ФАНТАСТИКАЛЫҚ ӘҢГІМЕЛЕР

11523

d0b0d0b2d182d0bed180Жас талап Әлібек Байболдың біржарым парақтай «Арыстан» новелласының алғашқы жолынан тек жазушы ғана айта алатын қиял қанатындағы ой мені тәнті етті «Спиноза», «Пьеса», «Жан күйзелісі» новеллалары әдетте кісі аңғара бермейтін өмір штрихтарын аз сөзбен аңғаруға әрекет жасайды. Әлі қалыптаспаса да өзіндік стилі де елең еткізбей қалған жоқ. Бұл ретте қаламгер мерейі адам жанының инженерлік дипломы тек ізденіс нәтижесі екендігін есте ұстауы керектігін ескере отырып, қайырлы жол деген тілек түйіндемекпіз.Шәмшеддин Әбдіраман,
Қазақстан Жазушылар одағы
фантастика секциясының жетекшісі.

Жан күйзелісі

1
Жігіт торығулы.
Терезеге телмірумен, есікке елеңдеумен қарайды. Бірақ оның жан күйзелісін бір пенде түсіне алмауда…
Күннің әдемі ажары күрең тартып, соны көрген аспан сіркіреп жаңбыр болып жылайтын сияқты ма, қалай…
Сағаттың тілі де тіл қатады, «ей-ей, пендем, қорықпа» деп, Құдай тағалам аузына салып отырғандай шамасы. Берік «Бір жақсымен бір жақсы жолықпайды» деген сыңаржақ ұғыммен келіспейді. Шын сүйген адамым жақсы болсын, мен-ақ жаман болайын деп ойлады.
Сүйгені сүмелек біреумен қолыстасып, жеке жай болып Қияқ ауылына қоныс тепті.
«Мені кешір, біз енді бірге бола алмаймыз», – деген бір аяқ жолдан тұратын хатты оқығанда Берік бекемдігінен айырылғандай делқұлыдай аласұрды. Көзіне қиғаш көрінген мүліктің бәрін қиратты. Жұдырығымен тамды ұрам деп сұқ саусағын жарақаттап алды. Қолын ұстаған күйі еңіреп жылады. Қолының ауырғанынан емес, жанының ауырғанынан күйінді. Жүрегі езілді…
Мөлиген жанары төрт қабырғаны шолып отыр. Өзінің жақынын іздейді, таппағанда тат басқан жүрегі шым етеді.
Жігітке жылаған жараспас, аты ауыздықпен су ішіп, толарсақтан саз кешкен Махамбет жыламағанда мен неге жылаймын. Жылағанан Құдайым сақтасын, енді сол құдірет маған демеу, енді мені күйзелте көрме Тәңірім, өтінемін, өтінемін, ө-ті-немі-н деп айтты да басын жастыққа сүйей сала тағы да кемсеңдеді…
Берік тумысынан мылқау. Әкесі араққеш, анасы, анасы, енді қалай сыпайыласам, м-м-м, ол кісі, Ана болғандықтан соң ғана кісі дейсің. Анасы жезөкше. Осылар есіне түссе есіріктерше бұрқылдайды, бірақ тілі жоқ жерден ашуын алмақшы болғандай тепкілейді келіп.
Қазір Берік 23-ке шықты. Өндірдей жас болса да, өмірден өндіргені де, өзегін өкініштің қызыл жалыны шарпығаны көп-ақ, сабаздың.
Алматы қаласының әкімшілігінде істейді. Жұмсақ жерін мақпалдай жұмсақ диванға басып отырумен, қағаздармен алысумен өтеді күні. Қызметі жаман емес. Бақандай бір бөлімнің құлағын ұстап отыр. ҚазҰУ-нің қаржы факультетін бітірген. Жұмысқа келген сәтте адамдармен түсінісу жағы қиын соқты. Ештеңе жоқ, үш күнде қарабасты көрге де үйренеді, көндігеді…
2
Қазпоштадан хат алса, Айсұлудан екен. Айсұлу Талдықорғанға жұмыс бабымен бес айға кеткен. Айсұлу болмай кеткір. Өмірге жылап туғанда ата-анасы біреудің бағы болады ғой деп, «киіз құлағына» үш рет азан шақырып Айсұлу демеді ме. Ердің соры болды. Хатты умаждады да жыртты. Не шықты, қыз басқа біреудің қойнында, аймаласып жатқанда. Осыны ойласа Беріктің жүрек құрғыры ауырады. Ойлай-ойлай ойсоқы болды.
Берік Айсұлуды шын жүректен сүйген, өйтіп бірде-бір шүйке басқа ғашық болып көрмеген. Алдап соқты нәлет атқыр албасты.
Берік астындағы ойбайлауық орындықты шетке алып қойып, тас еденге отырды. Өңі түтіккен. Жаны шығып, сүлдесі ғана қалған адамға ұқсайды. Шерімен бөлісер ешкім жоқ айналада. Үш бөлмелі үйде жападан жалғыз, бүйте берсем жасыққа айналмаймын ба деп ойлады. Бүгін жексенбі ғой. Дем жиып, демалатын күн. Алматыны аралайын. Жата берсем өз-өзіме қол жұмсайтын шығармын. Ол нәрсеге жол беруге болмайды деп ойлады Берік.
3
Абылайхан көшесімен жоғары қарай тартты. Артта Алматы-2 вокзалы. Ұлы ханның ескерткіші Берікке есіркей қарайтындай, «Ей, бала» басыңды көтер деп тіл қататын сияқты.
Берік ешкімге қиянат жасап көрмеген Адам. Қиыншылық көргені шындық. Сонымен қоймай Қазаққа адамгершілік пен арлылықты уағыздап өткісі келеді.
Аңқасы кеуіп қалыпты. Дүкенге кіріп сусын алды. Жүріп келеді, жүріп келеді… Райымбек батыр, Мәншүк Мәметова, Мұқағали Мақатаев, Жібек жолы, Төле би, Қарасай батыр… Әйтеуір Ұлы Хәкімнің көшесіне жетті… Абылайханмен Абай көшелерінің қиылысында екі Қазақ жұдырықтасып жатыр. Елдің бәрі араша түсудің орнына, астынан ұр, жамбасқа таста деп тұс-тұстан жамырасып жатыр. Астында қалған да қазақ, үстінде бетін қанжоса қылып жатқан да қазақ. Ұлттың өзін-өзі құртуы, түп-тұқиянымен жоюы осыдан басталады. Қазақтың басты жауы, Қытай, АҚШ, Ресей емес, Қазақ деген ой келді. Ақшаға құнығып, құндылықты ұмытқан ғой халық. Нойыстар деп тағы ойлады Берік. Жуан жұдырығымен бас-көзден төпелеп, төбесін ойды астында қалған байғұстың. Араша түсетін ешкім жоқ. Берік айқайлайын десе тілі шор. Жүгіре жөнеліп, тобырды қақ бөле отырып, екеуінің арасына киліге кетті. Имансыз неменің именетін түрі жоқ. Берікті соққының астына алды. Ішінен, басынан тепкілей жөнелді. Мұрны бұзылса, тоқтауы қиын еді Беріктің. Бала кезінен бар еді ол нәрсе. Бет-аузын көлегейлеген күйі асфальттың үстінде жатты…

4
Иығынан жұлқылығандай сияқты болды біреу. Қан сіңген, шіреленген көзін ашса, сақшы екен. «Здраве желаю, капитан Желбасов Есалаң» деп таныстырды өзін.
– Мына бір кісіні өлтіріп кетіпті. Басты күдікті сіз болып табылып отырсыз. Ана машинаға жүріңіз, – деді қарны кебеже, қабағы түксиген капитан.
Берік Абай атасынан ұялғандай, ілбие көтерілді. Қолын ербеңдетіп, мен мылқаумын деп түсіндірген сияқты болды. Мақұлық капитан нені түсінуші еді.
– Ештеңе жоқ заң бәріне ортақ. Мылқау екен деп сізді заң айналып өтпейді ғой, – деді капитан Желбасов Есалаң.
Жеделдетіп жигулимен ГУВД жетті. «Темір торға тоғытып, ертең сіздің адвокатыңыз келеді, сол күнге дейін күтесіз», – деді Есалаң мырза.
Есікті тарс жауып, сырттан құлыптады да жәйіне жүре берді.
Серуендеуге шыққан Қазақтың басы бәйгеге тігіледі деп үш ұйықтаса да түсіне кірмепті. Ашып-арыған, іші құрылдап тамақ сұрай бастады.
– Берік маған тамақ бересің бе, нәр сызбадым ғой таңатқалы, – деді Қарын.
– Тамақтан басқаны білме. Жұта бер, жұта бер. Жұтқыншағың айырылғанша. Же, іш, ұйықта одан басқа ештеңені түйсінбе надан адам, – деп ойлады Берік.
– Ей, Берікжан көңіліңе ерік берме, есірме, маған ғана сен, бәрі оңалады, қорықпа, – деді Жүрек.
– Аузыңды жап, шұрық тесік неме, үніңді өшір, өй есек, менде ас болмаса көрер едім сенің қалай сайрайтыныңды, – деді Қарын.
– Қарқе, енді ондай дөрекі сөздеріңізді екі борбайдың арасындағы мүшеге айтасыз, – деді Жүрек. Жүректің бұл сөзін естігенде Қарын аш екенін ұмытып, елжіреді, жалпайа бастады.
– Жүке кешіріңіз, азғындық не дегізбейді, қайғы не жегізбейді. Ашумен нені айтпайсың, – деді Қарын.
– Ашуды анау Бас басқармаға жеңдір. Ішінде қоймалжың емес, бүткіл жүйе бар ғой, – деді Жүкесі.
Беріктің бір Ұлы демеуі бар еді, ол Адал Жүрек. Ақ Ниет. Пасықтықтан Арылған Пейіл. Дүние-мүлік құрысын, Адам атаулысына ақша, тақ қашанда жетпеген. Жетпейді де… Ең басты жаспен тазартқан Ақ Жүрегімді жоғалтып алмайыншы. Осыны ойлап, Алладан шын Жүрекпен сұрады. Ия, Тәңірім мені жаман ойлардан аралта гөр. Арылта гөр, арылта г-ө-р… деп жылады. Ішінен күбірледі.
– Берік, жылама, Тәңірім сені естіді. Бәрі жақсы болады, жылама. Айналайын, қымбаттым, – деді Жүрек. Жас та сағынғандай мөлт-мөлт шыға бастады.
Келесі камерада айқай-шуға толы дауыстар шығып жатты.
– Ой, оңбаған, істеген дүниеңді мойыныңмен көтерсең, үзіліп кете ме? – Желбасов Есалаң қой.
– Жоқ, аға, ол қылмысты мен істемедім, мен кінәлі емеспін, мені ұрмаңызшы, — деді бәз біреу.
– Сен оны істеген, мен саған мойындатам, – деді Желбасов Есалаң.
– Ойбай, ой-бай-ай, қу Құдай бүйтіп мені қорлағанша, өлтіріп тын, – дейді бәз біреу.
– Өшір үніңді. Өшір деймін, – бұл Желбасов Есалаң.
– Ұрмаңызшы, өтінемін, ұрмаңызшы, ұр-м-аң-ыз-шы, – деуге әзер икемі келді де үні өшті.
– Жат, тұрма, есуас. Бұл камерадан шықсаң, мен Желбасов Есалаң болмай кетейін, – деп камераның есігін құлыптады . Тағалы тайдай тарсылдата қасымнан өтті де, тоқтап қалды. Зәрем зәр түбіне кетті. Қолындағы дойырын шошаңдатып, мына біреуге айтсаң, соның кебін киесің деді де, ары қарай кетті. Демімді сонда ғана алдым. Ауа жетпегендей тынысым тарылып, жүрегім шаншыды. Көргенін Берік айтады, мылқау ғой, іштен тынғаннан басқа тындырары шамалы.
Кеш батты. Берік оң жамбасқа аунап, күнәһар пендесінің істеген жаманшылығын кешіруге өтінді, қол жайып сұрады. Арсыз немее Ұйқы да қысты. Табиғи заңдылық. Желбасов Есалаң мырза айтпақшы, « мылқау екен ғой деп, заң сізді айналып өтпейді ғой» дегені есіне түсті. Басы темір төсекке тиісімен қор ете қалды.

5
– Встать, одется и на выход, – деген дауыс оятты Берікті.
– Вас ждет адвокат, – деді сақшы үзілген сөзін жалғап. Берік қалжыраған күйі есікке беттеді. Түрі адам танығысыз, көнектей болып ісіп кеткен. Ұстаса ауырады. Абай мен Абылхан қиылысындағы оқиғадан ғой. Әп-әзір, танакөз, қарлығаш қасты адвокат қыз, қолындағы дипломатын, үстелдің үстіне қойып жатып: «Отырыңыз», – деді, қарсы алдындағы орындықты нұсқап.
– Менің аты-жөнім, Кеңпейілова Ақиқат Арқызы болады. Сіздің ше?! Беріктің мылқау екенін естіген, қаламмен қағаз берді.
– Менің аты-жөнім Шындықіздегішов Берік Шынжүрекұлы, — деп жазып берді.
– Жарайды, Берік таныстық. Қандай қылмыс үшін құрықталдыңыз. Адам өлтіргенсіз бе ???
– Мен Адам арашаламақшы болып, ақиқат іздегеннен басқа, қылмысым жоқ. Адам да өлтірген жоқпын. Егер ақиқат орнатушылардың бәрін сүйтіп жазалай берсе, онда біз құрыған екенбіз. Қылмыскер деп айыптасаңыздар, міне, мені айыптаңыз. Бар кінәм осы, – деп Берік қағазға жазып берді де, екі қолын алға созды.
– Жоқ, Берік, тыңдап алыңыз! Сізді Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысында төбелеске араласып, Кінәсіжоқов Пұшайманжан деген кісіні мына пышақпен өлтірді деді ғой маған Желбасов Есалаң капитан.
– Мына пышақты мен бірінші рет көріп отырмын…

ПЬЕСА
1
«Ассалаумаликум қаракөздер! Бүгін Құдай тағалам атындағы «Жүрек» театрында «Азғын» атты пьеса қойылады.» деген хабарландыруды көрді Еркін. Жүректері қараларға мильиярд теңге, жүрегі тазаларға судай тегін екен. Еркін бақыр басын тыр-тыр қасыды да «Сол жақ тұс» көшесіне жол тартты.
2
Театрдың пошымы домалақ, сырты қызыл түсті екен. Дүрс-дүрс деген дауыстан дірілдейді ма, қалай. Бұған қарап Еркін пьеса басталып кетті екен деп ойлап қалды. Театрдың аузында екі арша мүсін ару қыз тұр екен. Бірақ Еркін олардың ақ тәндеріне қарауға дәті шыдамады, иманы жібермеді. Көзін төмен салған күйі есіктің алдында тұрды. Бірінші қыз: «Сіздің жүрегіңіз таза ма ?» – деп сұрады, екіншісі «сіз оған үңілдіңіз бе» – деп қоштай кетті. Еркін хабарландыруды оқыса да театрға кіру соншалықты қиын болады деп үш ұйықтаса түсіне кірмеген. Қапияда не дерін білмей сасып қалды.
– М-м-м. С-о-л. Е-н-д-і… М-м-м. – Сауалға жауап таба алмай қиналғаны қызыл күрең жүзінен байқалды. Орнында тыпыршып, тырнағын тістей берді…
– А. Мен өзіммен бірге мильиярд теңге әкелдім. Алыңызшы. Өтінемін.
– Бізге сіздің осы дүниелік ақшаңыз керек емес. Таза жүрегіңіз керек, – деді біріншісі. Үнсіздік орнады… Көзі жасаураған, репеттерінен нұр шашып тұрған қара нөпір театрға кіріп жатыр, кіріп жатыр…
– Мен қойған сұрағыма жауап күтемін, – деді бірінші қыз.
– Мен де, – деді екіншісі қосарлана.
– Не деп жауап берерімді білмеймін, бұл жақа бекер келдім бе деп қалдым, – деді Еркін.
– Ол жауаптың бәрін жүрегіңіз біледі. Сол жарықтықтан сұраңыз, – деді бірінші қыз сүйрік саусақтарын Еркіннің жүрегіне тақап.
– Не деп айтып жатыр, – деп тағатсызданды екінші қыз.
– О, Құдайым, бағанадан бері сізді бекер қинаппыз, мырза, бізді кешіре көріңіз, кешіресіз бе ?
– Кешіретіндей сіздер ештеңе істеген жоқсыздар, кірсем рұқсат па екен, қазір пьеса басталады, – деді Еркін.
– Ия, ия, кіріңіз – деп екі қыз ауыр есікті жұлқи ашып, жігіттің қарапайым да паң болмысына таңданыспен қарап, жасаураған жанарларымен шығарып салды.
Киімілгішке бет алды Еркін. Күздің қоңырсалқыны терідей жұқа жұқанақ «ветровкасынан» өтіп кетті ме, дірдек қаға берді. Еркіннің өңі сұп–сұр. «Ветровкасын» тапсырды да, жүрмек болып еді:
– Мына киіміңізді жерге қояйым ба, әлде жоғарыға ілейім бе – деді гардеробшы қыз.
– Жерге қоя салыңыз, мен басқалардан кем болмасам, артық емеспін, – деді Еркін.
Осы сөздерді айтты да жоғарғы қабатқа жүгіре жөнелді. Амфитеатрдың есігін ашып, артқы орындардың біріне отыра салды. Қалтасындағы умаждалған билетіне қараса бірінші қатардағы, бірінші орын екен. «Бопты» деді де отыра берді.

3
Театрдың шымылдығы ашылды. Қос алақандардың бір–біріне соққылаған қолшапалақтан құлақ тұнады.
Авансценада үш орындық, домалақ жозы.
Одан басқа ештеңе жоқ. Бір кезде жеделдетіп Мүңкір келіп, сол жақтағы орындыққа қаздия кетті. Артынан Нәңкүр де келіп жетті.
– Бүгінгі қойылымға қош келдіңіздер. Мұсылман қазақтар, – деді Мүңкір.
– Пьесамызды бастамас бұрын бізге бір адам керек, ол адамды біз шықпай жатып, таңдап қойғамыз. Себебі ол пендеге Құдай тағаламыздың көзі түскен.
– Ал Еркін сізді ортаға шақырамыз, – деді Мүңкір.
Бала орнынан көтеріліп, мен ба дегендей сұраулы жүзбен адамдарға қарады.
– Ия, сіз, ұялмаңыз, келіңіз, – деді Нәңкір. Аспаннан нұр түсіп, баланы аяғын жерге тигізбестен көтеріп, тылсым құдірет үшінші орындыққа отырғыза салды. Ел бұл көрініске таңданған жоқ. Себебі Құдайдың шебер екеніне ешкімнің күмәні болмауы тиіс деген ұғым көкіректерінде сайрап тұруды әр қайсысының.
4
Үш орындық та құрыштан құйылғандай мығым екен. Сықыр-сықыр деген дауыстарды «орындықтардың ауыздарынан» ел естімеді. Мүңкір де, Нәңкүр де алдарындағы қағаздарға шұқшиюмен болды. Еркіннің жүрегі шайлықты, өне бойын үрей биледі. Көңілі пәс тарта бастады. Қап, қазір маған есіңде ме, 14 жастағы бір қызды ғайбаттап едің ғой, 15 жасыңда бір мүгедекке саусағыңды сұқтап, артыңды ашып күлгенсің, 17 жасыңда анаңның қиыншылықпен тапқан ақшасын ұрлап, оңды-солды аямай шашып едің ғой, 19 жасың-д-а-а-а… Еркіннің 21 жасқа дейін істеген бүткіл есінде қалған күнәлары алдынан түлкідей сылаң қаға өткендей болды. Ірісі қаперімде, ал ұсағы иттің етінен көп қой деген ой келді. Осыны қойып қалса не деп жауап беремін. «О, Құдай тағала, мені бүйтіп қинағанша, алғаның артық қой» – деді Еркін көңіліндегі күйініш айтып, күбірлей сөйлеп.
– Тынышталыңыздар, тыныштық сақтаймыз… Мүке, анау қара қағаздарды беріп жіберіңізші – деді Нәңкүр. Мүкесі көз ілеспес жылдамдықпен шудадай шұбалған қағаздарды алдына қойды.
– Тәк, т-ә-к… Ал, Еркін мырза, осыған дейін бұл сұм жалғанда қандай сұмырайлықтар істедіңіз, айтыңыз, жасырмаңыз – деді Нәңкүр. Еркін қипақтай бастады. Тершіген қолын жүрек тұсына қойып.
– Айтайын… Менің өмірім қиыншылықпен өтті, көрмегенім аз. Кебеже қарындарға қарап, неге мен де сол сияқты сыптай киініп, ақшаға көмілмеймін деп ойлаймын. Ойлана келе адам бұл дүниеге ол үшін келмегенін түсіндім, – деді Еркін.
– Сонда не үшін келіпті, – деп мысқылдады Мүңкір.
– Адам артынан іс-ұрпағын жалғастыратын адам, Алланың ризалығын алу үшін келген екен…
– Жақсылықтан гөрі жамандықтарым көп па деп ойлаймын, біреуін біліп, біреуін білмей істедім – деді Еркін.
– Жақсылықтары көп сияқты Еркіннің, қағазға қарасам жыпырлаған жақсылық, – деді Мүңкір.
– Т-ә-к, мен де қағазыма бір қарап шығайын. Шынымен, жақсылығы басым тұр, жүрегі таза, шамасы істеген күнәлары үшін кезінде Құдай тағаламнан жылап тұрып сұраған сияқтысыз ғой, ия ? – деді Нәңкүр.
Осы айтылған сөздерден кейін Еркіннің бойын бір тылсым құдірет билей бастады. Мың сан қылмыстан құтылған адамдай сезінді өзін. – Ия, мен күн демей, түн демей Құдайдан кешірім сұраумен болдым, – деді Еркін.
– Сіз, үшін қуаныштымыз, бірақ күнәларым аз екен деп жүре бермеңіз, оларды ары қарай жуып-шайыңыз, – деді Нәңкүр. – Білем, өтеймін, міндетті түрде, – деді Еркін ағынан жарылып. Сасқанынан аузына төрт–ақ сөз түсті. – Олай болса, қадірменді жамағат, осымен біздің пьеса тәмәмдалды. Келесі кездескенше аман–сау тұрыңыздар, – деді екі періште. Сүйтітті де аспанға ұша жөнелді. Еркін қолын жайған күйі отырды да қалды…

Арыстанның айбаты қара күшінде ме?… Бәлкім ол алты қарыс азуын білегендіктен бе, әлде онын айбаты күдірейе біткен жалында ма?! Бәлкім туа бітті арыстандығын аңғартар қансорпа күлімсі иісінде болар. Ал, табиғат берген жомарттығы мен нәзіктігін қайтерсін. Алдыңғы аяғының сойталдай тырнағана іліккен еліктің бірден жан тәсілім ететіні де белгілі. Сол қас-қағым сәтте аң патшасы арыстан мен еліктің көңіл-күйі қандай болмақ?