Тұрсын Жұртбай: Қазақ хандығы – Алтын Орданың заңды мұрагері

576
  • Ұлытау – ұлт бесігі

Ұлытау – қазақ тарихының асыл қазынасы, ерлік пен елдіктің, береке мен бірліктің айшықты белгісі. Алты алаштың басын қосқан Алашадан бастап, азаттық үшін күрескен Кенесарыға дейін қазақ хандары ордасын осында құрған. Ел басына күн туғанда ата-бабаларымыз осынау қасиетті жерде бастарын қосып, бірлікке, келісімге келген. Сол себепті Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы осы қасиетті Ұлытаудан бастау алуы заңдылық. Мерейтойға еліміздің әр жерінен зиялықауым өкілдері, тарихшылар, зерттеуші ғалымдар және облыс жұртшылығы қатысты. Салтанатты жиында сөз алған жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбайдың өрелі ойы көпшілікті толғандырды.

«Қазақ мемлекеттілігінің мәңгілік кемелділігінің кепілінің бірі – жер, жер және жер. Жер – отанның белгісі. Сол отанның төрінде тұрған әрбір ескерткіш қасиетті. Ал кешегі Алтынорданың заңды құқық иесі болып табылатын Қазақ хандығының басты ұйытқысы – Ұлытау. Ұлытауда Тоқтамыстың, Ақсақ Темірдің, ел қамын жеген Едігенің де ізі жатыр. Менің түпкі арманым – қазақтың намысы қорғалып, қаны төгілген жерге ғана ескерткіш орнатпау керек, сонымен қатар қазақ елінің мәңгілік екенін, оның Алтын Орданың мұрагері екенін айғақтайтын алып ескерткіш-ұстынды Ұлытаудың басына орнатуымыз керек. Сонда кешегі қазақта мемлекет жоқ деген адамның өзінен-өзі мысы басылады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өтіп жатқан мына салтанатты тойдың тұжырымы осы болмақ.
Өйткені қазір, Ресейлік тарихшылар екіге жарылып, солардың бірі, Алтын Орданың заңды және тәуелсіздігін сақтап қалған соңғы хандығы – Қазақ хандығы деген қорытындыға келіп кітап жазып жатыр. Біз осыны мемлекеттік тұжырым ретінде қабылдап, тарихқа солай жазуымыз қажет. Ал, Бұланты мен Білеутінің бойындағы бұл шайқас – қазақтың бүгілген тізесінің көтеріліп, мәңгілік бостандыққа құлаш сермеген жері. Қазақ хандығының қайта құрылуы осы қасиетті Ұлытаудан басталған. Бұл тас белгілер орыстардың Куликова шайқасына орай Қалка өзенің бойында қойылған халықтық ескерткішінен артық болмаса, еш кем емес. Елді ел ететін, оның еңсесін көтеретін иен даладағы осындай ескерткіштер. Сол дала арқылы біз тыныстаймыз. Қазақ хандығының 550-жылдық тойының осы Бұланты бойында басталуы заңды әрі баянды іс».

Тұрсын Жұртбай,
филология ғылымдарының докторы, профессор




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *