СЫР МАРЖАНЫНА АРНАЛҒАН ЗАУЫТ

122

2Заманауи қондырғылармен жабдықталған

Қызылорда қаласында күріш ақтау зауыты ашылды. Мұнда тәулігіне 80 тонна құрамажем өндіріледі және 150 тонна күріш салысы өңделеді. Жаңа өндіріс орнында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Арман Евниев болып, зауытты салтанатты түрде іске қосты.

Неизвестный объект

Мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде ашыл­ған зауытта 250-ге жуық адам жұмыс істейтін болады. Кәсіпорында шикізат және дайын өнімдер сақтайтын қоймалар, автотаразы мен зертхана, қалталау цехы, ұн тарту диірмені мен макарон өнімдері өндірістері бар. Аталған өндірістерден алынатын дәнді дақыл қалдықтары құрамажем шығаруға пайдаланылады.

Зауыт Германиядан әкелінген заманауи қондыр­ғылармен жабдықталған. Аймақ басшысы жаңа зауыт­тың ашылуымен құттықтап, ауыл шаруашылығы сала­сындағы жетістіктерге тоқталды.
– Соңғы екі жылда Сыр елінің ауыл шаруашылығына тартылған қаражат мөлшері 7,7 есеге өсті. Біздің диқандар екі жыл қатарынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, күріштен мол өнім жинады. Бүгінде Сыр маржанының экспорттық әлеуетін арттыруға барлық жағдай жасалуда. Егін шаруашылығын әртараптандыру үшін өзге де өнімдерді субсидиялауды қолға алдық. 15 мың гектар жерге тамшылатып суару тәсілімен жүгері мен қызанақ егіп, оларды өңдеп, экспортқа шығару үшін крахмал, томат сығындысы мен шырын өндіру зауыттарын салуға кірістік. Мал шаруашылығына келетін болсақ, биыл біз буферлік аймақтан шығып, өзімізді де етпен қамтамасыз етіп, оны сыртқа шығара бастауға жол аштық. Осыған орай, Жаңақорғанда 7 мың тонна ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорын құрылысын бастап жатырмыз. Осының бәрі өңдеу өнеркәсібінің өсуіне зор мүмкіндік береді, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауапты хатшысы Қызылорда облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
– Бүгін Қызылордада «Агробизнес-2020» бағдар­ламасы аясында екі бірдей зауыттың іске қосылуына куә болдық. Бұл өнеркәсіп орындары аймақтың экономикалық дамуына өз үлесін қосады деп сенемін. Келешекте ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін арттыру керек, – деді ол.
Айта кетейік, қазіргі таңда облыстың ауыл шаруашылығы саласында құрамажем өндіретін бірде-бір кәсіпорын жоқ. Жыл сайын облыс көлемінде мал басының көбеюі өз кезегінде құрамажем зауытының қажеттілігін арттыруда. Кәсіпорын басшысы Бақдәулет Мақашев бұл жұмыстардың әрі қарай жалғасатынын айта келе, келешекте ұн шығару зауытын және макарон фабрикасын іске қосуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда оған қажетті ғимараттар дайын тұр.

Ибрагим бекмаханұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *