Абай мен Оразбайдың ең соңғы кездесуi

«Абай жолы» романының өн бойында Абай әдiлеттiк етер жиын топ iшiнде, оның қарсысында жарып сөйлер сөзiмен, ықты-жарды тыңдамас кесек iсiмен «жалғыз көздi, ұзын селдiр қара сақалды, жал тұмсық, жар қабақ, ер жүздi Оразбай» отырады. Мұхтар Әуезовтың бұл суреттемесiмен алдымызда тiрi Оразбай отырғандай. Өйткенi, Оразбайды Мұқаң тiрiсiнде көрген. Тұрағұл қызы Ақыш естелiгiнде Мұқаң Оразбай немересi Медеуұлы Санияз үйiнде 1918 жылы айлап жатып, Оразбай әулетiмен араласта болғанын айтады. Оразбай «Абай жолы» эпопеясының 2-кiтабының үшiншi тарауы «Еңiстеден» төртiншi кiтаптың соңғы тарауына дейiн Абайға қарсы күресер пәлелi топтың басында жүреді. Бiз ендi бұл адамның аталған, аталмаған iстерi ел аузында қалай сақталып келген, кей әрекеттерiнiң шындығы қандай, сондай-ақ бұл адамның жеке басының, болмысының күштi жағы неде дегенге тоқталсақ деймiз.
Оразбай Аққұлыұлы (1837-1921) – Тобықты елiндегi Бұғылы болысының байы, қажы. Руы – Есболат. Шежiреде Мұсабайдан Толымқожа, Шегiр, Шегiрден – Бораншы, одан – Есболат. Кайыпбердi – Есболаттың асырап алған баласы. Қайыпбердiден Қошқар, одан Аққұлы туады делiнген.
Оразбай жұлынып туып, қолы мол байлыққа жетiп, малды әмiр-құдiретке жету үшiн де, атақ-даңқын шығару үшiн де жұмсаған. Омыраулап, орып сөйлейтiн, Тобықтыға кiрме, нашар атадан туса да азуын айға бiлеген. Ұлылық, данышпандығын айтпағанда «еңкейсе, Ертiсi, шалқайса, Шыңғысы бар», ойда-орысты, қырда қазақты уысында ұстаған ақыл иесi, баспен, байлықпен Оразбайды он орап алар, тегiнен Қара көк Абайдың сағын сындыруға жараған кiсi.
Алдымен, сөзiмiз Оразбай Аққұлының баюы, мал жиып Тобықты руының ең малдысы болуға қолы жетуi туралы болмақ.
Оразбайдан қалай байыдыңыз деп сұрағанда «Оның несiн сұрайсыңдар. Ағайынды бесеуiмiздiң ортамызда өңi бүтiн бiр шапан болды. Соны ертеңгiсiн қайсымыз бұрын тұрсақ, сонымыз киiп кетушi едiк» дептi.
Бiрде Оразбай аулы көшiп, көш жүрерде бiр малшысынан: «Жұртта ештеңе қалып қойған жоқ па?» – деп сұрапты. Малшысы ешнәрсе қалмағанын, жұрт орнын өзi қарап шыққанын айтыпты. Сонда Оразбай әлгi малшысын ертiп кеп, жұрт орнын тексерiп, қотанда қалған жалғыз тал сабауды алғызып, тақымына қысып жүрiп кетiптi. Кейiн малшысы Мейманқұл «Бай сабауды қайтер екен деп жүрдiм. Жаңа жұртқа келген соң, сол сабаудан бiзге ерiнбей жалықпай өз қолымен төрт құрттауыш жасап берiп едi»,- дептi. Құрттауыш дейтiнiмiз – қойдың құртын алып тастайтын ағаш. Күн сайын қой өрiп кеткен соң, Оразбай қой орнынан қойдың түскен пұшпақ, төс жүндерiн жинап алып, қолы босаса-ақ, өз үйiнiң оң жағына тайтерi жайғызып, түтiп, әлгi қалдық жүннен көгеннiң бұршағын есiп отырады екен. Оразбай өлгенде жаназа, пiдия садақасына деп 100 ат жаратқан. Соның бәрiне байдың өз қолынан iстелген киiз тоқымды, түп-түгел жiптен есiлiп жасалған айыл, тартпа, құйысқан секiлдi ер-тұрманымен сыйлаған…
…Абайдың ұлы Мағауия қайтыс болып, оның қонақасысы Шеткi Ақшоқы мен Үлкен Ақшоқы арасындағы Есiргеп бұлағында өткiзiлген. Абайға көңiлiн бiлдiрiп, ақынның қайғысын бөлiсушi туған жұрты Абайдың өз қазасына шектi толассыз келiп жатқан. Соның iшiндегi айырықша көрiнген һәм соңына кеп сөз, мол алып қашты лақап қалдырған Оразбайдың келу жөнi болады. Оразбай осы күзекте Мағашқа бата жасаған екен.
Ол тап қайтарында:
–Абай, сен өледi екенсiң. Кел, кешу айтысайық! – дептi. Естiгендер шошып кеткен. Абай:
–Дұрыс айтасың, бай. Мен өлемiн. Кешу айтыспағымыз жөн! – деп, орнынан тұрып, – Кештiк, қиямет қайымда жолығысайық! – десiп, құшақтасып тұрып қоштасыпты.
Бата оқырға келушi Есболаттар ұзап шыққан соң, Қыстаубай:
–Ойпырмәй, бай-ай, тiрi өлтiрдiң ғой. Осындай қастық болар ма?! Өзi қан жұтып отырған Абайға сен өледi екенсiңiң қай қисынға сияды. Мұның – қаскөй тiлек, бай. Абайымыз – халқымыз, қазағымыз емес пе едi! Тiрi қайтпадық…
Оразбай: –Тоқтат, Қыстаубай! Сендер сезбес болды деп, мен қапы ұра алмаймын. О несi! Неге көрмейсiң, неге сезбейсiң, түге. Абайдың денесiне ажал енiп кетiптi. Бiр сөзiн бiр жерде екi айтатын Абайды қашан көрiп ең, а?.. «Ел қайғысы – ер қайғысы едi. Ер қайғысы ел қайғысы неге болмасын! Елiме рахмет!» деген сөздi екi қайталады емес пе, жаңа аңғарсаңдар? Абай селк етiп шошып, селк етiп шошып маңайына қарай бередi. Көзi қыдырыстайды. Бәрiмiз шулап, үстiнен арыз жазып, өсектеп, жалалап, жабылып жүргенде шiркей ғұрлы көрген Абай бар ма едi бiздi, а! Ет жүрегi селт етiп пе едi оның… Ендi бүгiн балаша шошынып, селк етiп кетiп отыр…Қайран арыс – Абай жоқ бiзге. Жоқ… Жоқ…
Бұл Абай мен Оразбайдың ең соңғы кездесуi болған.

Бекен Исабаев, «Ұлылар мекені» кітабынан




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *