Шенеуніктерден азамат «жасауды» Елбасының өзі қолға алды

180


Азаматтық қоғамның өркендеуіне кедергі жасайтын бірден-бір кертартпа күш – коррупция. Әсіресе, оның белең алып кеткен түрі – сыбайласқан жемқорлық қауіпті. Жемқорлықтың осы түрі жайлаған мемлекетте «азаматтық», «ұлт пен мемлекет мүддесі», «әлеуметтік жағдай» және басқа даму негіздері шайыла бастайды. Қоғамдағы коррупциялық әрекеттер сыбайласа келе, адал қызметкерлерді биліктен ығыстыра бастайды. Ол орындардың барлығына дерлік өз сыбайластарын жайғастырып, өздеріне мейлінше қолайлы жағдай жасайды. Бұндай тамырласқан қорқау жүйені жеңу аса қиын. Өйткені, ондай ортада бел­гілі бір бетпер жоқ. Онда хамелеондай құбылып тұратын ауыспалы-өзгермелі бейне бар. Ол «бейненің» бар міндеті ұрлыққа, ұрлықты жымдастыруға және заңдастыруға, жауапкершіліктен қашуға, қарсы шабуылға шығуға және т.б. әрекеттерге бағындырылған. Оның ең қауіпті жағы мынада: бұл жүйе өздерінің қатарына мыңдаған адамдарды тез тарта алады: арбалмағанын – арбайды, көнбегенін – көндіреді, сынбағанын – сын­дырады, бүгілмегенін – бүгеді! Сөй­тіп, сыбайласқан жүйе бүкіл қоғамды өз «принциптеріне» бағындырып − қоғамның тұтастай коррупциялық жүйеге жегілуін, коррупцияның үздіксіз жетілуін, көлеңкелі экономиканың ұлғаюын ұдайы қамтамасыз етіп отырады. Коррупциялық жүйеге ха­лықтың тұрмыс-жағдайы маңызды емес. Оған тек жеңіс қажет, онда да – бүгінгі жеңіс! Ол «жеңістің» аты: «алар жерде − қарпып алу, алмас жерде − тартып алу»! Өкініштісі сол – осы жолмен түзілген бай­лықтың шыққан жері анық болса да, ал, барар жері құпия-құрдым екендігі…
Бірақ, бірақ… коррупциялық жүйе, осылай – тамырын тереңге жайып мызғы­май, марқайып отырғандай көрініп еді, олардың ашық аспанында найзағай оты кенеттен жарқ етті… Оны «жаққан» Елбасының өзі болды. Ол, алдымен, 10 қазанда өткен Үкіметтің кеңейтілген оты­рысында үкімет жұмысын қатаң сынға алды. Одан кейін 17 қазанда Астанада өткен «А» басқарушылық корпусы мемлекеттік қызметшілерімен кеңесте, «Нұр Отан» партиясының қараша айында өткен съезінде ойларын одан әрі нығыздады. Н.Назарбаев мемлекеттік қыз­мет­шілерге: «Бізге мұндай мәртебені тағдыр жазды. Біздің парызымыз – …жеріміздің тағдыры мен халқымыздың игілігіне жауапты болу. Сіздерге, «А» корпусының қызметшілеріне Қазақстанның алдағы тарихын жарқын ету мәртебесі бұйырды. Мұны ең алдымен бүкіл халқымыздың сіздерге артқан жоғары сенімі ретінде түсінуге тиіссіздер» деді. «Сіздер − «А» корпусы ешқандай да элита емес еке­нін әрқашан есте ұстауға тиіссіздер. …Бар­лы­ғыңыз да халықтың қызметшісі екен­діктеріңізді ешқашан ұмытпаңыздар. Адам­дарға немқұрайлы қарауға болмай­ды. Олардың проблемаларын біліп, оны шешумен күні-түні айналысу қажет! …Сіздердің биік мақсаттарыңыз бен ұлы парыздарыңыз да осында!», – деп, шегелеп тұрып ескертті.
Әрине, Елбасы айтты деп «беріле салайын» деп отырған коррупция жоқ (Өйт­песе, ол коррупция бола ма?). Ол туралы Елбасының өзі былай дейді: «Үкіметтің кеңейтілген отырысында менің тарапымнан айтылған сындардан тиісті қоры­тынды шығарылуы керек. Бұл бағыт­тарда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқаны, кімдер жауапқа тартылғаны және жазаланғаны туралы әрбір факт бойынша халық алдында есеп беріп, БАҚ-та жариялау жөнінде тапсырма берілген болатын. Мен айтқан сын бойынша тек «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкінің» жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті, бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген». Сөйтіп, біздегі билік жүйесіне ентелеп енген коррупциялық элементтер өздерін қорғау үшін қолда бар барлық «қорғаныс ресурстарын» іске қосудан тайынбайтындарын әшкерелеп алды. Олар ендігі жерде қажет болса Елбасының өзіне астыртын түрде «ақпараттық майдан» жариялай алатындарын сездірді. Сөйтіп, біз бұл мысалдан «Коррупция әлдеқашан-ақ «автономды өзін-өзі басқару» деңгейіне жетіп қалған ба?» деп еріксіз ойланасың. Содан кейін, әрине, әрбір адамның ойында мынадай: «Коррупцияны тудырып, бақылап отырған күш қайда?», «Одан қайтсек құтыламыз?», «Коррупциялық механизмдердің тетіктері қайда?» және т.с.с. сұрақтар туатыны заңды да!
Әрине, бұл сұрақтарға құзырлы органдарда том-том болып жататын қылмыстық істерден адамның айызы қанатындай жауап алуға болар еді. Бірақ, оған шама қайда? Құпия! Дегенмен, коррупцияны тексеретін, жазалайтын органдардың өзі де коррупциямен бірігіп кеткені туралы да сыбыс бар. Тегін емес. Ал, мемлекеттік органдарда қыз­меттің барлық түрі сатылатыны бесенеден белгілі. Одан өзге: балабақшадан басталып, мектепте жалғасатын, жоғары оқу орнын тұтас жайлаған коррупция ұлттық қасіретке айнала бастады. Сөйтіп, азамат азамат болудан қалып, азаматтық «ерлікке» иненің жасуындай жер қалмай бара жатқанда − оған Елбасының өзі атойлап қарсы шығуы бұл зауалдан басқалай құтылу жолдары қалмағанына меңзейді…
Бұған бірнеше мысалын келтіруге болады. Бұрын мемлекеттік органдардың бірінші басшылары өздерін өздері жауапкершіліктен босатып, сатып алуға қатысты шешім қабылдаудан сырт қалатын. Ал, бұл тікелей коррупциялық механизмді іске қосатын тетіктің бірі болып шықты. Мемлекеттік сатып алу комиссиясы тендерлерді таныс­тарға үлестіретін жағдай жиілеп кетті. Сөйтіп, халық аузында «откат» деп аталып кеткен коррупция түрі пайда болды. Онда тамыр-таныстықпен алдын ала бірнеше фирмалармен келісім жасалынады. Жеңіске жететін фирма белгілі де, қалған жалған фирмалар соны бүркемелеу үшін конкурсқа қатыстырылады. Одан әрі, фирма жеңіске жетіп, бюджет қаржысын жеке қалталарға бөлу жүзеге асады. Сол себептен де, бөлінген қаржы жетіспейді де, құрылыс нысандары аяқталмайды, сапасыз салынады, сапасыз тауарлар алы­нады… Сөйтіп, мемлекетке үлкен шығын келтіріледі. Оның зардабына жауап­кершілік болуы қадағаланбайды, не оны бюрократиялық тәсілдермен, кейде, тікелей қылмыстық жолмен жасырып-жабады да, есесіне, жоғары жаққа «қарқынды істер» туралы есеп жіберіледі. Осындай көзбояушылық ұзақ жылдар бойы жалғасып келді. Зардабы ұшан-теңіз. Қаншама қаржы қолды болғанын, не, желге ұшқанын айтпағанның өзінде, бұл еліміздегі адам капиталын нығайтуға бас­ты кедергі болды. Мәселен, ондай жерде жұмысқа тек өзбек гастербайтерлерін алады. Олар аз да болса ақша тапқанымен қоймай, кәсіби шеберліктерін шыңдап жатты. Ақыр соңында «қазақтардың қолынан іс келмейді» деген пікір қалыптасты. Сөйтіп, бұл ұлттық болмысымызды дамытуға, адамның өзін азамат сезінуіне, өзін қор санамауына зор нұсқанын тигізді… Осыған орай Мемлекет басшысы әкімдер мен орталық мемлекеттік органдардың басшыларына тендерлік комиссияларды өздері басқарып, олардың ауқымды көлемдегі мемлекет қаражатын шығындауға байланысты жұмыстары үшін толықтай жауапкершілік алуын тапсырды. Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған заң жобасын Парламентке енгізуді тездеткен жөн деді. Енді, бұдан былай бұрынғыдай алдын ала ұйымдасқан қылмысқа жол тарылады. Себебі, біз осы уақытқа дейін, қаншама ақшаға құнықса да орынтағын өз еркімен, «бір асағанға» мәз болып «босатып» кете беретін немесе біреулердің жемсауы үшін торға түскісі келетін әкімдер бар дегенді еш жерден естіп көрмеппіз. Лайым солай болсын, бұдан былай, тіптен, естімей-ақ қоялық. Мүмкін, бұл өзгеріс қазақ жұмысшыларының да жағдайы мен статусын қалпына келтіруге, олардың қайтадан өнерлі-өнегелі азаматтарға айналуына ықпал етер деген үмітімізді ақтар деп ойлаймыз… Азаматтардың көптігі − мемлекеттің басты байлығы болары сөзсіз!
Өмірде мынадай бір заңдылық бар, ол – әрбір адамның өз еңбегінің еш болмауын қалайды: дихан – еккен дәнін жи­науы керек, малшы – өсірген малдың ырысын көруі керек, етікші – елден алған алғысымен көгеруі керек дегендей… Бұл заңдылық адамзат баласына ортақ, президенттерге де! Сондықтан, Президенттің бүгіндегі өткір сынына түсіністікпен қарау керек. Себебі, еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезде Қазақстан мемлекетін нығайту жолында қаншама еңбек етілді, ұйқысыз түндер мен жұқарған жүйке болғаны рас… Енді, осының бәрі өз жағдайын ғана ойлайтын коррупция деген обырдың мүддесі үшін зая кетер болса не болмақ? Бүкіл өмір текке болғаны ғой, сонда? Жоқ, ондайға ешкім келіспес. Өмірде ештеңе мәңгілік емес. Ендеше, мүмкіндігінше артымызда сыз емес, жарқын із қалғаны жөн − өзің, болмаса, ұрпақ үшін солай болуы тиіс!.. Міне, мәселенің мәнісі қайда? Содан болар, жағдай қанша шиеленіскенімен, жұрт қазіргі жағдайды толығымен түзеуге, қоғамды өркениетті, демократиялық жолға бағыттауға президенттік әлеует жеткілікті деген үмітін үзбей келеді. Ендеше, осы үзілмеген үмітті тиянақты ету Елбасы құзырында деп білейік. Еш кедергі жоқ. Әрине, кімнің де болса беделін айрандай төгетін коррупция маңайды торлап, алдап-арбап алған заманда − бұл өте қиын жұмыс. Сонда-дағы, ол мақсатқа халықты мемлекеттік істерге белсенді араластыра отырып қол жеткізуге әбден болады. Оны іске асыру үшін демократияны жаңа сатыға көтеруге, отансүйгіш, қолы мен ойы таза нағыз азаматтарды мемлекеттік іске көптеп тартуға тиіспіз. Бұл қазіргі заман талабы және болашақ дамудың кепілі. Сонымен бірге, бірінші Президенттің болашақта тарихымызда алатын орны мен беделі дәл осы мәселеге келіп тірелгенін ашық мойындауымыз қажет. Елбасының өзі де!
Мысалы, менің қалта телефоныма «Заң бұзушылық деректері жөнінде прокуратура, не қаржы полициясының қоғаммен байланыс телефонына қоңырау шалы­ңыз» деген хат түсіп тұрады. Сыйақы берілетінін де естіп жатамыз… Ондай хаттар­дың басқаларға да түскеніне күмәнім жоқ. Бұл ұсыныс ғаламтор жүйесінде тал­қы­ланып үлгерді. Кейбіреулер «бізден тың­шы жасамақшы» деп «жігіттік» мінез танытты. Алайда олар, мына, бір нәрсені − қоғамның әр мүшесі өзі өмір сүріп отырған қоғамнан тысқары бола алмайтынын ескермейді. Қоғам ауырса коррупциядан өзге ешкімнің жағдайы мәз болмақ емес. Осыны ұқсақ керек-ті! Ал, біздегі «жігіттік» мінез «азаматтық санамен» ұштаса ма? Мүмкін, «жігіттік» адал достықта, өз ортаңда басты мінез болар. Бірақ, жоғарыдағы СМС-тегі хатта «досыңды сат» деген емес, қоғам мәселесі көтеріліп отыр. Ендеше, қоғам ауру болса, ол аурумен бәріміз жұмыла күрес­песек, онда ол ауруды өзімізге жұқтырып, ақырында мақтан ететін «жі­гіт­тік» қасиеттен де біржола ажырап тынбаймыз ба?! Сондықтан, ондағы «үндеуді» мен «тыңшылық» демес едім. Егер, халық сақтық танытып отырса, онда халықтан жеткен «деректер» құқықтық санамызды оятуға көмектесіп, біздің әділсіздік атаулыға қарсы қорғаныс иммунитетімізді күшейте түсер еді. Сонымен бірге, мыңдаған прокуратура мен полиция қызметкерлерін де коррупциядан аластап, олардың бойындағы «мемлекет үшін, халық үшін қызмет етудеміз» деген патриоттық көтеріңкі сезімдерін күшейтер еді. Нәтижесінде коррупцияның «бәрін де сатып аламыз!» деген «жеңімпаз» қағидасы күйреп, тамыры суала бастайды… Мінеки, осы бір қарапайым шындықтың өзінен-ақ біз қанатын кеңге жаятын АЗАМАТТЫҚ дегеннің не екенін, оны өз өмірімізде және бойымызда күнделікті шыңдап отырмаса болмайтынын ұғынуға, сезінуге тиіс екендігімізді анықтап алған сыңайлымыз. Іске сәт, Қазақ Азаматы!

Әбдірашит Бәкірұлы,
философ

«Ақиқат» журналы