Айгүл Ерғалиева М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Ықылас күйлерінің сюжеттік және музыкалық семантикасы. («Айрауықтың ащы» күйі негізінде)

841

Қазақ сахарасында ежелгі заманның асқан данасы, қобыз аспабын ойлап, шығарушы Қорқыттың күй шалу, толғау айту дәстүрін, оның эпикалық жырын, нақыл сөздерін мұра етіп, оларды біздің заманымызға жеткізген жыраулар, ойшыл адамдар баршылық. Қорқыттың мұрасына ие болған ұлы саңлақтар қазақта төрт топқа бөлінеді: 1) ежелгі бақсы-жыраулар (Қойлыбай, Балақай, Қарамырза, Нышан абыз), 2) Қобызбен күй шерткен атақты күйшілер Әл-Фараби, Кетбұға, Ер Шегедей, Досжан, Өтеболат, Қанқожа, Құрманғазы, Ықылас т.б. 3) Болжау айтумен халықтың санасына әсер ететін ойшыл жыраулар, шешендер Сыпыра жырау, Асан ата, Қазтуған, Шалгез, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Құлназар, Майлықожа, 4) Қорқыт дәстүрі бойынша қобызбен жыр тасқынын ағылтқан құйылма ақындар Жанақ, Сабырбай, Найманбала, Жұмағұл, Базар жырау, Ерімбет жырау т.б. Қорқыттың аңыздарын, оның нақыл сөздерін аса жүйрік білетін қазақтың қария даналарының ең атақтысы Базар жырау (1842-19110ж.ж), Мұлайман Шынтайұлы (1846-1927ж.ж.), жырау Тұрымбет Салқынбайұлы (1873-1934ж.ж.). Қорқыт мұрасын бойына сіңіріп, қасиетті Сыр өңірінің аста-төк төгілген жыршылық өнерін қобызбен толғаған Сарыбай Құлназарұлы (1858-1919ж.ж.), Ахмет Назарұлы (1882-1966ж.ж.), Жақсылық (1883-1961 ж.ж)., Соқыр абыз, XVІІІ-XІX ғасырда өмір сүрген бақсы жырау Нұрғали және оның ұрпақтары.

Дегенменде, Қорқыттан кейін мың жыл бойы қасиетті қара қобызға жаңаша тіл бітіріп, өрісін ұзартып, арнасын кеңейтіп, өресін биіктетіп, халықты қоңыр үнімен ұйытқан Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) шығармашылығы музыкатанушы, өнертанушылар тарапынан қазіргі кезде қызығушылық танытып, шығармашылығы жан-жақты қарастырылып зерттеуді қажет ететін рухани мұра. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар күйші-композитор, ол қобыз күйлерін классикалық деңгейге көтере алды.

Қорқыттың дәстүрін жалғастырып, ұлттық мәдениетімізде қобыз өнерін классикалық деңгейге көтерген біртуар-күйші-композитор Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) бұрынғы Жамбыл облысы, Сарысу ауданында туған. Ол Кіші жүздің Тама руынан[1,93]. Бұл өңірге оның ата-бабалары (Ерназар, Алтынбек) қазіргі Қарағанды облысы, Жаңа Арқа өңірінен көшіп, Шу өзенінің бойын пана еткен. Ықылас –жеті атасынан бері әулетіне қобыз өнері қонып, тіршілік тауқыметінің ең ауыр «Қайда барсаң да, Қорқыттың көрі» секілді кезеңдерін басынан кешсе де, қобыз өнерін өмірінің мәні етіп, бар болмысын осы құдыретпен парықтаған жандар тізбегінен. Ықылас бала кезінен Қорқыт туралы аңыз- күйлерді атасы Алтынбек, әкесі Дүкеннен сүйсіне тыңдап, жатқа білген[2]. Қорқыттың өлімнен қашып, мәңгілік өмір іздеген философиясын өзіне рухани азық етіп, күйші Ықылас өмірге гуманистік идеяларды уағыздап отырып, заманының кертартпа, озбыр көріністеріне табиғи даналығы мен көрегендігінің арқасында төтеп тұра алды. Ықылас шығармашылығының негізгі мәйегі адам бақыты мен баяндылығына арналады. Ал, бұл идеал әрдайым Ықыластың бала кезінен-ақ өмірлік ұстанымы еді. Қобыз күйлерінің қилы тағдырын, тарихи кезеңнің ауыр нәтижелерін жанымен сезініп, өзінің музыкалық шығармалары арқылы туған халқына жеткізді. Қобыздың күңіренген дауысын ол қоршаған ортаның дүниеқоңыздық, айлақорлық, жәбірлеушілік пен мансапқорлық қырларын жатсынып, өз тағдырының тәлкегіне мойымай, биік ұстай алған қайталанбас өнер тұлғасы.

Ықылас күйлері өзінің қызықты, терең сырлы, мол мағыналы аңыздарымен жұртшылықты тәнті етеді. Күйші аспаптық мұрасында өзінің даралық болмысын аша түсіп, қоғамдық ой-сананың толымды тұжырымын жасаған. Оның аңыздарында халық өмірінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен, кісілікті қалыптарымен, күнделікті тұрмыс-тіршілікпен, яғни, халықтың барша тарихи-әлеуметтік өмірімен біте қайнасып жатқанын бейнелейтін туындылары өте құнды («Айрауық», «Қаншайым» және т.б.[3]. Ықылас музыкасы жалпы этникалық мәдениеттің тек-тамырымен біртұтас асыл мұра ретінде бағаланады. Мұның өзі классик-композитор туындыларының пайда болу, олардың қалыптасу және күні бүгінгі заманның алтын қазынасына айналуының айғағы.

Академик Ахмет Жұбановтың пікірінше, Ықылас күйді тек орындап қана қоймай, қобыздың дыбыс көлемін ұлғайтты, өлшем-ырғағына өзгерістер енгізді, әуен-саздың өңін құбылтты. Соның нәтижесінде қобыз өнері өз алдына бөлек маңызды фольклордың саласы болып шықты. Ұлы күйші-композитор қобыздың өзіндік «тілін» дамытып, өресін өсіріп, жаңашыл көркемдік әдістерін ашты. Ықылас қобызда бейнелеу мүмкіншілігінің санқилы және жан-сыры бай екенін іштей сезінді. Оның аршадан жасалған аспабының үні өзгеше шығып, әдемі қоңыр тембрімен ерекшеленіп, дауысының күштілігі соншалық, 60 километрлік қашықтықта естілген екен дерек бар [4,93]. Күйші өзінің мәдени-рухани мұрасында аспаптың болмысын аша түсіп, ұлттық ой-сананың тұлымды тұжырымдарын бейнеледі. Күй аңыздарында Ықылас ұлттың тарихи эпикалық сарындарымен қатар ел өмірін, арман-ойын, рухани тұрмысын өз бойына, жүрегіне тереңінен сіңіріп, өз шығармашылығында жан-жақты суреттеді.

Ықыластың шығармашылығында қобыз репертуарының бейнелік көркемдеу аясы кеңейіп, орындау жағынан техникалық шеберлікті қажет ететін күрделі күйлер көбейе түсті. Ол дәстүрлі музыканың ірі өкілі ретінде, оның классикалық түрлерін шығару жолында өзінің дара қабілетіне, дарынына байланысты белгілі программалық мазмұнға құрылған музыка шығарды, табиғи талантының арқасында дәстүрлі музыканы терең қабылдап дүниесіне сіңіріп, оны ары қарай жаңашыл тәсіл-әдістермен байытып, асыл мұра қалдырды. Сонымен қатар, аспабын мейлінше игерген ол, жастық шағында естіген аңыз бен ертегілер кейіпкерлерін, халықтың өмірін, ой-арманын бейнелейтін ертегі -аңыздар негізінде қобыз шегін сөйлетуге талпынды. Бұған ұлы күйшінің «Жез киік», «Ерден», «Шыңырау», «Айрауықтың ащы күйі», «Қазан», «Қамбар батыр» т.б. секілді туындылары куә.

Ықылас жаңа жанр, сюжетті далалық өмірдің тыныс-тіршілігінің бітім-болмысынан туындатты. Оның «Айрауықтың ащы күйі» атты шығармасы жаугершілік заманындағы адам тағдыры, туған жер, мал-жан, жанұя тірлігі қамы үшін күрес тарихи шындық аясында өрбіді. Академик Ахмет Жұбанов XІX ғасырда өмір сүрген күйшілердің өмір жолын, шығармашылығын тереңнен зерттеп, көптеген күй аңыздарын хатқа түсірген еді. Ол өзінің «Ғасырлар пернесі» атты ғұлама еңбегінде: «Бұл күй алғашқыда Тайлақ деген батырдың сыбызғыда тартқан күйі екен. Тайлақ батырлығымен қоса шебер сыбызғышы болып, күйшілігімен айналасын тәнті еткен екен. Батырдың қартайған шағында жау бір үйір жылқысын айдап әкетеді. Тайлақтың Секер және Барақ атты егіз ұлы малды қайтармақ болып, жаудың артынан қуады. Шайқаста Барақ жау қолынан қаза табады. Ал, Секер жауды жеңіп, малды қайырады. Секердің қаза болған Барақты ат алдына өңгеріп алып келе жатқанын көрген сексендегі қарт батыр сыбызғысын алып, қайғылы сарын тартады»[5,93].

Күйдің поэтикалық және этимологиялық мағынасына келер болсақ, қазақта «ащы» сөзінің қолдану аясы өте кең. 1 «Ащы» — дуылдау, тызылдап ауыру. 2. «Ащы» — микроағзалардың әсерінен органикалық заттарда болатын ыдырау процесі, бықыру, быжу, шулығу (жаны ашыды, миы ашыды, судай ашыды, іші ашыды, іші удай ашыды). Ащы–тұщыдан өзгеше тілді шіміркендіретін дәм. Ащы тұз. Мәселен, ащы дауыс – құлаққа жағымсыз шаңқылдаған дауыс. Ащы зар – мұңлы зар. Ащы таяқ – денеге тиген өткір таяқ. Ащы тер – терлеген кезде шыққан қышқылтым тер. Ағайын арасы ащы болды. Ащы – тұзды, тұзы күшті, сор дәмі бар, тұщы емес, ауызды, тілді дуылдатып, ашты, тәтті емес, ауысы уытты, зәрлі, өткір әсері күшті, даусы қатты, құлақ тұндыратын, араз, жау, қырғи қабақ. Ащы – сортаңды, тұзды жер, ащы жерге өсетін шөп. Ащы ішек – тоқ ішектің қарсы мағынасы

Ал, «Айрауық» — қазақта астық тұқымдас өсімдіктің бір түрі. Ықылас Дүкенұлы бұл сөзді өз күйінде асыл тұқымды жылқы ұғымында пайдаланған[6,534].

Ықылас Дүкенұлының «Айрауықтың ащы күйінде» аспапта ойнаудың өзіндік әрлендіру түрлері трель, форшлагтар, күрделі ырғақтар үлгісі пайда бола бастайды. Күйде аспаптың орындаушылық мүмкіншілігін жетілдіру арқылы дәстүрлі орындаушылық өнерін дамыту көзделген.

Күйдің құрылымы (форма) дамытылған екі бөлімнен тұрады. Соль мажор тональдігінде өрбитін күй желісі бір тактылы квинталық кіріспемен басталады.

Ал негізгі музыкалық тақырыбы осьтинаттық ырғақтағы кварта арақашықтығындағы әуенге негізделген. Соңғы үлестегі мақамдық өзгеріс күй мазмұнының шиеленіске толы күрделі шығарма екендігін айқындайды. Әрі қарай бірінші октавадағы «до» дыбыстары (қылқобыздағы күйлер бір октава жоғары жазылады – А.Е.) қайғы-мұңға толы зар-жылауды бейнелегендей:

Дала өмірінің қалыпты жағдайы, батырдың бақытты да баянды өмірі, егіз балаларының өсіп, ержетіп, елге қорған болуы музыка тілімен шебер суреттеледі. 13,14,15,16 тактылардағы 9/8 мөлшеріндегі дыбыс иірімдері сыршыл күйшінің жан дүниесін суреттегендей ерекше баппен, мәнерлі түрде баяндайды.

Әуен желісінде кездесетін миксолидиялық лад үш үндік (тритон) қашықтығында үнделіп, ол күйге аса бір қоңыр рең беріп, жүрекке жылылық ұялатады.

Бірте бірте шығарманың интервалдық ауқымдылығы дами келе, секста қашықтығын қамтиды. Бұл күйдің өзіндік динамикалық, құрылымдық, ырғақтық өзгерістерінің ерекше көрінісі.

Интервалды дыбыс ауқымдылығы кеңейіп, өрбудің нәтижесінде үлкен септима, октаваны қамтиды. Біркелкі сегіздіктермен, яғни ырғақтық өзгеріске онша көп ұшырамай орындалатын күй әуені өзіндік ішкі салмақтылық пен ұстамдықтың, өз-ара тепе-теңдік пен әділеттілікті суреттегендей адам жанына бір демеу боларлықтай әңгімеленеді:

Жоғары -төмен бағытта өрнектелген дыбыс иірімдері тұрақты дыбыс «си»- ге келіп тоқталып, кейінірек «соль» дыбысында орнығады.

Күйдің бірінші бөлімі далалық өмірдің тіршілік тынысын шиеленіссіз түрде елестеткендей. Бұл жөнінде өнертану ғылымдарының докторы, музыкатанушы-профессор С.Ә.Күзембаева: «Зұлымдық пен ізеттілік көшпенділер дүниетанымында қарама-қайшы өмір сүрмейді, бұл олардың болмысындағы тыныс-тіршіліктің біртұтастығының айғағы». («В миропонимании кочевников зло не противостоит добру, оно включено в единый круг бытия»)[7,103].

Ұзақ ферматалық үзілістен кейін кенеттен квинталық қашықтықта ұрандатқандай, ұлы даланың жаугершілік кезеңдерін синкопамен алынған ферматалық ре дыбысы дүрс етіп садақтан атылған оқ секілді эпизодты көрсетеді.

Форшлаг, нахшлаг секілді дыбысты әрлендіру тәсілдері терция қашықтығын қамтитын әуенге ашық рең беріп, ажарландыра түскендей. Бірте бірте бағыттас ми минор тональдігіне ауысып, акцент алтыншы саты до дыбысында үш мәрте қайталанып, алғашқы соль мажорға қайтып келгендей болып, бірақ, күй желісі қайтадан қайғылы ми минорға тоқталып, әуен қатыгез тағдырдың құрбаны болған адамның тағдырын тереңдікпен бейнелейді.

Ауыспалы түрде ұсақталған ырғақтар (триоль, сегіздіктер, он алтылық, отыз екілік) тынысты кернеп, дүниенің астаң-кестеңі шыққандай сезім туғызады. Күй мотивінде кездесетін фригиялық айналымдар (фригийские обороты) шығарманың трагедиялық мазмұнын үдете түседі. Бұл — Тайлақ батырдың зарының үні. Жан жарасы жылдам жазылмайтыны белгілі. Музыка сарынында азалы күндердің созыла берілгені сипатталады.

Күй мазмұны құлаққа сіңіп, жүрекке ұялай түскендей…Оның желісі қаз-қалпында басынан аяғына дейін қайталанады. Тек соңында (Coda) триоль, синкопа, пунктирлік және он алтылық, отыз екілік ырғақтар негізгі әуенді барынша құлпыртады. Мұндағы синкопаның ролі ерекше орын алады.

Ықыластың бұл күйі шығармашылықтың жаңа бір дамытылған белесін анықтайды. Мұнда сюжеттік жаңалығымен бірге ойнаудың екі немесе үш дауысты аккордтар, трельдер, форшлагтар, күрделі ырғақтар үлгісі пайда бола бастағанын, музыкалық тілінің жетілгенінің айғағы. Ықыластың «Айрауықтың ащы күйі» орындаушыдан жоғары деңгейдегі шеберлікті талап етеді.

Осылай, Ықылас өзінің «Айрауықтың ащы күйі» және т.б. туындылары арқылы Қорқыт қобызын он ғасырдан кейін жаңаша қырынан түлетіп, заман үніне үн қосып, жаңа сюжет, жанр арқылы музыка тілін байытқан ұлы күйші.

Ол қобыз өнерінің қилы тағдырын, сонымен бірге бұл ауыр өткелдің нәтижелерін, тәжірибелерін жинақтау арқылы келешекті болжаған. Күйші-новатор ретінде Ықылас аспаптың орындаушылық мүмкіншілігін дамытып дыбыс көлемін молайтты, диапазонын кеңейтті, яғни, көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздаған қобыз өнерінің мәңгілігіне тарихи ескерткіш болып өзінің асыл мұрасын өз ұрпағына қалдырды.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. А.Жұбанов. «Қазақ композиторларының өмірі мен творчесвосы», Алматы, 1942, –236 б., -93 б.

2. И.Жақанов. «Ықылас». – Алматы, «Өнер», – 1990 ж.– 256 б.,

3. А.Сейдімбек. «Ықылас». – «Қазақ әдебиеті», 17 сәуір, 1992 ж.

4 Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары», Алматы, Өнер, 1981, -205б., б-112.

5. А.Жұбанов., «Ғасырлар пернесі», Алматы, Дайк- Пресс, 1975ж., -400б., б-258.

6. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, Алматы, Ғылым, 1974 ж., 6-том, -696 б.,б-534-535

7. С.А.Кузембаева. «Национальные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской опары», Алматы, 2006, -380б., б-10

РЕЗЮМЕ

Кобызовая музыка – богатейший и наиболее древний пласт духовного наследия казахского народа. Яркими представителями многовековой, многострадальной истории кобызовой музыки были Қорқыт (VІІІ-ІX в.в.), множество бақсы, шаманов, которые применяли инструмент в качестве самовыражения преданий, исторических событий, перепитий жизни и терапевтических сеансов. Благодаря исключительному таланту великого кюйши, классика кобызовой музыки Ыхласа Дукенүлы (1843-1916) многие легенды, предания, сказки и т.д. приобрели самостоятельное музыкальное самовыражение. Народный талант был не только гениальным исполнтелем, но и композитором, который в своей музыке по новому раскрыл содержание, сюжетную линию, круг образов. В своих творениях он обогатил метро-ритмическую и мелодико-интонационную структуру кюев, придав им форму завершенных музыкальных произведений.

SUMMARY

Kobyz іs an ancіent musіcal іnstrument. Korkyt (VІІІ-ІX c.) іs a founder of kobyz musіc.

Thanks to the outstandіng talent of a great kuіshі, classіc of kobyz musіc Ykhlas Dukenuly (1843-1916) many legends, tales etc. have got іndіvіdual musіcal self expressіon. Folklore talent was not only genіus performer but also a composer who іn hіs musіc has revealed іn a new way the content, plot lіne, іmage cіrcle. Іn hіs creatіve works he has enrіched metro-rythm and melodіc –іntonatіon structure of kuіs gіvіng them a form of completed musіcal works.

Мекен жәйі:

БҚО, Орал қаласы

М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті

Достық даңғылы 162,

Тел. 51-27-39, ұял. тел. 87013703412, ү.т.8-711-2-22-19-16

Өмірбаян

Ерғалиева Айгүл Темірболатқызы –дәстүрлі музыка өнерін зерттеуші-фольклоршы. Оның 20-ға жуық ғылыми жұмыстары Республикалық басылымдарында жарық көрген. Атап айтқанда, «Қазақ музыка мәдениетінің бастау бұлақтары» («Ақиқат», 2005 ж., №10), «Е.Брусиловский және қазақтың қобыз өнері» (Е.Г.Брусиловскийдың 100-жылдығына арналған дөңгелек үстөл материалдары, Алматы, Қазақ ұлттық консерватория, 2005ж.), «Кері заманның кер толғауын аңыратқан Ықылас бейнесі Илья Жақанов шығармашылығында» («Музыка әлемінде-В мире музыки» атты Республикалық оқу-әдістемелік журнал, 2008 ж.№6), «Б.Г.Ерзакович және қазақтың қобызы» (Б.Г.Ерзакович – музыкатанушы атты халықаралық ғылыми-теориялық конфереция материалдары, М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты, 2008 ж.) мақалалары.

1963 жылы Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданында дүниеге келген. 1987 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын бітірген. 1994 жылдан бері М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде оқытушылық қызметте. М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында «Ықылас Дүкенұлының өмірі мен шығармашылығы» атты диссертациялық тақырыбы бойынша зерттеме жұмыспен шұғылдануда.

Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы

Әр ұрпақ өзі ғұмыр кешкен кезең үшін өткен мен болашақ арасының жанды жалғасы. Бірнеше мыңжылдық тарихы бар қазақ халқы XXІ ғасырда өзінің жаңа өмірін бастан кешуде. Сонымен қатар, қазіргі кездегі қоғамның барлық салаларының жетістіктеріне үш мыңжылдық тарихы бар ұлттық дәстүріміздің мықтылығының арқасында жеткенімізді айналып өтпеуге болмайды. Осы тұрғыдан қарасақ, қазақ халқының болашақта адамзат мәдениетіне қосатын үлесі мол деуге негіз бар деп сенеміз.

Ықылым заманнан бері халықты өрге, өркениет жолымен алға сүйреген жеке тұлғалар еді. Көпсалалы, күрделі қазақтың күйшілік дәстүрінде әр күйшінің тек өзіне ғана тән парқы бар. Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жалғасын тапқан қобыз өнері саз-сарыны, аңыз-әңгімесі жағынан күйшілік мәдениетте өзіндік орны бар рухани дүние.

Егер ХІХ ғасыр қазақ мәдениетінде күйшілік, әншілік, ақындық өнердің өркендеген кезеңі деп білсек, Қорқыттан кейін он ғасырдан соң тек бақсылық өнерде пайдаланылған қобызды Ықылас күйші қайта түлетіп, үніне үн қосып, заманауи жырларды дүниеге әкелді. Ықылас Дүкенұлы еліміздің саяси-әлеуметтік, мәдени –рухани өмірін реттеп, өз шығармашылығымен қоғам өмірін үнемі даму жолына бағыт-бағдыр беріп отырған. Қорқыттан кейін мың жыл бойы қасиетті қара қобызға жаңаша тіл бітіріп, өрісін ұзартып, арнасын кеңейтіп, өресін биіктетіп, халықты қоңыр үнімен ұйытқан Ықылас Дүкенұлы (1843-1916) шығармашылығы музыкатанушы, өнертанушылар тарапынан қазіргі кезде қызығушылық танытып, шығармашылығы жан-жақты қарастырылып зерттеуді қажет ететін рухани мұра. Қорқыт атадан кейін тәңірлік аспапқа адамның тілін дарытып, жоғын жоқтатып, мұңын мұңдатқан біртуар күйші-композитор, ол қобыз күйлерін классикалық деңгейге көтере алды.

Жұмыс өткен ғасырларда қобыздың күңіренген зарлы үніне өз мұңын қосқан, Ықылас Дүкенұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде пайымдайды. Күйші шығармашылығына ғылыми-зерттеу жұмыстарын атқару барысында қазақтың күй өнеріне байланысты жанр мен стиль проблемаларын айналып өтуге әсте болмайды. Өйткені, кез-келген күй табиғатының жанр, әуен, ырғақ, өлшем, екпін секілді мінездемелік ерекшеліктер жұмыс барысында үнемі көтеріліп отырады. Қобыз күйлерінің монодия мәдениеттерінің жүйесіне енетіндігін ескерсек, оның тамыр-тегі түркі тілдес халықтарының мәдениетімен тығыз байланыстылығына сәйкес, Орта Азия ғалымдарының еңбектерін кешенді түрде қарастырылу көзделген.

Зерттеудің мақсаты мен міндеттері

Ықылас Дүкенұлының тарихи, эпикалық тұрмыс-салт, лирикалық, арнау, тотемдік түсініктерден туындаған, күйлерін классикалық туынды деңгейінде қарастырып, сараптамалық талдау жасау. Согымен қатар, Ықылас күйлеріндегі сюжеттік және құрылымдық өзгерістер оған дейінгі көне дәуірдегі қарапайым, бір-біріне ұқсас, типтес қайырымдар мен ортақ әуендік белгілердің жаңа арна мен мән-мағынаға ие болудың айғағы. Әртүрлі жанрларды қамтитын күйші күйлерінің мазмұны тарихи эпостан ғашықтық жырлар жөнінде толғап, табиғат сұлулығы мен жан-жануарлар әлемі жөніндегі әдемі бейнелер деп түсінуге болады.

Ықылас күйлерін зерттеп, олардың құрылымын, музыкалық семантикасын ғылыми түрде сұрыптау үшін, келесі түсініктемелерді ұстаным ету көзделді:

n Ықылас шығармашылығында жыр мен күйдің біртұтас өмір сүруі қазақ күйлерінің көнеден қаланған сикреттілігінің айғағы екенін дәлелдеу;

n Ықылас мұрасын қобыз өнерінде қаланған жаңа жанр деп қарастыруға толық негіз бар. Күй шығаруда ол суырып-салма секілді қазақтың дәстүрлі мәнерін ұстаным етіп («Жез киік»), драматургиялық композиция деңгейіне көтерілген дүниелерді туындатты. Қазақ ауыз әдебиеті фольклорындағы көптеген аңыздарды ол таза аспаптық музыка деңгейіне көтере білді («Қорқыт», «Қазан», «Қамбар батыр», «Жез киік»).

n Ықылас Дүкенұлының ғұламалығы – табиғаттағы дыбыстарды ерекше сезіну қабілеті. Оның туындыларында әртүрлі жан-жануарлар мен аңдардың қылықтары, құс қанатының желпуі мен самғауы – керемет данышпандылықпен суреттелген («Аққу», «Қасқыр», «Жез киік»).

Ықылас шығармашылығы өте бай және алуан қырлы болғанына қарамастан, оның мұрасы толығымен өз халқының игілігіне айнала алған жоқ. Оның себебі белгілі де. Далалық өмірдің рухани мұрасы өнер арбакештері арқылы ауыз- екі түрде таралып, оның өзі тәрбиелеген шәкірттері өте аз болып, тек өкше басар арбакештері арқасында мәңгілік рухани қазынаға айналуда. Ықыластың бел баласы Түсіпбек өте өнерлі жан болып, ол әкесінің керемет орындаушылық дәстүрін немере інісі, қазіргі заман қобызшысы Мықтыбаев Дәулетке тарту етіп, ал XX ғасырда өмір сүрген белгілі шебер қобызшы Жаппас Қаламбаев қобыз шалу дәстүрін Ықыластың шәкірті Әлиұлы Сүгірден үйренген. Қазіргі кезде Ықылас мұрасын сақтап, дамытып насихаттауға көп сатылы білім беру жүйесінің барлық салаларында киелі аспаптың үнін жаңғыртуға сүбелі үлес қосып, ұрпақ тәрбиелеуде қобыздың қалың тарихи мұрасын ұстаным еткен ұстаздар легі Базархан Қосбасаров, Мұсабек Жарқынбеков, Әбдіманап Жұмабеков, Әлқуат Қазақбай, Саян Ақмолда. Күй құдыретін асқақтата орындауда, заманауи талаптарға сай жаңа, өзіндік орындаушылық мәнерімен дараланып, Ықылас күйлерінің сан-алуан сюжеттік, семантикалық тілін шебер «сөйлете» алатын Раушан Оразбаеваның шеберлігін зерттеу тақырыбында пайдалану.

Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар:

n Ықылас Дүкенұлы шығармашылығын тек «Қорқыттан он ғасырдан кейін қобыз үнін түлеткен күйші» ретінде қарастырмай, қазақ музыкалық мәдениетінде күйшілік, орындаушылық өнерімен қатар, ғылыми түрде зерттеу нысынасы бола алатындай тұғыр ретінде қабылдау.

n Ықылас күйлерін толыққанды шығарма ретінде жанр және стиль мәселелері тарапынан зерттеп, ғылыми айналымға ұсынып, сараптамалық талдау жасау.

n Күйші туындыларының этимологиялық, сюжеттік, музыкалық семантика, ладтық, әуендік-интонациялық сипаты анықталды. Күйші мұрасын болашақ ұрпаққа насихаттау арқылы ұлттық мәдениеттің даму бағытын көркеітіп, нығайту.

n Ықылас күйлерін тарихи-мәдени, музыкалық стиль, этноаспаптану тұрғысынан қарастыру.

Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Тұңғыш рет Ықылас күйлері жан-жақты, кешенді түрде қарастырылып, талданды. Қобыз дәстүрінің тарихи-теориялық, музыкалық орындаушылық сұрақтарын қарастыру барысында Ықылас Дүкенұлының күй мұрасы алғаш толымды, жан-жақты қарастырылып, талдау, күйші бейнесі қалыптасуының алғы-шарттары, оның қоғамдағы тарихи-саяси, мәдени-экономикалық ахуалға байланысты өшуі мен өрлеу себептері, ұрпақ сабақтастығы нәтижесінде осы күнге жетіп, жаңа заман белесінде өз орнын тауып, ұлттық қазынаға айналуын ғылым тұрғысынан дәлелдеу. Қорқыттың өмірлік постулаттарынан сусындаған ол, тіршіліктің «өмір мен өлім» жөніндегі мәңгілік толғаныстарды әсте айналып өте алмады.

Ықылас мұрасын терең, жан-жақты ғылыми түрде зерттеу, ол сомдаған бейнелерді алуан-түрлі қырынан танып, ұғыну ниетінен туындап отыр. XXІ ғасыр тарихын қалау мақсатында күйші шығармашылығын біліп, түсініп, танып, өмірлік рухани серік ету, яғни, ұлттық құндылықтарымызды өмірлік темірқазық етіп ұстану арқылы мәңгілік рухани дүниемізді қалап, келешек ұрпаққа тарту ету. Ықылас мұрасын жүйелі түрде қарастыру арқылы күйлерінің рухани азық ретінде халық игілігіне айналу жолдары кешенді түрде зерттелді. Әр күйдің аңыздық, сюжеттік, этимологиялық және музыкалық семантикасы арнайы, жеке талданып, пайда болу, қалыптасу және даму түсініктері аясында әлеуметтік-мәдени ахуалды ескере зерттелді. «Ерден» күй, «Шыңырау», «Айрауықтың ащы зары», «Жез киік», «Жолаушының қоңыр күйі», «Кертолғау» және т.б. күйлерінің сарын-сазы, әуендік-әуездік құрылымы, мақамы жанр және стиль тарапынан байланыстыра зерттеліп, жаңаша көзқараспен бағаланды. Сонымен қатар, аңыздық сюжеттерге сүйенген көп күйлердің типологиясы қобыз үнінде көне сарын[1] үнінен сусындаған толымды көркем шығарма ретінде пайымдалғаны ғылыми түрде дәлелденген.

Пайдаланылған музыкалық материалдар.

Диссертицияеың құрылымы

Зерттеудің әдістемелік негізі.

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы.

Жұмыстың сыннан өтуі мен сарапталуы.

Зерттеудің әдістемелік негізі: зерттеудің теориялық және практикалық негізі.

Тақырыптың ғылыми түрде зерттелуі: Жұмыс барысында қозғалған мәселелер аясында тарихи, әдеби, мәдени әдебиеттерді пайдаланудың нәтижесінде негізгі бағыттар анықталып, сұрыпталды.

Қобыз жөнінде алғашқы деректерді жазған Орта ғасыр ойшылы, ғұлама ғалым Әбу Насыр әл-Фараби болды(873-950). Ғалым өз заманындағы аспаптарды жүйелі түрде жіктей келе, ішекті аспаптардың ішінде дыбыс «басқа ішектерге немесе басқа да оған ұқсас заттарға үйкелу»[2,142] құбылыстарына ерекше көңіл бөлген. Ол өзінің «Китаби-әл-мусики әл-кабир» («Музыканың ұлы кітабы») жарық көргеннен кейін дүние жүзі ғалымдарының пікірінше Аристотельден кейінгі «Екінші ұстаз» атанып, сол кездегі музыка теориясы, мен тарихы саласында көптеген ғалымдардан асып түсті. Әл-Фараби музыкалық аспаптарда шебер орындаушы болды, жанынан ән-күй шығарды, аспаптардың жаңа түрлерін өзі ойлап тауып, жасап шығарды және жетілдірді, өз замандастары қобызшы Нышан Абызбен, аты аңызға айналған күйші Қорқытпен таныс болған. Олардың орындауында «Құс жолы», «Жез табақ», «Сыр сандық», «Желмая» күйлерімен танысады және осы күйлердің әсерімен «Шұбар айғыр» күйін шығарады. Музыка теориясы саласында Әл-Фараби араб философы Әл-Киндидің (800-879 ж.ж.)[2] еңбегімен танысады. Біздің заманымызға дейін сақталған екі ішекті аспап, қылқобыздың түрін әл-Фараби өз еңбектерінде аққуға ұқсатқан. Қазақтың аспаптық музыкасында аққудың ұшуы мен дауысын келтіретін «Аққу» атты күй бар. Әл-Фараби орта ғасырларда Орта Азияда кездесетін барлық аспаптарды зерттей келе, «ішекке басқа ішекті үйкегенде дыбыс шығаратын музыкалық аспаптар да болады. Өйткені қияқтың сабына аттың қылын керіп байлаған, ал ішек осындай қылдан жасалады. Аспаптық музыканың (күй) өмірге келуі, дамуы аспаптардың өздерін жетілдіруімен қатар жүреді.

әрі қарай диссертация жүйелі түрде дереккөздік әдебиеттермен жұмыстану себебінен туындаған мағлұматтарға толы.

Әрі қарай диссертация жүйелі түрде дереккөздік әдебиеттермен жұмыстану себебінен туындаған мағлұматтарға толы. Қобызға туыстас ысқылы-ішекті аспаптарды зерттеу барысында аспаптанулық және жалпылама еңбектерді игеру мақсатында ортақ музыкалық мәдениеттерге қатысты тарихи байланыстарды (М.Аджи [4]), тиісті аймақтық музыкасының қолдану аясының (И.Еолян[5]), М.Геттат [6], Г.Юсуфи[7], Еуразия және түрік әлемінің шекті-аспапты хордофондарының таралымы (Д.Абдулнасырова [8]), С.І.Өтеғалиева [9,10,11], аспаптық дәстүрді игеру барысында ортақ белгілерді іздестіру барысында біз жалпы және жалқы сипаттағы еңбектерге сүйеніп орындадық. Орта Азиялық музыкалық аспаптары бойынша – Т.С.Вызго [12], Ф.Кароматов (өзбек) [13], С.А.Абдуллаева (әзірбайжан)[14], А.Цицикян (армян)[15], А.Н.Аксенов (тоба) [[i]],К.Курбанова (қарақалпақ) [[ii]], Н.Л.Луганский (қалмақ) [[iii]],Я.Эшпай (мари) [[iv]], К.А.Вертков [[v], [vi]], Л.С.Гинзбруг [[vii]], Н.П.Будашкин (орыс)[[viii]], П.Чисталев (коми) [[ix]]. Ысқылы аспаптардың Орта Азиядан шыққаны жөнінде В.Бахман [[x]], С.Дончев [[xi]] және В.Виноградовтар ғылыми түрде дәлелдей алды. [[xii]] .

Қобыз өнері мен осы аспапқа арналған музыка туралы жазған музыкатанушылардың, фольклортанушылардың, орындаушылардың, өнертанушылардың, әдебиеттанушылардың арқасында көптеген мәселелер шешілуде. Аспаптың синкретті табиғаты жан-жақты, кешенді қарастыруды талап етеді. Соның негізінде музыкамен үлес жүретін вербальды мәтініне байланысты филология саласының ғалым-зерттеушілері А.Байтұрсыновтың, Қ.Жұбановтың, М.Әуезовтың, З.Ахметовтың, С.Қирабаевтың, С.Қасқабасовтың, М.Мырзахметовтың, Е.Тұрсыновтың, А.Сейдімбектің және т.б.іргелі еңбектеріндегі қағида-қисындары мен түйін тұжырымдарын арқау еттік, екіншіден, музыкалық қырын әр тараптан сұрыптаған күйтанушылар А.Жұбановтың, П.Аравиннің, Б.Ерзаковичтың, Н.Тифтикидің, С.Ә.Күзембаеваның, Ә.Мұхамбетованың, С.Өтеғалиеваның, П. Шегебаевтың, Г.Омарованың, С.Райымбергенованың, Б.Жүсіптің, Е.Үсенбаевтың, А.Қазтуғанова, А.Бұлтбаевалардың ғылыми жұмыстары басшылыққа алынған.

Пайдаланылған музыкалық материалдар

Зерттеудің әдістемелік негізі.

Зерттеудің әдістемелік негізі

Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы.

Жұмыстың сыннан өтуі мен сарапталуы.


[1]«Сарын –как наиболее архаичный пласт культуры формировался , функционировал и эволюционировал на довольно большом истторическом отрезке времени и несколько позже стал фундаментом самостоятельных жанров фольклора … В нем заложились основы профессионализма устной традиции народных композиторов». –в работе С.Ә.Күзембаева. «Национпльные художественные традиции и их конвергентность в жанре казахской оперы». Алматы, 2006 г., -380 стр., с.-13

[2] Б.Сарыбаев. «Қазақтың музыкалық аспаптары», Алматы, «Өнер», 1981ж., Б- 208. 16-б,


[i] Аксенов А.Н. Тувинская народная музыка. /под ред. И предисл.Е.В.Гиппиуса. М., 1964.

[ii] Курбанова К. Кобыз в традициях Центральной Азии. //Вестник Каракалпакского отделения АН РУз. Нукус, 2000. — № 6-7.

[iii] Луганский Н.Л. Калмыцкие народные музыкальные инструменты. – Элиста, 1987.

[iv] Эшпай Я. Национальные музыкальные инструменты марийского народа. — М.,1947.

[v] Вертков К. Некоторые вопросы изучения музыкальных инструментов СССР В кн.: Проблемы музыкального фольклора народов СССР. — М., 1973, стр. 262-275.

[vi] Вертков К.А. Русские народные музыкальные инструменты. – М., 1975.

[vii] Гинзбруг Л.С. Русский народный смычковый инструмент гудок и его предшественники. — //Гинзбург Л.С. Исследования, статьи, очерки. – М.: Советский композитор, 1971, с. 5-43.

[viii] Будашкин Н.П. Народные музыкальные инструменты. — М.,1961.

[ix] Чисталев П. Сигудэк – струнный смычковый инструмент народа коми. – В кн.: Народные музыкальные инструменты и инструментальная музыка., ч.2. – М., 1987. , с. 149-164.

[x] Бахман В. Среднеазиатские источники о родине смычковых инструментов. (Глава из книги В.Бахмана «Истоки игры на смычковых инструментах». – Лейпциг, 1964). — //Музыка народов Азии и Африки. – М., 1973, с. 349-365.

[xi] Дончев Сл. Към въпроса за произхода и на-ранната появя на струнните лъкови инструменти в Европа. // Музыкальни хоризонти, 1984, №3, с.102-158.

[xii] Виноградов В. Родина смычковых инструментов. // Советская музыка, 1966, № 3, с.141-143.