Дандай Ысқақұлы, Филология ғылымының докторы, профессор Түріктің дара данасы

193

            Түріктің белгілі қоғам қайраткері, дінтанушы, ғұлама-ғалым Фетхуллах Гүленнің есімі қазір төрткүл дүниеге кеңінен танымал. Ағылшынның «Prospect», американың «Foreіgn Affaіrs» басылымдары жүргізген «Әлемдегі ең ықпалды интеллектуал адам кім?» деген сауалнама бойынша, көпшілік дауысты алып, ең атақты 100 адамның тізімін бастауы көп нәрсені аңғартса керек.

            Қазақ баспасөзі беттерінде жариялана бастаған сұхбаттары, ол туралы жазылған мақалалары арқылы Ф. Гүлен Қазақстан жұртшылығына соңғы жылдарды таныла түсті. Оның еңбектері, ол туралы таныстыру, зерттеу мақалалары қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шығып жатыр. Әсіресе, ғалымның 70 жылдығына орай, 2008,2009 жылдары бірнеше кітап шықты. Осы бір датаға байланысты, қазақ тілінде жарық көрген «Ақырет ақиқатына сенім»   (А, 2007), «Фетхуллах Гүлен: очерктер-мақалалар-пікірлер» (2008), «Иман аясында» (2009), «Ғасыр тудырған күмәндар» (екі  томдық,2009), «Баян», т.б. жинақтарын атай кеткен жөн. Бұлардың ішінде «Ақырет ақиқатына сенім», «Иман аясында», «Ғасыр тудырған күмәндар» сияқты еңбектері түгелдей исламтану мәселелеріне арналған. Ғалымның Мұхаммед Пайғамбар (2009) туралы зерттеуі белгілі.

             «Баян» жинағына ғалымның әр кездерде жазған әдеби-философиялық ой-толғаулары еніпті. Қазақ тіліне аударған белгілі журналист – Мәлік Отарбаев, жауапты редакторы – филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдешұлы. Кітап 2000 таралыммен «Ан Арыс» баспасынан басылып шыққан.

            Сонымен, Фетхуллах Гүлен кім? Оның әлемге танымал болуының сырлары қандай? Еңбектерінің бізге қатысы бар ма? Қатысы болса, несімен қажет, несімен құнды? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғау үшін ол туралы әлемдік ауқымда айтылған кейбір пікірлерге құлақ салайық. Ол туралы Түркияның экс премьер-министрі Бюлент Эджевит: «Гүлен – ой өрісі өте кең адам», «Гүлен бізге Құдай мен адамға деген сүйіспеншілікті қамтитын сопылық тұжырымдағы сабырлы  ислам жайында ескертеді»;

            Ресей Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор В. И. Шеремет: «Мұхаммед Фетхуллах Гүлен – Ислам әлемінде өзіндік әдеби келбеті, биік беделі бар жан. Ол өз өмірі мен шығармашылығы арқылы сенім де таңдау құқығы бар, сөйте тұра, өзге сенімдегі кісілермен түсінісуге тырысып, диалог құрудың қандай таңғажайып нәтижелерге жетелейтінін ұғындырады. Әлемдік өркениеттің қазіргі жаңа кезеңі соны пікірлер мен тың сөздерді талап етеді. Жаратушының  таңдауымен Ф. Гүлен соларды бүгінгі біздің беймаза өмірімізге жеткізуші»;

            Ұлыбританияның Лордтар палатасының мүшесі, Лорд Ахмет:

            «Фетхуллах Гүлен – заманауи көзқарастағы ислам ғалымы. Ол бастаған қозғалысты бақылай отырып, одан бейтарап қала алмаймыз. Бұл қозғалыс – Шығыс пен Батыстың арасындағы шыңыраудың үстінен салынған жалғастырушы көпір»;

            Америкадағы Чикаго Университетінің прфессоры Марша Хермонсен:

            «Гүлен – рухани ұстаз, көріпкел және лидер»;

Ресей Либералдық демократиялық партиясының лидері атышулы Владимир Жириновский өз әріптестерін «Біздің интеллектуалдарымыздың өзі Фетхуллах Гүленді білмейді. Бізді тек Түркияның туристік жерлері ғана қызықтырады. Онда болған жағымсыз жәйіттерді ғана әңгемелеуге құмармыз. Ал, ұлы философ және ойшылдың бізге аса пайдалы боларлық ойлары біздерге әлі күнге дейін жетпей жатыр» («ДА», 2009, №28, 45-бет), деп жазғырыпты.

Әлемдік ауқымда осыншалықты биік пікірлер туғызып жатқан Фетхуллах Гүленнің өзін тыңдайық:                                                                                            «Жер шарын түгел жайлаған надандық, пайымсыздық пен ғапылдық күштері арқылы ылғи да тоқырау кезеңінен өтіп жатқан сияқтымыз. Басы барлар көп жағдайда селқос, басы жоқтар белгісіз бір уақытта жоғалтқан бастарын іздеумен әлек, ал, парасат иелері қысым мен құрметсіздіктен азап шегуде; басты міндеті қоғамға тәлім беру, көкірекке ілім нұрын құю және ең биік адамдық өреге бағыттау болып саналатын ақпарат құралдары (массмедиа) бедел жинау үшін не істемейді; әрбір тақырыпқа ашық, үнемі қараңғы нәрселермен иттей ырылдасады; ырылдасады да әлемнің ар-намысын аяққа таптайды; күн сайын жаңа үлгі, жаңа пішінде үрей туғызып жатады; хаққа жатпайтын суреттеу мен көрсетілімдер арқылы кіршіксіз таза сана-сезімді ластап, напсіқұмарлыққа жетелейді… Қоғам күн сайын қиямет белгілерімен бірге жатып, оянады, оянады да Сүрдің дауысын күтіп отырғандай қобалжиды… Тыныштық пен үнсіздігіміз кәдімгідей қиялға айналады… Бүгінгі күнге дейін көңілге медет болған ұлттық рух пен ұлттық ой-санамыз жаралы арыстандай… Қазірге шейін үзілмеген үмітіміз бықсыған оттай… Ерік-жігеріміз құм болып, табандылықтан жұрдаймыз. Және қоғам болып, қорқыныштан үнемі үрейленеміз. Өз-өзімізден жиреніп, алыстап кеткеніміз соншалық, сірә, өз рухымыздың өресін білмейміз, сөйте тұра рухымызды таразылап, оған үңілгіміз де келмейді-ау!.. Рухымыз ешқашан дәл бүгінгідей аш болған емес. Қазір ше, түрлі ішектерден әртүрлі әуездер мен дыбыстар шығады; бізді адам ғып қалыптастырған рухымыздың үнін тыңдай алмай келеміз; кім екенімізді, қайда тұрғанымызды, не үшін өмір сүріп жүргенімізді байқамағандай, таңдай қағамыз, жо-жоқ, шошимыз, тіпті, есеңгіреп қаламыз. Сенім мен сананың негізінде орын алатын ақыл мен рухымызды баттасқан кірден тазарта алғанымызға дейін мына өлім тілейтін бейшаралықтан сақтануымыз мүмкін емес сияқты деп ойлаймын » (Фетхуллах Гүлен. Баян. Алматы, 2009, 131-133 беттер).

Бұл жолдар экономикалық, рухани дағдарыстан есін жия алмай жатқан бүгінгі таңдағы адамзат қоғамының жалпы рухани бейнесі дерлік. Мұны оқыған әр оқырман өз есінде орын алған келеңсіздіктер жайлы айтылып жатқандай сезінеді; ойлары бір жерден шығып жатады. Мына тіршіліктің жағымсыз жақтарынан қажып, күдер үзе бастаған оқырман өзімен пікірлес, мұңдас, жақтас тапқанындай болады. Ф. Гүленнің мықтылығы оның қоғамда болып жатқан құбылыстарды жіті байқап, өзектілерін іріктей саралап, әрбір адамды толғандыратын өткір мәселелерді батыл көтеріп, көптің көңіліндегі күпті ойларды қозғай білуінде дер едік.

Ф. Гүленнің пайымдауынша, мұндай қиындықтар адамзат тарихының өн бойында жиі кездесіп отырған. Мәселе сол қиын жағдайлардан дұрыс жол тауып,  жүре  білуде.

Адамдардың бақытты ғұмыр сүретін қоғамы ежелден арманға айналған. Қазақтың ұшқыр қиялы өмір сүруге қолайлы барлық жағдай бар «Жерұйықты» өмірге әкелді. Небір ойшылдар адамдардың бақытты тұрмыс-тіршілік кешетін қоғамының қаңқасын ойша құрып, утопиялық болжамдар елес берді. Маркстің, Энгельстің, Лениннің еңбектерінде барлық адамдар бірдей тең хұқылы өмір сүретін коммунизмнің ғылыми негіздері жасалып, ол жүзеге асқандай да болған. Адамзат қоғамының даму болашағы деп жүрген социалистік жүйенің де шаңырағы ортасына түсіп, бүкіл әлем дағдарысқа ұшырады. Экономикалық, рухани құлдыраудың үстіне ұлтаралық, дінаралық қақтығыстар күшейді; Батыс пен Шығыстың, ислам мен христиан діндерінің арасындағы текетірес қауіпті жолға түсті. Әлемдік лидерлер, ойшылдар жер жүзін шарпыған келеңсіз құбылыстардың бетін қайтаратын амалдарды, бет түзейтін тура жолды бірігіп іздей бастады. Міне, осындай бір қысылтаяң кездерде Шығыстан, түркі әлемінен Фетхуллах Гүленнің адам баласын әлеуметтік апаттан сақтап қалуға ұмтылған даусы шықты.

«Бұл кезеңде нәпсіміз рухтың тағын тартып алды… Жүрегімізге шайтан ұя салды… Құдайдың орнын әумесер жандар басып алды… Ар-намыс табанға тапталды… Ұят пен ар намыссыздыққа ұласты… Құрметсіздік кім көргеннің табиғатына жұқты… Бүкіл атырап жағымсыздық пен сүйкімсіздіктің жәрмеңкесіне айналды… Әдептілік, сыпайылық бұрынғылардың құнсыз жолы мен тәсіліндей етіп көрсетілді… Опа, адалдық, отансүйгіштік әуелі рухтарда ұмыт болды; содан соң сөздіктерден өшірілді…

Дүниежүзін сұрапыл дағдарыс діңкелетті… Адамзат күйзеліспен… қорқынышпен өмір сүруде. Күңгірт болашақты болжау неғайбыл. Бейбітшіліктен айрылған қоғам аянышты оқиғалардан көз аша алмай, құр айқайдан ештеңе өнбеді… Залымдар дүниені қара түнекке айналдырды… Зұлымдыққа душар болған жандар үмітсіздіктің қара батпағына белуардан батты… Ластанған қолдар мен жиіркенішті жүздердің саны шексіз. Хақтан қорықпайтын мейірімсіз жандар өте көп… сондай-ақ, бітпес қылмыстар…» (сонда, 137,154-беттер) – деп жар салған Ф. Гүленнің жан-айқай даусына әлем құлақ түре бастады.

Фетхуллах Гүлен – қоғамда өріс алып жатқан келеңсіздіктерді көре білуші, сынаушы ғана емес, оны жоюдың, яғни, қоғамды дендеген түрлі әлеуметтік аурулардан арылудың жолдарын да көрсетуші. Оның аты адамзат қоғамын тоқыратып, азғындыққа апарған әлеуметтік кеселдерді дәл анықтап, оны емдеу амалдарын дәл тапқан емші ретінде шықты. Ол – қаншама байлыққа бөгіп, сән-салтанатқа оранған қоғамның іштей іріп-шіріп, құрдымға батып бара жатқанын алғаш аңғарып, одан шығудың тура жолдарын тұңғыш рет көре білген көріпкелдердің бірегейі. Фетхуллах «ұзақ жылдардан бері бойымызға сіңіп, сана-сезімімізді ластаған, адамдар «адамдық қалыбынан» шығарған әлгі келеңсіздіктерден арылып, ұлт ретінде исламмен рух тұңғиығымыздағы інжу-маржанға айналған өзіндік табиғатымызды, мінезімізді, пәктігімізді, қайтадан табуымыз мүмкін болмақ» — деп жар салды. Оны қолға ұстағандай етіп, көрсетіп те берді. Ол – «мына бір-бірімен аралас байлықтарымыздың, рух пен көңілімізден тасып жатқан иләһи жақсылықтар мен сый-сыяпаттарға толы қазынамыздың сырлы кілті – иманымыз және оның әр уақытта жанды болып қалуының негізгі сыры – ізгілікті амал мен ынта-ықыласымыз» (сонда, 136-бет).

Ф. Гүлен адамзат қоғамының негізі руханиятта деп біледі. Рухани тамырдан қол үзгеннің болашағы- бұлыңғыр. Қазіргі заманның басты трагедиясы да осымен байланысты: «…осы келеңсіздіктердің кесірінен ұлттық рухымыздың тамыры кесілді… Ынтымағымызбен бірге өмір сүру мәдениетімізге үлкен жік түсті… Қоғам мүшелері жібі үзілген тәсбих моншақтарындай жан-жаққа шашылып кетті… Оның үстіне, оңымыз бен солымызда жасанды топтасулар пайда болды… Олардың арасында өшпенділік пен дүрдараздық белең алып, бір-бірін итше талады. Уақыт өткен сайын қоғам былығып бұзылды және әлгі нұр шашқан жүздер түсін суытып ызбарланды…»  (сонда, 112-бет). «Енді жат тәрбиемен бұзып алған өзіміздің өскелең ұрпағымыз өз құндылықтарын сайқымазаққа айналдырып, ұлттық рух пен ұлттық ойдың тамырына балта шауып, бөгде сөздермен былғап жатыр» (115-бет). Бұл жерде Ф. Гүлен бүгінгі таңда қоғамымызда орын алып жатқан былық-шылықтардың барлығын адамдардың дұрыс тәрбие алмауынан көріп отыр. Тәрбие ұлттық дәстүрдің, рухани құндылықтардың негізінде болуы керек. «Жат тәрбие» адамды ғана бүлдіріп қоймайды, ұлтты бұзады, бүкіл адамзат қоғамын азғырады  дегенді меңзеп отыр.

            Шындығында да, адамзат баласының болашағы осы тәрбиеге байланысты. Тәрбие дұрыс болса, адам қоғамы да дұрыс өмір сүреді. Дұрыс болмаса, бұзылады. «Тәрбие – тал бесіктен» — дейді халық. Кезінде М. Әуезовтің «ел боламын десең бесігіңді түзе, халық боламын десең қалпыңды түзе» дегені де сондықтан. А. Байтұрсынов еліңнің ертеңін бүгінгі мектептен көресің деген екен. Қазақтың ұлы ақыны М. Жұмабаев «Тәрбиеден мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты» (Мағжан Жұмабаев.  Шығар-малар, 2-3 том, Алматы, 1996, 224-бет) – деп жазған. Түрік әлемінің шығысында осыдан бір ғасырдай бұрын айтылған осы бір ойлар күні бүгінге дейін өзінің құнын жойған жоқ. Түркі әлемінен шыққан ұлылардың ұлы пікірлерімен үндесіп жатқан Фетхуллах Гүленнің идеялары бұл мәселенің уақыт өткен сайын өткірлене түскендігін айқындайды.

Тәрбие дене тәрбиесі және рухани тәрбие болып, жіктеледі. Дене тәрбиесі адам тәнінің, ал, рухани тәрбие жанының сау болып өсуін қамтамасыз етеді. Адамның жаны – аса күрделі құбылыс. Жанды тәрбиелеудің адамгершілік, этикалық, эстетикалық, діни, саяси сияқты көптеген қырлары бар. Тәрбиенің осындай барша түрлері белгілі бір ұлттық рухани құндылықтарға негізделіп жүргізілгенде барып, өз жемісін береді. Ф. Гүлен ойларының құндылығы сонда, ол жеке адамның тәрбиесін ұлттық, жалпы адамзаттық тұтастықта алып қарайды.

Әлемдік мәдениет, адамзаттық  құндылықтарды ғана мойындап, өз ұлтын менсінбейтіндердің шығуы – ұлт үшін, қоғам үшін аса қауіпті. Туған ұлттың тілін, сол арқылы жасалған рухани құндылықтарын тәрк етуі, өзгенікіне табыну, соны бүкіл адамзаттық өркениеттің жетістігі санап, оған ұмтылу, сонымен өміру сүру – бүгінгі космополитизмнің көрінісі. Сондықтан да, мұндай құбылыстарға жол бермей, жалпы адамзаттық құндылықтардың бір бөлшегі болып табылатын ұлттық тілде, ұлттық рухта тәрбиелеу тәрбие жұмыстарының аса маңызды міндеті болмақ. Ф.Гүленнің еңбектерінде тәрбиелеудің осы сияқты өзекті мәселелеріне нақтылы жауаптар таба аласыз.

Имандылық – адам баласының бойындағы асыл қасиеттердің жиынтығы. Адам неғұрлым иманды болса, сол – нағыз адам. Қазақ имансыз адамды хайуанға теңеген. Адамгершілігі кем адмды «имансыз» атаған. Адам үшін «имансыздан» ауыр сөз болмаған. Ф. Гүлен қоғам дұрыс болуы үшін оның мүшелері де дұрыс, яғни, иманды болуы керек деп санайды. Қазіргі заманда «иман» сөзі дінмен тікелей байланысты. Ал, дін дегеніміз, «адам өмірінің өзгермейтін әрі мәңгілік аспектілеріне қатысы бар, іштей сезінетін құбылыс» (Ф. Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. А., 2008, 21-бет).

Ф. Гүленнің мына бір мың құбылған заманның құпия сырларын, мәңгілік заңдылықтарын аша түсуіне көмектескен де осы – дін.

Ғұламаның пікірінше, «дін – дін мен ғылым, пәни өмір мен ақырет әлемі, табиғат пен Құдайылық кітаптар, материалдық пен руханилық жан мен тән секілді кереғарлықтарды табыстырады. Ол ғылыми материализмді тежеп, ғылымды өзінің шынайы орынтағына жайғастырып, ежелден келе жатқан қақтығыстардың алдын алады». Ал, «Ислам – қоғамның басын біріктіретін дін. Ол әлемдердің Жаратушысы, Раббысы, Қорғаушысы және Басқарушысы болып табылатын бір Аллаһқа иман етуге негізделген. Ислам – күллі жаратылыстың діні. Бұл дегеніңіз, күллі әлем Аллаһтың заңдылықтарына бағынады деген сөз, олай болса, әлемнің барлық кішкентай бөлшектеріне дейін «мұсылман» болып табылады және Аллаһқа мойынсұнады, Оның заңдарына бағынады» (Ф. Гүлен. Очерктер, мақалалар, пікірлер. Алматы, 2008, 27, 30-беттер). Ол ислам дінінің адамдардың өзін қоршаған ортамен үйлесімділікте өмір сүруге үндейтін өміршең дін екендігін дәлелдейді. Ең бастысы, ол басқа барлық діндерді мойындайды, «күллі пайғамбарларды және тарихи кезеңдердегі әр түрлі адамдарға түскен қасиетті кітаптардың ешқайсысын жоққа шығармай, түгелдей растайды». Ислам діні бойынша, адам мейлі мұсылман болсын, болмасын, ол Аллаһтың заңдылықтарына бағынатын «әлемнің бір түйір бөлшегі». Сондықтан да, жер бетіндегі адамдар бір-біріне жат емес, керісінше, тікелей байланысты. Бәріміз Алла- тағаланың құлымыз. Пайғамбарымыз «Ей Аллаһтың құлдары, бір-бірлеріңе бауыр болыңдар!» деген. Сол себепті де ислам діні   жер бетіндегі тыныштықты қалайды, адамдардың бір-бірімен тату-тәтті өмір сүруін тілейді. «Мұсылмандық — әділдік діні, оны дұрыс тарату керек».

«Жалпы адамзаттық өркениет құндылықтарының мән-маңызы артып отырған бүгінгі күнде адамзат өз проблемаларын тек бірлікпен ғана шеше алады. Және де кез-келген бірлік пен өзара түсіністік диалогтан бастау алады» (сонда, 126-бет). Ал, диалог дегеніміз – адамдардың бір-бірімен араласуы, араласа отырып түсінісуі, түсінісе отырып жақындасуы, жақындасудың татулыққа, ынтымақтастыққа, бауырластыққа ұласуы. Ислам діні осыны қолдайды.

Соңғы кездерде Батыста «Адамдарды Жаратушысына бағыттауға тиісті жаратылыстану ғылымдары керісінше, имансыздықты жая түсуде. Бұл тенденция христиан дінінің ықпалы басым батыста күштірек болғандықтан, мұсылмандар мен христиандар арасындағы диалогқа  аса қажеттілік туып отыр» (сонда, 30-бет) – деп жазады ғалым. Ол өз ойларын ары қарай «Түрлі дін өкілдерінің арасындағы диалогтың мақсаты – рухани бірлік пен келісімді жүзеге асырып, сонымен қатар, діннің бесаспаптық қасиетін қолдау болып табылады. Дін барлық сенім түрлерін қамтиды, әрі оларды табыстыра отырып, үлкен талпыныспен алға жылжиды. Олар өз Пайғамбарлары арқылы сүйіспеншілік, өзара сыйластық, сабырлылық, кешірімділік, мейірімділік, адам құқығы, бейбітшілік, бауырмашылдық және еркіндікті ұлықтайды» (сонда) – деп айқындай түседі.

Батыс пен Шығыстың, ислам мен христиан дінінің арасындағы түрлі қайшылықтардан туындап отырған түрлі текетірестерді реттеудің жолын ұсынған Ф. Гүленнің бұл пікірлерін өмірдің өзі алға шығарып, өміршендігін көрсетіп отыр. Бұл жанды ойлар қағазға жазылған, жұртшылықтың құптаған күйінде ғана қалып қоймай, өмірде жүзеге асып жатыр. Ф. Гүленнің идеяластары құрған Еуразия үнқатысуы ДА (Диалог Евразии) қоғамдық қозғалысы жер бетінде тыныштық орнату жолында қыруар жұмыстар атқаруда.

Гүленше, өмір – Алланың адамға деген үлкен сыйы, Әл-Фараби адам өмірге бақытты болу үшін келеді депті. Ал сол өмірдің мәнін түсініп, жақсы ғұмыр кешу, бақытты болу – адамзат баласының басты арманы. Небір ұлылар осы бір бақытқа қол жеткізудің жолдарын іздеп, басын қатырған. Ұлы Абай бұл турасында «адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» депті. Шындығында да, өмірдің мәні – алдымен, Алланы сүйіп, содан соң өмірді, бүкіл адамзатты сүйіп, адал өмір сүру; айналаңдағылармен шынайы қарым-қатынаста болып, адамдық таза болмыста болу, т.б. Міне, сонда ғана барып, адам өзін қоршаған қоғаммен үйлесімділікте бақытты ғұмыр кеше алады.

Тағы да ұлы Абай «Махаббатсыз –дүние бос, хайуанды оған қосыңдар» десе, Ф. Гүлен де «Сүйіспеншілік— адам тұлғасының ең маңызды бөлігі. Бұл – кез-келген күшті тойтарып, оны жеңе алатын ұлы қуат, әрі толассыз нұр. Сүйіспеншілік адам жанын көктерге шарықтатып, оны мәңгілікке дайындайды. Сүйіспеншілік арқылы мәңгілікке қол жеткізгендер өзгелермен өз ләззатын бөліседі. Олар осы үшін бүкіл ғұмырын арнайды, кез-келген қиындыққа төтеп бере алады» (сонда, 42-бет) – деп, бұл ойды тереңдете түскен. Гүленнің пайымдауынша, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында сүйіспеншілік басты роль атқарады. «Осындай мол сүйіспеншілікке ие болып, өз бойындағы бүкіл өшпенділік пен қатыгездікті тамырымен қоса жоя алғандар – адамзаттың нағыз қаһарманы». Адамдар бір-біріне кешіріммен, мейіріммен, сүйіспеншілікпен қараса ғана түсінісе алады. «Адам жүрегіне бастайтын жол сүйіспеншілік арқылы іске асады».

Гүленше, «ғашықтық – асыл сезім, баға жетпес інжу». Ғашық адам махаббатсыз өмірді өмір санамайды. «Махаббатсыз өткен күндер әуестік желі айдап әкеткен қоңыр күздің қураған жапырақтарындай…» (Баян. А, 2009, 54-бет). Ол «шын мәніндегі ғашықтық – төзімділік пен адалдық қасиетімен тереңге бойлаған ғашықтық» — деп біледі. Шын сүйген – сүйгенінің құлы. Сондықтан да, Алланы сүйіп, оның құлы бола алғандар қандай қиындықтар болса да, төзіп, жеңіп, адал өмір сүріп, «Иманын мағрифатпен безендіріп», бақытты ғұмыр кеше алады.

Ислам дінінің негізгі қағидаларының бірі – қайырымдылыққа Ф. Гүлен ерекше мән береді. Адамдардың бір-біріне қайырымдылығы, мейірбандылығы – адам бойындағы ең бір асыл қасиеттер. «Жалпы адам жаратылысынан қайырымды болып табылады. Және осы қасиет өмірге деген пікірі мен көзқарастары мүлде бөлек өзге адамдармен болатын қарым-қатынастарда да көрініс табуы крек. Бір-біріне деген қарсылық пен жеккөрушілік емес, керісінше бір-біріне деген түсіністікке асығу, бір-бірімен жақынырақ танысу адамзатаралық қарым-қатынастың негізі болып табылады» (сонда, 125-бет).

Ф. Гүлен тәрбие жұмысының басты мақсаты саналы азаматтарды дайындау деп біледі: «Қандай да бір ұлттың өркендеуі мен құлдырауы жас буынның рухы мен санасына, алған тәлім-тәрбиесіне байланысты. Жастардың тәрбиесін дұрыс жолға қойған қоғам дамуға бейім болса, олардың тәрбиесіне мән бермеген ұлттардың құлдырауы заңдылық» (Ф. Гүлен. Ғұмырлық өлшемдер немесе жол бойындағы оттар, А., 2009). Жан-жақты жетілген, білімді, рухани жағынан бай саналы адам ғана салауатты өмір сүріп, өмірде болып жатқан түрлі құбылыстарды дұрыс түсініп, тура жолды таба алады. Абайша айтқанда, «толық адам» – тәрбие жұмысының басты идеалы. Сондықтан да Ф. Гүлен тәрбие мен білім беру ісін бір-бірінен ажыратпай, тұтас қарастырады. Оның ойынша, білім мен тәрбие – егіз. Тәрбие жеткіліксіз болса, ол адам қаншалықты білімдар болғанымен де, білімін халық игілігіне жаратпай, жеке басының қамын күйттейді. Ал ұлттық рухта тәрбиеленген адам ұлт қызметшісі бола алады да, басқа тілде, басқа рухта өскендер халқына шын мәнінде адал қызмет ете алмайды. Сондықтан да, тәрбиелі ғалым ғалым да, тәрбиесіз ғалым – залым. Керек десеңіз, тәрбиесіз ғалым халқына, адамзатқа зиян, апат әкелуі де мүмкін. Гүленді тыңдайық: «Ғасырымызда адамзатқа төніп тұрған қауіп бұрынғыдай надандықтан емес, қайта білімдіден келіп отыр. Сондықтан, білімдінің білімін біржақтылықтан құтқару үшін оған міндетті түрде руханиятты қосу керек, рухани құндылықтардағы имани, аһлаһи тәлім-тәрбиемен ұштастыру керек. Яғни, білімділер сол біліммен бірге руханият саласында да тоғышарлықтан аулақ жүруі тиіс. Сонда елдің елдігі, ұлттың ұлылығы сақталады» (сонда, 79-бет).

Фетхуллах білім берудің қазіргі заманға сай, өмірге жақын, тиімді болуына ерекше мән береді. Мақсат оқыту ғана емес, мақсат –оқушыға үйрету, білдіріп шығару. Сондықтан да, ол мектептегі басты тұлға – мұғалімге үлкен талаптар қойды. Суретшінің ақ қағазға кез-келген суретті сала алатыны сияқты мектеп табалдырығын аттаған оқушының болашақ тағдыры да ұстаз қолында. Ұстазын тапқан жас таланттың ұшары- биік.

Ф. Гүленнің осы ойларын оның ізбасарлары ойдағыдай жүзеге асырып жатыр. Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде Гүленнің мектептері ашылған. Қазақстанда 28 қазақ-түрік лицейі, Сүлеймен Демирел атындағы университет жұмыс жасайды. Қазақ-түрік білім қорының демеушілігімен ашылған қазақ-түрік лицейлерінің білім беру саласында жеткен жетістіктері республикамызға аян. Мектеп оқушыларының республикалық пәндік олимпиадаларында жүлделі орындардың 60-70 пайызына дейін қазақ-түрік лицейлерінің оқушылары иемденіп жүргенінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартса керек. Халықаралық олимпиада-лардан да осы лицейлердің түлектері олжамен оралып жүр. Бітірушілер түгелдей дерлік жоғары оқу орындарына, оның ішінде шетелдердің атақты университеттеріне түсіп, үкілі үмітті ақтауда.

Бұл жерде мына бір мәселеге тоқтала кеткен жөн. Қазір әлемдегі ғылымның 80 пайыздайы ағылшын тілінде екен. Яғни, ағылшын тілі ғылымның тіліне айналған. Осыны ескере отырып, қазақ-түрік лицейлеріндегі негізгі жаратылыстану пәндері 6-шы сыныптан бастап ағылшын тілінде жүреді. Ал, шет тілін оқытуды 6-шы сыныптан бастау себебі ғылыми жағынан негізді. Ғалымдардың анықтауынша, баланың ойлау жүйесі 12-13 жасқа дейін қалыптасып, өмір сүруіне қажетті білімдердің 70 пайыздайын осы кезеңде алады екен. Ғасырлар бойы қалыптасқан ойлау жүйесі, дүниетанымы ген арқылы ұрпақтан ұрапаққа беріліп, жалпы адам баласының даму негізін, ұлттық болмысын айқындайды. Яғни, өмірге келген әрбір бала тұқым қуалап жалғасып жататын ұлттық ойлау, дүниетаным жолымен тәрбиеленсе, ол тез жетіледі. Ал, басқа тілде тәрбиеленсе, ол баланың бойындағы бұрыннан тұқым қуалап жалғасып келе жатқан ойлау жүйесімен қайшылықта болып, оның ойлау қабілетінің дамуында тежелу болады. Негізгі ойлау жүйесі ұлттық негізде қалыптасқаннан кейін барып, басқа шет тілдерді оқытса,тез игеріп кететіндігін өмір дәлелдеп жатыр. Осыны ескерген Жапония, Түркия сияқты елдерде балаларды бастауыш сыныптарда тек ана тілінде ғана оқытып, шет тілдерін содан кейін барып қолға алып жүр. Мұның нәтижелері жаман емес екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Осыған қоса  жалғанды жайпап келе жатқан жаһандану үдерісінің тілі ағылшын екендігі тағы бар. Сонда біздің қазақ-түрік лицейлерінде ағылшын тілінде білім беріп жатқанымыз жаһанданудан қамымызды жасаудың орнына есігімізді ашып тастап, жайылып жастық болып жатқандық емес пе? Мұндай сауалдардың туа бастауы да – заңдылық. Қазір кейбір ұлт қамын жеген, ертеңін ойлаған адамзаттар осыны айтып дабыл қаға бастады. Керек десеңіз, саясатқа ешбір қатысы жоқ басталған ағартушылық, қоғамдық бағыттағы қозғалысты американдық саясаттың, жаһанданудың жолы деп айыптаушылардың да шыға бастағаны жасырын емес. Ойланарлық мәселе.

Бұл жерде ескерерлік мынадай жәйіттер бар. Біріншіден, Фетхуллах Гүленнің пікірлері қазіргі сұрапыл жаһандану басталғанға дейін, онда да Америкада емес, Түркияда өмірге келді. Екіншіден, бұл қозғалыстың бастауында тұрған адам – саясаткер емес, діни адам. Дін болғанда да, бүкіл Батыс болып, бүкіл христиан болып, қарсы соғысып жатқан ислам дінінің өкілі. Ал, қозғалыстың басты қағидалары исламдық құндылықтарға негізделген. Сондықтан да, христиан дініндегілердің исламдық негіздегі қозғалысты толықтай қолдай қоюы да екіталай. Осы жерде екі жақты, яғни, Батыс пен Шығысты татуластырамын, қоғамдық дамудың тура ортақ жолына саламын деп шарқ ұрып жүрген Ф. Гүленнің екіжақты сынның ортасында жүргенін де айта кеткен жөн.

           Дегенмен де, жоғарыдағыдай айтылған пікірлердің қазақ-түрік лицейлерінің жемісті жұмыстарына көлеңкесін түсірмеу жағын да ойластырғанымыз жөн. Ол үшін, алдымен, қозғалыстың қағидаларынан шықпай, дұрыс жұмыстар жүргізу маңызды. «Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояйды», «Қой көрмеген қойды қуалап жүріп өлтіреді» дегендей, бізде қазір ағылшын тіліне деген ұмтылушылық ерекше, тіпті «мода» болып бара жатыр. Тек ғылымның ғана емес, қазіргі заманғы халықаралық қатынастар тіліне айналып жатқан ағылшын тілінде оқытатын қазақ-түрік лицейіне дарынды балалардың көптеп келуінің бір сыры осында. Орыс мектебінен қазақ тілін білмей шағатын болса, қазақ –түрік лицейін бітірушілер қазақ тілін жетік білумен бірге орыс, ағылшын, түрік тілдерін де қатар меңгеретіндігі –бұл мектептердің заманға лайық жұмыс істеп жатқандығына дәлел болса керек. Десек те, жер-жерлерде ашылып, жұмыс істеп жатқан жоғары оқу орындарында ағылшын тілін үйретеміз деп, істің барлығын ағылшындандырып жіберіп жатқандары да жасырын емес. Бұған «үш тіл- үш тұғырың» деген әлі де ойласып барып шешерлік мәселелері баршылық тұғырнаманың да салқыны тиюде. Сонымен ағылшын тілін үйренейік , өйткені бұл – бүгінгі заман қажеттілігі. Десек те, Қазақстандағы барлық оқу орындарында тәрбие жұмыстары  түгелдей ұлттық құндылықтар негізінде қазақ тілінде , ал  ұлттық,идеологиялық сипаты бар қоғамдық пәндер қазақ тілінде жүргізілуі керек деп білеміз. Әл-Фарабидің: «Адамға  ең  бірінші  білім  емес,  тәрбие  беру  керек,  тәрбиесіз  берілген  білім – адамзаттың  қас  жауы,  ол  келешекте  оның  өміріне  опат  әкеледі» — дегенін   әрдайым  есте  ұстау  керек.  Ал, тәрбиенің  мақсаты  белгілі  бір  ұлт  өкілін  ұлттық  дәстүрлер,  ұлттық  және  жалпы  адамзаттық  құндылықтар  негізінде  тәрбиелеу  болып  табылады. Сондықтан  да,  еліміздегі  барлық  тәрбие  жұмыстары  Қазақстандағы мемлекеттік тіл- қазақ тілінде  жүріп,  оның  мәртебесін  қатал сақтап отыру — міндет. Ф.Гүленнің тағлымы бізге осылай дейді.

      Мемлекеттер мен мемлекеттің, халықтар мен халықтың арасындағы құндылықтардың маңызы артып отырған бүгінгі заманда жаһандану үдерісі күшейе  түсуде. Жаһанданудың жақсы жақтарын тиімді пайдалана білу – қазіргі таңдағы аса маңызды міндеттердің бірі. Гүленнің анықтауынша, «Жаһанданудың ең басты күші болып саналатын коммуникация мен көлік салаларындағы қарқынды дамудың арқасында мемлекеттер мен халықтың арасындағы шалғайлық лезде жақындай түсті. Бір-бірінен өте шалғай тұратын елдер көршіге айналады. Бірақ, бұл процесс біртекті халықтар, не жергілікті мәдени құндылықтар жойылып кетеді дегенді білдірмейді. Керісінше, болашақта да бұл әрбір ұлт пен ұлыстарға тән өзгешелік сақтала береді, бірақ енді олар қақтығыстарды туындатушы ретінде емес , керісінше , ортақ адамзаттық бірлікті құрайтын әлемнің түрлі халықтары толықтыра түсетін бөлекше күш ретінде болады» (сонда,127бет). Бұл -жаһанданудың жақсы жақтары.

     Өткір ұстараны дұрыс ұстай алмаса , ол адам өз қолын өзі кесіп алуы мүмкін. Сол сияқты жаһанданудың жақсы жақтарын ғана көріп, байқамаса, орны толмас өкініштерге апарып соқтыратыны да әрдайым есте болғаны жөн. Бұл хақында Ф. Гүлен «Әрине, жекелеген мәдениеттер жаһанданудың жойқын ықпалына қарсы өзін-өзі қорғау рефлексін ұсынады және өз құндылықтары, ежелгі салт – дәстүрлерін сақтап қалуға тырысады. Бірақ, егер, жекелеген мәдениеттердің бұл қарсылығы ғалымдар, ойшылдар, жазушылар мен діни қайраткерлер тарапынан реттеліп, заман ағымына бейімделіп отырмаса, оның соңы біржақтылыққа да ұласып кетуі мүмкін. Ал, мұның салдары аса қауіпті, демек, бұл мәселеде қол қусырып отыруға болмайды» –деп, пікірін ашық айтып,сақтандырады да. Яғни, жаһандану халықтардың тілін, мәдениетін, жалпы құндылықтарын құрметтеу жолымен жүрмей, өктемдік, күштілік мінез танытса, «мұның салдары аса қауіпті», ондай жағдайда «қол қусырып отыруға болмайды»- дегенді қадап айтып отыр. Демек, жаһандану аз ұлттарды , оның мәдениетін жұтуға бағытталмауы тиіс, керісінше ұлттық мәдениеттерді байыта түсуі тиіс. Бұл мәселелер Қазақстан жағдайында аса өткір тұр. Өз тілін білмеу, өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш тұтпау, ұлттық құндылықтармен өмір сүрмеу , ұлтынан жерігендіктің, сатқындықтың белгісі, ал, қазақ қауымында жиі көріне бастаған маргиналдық құбылыстың ұлтқа төне бастаған қауіптің хабаршысы екендігі әрбір ұлтжанды саналы азаматтың есінде болғаны абзал. Жаһандану салдарынан тіліміз бен діліміздің әлсірей түсуінен қазақ халқының ұлт ретінде дами түсуіне кедергі келтіріп жатқан көптеген келеңсіз құбылыстарды дер кезінде көре біліп, оларды дұрыс жолға салып, реттеп отыру- бүгінгі таңдағы қазақ қауымының алдында шешуін күтіп тұрған басты міндет.  

     Адамзат қоғамының даму бағыты – өркениет. Бізде сол өркениетті әркім өзінше түсінеді. Көпшіліктің түсінігінше, ол материалдық байлыққа кенелу, байлық болса, бәрі де шешіледі. Шындығында да, солай ма? Ф . Гүленді тыңдайық: «Өркениет – байлық, жалған сыпайлық, тән құмарын қанағатандыру және нәпсінің азғындықа салынуы емес. Ол көңіл байлығы,рух нәзіктігі, терең парасаттылық пен  өзгелерге деген құрметтен тұрады» (Ф.Гүлен. Ғұмырлық өлшемдер немесе жол бойындағы оттар. Алматы;2009).

     Демек, өркениетке қоғамның материалдық жағынан да, рухани жағынан да қатар үйлесімді дамуы арқылы жете аламыз. Қазіргі адамзат қоғамының дамуында осы үйлесімділік бұзылған: Батыста қыруар материалдық байлық шоғырланса , Азия, Африканың кейбір елдерінде аш-жалаңаштық орын алуда. Батыста өмірдің мәні деп байлық қудың салдарынан рухани құндылықтар құлдырап кетсе, Шығыста осыны сақтап қалу материалдық жағынан аса қиындықтарға тап қылды. Фетхуллах болашақтың өркениеті Батыстың ғылыми жетістіктері мен Шығыстың гуманитарлық этикасының синтезі негізінде жасалады деп біледі. Ф . Гүленнің арманы- осы арасы алшақтап бара жатқан Батыс пен Шығыстың арасын руханият арқылы жалғастыру, бұзылған жолдарды, көпірлерді қалпына келтіру, сөйтіп адамзат қоғамын соғыстарға соқтыратын теріс пиғылдардан арылтып, бірлікке бастайтын ынтымақтастыққа, тыныштыққа қол жеткізетін сара жолдарға түсіру.

Қандай да бір халық болмасын, оның ұлттық тұрмыс-тіршілігінде тіл шешцші рөл атқарады. Бұрын айтып келгеніміздей, тіл қарым-қатынас құралы ғана емес, тіл дегеніміз – адам. Адамның адам болып жүргенінің өзі осы тіл арқасында. Сол сияқты тіл дегеніміз – ұлт. Ұлттың ұлт болып өмір сүруінің басты шарты – осы тіл. бұл турасында ұлы Мағжан тамаша айтқан: «Тіл әрбір адамға осындай қымбат болса, әрине, ұлт үшін де – қымбат. Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дүниеде жасай алған емес. Ондай ұлт құрымақ. Ұлттың ұлт болуы үшін, бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмаққа тиісті» (М. Жұмабаев. Шығармалары, 2-3 том, Алматы – 1996, 289 бет).

Ұлт өміріндегі осы бір аса нәзік мәселеге Ф. Гүлен ерекше назар аударыпты. Ол «Тіл – мәдениеттің басты серіппесі мен негізгі қозғаушы күштер мен тепе-тең. Қоңғам тіл мен пікірге қаншалықты бай болса, соншалықты қабырғалы, әрі қайратты болып саналады. Кісі өз ана тілін неғұрлым жақсы меңгеріп, басқалармен де еркін тіл табыса білсе, соғұрлым өз болмысы мен өмірінің мәнді өтуіне алғышарт жасай алады. Негізінен, тіл адамның тіршілік пен өмірдегі оқиғалаарға деген көзқаасын, біртұтас ағзаның және оның әр бөлшегінің жарасы мен мән-мағынасын қалыптастыратын ең маңызды фактор. Қай тұрғыдан алғанда да, тіл мәдени өмірімізде шешуші рөл атқарады» (Ф. Гүлен. Баян. А., 2009, 25 бет) – деп біледі. Ойын ары қарай: «тіл – сөйлеу мен ойды жеткізудің құралы болуымен қатар, өткендегі олжаларды бүгінгі күнге, ал, бүгінгі пайымдарымызды келешекке жеткізу үдерісінде де өте маңызды дәнекерлік міндет атқарып келеді. Қабырғалы ел ата-бабадан мұра болып қалған және қазіргі уақытта жаңа синтезге, жаңа бейнеге, жаңа кейіптерге айналып үлгерген біртұтас зерделі, аңсар-мұратты, ғылыми жетістіктер мен байлықтарды игере алатын құдіретті тіл арқылы ғана мәңгілік тұрақтылығын сақтай алады. Себебі, халқы қай деңгейде тілдің бай қоры мен көркемділігін сақтап сөйлейтін болса, соғұрлым өрелі; қай деңгейде ойласа, сол аяда сөйлейді» – деген терең тұжырымдармен жалғастырады.

Ф. Гүленді сұлу өмірдің, мына заманның құрдымға қарай құлдырап бара жатқандығы, ертегідей сағымға айналған өткендегі сұлу өміріміздің өнегесі, ғасырлар бойы жасалған рухани інжу-маржандарымыздың аяққа тапталуынан азып бара жатқан адамзат қоғамының бүгінгі жай-күйі – бәрі-бәрі толғандырады. «Бір кездері біз қоғам ретінде дүние жүзінің тап-таза мөлдір, өнегелі және көреген ұлттарының бірі едік» (сонда, 134 бет) – дейді ол. Ал қазір ше? Бүгінгі заманның толғақты мәселелері гуманист ғалымның жанын мазалайды. Осы ойлардың шешімін түркілік, исламдық құндылықтар негізінде іздеген Ф. Гүлен бұл күндері әлемдік руханияттың биігіне көтеріліп отыр. Адамзат баласын ұлтына, нәсіліне, дініне қарай бөлмей, бәрін тең көріп, бауыр санайтын, барлығына да тек жақсылық тілеп, соған жетудің ортақ, сара жолын ұсынып отырған Ф.Гүленнің өміршең идеяларының салтанат құра беретіндігіне сенім мол.