Әже (Этюд)

1332

233Дамира Сәкенқызы 1992 жылы 21 сәуірде Жамбыл облысы, Талас ауданы, Қаратау қаласында дүниеге келген. 1998 жылы Лицей мектебінің табалдырығын аттап, 2009-ші жылы осы мектепті алтын белгімен бітірген. Қазір Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университеті жалпы медицина факультетінің I курс студенті.«Қысқалық – таланттың қарындасы» дейді Чехов. Прозаға қысқа жазу да, ұзақ жазу да керек. Ол – автордың талғамы. Дамироның көкірегінде сәулесі бар екен. Сол сәуле сөз-сәулеге ұлассын. Болашақ дәрігер қызға тілеріміз осы.

Қуандық Түменбай

Көктем еді-ау. Жексенбі. Көлікке міну үшін аялдамаға келдім. Қарасам, бір әжей жолдың шетінде түр екен. Көктемгі жауын құйып тұрған еді. Әжейдің қасына келдім де:
— Әжей қайда барасыз? — деп сұрадым.
— Балам, бұл қаланы білмейтін едім. Ауруханаға баратын көлікті айтып жіберші, -деді үсті-басы су, жүзін әжім басқан әжей.
— Аз күтіңіз. Менімен бірге мінесіз. Ауруханаға жеткенде, өзім айтамын,-деп едім, әжей қуанып қалды.
Қолшатырымның астына келіп тұрды да:
— Кішкентай немерем ауырып, ауруханаға түскен еді. Аурухана жабылып қалмай жетсем дұрыс болар еді,- деп әжей әңгімесін жалғады.
Сағатыма қарасам, аурухананың жабылуына жарты сағат қалған екен. Аялдамаға ерте келсек те, көлікке міну қиындау болды. Артымыздағы адамдар бізді ығыстырып, жылдам мініп кетті.
Мен оларға:
-Жолдастар, әжейге жол берсеңдерші. Бәріңнен бұрын келіп еді,-дедім өтініп.
— Біз де ерте келгенбіз. Сен жайыңа тұр, өзіміз білеміз қашан, қайтіп мінерімізді,-деп шап берді бір қыз.
Мен ашуланып:
— Үлкен кісіден ұялмайсыздар ма?-дедім.
— Ұялсаң, өзің-ақ жол бере ғой,-деп өзімді мазақ етіп, бейтаныс қыздар
көлікке мініп кетті. Есіктері жабылып, жолаушылар көлігі баяу жылжып
барады.
Бізге біраз күтуге тура келді. Осылайша, келесі көлікке отырып, әжейге қарасам, ауруханаға баруға үмітін үзгендей төмен қарап отыр. Әжей өте сабырлы кісі екен. «Әркімнің де осындай әжесі бар-ау. Неге жастарымыз үлкендерді сыйлап, құрметтемейді. Мына қыздардың әрекетіне не шара?» деген ойға шомып кетіппін.

Кенет көлігіміз тоқтап, айнала ығы-жығы адамға толды. Жүргізуші істің мән-жайын біліп келді. Сөйтсек, бағанағы жолаушылар көлігін жүк мәшинесі соғыпты, содан жолды жауып тастаған екен.
— Қарағым, көлік ішіндегі адамдар аман ба?- деп әжей байғұс абдырап қалды.
Көлік ішіндегі жолаушыларды жедел жәрдем көлігіне мінгізіп жатқанын, олардың ішінде әлгі қыздардың да бар екенін көрдім. Әжейге қарасам, алақандарын жайып, олардың амандығын тілеп отыр екен. Халқымыздың «Білместік істеме, сүрінуге тап боларсың» деген мақалы есіме оралды. «Ұстаз ұқтырмағанды, өмір ұқтырады» дегендей, бейтаныс қыздардың көп нәрсені түсінгенін сезгендеймін. Көліктен түсуге ыңғайланған әжейге қарап, оның кең пейілі мен ақ ниетіне риза болдым.
Бәріміз де әже болмаймыз ба?