созылғаны неліктен?

– ДСҰ-ға мүше болу үшін Қазақстанның ұзақ мерзім әрекет жасап отырғанының себебі, біз аграрлық ел болып саналамыз. Біз өндірген ауыл шаруашылығы тауарлары электр қуатын пайдалануда және жолдың қашықтығына орай бағасы артып отыр. Мысалы, оңтүстік өңірде өндірген өніміміз орталыққа жеткенше қымбаттап кетеді. Соның салдарынан сырттан келген, айталық, қызанақ, капуста, картоп сияқты өнімдер өзімізде өндірілгеннен екі есе арзан болуы мүмкін. Ал, ДСҰ-да Қазақстанның және басқа да елдердің ерекшелігі мен жағдайы ескеріліп, жеңілдіктер сұрап отырмыз. Себебі, ауыл шаруашылығын қорға­масақ болмайды. Жеріміздің кеңді­гінен, тасымалдың ұзақтығынан, біраз қиын­дықтарға тап келіп отырмыз.

Мысалы, 2012 жылы жасалған есепке қарағанда, Оңтүстік Қазақстанда жылыжайларда өндірілген қызанақтың бір келісі 17 теңгені құрайды, Астана төңірегінде жылыжайда өндірілген қызанақтың бір келісі 45 теңге болады. Ал Қытайдан келген қызанақтың бір жылдық орташа бағасын есептейтін болсақ, оның бір келісі 30 теңге. Осы өнімді біз базардан қыстыгүні әр килосын шамамен 550 теңгеге, жазда 150-180 теңгеге дейінгі бағаға сатып алып жүрміз. Сонда өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдардың көптігі, олардың арсыздығы мен тойымсыздығы анық кө­рі­ніп тұр, соның нәтижесінде халыққа обал. Міне, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргенше біздер осындай  мәселелерді реттеп алғымыз келіп отыр.

Біз Ресеймен, Беларусь Республикасы­мен бірлесіп, экономикалық одақ құру­ға ешқандай қарсылық танытпауымыз керек. Өйткені, біздің халқымыз аз. Өн­дірген өнімімізді сатып алатын тұ­ты­ну­шылардың саны жетпейді. Сол себепті, біз мақтанарлықтай дайын өнім шығара алмай келдік. Соңғы жылдарға дейін біз бар болғаны 650 дана автокөлік құрас­тырып шығарған кезіміз болды. Мұны қалай мақтанышпен айта аларсың? Ал, Өз­бек­станның халқы бізден екі есе көп. Сон­дықтан, олар автокөлік шығарып жатыр.

Жалпы, ұлы мемлекет санатына ену үшін және бәсекеге қабілетті болу үшін халықтың саны ең кемі 30 миллион болуы керек деген ұғым бар. Орталық Азияда тек Өзбекстанның тұрғындары ғана 30 млн-ға жуық. Қазақстан және басқа Орталық Азия елдерінің халқы ол межеге жетпейді. Сондықтан, өзіміз шығарған тауарды тұтынуда проблемаларға кез болып отырмыз. Тұтынушының аздығы экономиканың өсуіне кедергі келтіреді. Ал, шетелге сату үшін кедергілер аз емес. Осындай қиындықтарды еңсеру үшін біз кедендік рәсімдерді қысқартып, Ресеймен, Беларусьпен бірігіп, Кеден ода­ғын құрдық.

Сол арқылы олардың тауарын арзан бағамен алып, өзіміздің артық өнімімізді аталған елдерге сатып отыруға мүмкіндік туды. Үш елдің арасында ешбір кедендік салық болмайтыны сатып алушы елдердегі бағаны арзандатады. Бұл кәсіпкер үшін тиімді. Осы тұста айта кетейін, ел ішінде алаңдаушылық бар, біз де естіп жүрміз. Мәскеуге бағынған кезімізді ұмыта алмай жүрміз. Екіншіден, «Олар бүгін ішімізге кіріп алып, бірлескен кәсіпорындар құрып, кейін өз пайдасын іске асырып кетпей ме?» деген уайым да болды. Мұны Елбасының өзі көріп отыр. Алдағы бірлігімізді сақтау мәселесі өзіміздің бәсекеге қабілеттілігімізге, ішкі рухымыздың мықтылығына байланысты. Ал, экономикалық тұрғыдан бірікпей, дами алмаймыз. Мысалы, Қарағандыда ұшақ шығарғалы жатырмыз. Оны кім сатып алады? Жарайды, еліміздің орталығындағы бидайға дәрі шашатындар, оңтүстіктегі мақтаға дәрі-дәрмек себетіндер сатып алар. Одан басқасын кімге сатамыз? Сондықтан, сыртқа сатуға экономикалық одақтың пайдасы тиетін болады.

Бүгінгі таңда темір, көмір, алюминий және басқа да осы сияқты қазба байлықтарымыз ірі жеке кәсіпкерлік ие­ліктеріне берілгендіктен, сатылып жатыр. Осы шикізаттардан дайын өнімді өзі­мізде шығарып, шетелге сату басты мақ­сатымыздың бірі болып келеді. Сонда ха­лыққа жаңа және тұрақты жұмыс орындары ашы­лады.

 –  Енді ауыл шаруашылығы саласын зерделеп келе жатқан ғалым ретінде өз ойларыңызды айтсаңыз?
– Ауыл шаруашылығында проблемалар аз емес. Бізде 2 млн 400 мың гектар суармалы жер бар. Соның 1 млн гектары пайдаланылмай жатыр. 1990 жылдардан бері қарай сонша көлемдегі жерден өнім алу мүмкіндігінен айырылдық. Ол жерлер батпақтанды, су жетпей шөлейттенді, азып-тозды. Мысалы, бұрын Шудың суы Мойынқұмға дейін жететін еді. Қазір Шудың суы Аспараның төңірегінен аса бере, таусылып қалып жатыр. Сол секілді Сырдарияның суы Қырғызстанда басталып, Тәжікстан мен Өзбекстан арқылы бізге жетеді. Суаруға су зәрлі кезде олар бізді шөміштен қысады, өздерінен артылғанын ғана береді. Ол өзеннің суын пайдалануды ретке келтіретін халықаралық келісім-шарт жоқ.

Суармалы жерді сақтап қалуға барынша тырысқанымыз жөн. Бір-ақ мысал. Суармалы жердің бір гектары тиімді пайдаланса, бір отбасын асырайды. Сонда 1 млн 400 мың гектар жер 1,4 млн отбасының өмір сүруін қамтамасыз етеді. Ал 1,4 млн отбасы дегеніміз 5,5-6 млн адамды құрайтыны анық. Осы тұрғыда суармалы жерлерді қалпына келтіруде мемлекет тарапынан қолдау әлі де болса өз деңгейінде болмай тұр. Өйткені, оның аса құнды екенін ешкім нақты сезіне алмай келеді. 2020 жылға дейінгі кезеңді қамтитын мемлекеттік бағдарламаның су­ға қатысты бөлігінде «пәлен гектар суармалы жерді қалпына келтіру керек, оған мынадай көлемде қаржы жұмсалады» дегендей бап не тармақ жазылмаған. Бұл өте ескерілмеген жайт. Аталған салаға деген көзқарастың жеткіліксіз екенін көрсетеді. Біз мұнайымыз, астығымыз, көміріміз бар деп мақтанайық, бірақ, халықты жұ­мыспен қамту керек болса, суармалы жерлерді қалпына келтіргеніміз жөн. Бұ­рын­ғы жерлерді толық қайта қалпына кел­тіре алмаған күнде де, тың жерлерден, өзен-көлдердің жағаларынан жаңа суармалы алқаптарды ашуымыз керек. Сондай мүмкіндікті жасай алсақ, үлкен жетістікке қол жеткіземіз және халқымыздың үлкен бөлігін жұмыспен қамтамасыз етеміз.

Кеңес өкіметі кезінде мынадай бір саясат болған еді. Қант қызылшасын егіп өсіру сырттан сатып алғаннан тиімсіз екенін көріп-біліп отырса да, халықты жұмыспен қамту үшін қант қызылшасын еккен еді. Ол кездегі өкімет те ақымақ болмаған ғой. Көптеген өңірлерде суармалы жерлерді қалпына келтіретін болсақ, ол ауылдардың тұрғындары ірі қалаларға, әсіресе Астанаға көшпейді, өздерінің ауылдары кентке, кенттері қалаға айналады. Бүгінгі таңда тұрғындардың толассыз көшіп келуі Елордамызға үлкен қысым жасап отырғаны жасырын емес. Осы жағының бәрін есептеп, өмір сүруіміз керек.

– Сізді Мемлекет басшысының Жолдауларына терең мән беріп жүрген ға­лым ретінде білеміз. Қазір Қазақстан алдындағы меже – дамыған отыз елдің қа­­тарына қосылу. Осы орайда, Елбасы Мәңгілік Ел идеясын ұсынды. Іргесі мықты, келешегі кемел мемлекетті қа­лыптастыру жолында қандай мәсе­лелерді ескергеніміз жөн?

– Төңірегімізде алып мемлекеттер тұр­ғанда, біз бәсекеге қабілетті болмасақ, ел дамуында қиындықтар кездесе береді. 2004 жылғы Жолдауда бәсекелестікті дамыту жайлы айтқан Елбасы, 2006 жылғы Жол­дауында «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» деп Қа­зақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясын ұсынды. Бұл міндет 2012 жылдың аяғында орындалды. Ол тамаша жетістік болды. Негізінен макроэкономикалық көр­сеткіштер мен әлеуметтік мәселелер нақты жүзеге асты. Ол оңай болған жоқ. Ауыл шаруа­шылығына мемлекет тарапынан қан­ша қаржы бөлінгенін жақсы білесіз. Жолдауларда атап көрсетілгендей, зейнетақы мен жәрдемақы көлемі жыл сайын арта түсті. Еңбекақы көлемі де бірнеше есе көбейді. Соның бәрі 50 елдің қатарына кіруімізге оң ықпал етті. Ендігі жерде, күрделі болып тұрған ауыл шаруашылығын одан әрі дамыта түсу, ондағы еңбек өнімділігін арттыру, әлеуметтік қорғауды жақсарту болып тұр. Елдің деңгейін анықтағанда осы салалар бойынша көрсеткіштер маңызды рөл атқарады.

Жалпы, арман, мақсат биік болуы керек. Сонау көкжиектен биік арманы шақырып тұрғанда ғана адам алға ұмтылады. 50 елдің ішіне кірген соң, енді дамыған отыздықтың қатарынан көрінуді мақсат етуі – тәуелсіздігі тұғырлы мемлекеттің табанды арман-мұраты. Жетістікке жетуіміз үшін мемлекет те, Үкімет те, халық та бәсекеге қабілетті болуы тиіс, Елбасы солай деп нақты айтқан. Біздің еліміз – бәсекеге қабілетті, өйткені, оның байлығы мол. Үкімет те бәсекеге қабілетті, себебі, кім басқарса да, қаржы жетіп тұрды.  Ен­ді, халық бәсекеге қабілетті болуы керек. Біздің халқымыз ептеп артта қалып тұр. Кедей отбасылар көп, жұ­мыссыздар саны да аз емес. Соңғы жылдары өзін-өзі қамтамасыз етіп отыр­ғандар деген ұғым қалыптасты. Бұл көзді алдайтын көрсеткіш.

Біздің елде өзін-өзі қамтығандардың саны 2 млн 300 мыңдай. Бұл 17 млн халық үшін көп. Осы категорияға жататындарды есігінің алдында 10-15 сотық жері бар, бір-екі ірілі-ұсақты малы бар, тауығы бар, яғни, шығар-шықпас жаны бар деуге болады. Суармалы жері болса жақсы, көкөнісін егіп, тым болмағанда өз отбасының тамағын табуға тырысады, кейбір икемділері, еңбек­қорлары пайда да табады. Тұрған жері таудың етегі болса, малын жаяды. Ал, қуаң дала болса, қайтеді? Үй іргесіндегі жерден табыс алып қана өмір сүріп жатқандар ертеңгі күніне қажетті артық қаржы таба бермейді. Ал, біз әлемдік қалыпқа (стан­дартқа) қарасақ, тапқан табысымызды үшке бөлуіміз керек. Біріншісі – бүгінгі күнге, екінші бөлігі – адам жанының рахаты үшін, яғни, демалысқа баруға, ел аралап қыдыруға немесе жайлы үй салуға, жақсы автокөлік алуға арналмақ. Ал, үшінші бөлігі – ертеңгі күнге. Қазір бізде табыстың 80 пайызы бүгінгі күнге кетіп жатыр. Әсіресе, ауыл адамдарының табысы бір күндік деңгейде. Біз бұл көрсеткішпен мақтана алмай тұрмыз.

Кейде ауылдағы шаруалар: «Неге бізге жәрдемқаржы мен несиені елді ара­лап жүріп таратып бермейді» деп жа­тады. Олай болмайды ғой, берген қаражаттың қайтарымы бақыланбаса, қайтпайтыны анық. Шет елдерде несие алатын адамды жан-жақты зерттейді. Оның ата-бабалары қанша жасқа жеткен? Тұқымында қандай созылмалы кеселдер бар? Әулетінде қарыз алып, қайтара алмай қалған жағдай болған жоқ па? Өзін ғана емес, ата-бабаларына дейін тексереді. Алдағы уақытта бізде де сондай деректер базасы жинақталатын болады. Бірақ, соған біз дайын емеспіз. Бәсекеге халқымыз дайын емес дегенімнің бір себебі – осы.

Елбасының Мәңгілік Ел идеясы халық­ты бір мақсат жолына біріктіреді деп ойлаймын. Жалпы, қоғамда адамдарды алға жетелейтін идеялар болуы керек. Сол идея­лардың ішіндегі озығы осы – Мәңгілік Ел идеясы. Айталық, 1997 жылы «Қазақстан -2030» Стратегиясы қабылданғанда, оған сенген адамдар көп болмады. «Мынадай қиыншылық заманда не айтып жатыр?» деген әңгімелерді өз құлағымызбен естігенбіз. Ал, сол стратегиялық жоспарда белгіленген меже 15 жылдың ішінде орындалды ғой.  Жан басына шаққанда ІЖӨ сол кезде 700 доллар болса, ол көрсеткіш 12 мың долларға жетті. Макроэкономикалық көрсеткіште проблема жоқ. Микроэкономикалық көрсет­кіште түйінді мәселелер бар, оны жолға қою үшін әрекеттер жасалып жатыр.

– Қазір ұстаздық қызметтесіз. Шығар­машылық адамы жазбай отыра алмайды. Халыққа қажетті ойларыңызды қағазға түсіруге уақыт жетіп жатыр ма?

–  Шын мәнінде жазбай отыра алмайтын болғанбыз. Менің жазатыным сюжетке құрылған роман не әңгіме-хикаят емес. Менің жазу тәсілім – ұлы адамдардың ойын жетілдіріп, «Мына адамның айтқаны көңілге қонымды екен, біле жүргеніміз абзал» деген сияқты оқырманмен сырласа отырып, ой тастау немесе өзімнің ойыма түскен деректерді, оқиғаларды, қанатты сөздерді қағазға түсіріп қою. Зейнеткерлік демалысқа шыққалы жыл сайын 100-150 беттік кітапшалар шығарып жатырмын. Уа­қыты келгенде, көлемді кітап түрінде шығарармыз. Қазір кітап оқитын адамдар да аз. Менің мақсатым оқыған адам өзіне пайдалы дүниені тапса екен деймін. Жалпы, кітапта ноқталы ойдың болғаны жөн. Зер салған адам «Апыр-ай, мына сөзді күнделігіме жазып алуым керек екен» дейтіндей үлгілі болуы тиіс.

– Ғаламторда жеке сайтыңыз бар. Оған да оқырмандар кіріп, туынды­ла­ры­ңызды оқып тұратын шығар?

– Оқырмандар ашып тұрады, сайтты жаң­ғыртып жатырмын, «kemel.info» деп аталады. Көшіріп алу – ақысыз. Жер жүзінің қазақтары оқуына мүмкіндік бар. Төрт түрлі әліпбимен берілген. Сайттағы дүниелерімді оқырмандар қазақ, латын, төте жазу нұсқа­ларында оқи алады. Және орыс тілінде берілген. Тағы бір жаңалығым бар. Қытайда, Үрімшідегі мемлекеттік баспадан «Ақыл қалта» кітабымды төте жазумен шығарып жатыр. Сол жақтағы азаматтар төте жазуға түсіреміз деп алып кетіп еді. Кітаптағы бізге түсінікті, бірақ, ол жақтағы қазақтарға белгісіз шетелден енген (негізінен орысша) ғылыми, саяси, экономикалық және әдеби терминдердің мағынасын сұрап, хат жазып жіберген екен. Мен ондай сөздердің қазақша түсінігін жазып жауап жібердім. Кітап шыққасын, шақырамыз, тұсаукесерін өткіземіз деді. Оның мен үшін керегі жазған дүниелерімді Қытайдағы қазақтар да оқыса, сайтты ашып қараса, деген ниет. Соған шүкіршілік етемін.

Басты тындырған ісімнің бірі – өзімнің өмір бойы жинаған жеке кітапханамдағы үш мың кітапты оңтүстік өңірдегі Мақтаарал ауданының Қызылқұм елдімекеніндегі «Са­­ры­­арқа» орта мектебіне сыйға тартқа­ным. Оның ішінде шетел және қазақ әде­бие­тінің барлық дерлік классиктерінің ең­бек­тері қамтылған. Одан кейін тағы да жаңа кітаптар жеткіздім. Қазір барлық саны 5 мың­нан асты.

– Сіз Парламент Мәжілісінің үш сайланымында депутат болдыңыз. Мәжі­ліс пен Сенаттың Аппаратында қыз­мет жасадыңыз. Сіздің өміріңіздегі Пар­ламенттің алатын рөлі қандай? 

–  Мен үшін Парламент аудандық дең­гейден республикалық дәрежеге көте­рілу­дің мүмкіндігі болды. Алғаш жоғары заң шығару органына келген кездегі деңгейім аудан төңірегінде екен, сонан соң өзге әріптестерден қалыспайын деп өзімді-өзім сүйреп, кітапханадан, мұрағаттардан шық­пай қызмет еттім. Қолымнан келгенінше заңдар жаздым, қолданыстағы заңдарға түзетулер енгізу үшін ұсыныстар бердім. Жаңа заңдық нормаларды қамтитын баптар жаздым. Парламентаризмнің мәселелерін мұ­қият зерттеп, ғылыммен айналыстым. Ол кездегі Парламент еркіндеу болатын. Халыққа танымалдығы да басым еді.

Бүгінгі Парламент жөнінде айтар болсам, оның қызметіне мін таға алмаймын. Кейбір азаматтардың «Парламент үнсіз отыр, депутаттар неге былай істемейді, неге олай істемейді?» дейтін пікірлерімен қосылғым келмейді. Себебі, заң шығару органындағы депутаттардың ең кемінде үш­тен екі пайызы озық ойлы, шынымен де өрелі де лайықты азаматтар деп есептеймін. Және олар жеке басының қамы үшін жүрген жоқ, мемлекеттің мүддесін қоса қарастырып жүр. Олардың депутаттық сауалдары, күнде өтіп жатқан отырыстарда сөйлеген сөздері елге жете бермейді. Телеарналар Парламент тынысын көрсетіп жатады, алайда, бір-екі минуттық жаңалықтарда барлық депутаттың қызметін қамту мүмкін емес. Олардың шын өмірі, парламентаризмді дамытуға жасап жатқан қызметі көрініп жатқан жоқ. Біздің кезімізде де солай болған.

Оларды жалпылай сынаудың, «қалтадағы болды» деген әңгімелердің шығатыны сон­дықтан. Өзім де соның ішінде жүріп, 11 жыл депутаттық қызметтің ыстық-суығына төзіп, парламентаризмнің үлкен өмір мектебінен өттім. Ал, Парламент Мәжілісінің қазіргі құ­рамында халықтық, мемлекеттік мәселе­лерді көтеріп жүрген азаматтар аз емес. Ай­талық, Розақұл Халмұрадовтың қазақ тілін қорғап айтатын сөздері, Рамазан Сәр­пековтың заң жүйесін жетілдіру, оның ішінде заң жобаларының мемлекеттік тіл­дегі нұсқасының сапалы болуына қо­сып келе жатқан үлесі айтарлықтай. Ол Қыл­мыс­тық-процестік кодексі жобасы бойынша құрылған жұмыс тобына жетекшілік жасады. Қандай жұмыстар атқарылып жат­қанын ішінде жүрген адам, бірге қызмет жасағандар жақсы түсінеді.

«Де­путат қандай болу керек?» деген сұраққа бір ғасыр бұрын Міржақып Дулатов жауап беріп, негізгі қағиданы «Қазақ» газетіне жазып кеткен. Міржақып ақын: «Ресей Думасына қазақтан депутат сайлану мүмкіндігі болғанда, біз қазаққа шын пайдалы депутат таңдауымыз керек. Ол ақ жүрек, таза болса, жұртты я сатып, я алдап кетпейтін болса. Халық үшін ерінбей қызмет етерлік, екі талай жерде жанын қиярлық ержүректі болса. Өз пайдасынан жұрт пайдасын артық көретін болса. Саясат ісіне жетік болса. Білімді шешен, оқыған көсем болса. Халықтың қалпына, салтына, тұрмысына жете таныс болса. Міне, депутат болуға осындай адамдар лайық. Жақсы болу үшін депутат болу шарт емес, депутат болу үшін жақсы болу шарт. Депутат болған кісі абыройлы, жақсы болса, жұрттың алдына Алла бергендер түседі» деген. Ендеше, халық қалаулылары үшін осы аталған парасат биігі өлшем болмақ.

Қоғам дамуы үшін Парламенттің рөлі жоғары. Барлық саланың қызметі Парламент қабылдаған заңдардың нәтижесінде ал­ға басады. Парламентаризм тұрақты дамып келеді. Әрине, кемшіліктері де бар шығар. Менің жеке пікірім, бір Палаталы Парламент қалыптастыратын уақыт жетті. Оның құрамы жартысы партиялар арқылы, басым бөлігін (мысалы – үштен екісін) бір мандатты округтен халық сайлайтындай тәсілмен, басқасын бізде бұрын қалыптасқандай облыстағы барлық мәслихаттар депутаттары ар­қылы сайлауға болады.

Соңғы Парламенттің ұйымдастыру жұмысында бір мәселе дұрыс жасалмады деп ойлаймын. Айталық, бұрын тұр­ғындарының санына орай Оңтүстік Қазақстан облысынан 9 депутат, Атыраудан екі депутат сайланушы еді. Қазір барлық өңірден депутаттар саны бірдей болды. Ал, жердің көлемі, халықтың саны бірдей емес қой. Өңірлердің мәселесін сенаторлар қарастырады десек, Сенаттың екі депутаты Оңтүстік Қазақстандағы 2 млн халықтың қанша пайызымен кездесе алады? Мәжілісте оңтүстіктен екі депутат қана. Осындай сұрақ бар көкейімде, бірақ, ол мәселені шешетін мен емес.

–  Рақмет әңгімеңізге. 

Әңгімелескен
Айбатыр СЕЙТАҚ