Кеусен беру салты

606

largeКеусен – қазақ егіншілерінің күзде егін жиғанда, қырманға егін бастырғанда, басқа да дақылдардан өнім алғанда ет жақын туыстарын, көрші-қолаң, ауылдастарын егін орып жинасуға, қырман басып соғысуға, картоп, сәбіз, пияз қазысып жинасуға көмекке шақыруы. Әуелі жұмыс бастамай тұрып, атыз басында, қырман қасында көмекке келген адамдарға арнап, бір ақсарбас қойын атап сояды да, даладағы жер ошаққа тай қазанын асып, дала дастарханын молынан жаяды. Асқа жиналғандар жұмыла жұмысқа кірісіп кетеді. Олар егін жиналып болмай, қырман соғылып бітпей кетіп қалмайды. Егінін түгел орысып, қырманын жиып соғысып, дәнін ақтап қаптасып, қамбасына кіргізісіп бір-ақ қайтады. Егін иесі жұмыс істесе келген адамдарды құр қол қайтармайды. Оларға алған өнімінен «құшыр» қолүзік дән бөліп береді. Оны қазақ ғұрпында «кеусен» немесе «кепсен» деп атайды.

Ал күзде өнімді мол алған кейбір диқандар қырман соғып, астық қызылдағанда, үйіп қойған дәнінен «астық құшыры» деп, ағаш күрекпен шетінен кесіп бөледі де, оны бөлектеп жеке алып қояды. Әбден қырманы соғылып, астығы толық қапталып болған соң, әу баста бөлектеп алып қалған «астық құшыры» аталған дәнді тұрмысы нашар, жоқ-жітік, кәрі-құртаң, жетім-жесір, кедей, мүсәпір, мүгедек адамдарға үлестіріп, қырман басынан қаптап бөліп береді. Қазақ оны да «кеусен» немесе «астық құшыры» деп атайды.

Кеусен алған адамдар қуанып, кеусен үлестірген диқанға ризалығын білдірісіп, рахметін айтады. Кейде алғысты тілек ақтарып, мынадай ақ батасын да арнап жатады:

Астырсын да соқтырсын,

Алпыс атпен бастырсын.

Ұраға тығып ұралап,

Көк қашқанда аштырсын.

Қырманыңда тас болмай,

Зиянды жәндік қас болмай,

Үйің толы ас болғай,

Қамбаң толы дән болғай,

Өміріңде мән болғай,

Алтын дәнің асадап,

Молынан бір басып қап,

Алпыс атпен тарта алмай,

Ауыл боп жеп тауыса алмай,

Жоқшылық көріп қаусамай,

Жылға да қосылсын дәніңіз.

Ырыздығың тасып өзендей,

Жақсылығың мол болғай,

Дәнің шалқып көл болғай.

Төбе-төбе үйіліп,

Дәнің өсіп тау болғай.

Атызыңда тас болмай,

Ала бөтен қас болмай,

Алладан жиған асыл дән

Адал бір сіңіп ас болғай!

Аллаһуакбар!!!

Мұндай батаны қазақ «кеусен батасы» деп атайды екен.

Осы орайда Сыр бойында ертеде өмір сүрген Әлішынар есімді диханның хикаясын баяндай кетелік. Ол әрдайым егін егеді екен. Жаз болса, егінін күтіп-баптап, күзде орып, жинап алады. Өзінің ішіп-жемі мен тұқымдығынан артылған астықты ел-жұртына таратып, халықтың алғысын алыпты. Адамдарға істің көзін үйретіп, кәсіпке баулыпты. Ең бірінші рет шығырды ойлап тауып, өзеннен су тартудың да жөнін білген сол екен деседі.

Диханның бір жомарт қасиеті егін бастырып жатқанда қырманға кімде-кім келіп, қолғабыс берсе, қабына бидай, күріш салып береді екен. Өзі бұл сыбағаны «кеусен» деп атапты. «Егінші еселеп, кеусенші кеселеп» деген сөз содан қалыпты. Оны бергеннен диханның ырысы кеміп қалмапты. Дәулеті де, әулеті де көбейе беріпті. Атақ-құрметі ел арасына кең жайылыпты. Одан егіншілік кәсіптің қыр-сырын үйреніп, шәкірт болғысы келетіндер саны артыпты. Әлішынар үнемі бала-шаға, шәкірттеріне:

– Шырақтарым, Құдайға шүкіршілік етіңдер. «Біссімілдә» деп дән сепсеңдер, Алла тағала еңбектеріңді ескерусіз қалдырмайды. «Егінші мәрт, жер жомарт» деген. Ниеттерің тарылмаса, бақ-береке арылмайды, – деп ақыл айтыпты. Халық Әлішынарды келе-келе дихан баба деп атап кетіпті. Оның дүниеден өткеніне қанша жыл өтсе де, аты ұмытылмапты. Дихан баба туралы халық аузында мынадай жыр сақталыпты:

Шығырдың шын атасы – Әлішынар,

Шынарға сиынбаған шығыр сынар.

Әліге Шынар менен құп сиынсам,

Қашан да Тәңірі оңғарып, ісің тынар.

Егіншілер егін егерде, ең алдымен, Дихан бабаның рухынан медет тілеп, Алладан жәрдем сұраса, егіні бітік шығады екен. Қырманға кім келсе де, бос қайтармай, кеусен беріп жібереді екен.

DEGDAR  сараптама орталығы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *