Жексенбек ӘДІЛОВ: ЕЛІМІЗ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ БОЛАШАҒЫ

137

0001Қазіргі күні еліміздің жоғары оқу орындарында мазасыз маусым, жауапты шақ. Он жыл білім нәрімен сусындаған алтын ұямектебімен қоштасқан сан мың түлек арман қанатында жоғары білім ордаларына ағылуда. Бар шаңырақтың жүрек лүпілі де осында бүгін.

Жоғары білім саласындағы жаңа оқу жылына түлектер қабылдау сынды жауапты кезеңдегі биылғы ерекшеліктер, оқу ордасының білім қуған жасқа ұсынар жақсылығы мен жаңалығы жөнінде еліміздегі техникалық білімнің қарашаңырағыҚ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры Жексенбек ӘДІЛОВ мырзамен әңгімелескен едік.

Құрметті Жексенбек Мәкейұлы, қазіргі таңда еліміздегі барлық жоғары оқу орындарында талапкерлерді қабылдау жүргізілуде. Қаныш Сәтбаев сынды ғұлама ғалым атындағы қарашаңырақта білім алсам, техника ғылымының қырсырына қанықсам деген арман жетелеп келген жастарды өзіңіз жетекшілік ететін Қазақ ұлттық техникалық университетінде қабылдау қалай жүргізілуде? Жалпы бүгінде жастарымыздың техника саласын меңгеруге деген ынтаықыласы қандай?

Иә, дәл қазір кең байтақ еліміздің бар өңірінде жоғары білім алуға ұмтылған талапкерлер өз бақтарын сынап, жоғары оқу ордаларына құжаттарын тапсырып жатыр. Біздің Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде құжаттарды қабылдау шілденің 23-інен басталып осы айдың соңына, яғни 31-іне дейін жалғасады. Қабылдау комиссиясы жұмысын бастаған уақыттан бері көптеген талапкерлер құжаттарын тапсыруға өтініш беріп үлгерді. Мәселен, шілденің 23-25 аралығында 1007 талапкер ҚазҰТУ студенті атанды. Мерзімді уақыт аяқталғанға дейін бұл көрсеткіш өсе түсетіндігі сөзсіз.

Ұстаздар қауымы үшін аса қуанарлық жайт жастарымыздың ғылымға, ақпараттық технологияларға деген қызығушылығының жылданжылға артып, білім теңізінің тереңіне ұмтылысы мен ынтаықыласының өсе түскендігі. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда соңғы уақытта жастарымыздың техника саласына бет бұруы, қызығушылғының арта түсуі байқалуда. Жалпы дамудың негізітехникалық білімде екенін жақсы түсінген ұрпақ өсіп келеді. Сондықтан техникалық мамандықтарға деген сұраныс бүгінде аса жоғары болып отыр. Айталық, өткен жылдары студенттердің көпшілігі мұнай, IT–технология сияқты танымал бөлімдерде оқуға талап білдірсе, соңғы жылдары машина жасау, химия, полиграфия, таукен ісі сияқты еліміздің ауыр өнеркәсіп өндірісіне аса қажетті мамандықтарды меңгеруге құлшыныс танытуда. Университетте білім беру қызметі 47 бакалавриат мамандығы, 36 магистратура мамандығы және 16 РhD докторантура мамандығы бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар университет жанында орта кәсіптік білім беретін колледж жұмыс істейді. Колледж 9 және 11 сыныптардан кейін 19 мамандық бойынша оқуға қабылдайды, 11 сыныпты бітіргендер үшін білім гранттары бөлінген.

Биылғы оқу жылында талапкерлерді мемлекеттік қолдау тұрғысында қанша гранд бөлініп отыр? Осы орайда мемлекет тарапынан баса назар аударылып отырған салалар мен мамандықтарға тоқталып өтсеңіз?

Жаңа оқу жылында жалпы Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетіне негізгі мамандықтар бойынша 10966 мемлекеттік грант бөлінді, оның ішінде 6565 грант қазақ бөліміне беріледі. Ал кәсіптік оқыту мамандығына ҚазҰТУға квота бойынша 40 білім гранты (қазақ және орыс бөлімдерінің әрқайсысына 20-дан) бөлініп отыр.

Бүгіндері жоғары оқу орнын бітірген көптеген жастардың өз мамандықтары бойынша жұмыс таба алмай, әр істің басын бір шалып қиналып жүргені жасырын емес. Сіздің университетті бітірген түлектердің алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналауы үшін қандай жағдайлар жасалуда? Осы тұрғыда университеттің әлемдегі жетекші оқу орындарымен байланыстарының нәтижелері жайлы айтып өтсеңіз.

Қазіргі күні ҚазҰТУ мен Еуропа, Азия және Американың 30 елінің 50-ден астам университеттері және ғылыми мекемелері арасында ғылыми байланыстар мен әріптестік қарымқатынас жолға қойылған. ҚазҰТУ мен әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қос дипломын алуға арналған бағдарламалар енгізіліп, жұмыс жасауда. Мұның өзі университет студенттерінің алдынан ертеңгі күнге кең таңдау мүмкіндігін береді.

Сондай-ақ Қазақ ұлттық техникалық университеті – бұрынғы кеңестік елдер ішіндегі «Шеврон» корпорациясының серіктестері болып табылатын әлемдегі 16 университет қатарына қабылданған жалғыз жоғары оқу орны. ҚазҰТУ серіктестерінің қатарында «Теңізшевройл» ЖШС, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в., BAKER HUGHES, HALLIBURTON, SСHLUMBERGER, Agip Kco, «ҚазАтомПром»ҰК» АҚ және т.б. компаниялар бар. Университет түлектерінің бітіріп шыққан мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуына аталған компаниялардың көмек-қолдауы үлкен деп айтуға болады.

– Жоғары оқу орнының, оның ішінде техникалық білім ордасының уақыт талабына сай құрал-жабдықтармен жарақтандырылуы, заманауи деңгейде жабдықталған зертханалармен қамтамасыз етілуі – білім беру ісіндегі басты қажеттілік деуге болады. Студенттер мен оқытушылардың басты міндет-мақсаты болып табылатын білім алу мен білім берудегі осындай қажетті жайлардың шешілуі қандай деңгейде?

Қ. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті елімізде техникалық білім беру саласындағы жоғары оқу орындары ішінде көшбасшы болып табылады. Республикамыздың техникалық жоғары оқу орындары рейтингінде мамандар даярлаудың академиялық көрсеткіші бойынша 1-ші орында тұрған біздің университетке Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен ерекше мәртебе берілген. Сондықтан бүгінде ҚазҰТУ заманауи деңгейде жан-жақты жарақтандырылған посткеңестік кеңістіктегі бірден-бір техникалық жоғары оқу орны болып саналады. Атап айтар болсақ, қазіргі күні университет жанында заманауи Технопарк, инженерлік тұрғыдағы 262 салалық зертхана, 6 ғылыми орталық, IT технологиялар бойынша Қазақ-корей орталығы, сондай-ақ Ақпараттық және космостық технологиялардың ұжымдық қолданыстағы ұлттық ғылыми зертхана жұмыс істейді. Міне, ақыл-ойдың озық нәтижелері жинақталған осынау ғылыми-техникалық әлеует білімді де білікті мамандар даярлауға орасан мүмкіндік береді.

Айта кететін тағы бір жәйт, университетіміз бүгінде республика оқу орындарының ішінде «Электронды университет» деген мәртебеге ие болды. Бұл студенттер өздерінің ағымдағы оқу үлгерімі, сабақ кестесі, емтихан кезеңдері және уақытымен, электронды оқу материалдарымен WEB және WAP порталдары арқылы таныса алады деген сөз. Ізденімпаз, еңбекқор, талантты жас – еліміздің сәулетті болашағының негізін қалаушы. Сондықтан студенттердің университет қабырғасында ғылыми ізденістермен шұғылданып, зерттеу жұмыстарымен айналысуына баса назар аударылады. Осы орайда оқытушы-ғалымдарымыз бен шәкірттеріміздің бірлескен зерттеу жұмыстары отандық ғылым мен техниканың серпінді дамуына, ғылыми-техникалық жетістіктеріміздің әлемдік деңгейде танылуына, еліміздің бәсекеге қабілетті елдер қатарынан көрінуіне қызмет етеді. Олай болса, болашақта еліміздің өнеркәсіп саласының тізгінін қолына алар мамандар даярлау жолындағы университет ұжымының мақсаты айқын, міндеті жауапты да абыройлы деп білемін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Рымтай САҒЫНБЕКОВА