Коррупция «өзін-өзі басқару» деңгейіне жеткен бе?

90

«Біздің қоғам небір оқыс жағдайды болдырмайтындай, оған қарсы тұра алатындай азаматтық қоғамды қалыптастыра алды ма?» деген сұраққа қарай ойысқаны байқалды. Оның бір көрінісі ретінде ұлттық-демократиялық қозғалыстардың бой көтере бастауын айтамыз. Жуырда ғана Алматыда «халық өкілдерінің құ­рыл­тайы» өтіп, онда осы мәселе терең талқыланды. Жалпы, Қазақстан қазақ ұлтының мемлекеттілік тарихының табиғи жалғасы саналатындықтан − он­да­ғы көтерілген «қазақ ұлтының мем­лекеттік жауапкершілігі» мәселесін заман талабынан туындаған десе болады. Яғни, бұл – ұлттық сананың өсуінің ғана емес, оның әрбір өкілінің азаматтық позициясының да нығая бастауының көрінісі. Бірақ, біздің «азаматтық өрісіміз» болашаққа бастауға дайын ба?

Ұлттық діл және азаматтық ұғым
Бұрыннан бері қазақы ділде «азамат» деп ел қамын ойлау деңгейіне көтерілген тұлғаларын атаушы еді. Яғни, осы мағынада «азамат» дегенде санамызда «бойына нағыз ер жігіттерге тән қасиеттерді сіңіруімен қатар, жұрт көшін бастай алатын дана­лықты да меңгерген» деген түсінік пайда болатын. Сондықтан, қазақта «азамат болу», яғни, «қоғамдық қайраткерлік» деңгейіне көтерілу ең биік мәртебе саналды. Әрбір отбасы «ұрпағым осындай болса» деп армандады, тәрбие жүйесі осыған ба­ғын­дырылды. Алайда, кейіннен, біз «азамат» сөзін орыс қалыбына салып «азамат – азаматша» деп қолдана бастадық. Нәтижесінде біздің санамыздағы «азамат» ұғымының мағынасынан «қайраткерлік» шайылып (субъект), мұнда «мемлекеттің азаматы» (объект) мағынасы басымдыққа ие болып шықты. Себебі, халықтан жоғары тұрған, мемлекеттік істерді халықтан бөлек атқарып, ал, халықты тек басқару объектісі деп санаған билікке керегі осы ғана екен. Бұл жағдай кеңестік дәуірде үнемі болды және тәуелсіздіктен кейінгі 20 жылдан астам уақытта сақталып келді…
Қоғамда мемлекеттің дамуында шешуші фактор саналатын бұл түйінді мәселе төңірегінде толғаныс аз. Тіптен, билікке ұмтылушы демократиялық партиялардың өзі де бұл мәселеге жете назар аудармауда. Мысалы, оппозициялық күштердің билікке қойған талаптарының негізінде «азаматтардың заң алдындағы теңдігіне қол жеткізу» мәселесі өткір тұр. Әрине, бұл «азаматтықпен» тығыз байланысты. Бірақ, ондағы сөз «мемлекет азаматы» мағы­насында, яғни, халықты саяси күреске тарту мағынасында айтылатын болғандықтан, ұлттық ділде басты құндылық саналатын «азамат» ұғымы екінші қатарға сырғып, саяси күрестің мақсаты ұлт түсінігіндегі «азаматтықпен» етене қабыспайды. Талаптар тек «билікті алмастыру» ретінде, ал, олар айтатын «азаматтық қоғам» соның бір тетігі деп қабылданып, халық өз жағдайының қиын екеніне қарамастан билікке ұмтылуды көздеген оппозицияға «халықтық қолдау» көрсетпей отыр (Бұл жерде біз «халықтық» деп «көпұлтты мемлекеттің» халқын емес, объективті шындыққа сәйкес келетін «мемлекетті құрушы қазақ ұлты» туралы айтып отырғанымызды ескертеміз).
Осы мәселенің себептерін іздесек, біз, шынтуайтында қоғамымызда К.Маркс айтып кеткен жағдайдың орын алғанын көреміз. Ол: «буржуазиялық мемлекет − өндіргіш күштеріне (қазба байлық, зауыт-фабрикалар және т.т.) иелік етуші үстем таптың, яғни, меншік иесі саналатын – өндіріс қожайындары мен ірі кәсіпкерлердің, қаржыгерлер мен жер иеленушілердің мүддесін қорғайтын саяси құрал. Ондай мемлекетте «азамат» деп байлыққа қол жеткізгендер мен соларға жақын топтар аталады. Мұндай мемлекет «байлар мен «қожайындардың» мақсатын іске асыра отырып, жеке адамдардың дамуына кедергі қояды, азаматтық қоғамның дамуын шектейді. Сол себепті мемлекет пен азаматтық қоғам арасында тепе-тең қатынас, не бір келісім болмайды» деген еді. Өкінішке орай, біз осы айтылғанды қайталадық. Бұның зардабын біз енді ұзақ уақыт бойы тартатын боламыз. Себебі, «жабайы капитализмнің» бұл көрінісі ұлттық ділді өзгертіп, қанға сіңген «азамат» ұғымын өзгертіп қана қоймай, Отан мен Елге деген шынайы сүйіспеншілікті тәрбиелейтін жүйені де қиратуға жол ашты. Бейнелі түрде айтсақ, бұл – мемлекет байлығын ұқсата алмайтын байлардың қолшоқпары да, халық – күнкөрістің күнімен арпалысқан тобыр дегенге жақын болып шығады. Әрине, дәл солай болып кетпесек те, «дағдарыс жағадан, қымбатшылық алқымнан алғанда» − дәл соған айналудың шақ алдында тұрғанымыз анық дер едік…
Мұндай жағдайда жалпы «азамат» болудың қажеті шамалы да: әркімге де «мүддесі мемлекеттік тұрғыда қорғала­тын» азаматтыққа − байлар мен олигарх­тарға айналу және оған саты­лы түрде қол жеткізетін билікке бару маңызды болып шығады. Сөйтіп, ежелден бері «қасқалдақтың қанындай» сақтап, рухани болмысымыздың тірегіне айналған аза­маттығымыз біздің қазіргі болмысымыздан қаша бастаған сыңайлы… Мұның нақты мысалы өмірде өте көп: бүгінде қазақ айтқандай «аузы қисық болса да байдың баласы сөйлесін» дегендей жағдай орын алып, одан «жуындымен жуыну» дегендей сөздерді естігеніміз өтірік емес.
Бұл қалай болды? Оның жауабы қилы-қилы: біріншіден, біздегі жағдайда орасан зор байлыққа ұлт түсінігіндегі «азаматтық» жолмен жету мүмкін болмады. Керісінше, «азаматтыққа» кереғар әрекеттерді не­ғұр­­лым көбірек игергенде, соғұрлым тез арада байлыққа кенелетін жағдай орын алды. Ал, бұл жолмен жүру қазақы түсініктегі «азаматтықтан» ада болғандықтан − ұлтты ұйыстырушы, болашақтың іргетасын қалаушы қасиеттердің құны көк тиынға айналады. Екіншіден, ұлттық ділдің өзгеруі үшін ұзақ жылдар қажет. Егер, ұлт даму барысында өз болмысынан алшақтамаса, онда ұлттың ділі сатылы түрде замана көшіне эволюциялық жолмен ілесіп отырады. Жаңарулар мен өзгерулер заманына сай біртіндеп жүзеге аса береді (Алайда, ұлт ділінің аз уақытта түбегейлі өзгерістерге ұшырауы да мүмкін. Бұл – ұлт үшін «төтенше жағдай». Мысалы, ашаршылық кезінде кездесетін сұмдық оқиғаларды осымен салыстыруға болады… Алайда, оның бетін аулақ қылсын, қазір біз биліктің ықпалымен және оның қателігінен туындайтын «төтенше жағдай» туралы ғана айтып отырмыз).
Қоғамда барлық нәрсе билік тарапынан қадағаланады, соған сәйкес − қоғамның өзі билік сипаты мен тұрпына сай қалыптасады. Келеңсізі сол − қоғамға күштеп таңылған мұндай «құндылықтар» көп ұзамай-ақ қоғам санасында «мәңгілік құндылықтар» ретінде бағаланып, жаңа принциптердің іргетасы қалана бастайды. Қазіргі кезде ол «бай-бақуатты бол!» дегенмен шектеліп тұр. Бүгінде Атаның балаға берер батасының басы – осы! Ал, «азамат бол» деп айтылуы – ілуде біреуде ғана…
Әрине, байлықты құру оң құ­былыс. Адамға материалдық жағдайды шешпей тұрып, басқа құндылықтарға қол жеткізем деу − бос әурешілік. Тіптен, ондай адамдарды «аскеттер» деп қоғамның өзі шеттетуге дайын! Бірақ, байлықты құрудың екі жолы бар: бірі – халал, бірі – харам. Азаматтың қалыптасуы осы екі жолдың қайсысы таңдалуына байланысты: харамдық ортада азаматтыққа есік жабық, ал, «халал байлық» –азаматтық жолмен ғана түзіледі… Мінеки, бұл мәселе, сөйтіп, қоғамның іргелі мәселесі – «әділеттілікпен» ұштасарына көз жеткіздік. Бұдан шығар қорытынды: қоғамның гүлденуі әділеттілікті паш еткенде ғана мүмкін және кез келген азаматтың азаматтық деңгейге көтерілуі осындай ортада жүзеге асады. …Олай болмаса – қоғам іштен іріп-шіріп ыдырайды, ал, қоғамның өзі болса «азаматы жерге қарайтын, алаяғы «азамат ролін ойнайтын» заманға келіп тіреледі. Бұл – тұйық.
Сонымен, «азамат» деген не, «азамат­тық қоғам» деген не? Жоғарыда қазақы түсініктегі «азамат» ұғымына «елінің мүддесін қорғайтын дәрежеге жеткен, ойы мен ісінің арасы ажырамаған тұлға» деген анықтама берілді. Осы дұрыс, себебі, қазақта «әкенің баласы болма, халықтың баласы бол» деген бата бар. Бұл сөз азаматтықты дәл бейнелейді, әрі, күні бүгін де мағынасын жойған жоқ. Алайда, қандай қоғамда болмасын, адамды азаматтыққа жетелейтін, парызын өтеуге мүмкіндік беретін орта керек. Бізде сол орта бар ма? Әзірге, ондайды таба алмадық. Бізде азаматтар әділетті талап етсе немесе биліктің қателерін ашық айтып сынаса «әлеуметтік тұрақсыздықты тудырушылар» болып шыға келеді. Оларды осы баппен жазалау әдетке айналды. Сонда «бұл елдегі тұрақтылық кепілі кім?» деген сұрақ туатыны анық. Оған жауап ретінде «коррупция ма?» деген қарсы сұрақ даяр тұр: себебі, «әділетті аңсағандарға» «әлеуметтік тұрақтылықты бұзушылар» немесе «конституциялық билікті төңкерушілер» деген «атақты» таңып берушілер де, қатаң заң баптарымен жазалаушылар да − коррупцияланған билік жүйесінің өзі болып отыр!
Жалпы, «билік атаулының бәрі қоғам мүддесімен өмір сүреді» деуге болмайды. Әлемдегі талай елдердің билігі уақыт өте қандай жағдайға тап болғаны көз алдымызда өтіп жатыр. Оның дәлелі ре­тін­де алыстағы араб елдерін, Сирияны, Африка немесе Азия мемлекеттерін емес, өзіміздің ең жақын туыс қырғыз елі­нің мысалын алсақ та жеткілікті. Олар бұрынғы президенттері жіберген «қателіктер» біздің қоғамға тән: мысалы, бізде биліктің «ережесін» (көп жағдайда әділетсіз) мойындағандар «азаматтар» да, мойындамағандар − «азаматтар» емес, «бұзақылар» болып шығатыны өкі­нішті. Яғни, біздегі жағдай жоғарыдағы Маркс ақсақалдың сөзіне дәл келіп тұрған сыңайлы: үстем таптың мүддесіне қарсы шығу − қылмыс. Мұндай билікке қазақтың сәл өзгертіп айтқандағы: «айдаладағы ақ отау, құлағы мен көзі жоқ отау» деген даналық сөзі дәл келетін сияқты. Ал, билік осылай болса, оның «өмір сүру тәсілі» де құпия емес, ол − азаматтықты шектеу!
Дегенмен, қазақы ділде «азамат» ұғымы­ның мағынасы анық болғанымен, біздің ұлттың қанында «мемлекеттік азаматтық» қасиеттер аз екенін мойындауға тиістіміз. Себебі, осыған дейін небір әділетсіздіктерге ұшырап отырса да, халық үнсіздік танытуда. «Оян» деген сөзді Алаш қайраткерлері қалай айтса, қазіргі қайраткерлер де солай айтып жүр − жар салудан жалыққан емес. Бірақ… бірақ, халықтың оянар түрі байқалмайды. Мұны біреулер «құлдық сананың» көрінісі деп, қазақты «құлға» теңеп те тастады. Сонда да елең етпейміз… Неге? Мұның себебі тереңде: әрине, «жігіт» дегеннің не екенін жақсы білетін қазақ өз намысын қолдан бермеген! Алайда ол намыс жеке бастың намысына ғана қатысты. Ал, «мемлекеттік намыс» немесе қазіргі саяси тілмен айтқанда – «мемлекетшілдік» тәжірибе жоққа тән десек − өтірік емес. Себебі, қазақ үшін туыстық қатынас қашанда «мемлекеттік азаматтықтан» әлдеқайда маңызды болған. Сондықтан туыстық қатынас аясына жатпайтын ондай «азаматтық» оның сезімінен тысқары тұрады. Өз кезегінде ондай «азаматтықты» сезінбеу, оны мемлекеттік шаралардан тыс қалуға жетелейді − мемлекет оның намысына тікелей әсері етпейтін «объект» күйінде қалады. Содан болар, қоғамдық санада «мемлекет үшін жауапты адамдар бар» деген сенім бек орныққан. Сөйіп, қазақ бұл «қағидадан» ешқашан ауытқымайды және «жауапты адамдардың ісіне қол сұқпауға» әдеттенген. Міне, қазақтың осындай «азамат­тығы» мемлекеттік тұрғыдан алғанда өзіне таяқ болып тиіп жатыр. Оны, әрине, халықтың мешеулігі деп түсінбеу керек. Оны – 20 жылда «өз халқын мемлекеттің белсенді азаматтарына айналдыра алмаған, ондай тетіктерді іске қоспаған, тіптен, халықтың белсенді болуынан сақтанатын биліктің жіберген ең үлкен қателігі» деп түсінген дұрыс.
Шынында да, халық ұрпағын өз ділінде қалыптасқан азамат ұғымына сай етіп өсіруге жауапты, әрі солай тәрбиелеп те жатыр. Тағар кінә жоқ. Ал, «мемлекет ісіне жауапты» жақ ше? Ол жақ «мемлекеттік деңгейдегі қайраткер һәм азаматын» тәрбиелеуде жауапкершілігін сезіне ме? Сезінсе – Азаматтары қайда?

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ

«Ақиқат» журналы