ТАРАЗДЫҚ СТУДЕНТТЕР ТОП ЖАРДЫ

173


Абай атындағы ҚазҰПУ-де жоғары оқу орындары студенттерінің арасында «Тарих» мамандығы бойынша VII республикалық пәндік олимпиадасында Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының білімгерлері жеңімпаз атанды.
Шығармашылық жастардың өмірлік және азаматтық ұстанымын дамыту мақсатында үнемі ұйымдастырылып тұратын аталмыш білім додасына қатысуға еліміздің әр аймағынан 27 ұсыныс түсіпті. Биылғы жылғы олимпиада «Қазақ хандығының 550 жылдығы» мен «Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына» арналыпты. Үш кезеңнен тұратын сайыстың бірінші айналымында студенттер «Қазақ хандығының 550 жылдығы ұлттық тарихтың тағдыршешті кезеңі», «Әтномәдени танымдылық: Қазақстан – біздің ортақ үйіміз» деген тақырыпта ой өрбітті. Сонымен қатар, үш күнге созылған сайыс бағдарламасында танымдық саяхат бойынша да жастар білімдері мен біліктіліктерін сынады. Әділқазылар алқасының шешімі бойынша Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының студенттері барлық сынақтан сүрінбей өтіп, «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» атанды. Екінші орын Абай атындағы ҚазҰПУ-ге, үшінші орын Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне тиесілі болды. «Жыл сайын дәстүрге айналған республикалық олимпиаданың білімді, қабілеті ұшқыр студенттердің қолдау көрсетудегі орны орасан зор. Және де жоғары оқу орны қабырғасында алған білімдерін тәжірибе жүзінде ұштастыруда атқарар рөлі басым» деді ТарМПИ «Қазақстан тарихы» кафедрасының меңгерушісі, аталмыш оқу орнының студенттерінің олимпиадалық жетекшісі Бақытжан Жүрсінбаев. Сондай-ақ, «Музыкалық білім» мамандығы бойынша YII-ші Республикалық студенттік пәндік олимпиадасында аталған оқу орнының Шығармашылық мамандықтары факультетінің студенттері Рүстембек Малдыбаев, Ерболат Тауасаров барлық сыннан сүрінбей өтіп, топ жарды. Болашақ музыка ұстаздарының арасында – шығармашылық ой-өрісінің мүмкіндігін кеңінен ашып, аспапта орындаушылық шеберлігін арттыру мақсатындағы сайыста 14 жоғары оқу орнынан келген 30 студент бақтары мен баптарын сынады. Екі кезеңнен тұратын сайыстың бірінші айналымында студенттер музыкалық шығармаларды орындау талаптары, авторлық мәтінінің толық орындалуы, шығарманы орындаудағы мазмұндық бейнесін, динамикалық айқындылығын, музыканың жоғары тұрғыда жеткізілуі бойынша сайысқа түсті. Сондай-ақ, шығарманың мазмұнындағы стилі мен бейнесін түсіне отырып көрсете білу бойынша да өзара мықтыны анықтады. Ал, екінші айналымда олимпиадаға қатысушылар авторлық шығармасының презентациясын өткізіп, жұртшылық назарына ұсынды. Үздік шыққандар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 1-ші дәрежелі дипломымен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Жандар АСАН,
ТарМПИ Баспасөз қызметінің басшысы