АЛЛА АРАБ ПА?

482

«Мұхаммед пайғамбар айтыпты-мыс» деген сөздер өте көп. Олардың қайсысының шын, қайсысының өтірік екендігінде біздің шаруамыз жоқ. Бірақ, бірталай жыл бұрын, бір молданың қолынан сондай сөздердің брощюра түріндегі бір жинағын көргенім бар. Сондағы 8-хадис мынадай еді: «Арабтарды үш негізде сүйіңіз. Біріншіден, мен-өзім арабпын. Екіншіден, Құран-Кәрім араб тілінде түсірілген. Үшіншіден, Жұмақта сөйленетін тіл де — араб тілі». Яғни, «Тәңірдің Өзі О Дүниенің мәңгілік Жұмағында тек арабтың қамын ғана жейтін Құдай» екен! Ал, керек болса! Онымен салғастырғанда, бес күндік Бұ Дүниеде Жұмақ (коммунизм) орнатпақшы болған Никитоштың (Н.С. Хрущевтің) «Орыс тілі — коммунизм тілі» деген зымияндығы әншейін бір, қияңқы баланың қыршаңқы сөзі болып қана қалады ғой!..

Еліміздегі қазіргі мұсылман қазақтарымыздың көбісінің намазды тек арабша ғана қирағаттап, шариғаттық барша амалдарды да тек арабша ғана орындауға тым белсенділік танытып жүргендеріне қарағанда, сол жолыңболғырлар аталмыш хадиске имандай ұйыйды деген сөз! Ол ол ма, «талай жыл болды, қошқарымыздың маңдайыннан да, жыланымыздың жұмыртқасынан да, асқабағымыздың қабығынан да, тіпті, қарғаларымыздың қардағы ізінен де нақ араб қаріптерімен жазылған «Алла» деген сөз жаппай көрініс бере бастады»! Мұсылман қазағымыздың дені таза арабша «алла»-лап кетті! Енді қайтсін, «Құдайдың Өзі тек араб жазуымен ғана «Алла» деп белгі беріп отырса»!
Айпырм-ай, сондағы соншама әңгүдіктіктің себебі неде десейші! Неде болушы еді, тәйірі; ол — еліміздегі мұсылмандардың басым бөлігінің кәдімгі ой-өрісінің, исламдық сауатының, жалпы, ғылым-білімінің баяғыда Абай «әннәтәйінә кәркәусәр, пошал дереу, күнәһар, әні-шәні күләптәр» түрінде әжуалай келтірген «Абралы намазынан» еш айырмашылығының жоқтығында.
«Қарғамыздың қардағы ізі» демекші, «сонау бір жылы, Арқадағы бір қарғамыздың «Алла! Алла!» деп, арабша сұңқылдап қоймай қойғаны» және бар! Кезінде, «Алла» деген жазулардың жер-жерден арабша қаптап оқыла бастағандығы» бүкілқазақстандық телеарналарымыздан қалайша дақпыртталынып отырды, «аллашыл» араби қарғамыз да дәл солай ерен «жарнамаланып» еді. Жақында соны мемлекеттік телеарнамыздан қайталап тағы көрсетті! Қырық сан түрлі мұсылмандарымыздың көпшілігі тағы да өлердей таңырқап, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатты. Қалғандары оларға қосылмаса да, іштей құптайтындықтарын үнсіздіктерімен көрсетіп бақты. Сондықтан, біздің осы жазбамызды да қарғап-сілейтіндердің аз болмайтындығына сеніміміз кәміл. Мейлі ғой, кімнің аузына қақпақ болғандаймыз. Оданда, әлгі «аллашыл қарғамызды» түсінуге тырысалық. Жалпы, «түйсіктік Ес иелері» болып табылатын хайуанаттар ішінде, өзіндік «ойлау» қабілеті жағынан да, тірлік етудегі алуан айла-амалдары жағынан да, айналасындағы өзіне ұнамды я қорқынышты дыбыс-дауыстарды «жаттап алудағы таланты» жағынан да, — қарғаның жөні ерекше. Оған қарағанда, тотықұсыңыздың «жатқасоғарлығы» жолда қалады. Көзі ашық адамдар қарғаның кәдімгідей ақылдылығының қилы-қилы зертханалық ғылыми дәлелдерін де жақсы біледі.
Сөз соңында айтпағымыз: «аллалаған» ащы азан түн тыныштығында һәм таң алдында тосыннан шақырылған сайын, мешіт мұнарасынан үркіп ұшып, «алла»-лап кетуге мәжбүр болған шошымалы қарға да — бір, мешітте арабша намаз судыратып, оларынан өздері дым түсінбей, құр «алла»-лайтын мұсылмандарымыз да — бір.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы




8 thoughts on “АЛЛА АРАБ ПА?

  1. Мейірбек

    8-хадис мынадай еді: «Арабтарды үш негізде сүйіңіз. Біріншіден, мен-өзім арабпын. Екіншіден, Құран-Кәрім араб тілінде түсірілген. Үшіншіден, Жұмақта сөйленетін тіл де — араб тілі».

    сіз біріншіден құран мен хадистың не екенін түсініп алыңыз, құран ол алланың сөзі, періште арқылы елшіге түсірген. оған күман келтіруге болмайды. ал хадис ол елші мен сахабалардің сөзі, ол тек алланың сөзіне негізделіп айтылған толықтырылған ұғымдар. хадис сол замандағы адамдардың санасына байланысты болады.

    біріншіден Мен Арабпын деп айтпаған алла, хадис болса онда оны елші айтқан. хадис деген елші мен сахабалардың сөзі.

    екіншіден ұжмақта адамдар өзара тілмен сөйлеспейді, ауыздары ашылмайды, жүрекпен бір-бірімен сөйлеседі. бір арап пен бір қазақ бір-біріне қарап тұрса олар сөйлесе береді, тіл емес жүрек, қазаққа қазақша болып келеді, арапқа арапша болып келеді, бұл хадисте бар.

  2. Бақыт Смағұл

    Сорлы қазақ ел болмайтын шығар. Қазір ауызашарларға барсаң, иманнан хабары жоқтар пәлсәпә соғып, білгішсініп отырғанын көресің. Басқа қалмағандай дінде жүргендерге тиісетінді шығарды.Әркімнің өз Алласы өзінде емес пе. Ана бір жолы хижап деп ақылсынып еді, енді Аллан араб деп бүйректен сирақ шығарады.Атейс болсаң, басқа болсаң, жөніңмен жүрмеймісің. Аллада не шаруаң бар.Мықты ақын дегенге дандайсып барамысың. Пайымың соған жетсе, жарыған екенміз ақынға.
    Тыныштықбек ақын, дінге қарсы айтар сөзің көп екенін көріп, ала алмай жүрген өшің бар сияқты ғой. «Ақындарға азғындар ереді» дегенде аят бар. әрине,имани ақындардан басқасы. Сондықтан онсыз да дініміз жіліктеліп, жат ағымдарға бөлініп жатқанда жастарымызды мұндай етектен тартар насихатпен қорғай алмаймыз. Оданда солжат ағымдардың жетегінде кетіп жатқан қаракөздерімізді арашалап қалуды ойлаған жөн бе деймін. Алла да араб екен деп қисыны жоқ пайымдарды жұртың елегіне ұсынатындай не көрінді. Еліңнің қамын ойлаған азамат болсаң, басқа да қазақтың бас ауруына айналған мәселе жетерлік. Сол ауыртсын біздің басымызды. Шұбарланған тіл, басқаның қабағына қараған ұлт, өз қандасын қорғай алмаған халықтың қай жыртығын жамаймын деп күшіңді де, сөзіңді де соған арнасаңшы, ақын бауырым!

  3. Жасарал Қуанышәлин

    Біріншіден, өзгелер өз пікірлерін айта жатар, айтып та жатыр екен, ал, маған салса, мына мақаласымақ — қазақ тәрізді мұсылман халық арасында тек отаршылдық кезеңде санасы атеистік үгіт-насихатпен уланғандар тарапынан ғана орын алуы мүмкін имансыздықтың нағыз өрескел үлгісі! Екіншіден, «бірталай жыл бұрын, бір молданың қолынан сондай сөздердің брощюра түріндегі бір жинағын көргенім бар» сияқты еш негізі жоқ «мағлұмат» арқылы жазылған бұл шимай-шатпақ — еш те бір еркекке жараспайтын, базардағы сыпсыңауыз қатындардың өсек-аяң былшылбайы деңгейіндегі сандырақ. Үшіншіден, «аллалаған» ащы азан түн тыныштығын кетіруі» себепті, одан өзі де қарғамен бірге үркіп, шошымалы күйге түскен автордың, кезінде «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп куәлік берген хақ мұсылман, абыз ақын Абайды бұл сандырағына «куәлікке» тартуы — «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» кері. Төртіншіден, егер шынымен-ақ Құранда немесе хадистерде «мен-өзім арабпын» деген «Алланың сөзі» бар болса, бұл мәселені, Тыныштықбектің мынадай «жаңалық» ашуын күтпей-ақ, мұсылман ғұламалары неше ғасыр бұрын талқыға салып, арнайы және жан-жақты әңгіме қылар еді. Ал, менің білуімше, ондай әңгіме ешқашан болған емес. Демек, бұл — автордың антиисламдық қиялынан туған қып-қызыл өтірік. Жұртшылықты, соның ішінде, әсіресе, жастарды «ұлтшыл» Алла Тағалаға, яғни, жалпы Исламға қарсы насихаттаудың арам амалы, басқа түк те емес. Тағы да қайталай айтқанда, барып тұрған имансыздық!

  4. ББП

    Жалпы мына мақаланы түсіне алмадым, не айтқысы келіп тұр екен?

  5. Мусылман

    Тыныштықбек бауырым, динге терен унилиниз, мына макаланыздан диннен хабарыныз аз екени коринип тур, арбир исине адам Алланын алдында жауап береди, сиздин алдынызда емес

  6. Ерлан

    Масқара. Масқара. Масқара. Кім екеніңізді танымайд екенмін бірақ өте надан екенсіз. Жылдам тәубе келтіріп Алладан кешірім сұраңыз Аллым тым кешіруші. Алла хикмет иесі. Сіздің бұл жазған боқ мақалаңыз өзіңіздің өмір дәптерінізде жазулы тұр. Ақырет күні сұралады. Екінші бұлай адамдарға теріс бергеніңізді қойыңыз. Билип қойыңыз тәрбиеңіз Алланы жамандау, Алладан қашықтату болса тәрбие бермегеніңіз абзал.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *