Адамның топырақтан жаралу қиссасы

353

Ұлық Алла ешқашан, ештеңеден жаралмаған, әуелден бар зат еді. Әлемнің іші де, тысы да бір өзі. Әлемнен бөлек те емес, бірге де емес құпия қазына болатын. Тәңірі тағала түр-түсі, шет-шегі, бет-келбеті, салмағы, мекені болмайтын мәңгілік құбылыс. Құдай өзінің құпиясын ашып, рухани қазынасы мен шарапатын он сегіз мың ғаламға тарату үшін, өзіне орынбасар жаратуды ұйғарды. Сол кезде тау-тас, орман-ағаш, от-су, аспан-жер барлығы «адамды менен жаратса екен» деп таласты.
– Мен биікпін, менен жарат, – деді тау.
– Мен әзизбін, менен жарат,– деді алтын.
– Мен тасқынмын, менен жарат, – деді су.
– Мен дүлеймін, менен жарат,– деді жел.
– Мен күштімін, менен жарат, – деді от.
– Мен асқақпын, менен жарат, – деді аспан.
– Мен жұмсақпын, менен жарат, – деді ағаш.
– Мен қаттымын, менен жарат, – деді тас.
Сөйтіп барлығы таласып жатқанда, жер ғана сынықтық танытып:
– Мен мақұлық атаулының табанының астында жатамын. Ұлық Алла орынбасарын мұндай қадірсіз заттан жаратпас. Түбім – топырақ. Бүкіл күл-қоқысты маған көмеді, лас суды маған төгеді. Мен бұл құрметке лайықты емеспін, – деп ойлады. Сонда Алла тұрып:
– Әй, тау, сенде бір мін бар, тәкаппарсың, кішіреюді білмейсің. Алтын, сенде бір мін бар, баяның жоқ. Сыртың жылтырақ, ішің қалтырақ. Су, сенде де мін бар, тасығанда өткел бермейсің. Жел, сен – тұрақсызсың, мінезің құбылмалы. От, сенің мінің – қатыгезсің, жанғанда жақсы мен жаманды айырмайсың, жан-жағыңды жайпап кетесің. Аспан, сенің мінің – мақтаншақсың, өзіңнен басқаны көзге ілмейсің. Ағаш, сен – әлсізсің, сынақта сынып кетесің. Тас, сен – мейірімсізсің, жақынға жылуың жоқ, – деді. Сосын жерге қарап:
– Адам тәнін сенен жаратамын, сен – кішіпейілсің. Менің ең жақсы көретін мінез-құлқым осы. Бүкіл тіршілік иесі саған тәуелді болады. Мінезің ауыр, сабырлы. Қойның толған береке. Алтын-күміс, ас-ауқат түгел дерлік сенен өніп шығады. Күллі мақұлық нәжісін саған төксе де, сен одан хош иісті гүл шығарасың. Лас су жерге сіңіп, тәтті бұлаққа айналады. Жасаған жақсылығыңды міндетсіну сенде жоқ. Адам сенен жаралып, өлген соң саған оралады. Адам ұрпағы тірісінде неғұрлым саған ұқсаса, соғұрлым менің алдымда қадірлі болады, – деді.
Осы кезде қара жер Алладан дат сұрады.
– Иә, Жаратушы Ием, адамды менен жаратқаныңа қарсы емеспін. Олар қанша мыңдап жерленсе де, мен олардың денесін шірітіп, тәндерін топыраққа айналдырамын. Бірақ, адам баласы ғапылдықтан күнәні көп жасайды. Олар өмірден өткен кезде, менің қойныма таудай күнәлар арқалап келеді. Сонда олардың ауыртпалығын кім көтереді? Жасаған қиянаттары мен зорлық-зомбылықтары менің де арқама батар, – деді.
– Қара жер қайғырма. Мен шебер Алламын. Олардың күнәсін жойып, саған салмақ салмауға құдіретім жетеді. Мен адам ұрпағына Құран түсіремін. Марқұм болғандардың ұрпағы әруақты еске алып, оларға құран оқытып, артынан дұға ететін болса, олардың күнәлары жойылып отырады. Сонда саған да артық жүк түспейді. Мұсылмандар әруақтарды ұмытып, оларға құран оқуды тоқтатқанша осылай жалғаса береді, – деді. Қара жер сонда барып тыныш тапты.
Қазақтардың әр аптаның бейсенбісінде жеті шелпек пісіріп, әруақтарға құран оқытатын салты осыдан қалыпты. Мұсылмандар әруақтарға құран оқып, дұға бағыштауды доғарғанда жер ана адамзаттың күнәсін көтере алмай жарылып жоқ болады екен деседі.

«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан




2 thoughts on “Адамның топырақтан жаралу қиссасы

  1. Нәби

    Бәрі дұрыс айтылған!Тек әруаққа сеніп одан көмек сұраудың қажеті жоқ!Ал құран бағыштау керек дүние!Жеті шелпек те пісіру қазақтың тек салты ғана,құранда ондай мәлімет жоқ.Шелпектің иісі әруаққа барады деген моразм!

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *