Адам жанын неге Әзірейіл алады?

1088

h2Awug0nWgA

АДАМДЫ ТОПЫРАҚТАН ЖАРАТУ ҚИССАСЫ

Ұлық Алла Жебірейілге:
– Сен жерге бар да бір уыс топырақ әкел, – деп бұйырды. Періште келген кезде топырақтың көңілі босап, езіліп тұр екен. Жерді көріп Жебрейілдің де көңілі босайды. Жебрейіл:
– Жер, сен неге жылайсың? – деді.
– Адам менің бір бөлшегімнен жаралған соң, олар мен үшін қымбат. Ертең олар бір-бірімен қырқысады, ұрысады, қан төгеді. Соны ойласам қыбарғам қайысады, жаным езіледі, – деді. Жебрейіл періште кері қайтады. Ұлық Алла:
– Ей, Жебірейіл, неге топырақ әкелмедің? – деді. Ол:
– Жердің көңілін қимадым, – деп, жердің қайғысын жеткізді.
– Онда адам мен Алланы жалғаушы бас періште сен боласың. Уахиды сен тасисың. Барлық сүйінші хабар сенне болады, – деді. Екінші бұл іске Мәкәйілді жұмсайды. Ол келсе жер тағы да мұңайып жатыр екен. Мәкәйіл:
– Жер, сен неге мұңайсасың? – деді.
– Менен өсіп өнетін адам менің де бір балам емес пе? Олар періште емес. Ас-ауқатқа мұқтаж. Қарындары ашады. Олардың ризық несібесі қалай болады деп уайымдаймын, – деді. Мәкәйіл жерді жұбата алмай Алланың құзырына қайтып келді. Ұлық Алла:
– Әй, Мәкәйіл, топырақ қайда? – деді. Мәкәйіл жердің қайғысын Құдайға жеткізеді. Ұлық Алла:
– Онда сен жер бетіне ризық шашатын періштем бол. Адам ұрпағы ризық-несібесін қара жерден еңбек етіп шығарсын, – дейді.
Үшінді ретте топыраққа Ысрапылды жұмсады. Жер Ысрапылға:
– Тәні топырақтан жаралған соң адам баласы суыққа тоңады, ыстықта қаталайды. Сол кезде олардың жайы не болмақ? Мен осыны ойласам іші –бауырым су болады, — деді. Ысрапыл жердің бұл арызын да Ұлық Аллаға жеткізеді. Ұлық Алла:
– Бүгіннен бастап, жердегі табиғатты түрлендіріп, ауа-райын реттеп жүретін періштем сен боласың, – деді. Ұлық Алла ең соңынан Әзірейілді жұмсады. Әзірейіл өзге періштелердей емес, мінезі қатты екен. Ол жерге келе сала, бір уыс топырақты қырнап алады. Жер:
– Әй, Әзірейіл, топырақты сұрап алсаң болмай ма? – деді. Періште:
– Ұлық Алланың айтқаны екі болмайды. Алла не бұйырса, сол болуы керек. Ұлық Алла ешқашан жамандыққа бұйырмайды, – дейді де ұшып кетеді. Ұлық Алла Әзірейілдің қаттылығын көріп:
– Адамның жанын алатын сен боласың, – деді. Әзірейіл мына сөзді естігенде түрі қуарып сала берді. Алла Тағала:
– Әй, Әзірейіл неге қайғырдың? Мені жамандыққа бұйырмайды деп өзің айттың ғой, – деп өз сөзін өзіне куә етті.
– Иә, Ұлық Алла, менің солай дегенім рас. Бірақ, адам ұрпағы әрбір қазадан соң мені қарғайды ғой. Ет-жақын бауырынан айрылған жандар мені жек көріп кетеді. Қала берді, олардың арасында Сенің сүйікті достарың, пайғамбарларың болады. Олардың жанын, жақындарын қалай аламын. Олардың назасына қалғым келмейді, – деді. Ұлық Алла:
– Әзірейіл, сен қайғырма. Мен оларға қазаны сан түрлі сылтаумен жіберемін. Олардың бірі дерттен, енді бірі апаттан опат болады. Олар ажалдарын сол себептерден іздейді. Сені көрмейді, сөкпейді. Жақсылықты да, жамандықты да адамға мен беремін, – деді. Сол кезде барып Әзірейілдің көңілі орнықты.
Әзірейіл періште топырақты жерден сұрамай алғандықтан, адамның жанын да сұрамай алатын болды. Ұлық Алла адамның бет-әлпетін Меккенің топырағын жаратыпты. Сол себепті иманға ұйыған адамға Меккеге бет түзеп құлшылық ету парыз бопты. Егер бір кісі дәл өзіндей адам баласының бетінен әділетсіз ұратын болса, Меккенің топырағы сол адамды қарғайды екен. Адамның бір қолын батыстың, бір қолын шығыстың топырағынан жаратады. Сол себепті де адам баласы қалаған тарапынан ұнатқан бұйымына қол жеткізетін болыпты. Екі аяғын мәңгі бақи тоң қатып жататын, солтүстік тараптың топырағынан жаратыпты. Адам аяғының мықты әрі суық болатыны содан қалыпты. Бағдат пен Шам аймағының топырағынан кіндік пен қарын тұсын жаратады. Сондықтан, Бағдат пен Шам аймағы мәдениет пен ілім-білімнің ошағына айналыпты. Адамның кеудесін таудың топырағынан жаратады. Тәкәппарлық дертіне шалдыққан кісінің көкірегінің көтеріліп тұратыны содан екен. Ал, арқа балшығын сахараның шағыл құмынан иленгентіктен адамның жон арқасы өте төзімді, мықты болыпты. Ал ет жүректі Ұлық Алла ерекше хикметпен жаратады. Жүректі жер бетінің барлық сазынан үлес алып, біріктіріп илепті. Ет жүрек рух пен ақылдың парасат пен қайраттың түпкі мекені болғандықтан оның ішкі сарайын – сайтан кіре алмайтын өте құпия берік қамал етіп жасапты. Күнәға белшеден батқан пенденің соңғы сәтте де іштен жалбарынып, Алланың рахымына ілігетін мүмкіндігі содан қалыпты. Жүректің ішкі айнасын бауырмалдық қасиеттермен әшекейлепті. Мейірімді Ұлық Алла адам ұрпағы жер бетіндегі барлық адам баласының бір жүрек, бір тілекте өмір бақи бейбітшілікті аңсаумен өмір сүргенін қалапты. Қаптаған адам ұрпағы бірін бірі жазбай тезірек тану үшін, оларды сан түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліпті. Әлемдегі күллі адам баласының қуаныш пен қайғысының қасірет пен берекетінің ұқсастығы содан екен.
Топырақ келген соң Ұлық Алла:
– Әй, Жебірейіл, сен мейрімділік, қайырымдылық және махаббаттың желінен самал әкел, – дейді.
– Әй, Ысырапыл, сен пәк рахметімнің бұлағынан су әкел, – дейді.
– Әй, Мәкәйіл, сен оттан жалын әкел, – деді.

Осылайша, Ұлық Алла адамды топырақтан жасарда тағы үш затты қосқан екен. Оның бірі – жел, бірі – су, бірі – от болыпты. Оттан нәпсі жаралыпты. Сондықтан нәпсінің сипаты от сияқты жан-жағын жалмап тұрады екен. Адамды ашу қысқанда екі бетінің өртеніп кете жаздайтыны соның нышаны екен. Ашу буған адамға суық сумен дәрет ал деп кеңес беру содан қалыпты.
Алла адамның денесіне нәпсі шоғының әлсіз жалынын ғана дарытады. Сосын Алла Тағала:
– Нәпсі отының адам баласына пайдасы жоқ. Бұл тек оған зарар береді. Бұдан бақыт табудың жалғыз ғана жолы бар. Адам ұрпағы бақталастыққа салынып, нәпсі шоғын үрлемесін. Өзінде бармен көзге ұрып, өзгеден артық бола алмайды. Пайданы емес, арды ойлағандар ғана пәни жалғанда өзгеден озық шығады. Баянсызға құл болып, жалған намыс жыртқан сайын олар нәпсі шоғын қоздыра түседі. Кімде кім қу пәниде нәпсі отының лаулап жануына ерік берсе, өзі де тозақ отына отын болады. Парасатты пенделерім өле өлгенше нәпсі отын маздатып қана ұстасын. Сонда ғана қорлықтан құтылады, – деді.
Судан – көңіл жаралыпты. Адамның көңілі босағанда жылайтыны, іші бауыры су болатыны сол екен. Ұлық Алла:
– Мен көңілді мөп-мөлдір, тап-таза пейіштің суынан жараттым. Көңілін кіршіксіз таза ұстаған тақуалар менің назарымда болады. Көңілдің айнасын былғап алған құлдарым екі дүниеде қор болады. Көңілін лайламай тұнық етіп әкелген пендемді жұмақтың бұлағына жуындырам, – деді.
Желден жанды жасапты. Жан шіркіннің қайнаған тіршілікте бірде жігерленіп, енді бірде жүні жығылатыны осыдан екен.
Тән жасайтын балшықты илеген кезде қырық жыл қайғы жаңбырымен, бір жыл шаттық суымен суарады. Тіршілікте қуанышты сәттің аз болып, қайғылы кездің көп болатыны содан екен. Ұлық Алла шаттық жаңбырын екінші етіп жаудырғандықтан адам баласы қандай да бір қайғыдан соң артынша шаттыққа кенелетін болыпты.

«Әлдиден эпосқа дейін» кітабынан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *