Сырнаймен саз төккен саңлақ Нартай Бекежановтың 120 жылдығына орай Қызылорда облысы Шиелі ауданының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен сұхбат

595

akim

«Үркер»: «Сырдың елі — жырдың елі» дейді. Балқы Базар, Қорқыт, Тұрмағанбеттер шыққан топырақта Алла Нартайдай жыр алыбын туғызыпты. «Өздерің білер Нартаймын» деп өткен ақынның ғұмырнамалық жолын айтып өтсеңіз.

Н.Нәлібаев: «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дейді аруақты бабаларымыз. Рухани өмірдегі сондай сәйгүліктер — халқымыздың ортасынан дара шыққан жазушылар, ақындар, жыршы-термешілер, жыраулар. Қазақ халқы ондай ерен жүйріктерге әманда бай болған. Солардың бірі — бірі емес бірегейі, артында мол мұра қалдырған «сегіз қырлы, бір сырлысы», ақиық ақыны, талантты композиторы, күміс көмей әншісі, замана бұлбұлы Нартай Алыпқашұлы Бекежанов.

Нартай қазақтың ақындық, әншілік даңқын шығарған. Белгілі халық ақыны, әрі композитор-әнші ретінде көзі тірісінде-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген. Нартай Бекежанов 1890 жылы наурыз айының ішінде Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, «Коммунизм» колхозына қарасты (қазір Нартай Бекежанов ауылы) «Бестам» деген жерде орта шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесінің аты Алыпқаш, Бекежан — үлкен атасы. Анасы — Бақтыгүл, туған ағасы Мәнсүр заманында елге танымал ақындар болған. Талант иесі Нартай жасынан Сыр бойының белгілі ақын-жыраулары Балқы Базар, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Бұдабай, Омар, Тасберген өлеңдерін жатқа айтып, жиын-тойларда домбыраға қосып жырлаған.

d0bdd0b0d180d182d0b0d0b9-d0bcd183d0b7d0b5d0b9

Ол ежелгі Шығыс поэзиясы үлгілерін жетік білген. Замандастарының айтуына қарағанда, Нартай «Ләйлі-Мәжнүн», «Сейфілмәлік», «Рүстем-Дастан», «Ескендір Зұлқарнайын», «Әбушаһма», т.б. қиссаларды түгел жатқа айтқан. Жас Нартай керуеншілерге еріп Өзбекстан, Тәжікстанды көп аралаған. Ол елдердің халық әндерін меңгеріп, ұлттық аспаптарында да ойнай білген. Осылайша серілік құрып, әнші-ақын атанып жүрген шағында Сыр бойына Арқадан атақты Тайжан ақын келеді. Асқан ақын, әрі әнші Тайжан Қалмағанбетов Нартайдың бар назарын өзіне аударады.

Әнші Нартай Тайжан ағасын ұстаз санап, оған еліктеп, енді әнді он екі тілді татар сынайына салып айтуды үйренеді. Осыдан былай кеудесі кең, үні жұмсақ сырнай Нартайдың өмірлік серігіне айналады. Нартай ауылында колхозшы, бірде мұрап, бірде бригадир жұмыстарын атқара жүріп, қазақ ауылында өтіп жатқан өзгерістерге белсене араласады. Өмір ақын-әншіні олай да, бұлай да сілкілеп жүрген шағында, 1934 жылы Алматы қаласында өткен халық өнерпаздарының бірінші Слетіне шақырылады. Слетке Қазақстаннан үш жүзге жуық ығай мен сығай ақындар мен әнші-күйшілер, жыршы-жыраулар қатысады. Осы слетте Нартай өзінің «Замана бұлбұлы» атты толғауын орындайды. Осыдан соң-ақ Нартай есімі кең байтақ республикамызға тарайды. Кеңес Одағы кезіндегі астанамыз Мәскеуде           1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі болып, республика делегациясын Совнарком төрағасы О.Исаев пен оқу-ағарту халық комиссары Т.Жүргенов бастап апарады. Оған халық ақындары Жамбыл, Нұрпейіс, Кенен, Нартай, Орынбай, Нұрлыбек, Доскейлер барған.

Нартай 1945 жылы Алматыда өткен ұлы ақын Абайдың 100 жылдық тойында Абай туралы жырын төгіп, М.Әуезов, С.Мұқановтардың ыстық лебіздеріне кенеледі.

Нартай суырыпсалма айтыскер ақын ретінде 1943 жылы Алматы қаласында өткен айтыста кілең дүлдүл ақындар арасында Шашубай, Нұрлыбектермен қатар жеңімпаз атанады. Ақын Нартай шебер композиторлығымен де танымал. Қиын иірімді әндерін өзі ғана орындайды екен. Әрбір өлең-жырын әртүрлі мақаммен айтып отырған. Оның «Бастау», «Ақайым, жалған», «Толқын», «Бейбітшілік», «Өздерің білер Нартаймын» әндері оның асқақ үнімен бізге жеткен мәдени мұрамыз десек болады.

Жасы ұлғайып қалған ақын-әншінің өміріндегі зор белес — 1949 жылы мамыр айында Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің екінші онкүндігіне қатысуы еді. 1936 жылғы онкүндікті ұлы Жамбылдың ашқаны белгілі. Ал мына онкүндікті кімге аштырамыз дегенде, Ілияс Омаровтың ұсынысымен басшылар Нартайға тоқталыпты. Шашубай мен Кенен де Нартайды қолайлаған көрінеді.

Әрі ақын, әрі композитор, әрі орындаушы әнші бола білген халық өнерпаздарының озық салтын көнертпей, әрі қарай жалғастырып, көтеріп әкететін жаңа ұрпақ өкілдерінің өнеге тұтуға жарарлық тұлғаларының бірі де — Нартай Бекежанов деуімізге әбден болады. Ақын Нартайдың халқына сіңірген қалтқысыз еңбегі, оның ақындық, композиторлық-әншілігі — көзі тірісінде де әділ бағаланды. 1939 жылы оған Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер атағы беріліп, сол жылы КСРО Жазушылар Одағы мүшелігіне қабылданады. 1945 жылы «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталады. Ақын өмірінің соңғы жылдарын денсаулығы сыр бергендіктен өзінің туған колхозы «Үлгіліде» өткізеді. Халқының сағынышына айналған атақты ақын Нартай Алыпқашұлы 1954 жылы, өз ауылында, Пайғамбар жасынан бір жас асып, дүниеден озды. Ұрпақтары, туыстары қазіргі Нартай Бекежанов ауылында, үлкен ұлы Махмут Алматы қаласында тұрады.

«Үркер»: «Нартайдың шәкірттері», мәселен, бізге белгілі Манап ақынның тұрғыластары, ізбасарлары жайлы да білгіміз келеді.

Н. Нәлібаев: Қазақ халқының ақындық, әншілік, жыршылық тарихында «Нартай мектебі» деген ұғым бар. Бұл мектептің өмірге келуі сөз құдіретіне, сондай-ақ ән құдіретіне байланысты. Оның ешкімге ұқсамайтын «Игай-айы» бір төбе болса, маржандай асыл сөздері бір төбе. Жоғарыда айттым, иірімі мол, диапазоны кең әуенін қиын деп түсінді ме, ол ешкімге үйретпеген. Сонан да оның әндерін нақышына келтіріп, өзіндей етіп орындаған әншілер өте сирек. Тыңдармандар тек Балқашбай Жүсіпов, Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуовтар соған жақындау орындайтын еді деп отырады. Мәскеуден өнеріне қанат байлап елге оралған Нартай ауыл көркемөнерпаздарын ұйымдастырып, үйірме ашып, өнер бригадасын құрған ғой. Бұл үйірме ансамбльге, соңында облыстық филармонияға айналған.

Нартай басқарған концерттік бригада құрамында Әлібек Байкенов, Ақмырза Тұяқбаев, Хадиша Баймұхамедова, Күндебай Алдоңғаров, Мырзабай Әділов, Қалампыр Әділова, Сәбит Жүсіпов, т.б. белгілі айтыскер ақындар, термеші, әнші, биші, күйшілер, қысқасы, ел ішінен шыққан таланттар болған. Қалың жұртшылық оларды күтіп отырған.

Соңғы жылдары Н. Бекежановтың творчествосы зерттеліп, өлеңдер жинағы шыға бастады. Оның «Аманат» атты жинағына өлеңдері, айтыстары мен дастандары енген. Шиелі аудандық мәдениет үйі жанынан «Нартай мектебін» аштық. Оған Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, белгілі әнші-термеші Құрманбек Бекпейісов жетекшілік жасайды. «Нартай мектебінің» түлектері Мейірбек, Нұртілек, Ержан, Еркін, Ақмарал, Әзілхан, Інжу, Елжас, Мұханбетәлілер көп үміт күттіретін таланттар.

Нартай өмірін зерттеп, әндерін насихаттап, орындаушылардың бірі — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Жазушылар, Журналистер одақтарының мүшесі, сазгер, термеші, әнші Мұхамеджан Рүстемов болды. Ол «Аманат» кітабын құрастырушы болса, «Дауылпаз дарын» деректі повесінде Нартай өмірін тың деректермен толықтырған.

Жергілікті ақын Айдар Достияров «Өздерің білер Нартаймын» кітабында ақын өмірін, шығармашылығын, ізбасарларын сипаттаса, елдегі композитор Өркен Исмаил белгілі жаңақорғандық ақын Қадыр Жүсіповтың Нартайға арнаған «Нартай әні» өлеңіне ән жазып, Нартайдың туғанына 100 жыл мерекелік тойына тарту етті. Қасиетті өнер иесі Нартайдың 90 жылдық тойына академик Мұхамеджан Қаратаев, композитор Шәмші Қалдаяқов, атақты жырау Шәмшат Төлепова, Нартай әнін насихаттап орындаушы Мұхамеджан Рүстемовтер қатысқанын біреу білсе, біреу білмейді.

Ақынның асыл мұрасын келер ұрпаққа аманаттаған Балқашбай Жүсіпов, Шәмшат Төлепова, Манап Көкенов, Тұрғанкүл Байқоңырова, Арзулла Молжігітов, Әбіләш Әбуов Нартайдың сенімді шәкірттері болса, Тәліп Райымбеков, Мырзабай Әділов, Палжігіт Берсүгіров, Құтпай Дүрбаевтар әншінің әніне ән қосқан тұрғыластары, өнердегі үзеңгілес достары бола білген.

Нартай сазы әрбір тыңдаушының жүрегінен орын алып жатса — әннің құдіреттілігі, жасампаздығы. Олай болса, атағы алысқа кеткен ақын Нартайдың кең иірімдерге толы, жүрегіңді дір еткізер сазға шомылған әндері — қазақ елінің көгінде қалықтай береді ғой деймін.

«Үркер»: Ақынның 120 жылдығы қалай аталып өтпекші? Қандай іс-шараларды іске асырмақшысыздар?

Н.Нәлібаев: Аудан көлемінде ақынның 120 жылдық мерейтойына арналған мәдени шаралар аудан орталығында «Өздерің білер Нартаймын» атты облыстық жас ақындар айтысымен, мәдени ошақтардағы түрлі шаралармен басталып та кетті.

Енді осы жылдың қыркүйек, қазан айларында Нартай Бекежановтың мемориалдық музейінде ақын мерейтойына арналған ғылыми — практикалық конференция, дәстүрлі әншілердің шеберлік кластарын өткізуді және республикалық деңгейде «Ән еркесі — Нартай» атты дәстүрлі әншілер фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Аталған фестиваль дәстүрлі шара ретінде биылғы жылы екінші мәрте өткізіледі.

Қазіргі уақытта дәстүрлі Нартай мектебінің жетекшісі Құрманбек Бекпейісовтің ұйымдастыруымен ақынның музыкалық өңдеуден өткен шығармалары аудио-дискіге түсірілуде. Біз бұған қаржылай қолдау көрсету мүмкіндігін қарастырудамыз. Нартай шығармашылығын оның туған топырағында насихаттау одан әрі де түрлі шаралармен жалғаса беретін болады.

«Үркер»: Жуықта рухани астана — Алматыда Нартай көшесі ашылуының рәсімі өтпекші. Сіздерде ақынды мәңгі есте қалдыру мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?

Н.Нәлібаев: Ия, дұрыс айтасыз. Алматы қаласынан Ыбырай Жақаев атамыз бен Нартай атамызға бірдей көше берілгенін естіп, ел болып қуанып қалдық. Ұлтымызға белгілі азаматтарға көше аты берілуі — дарынға деген құрмет. Осындай қамқорлықтары үшін Алматы қаласының әкімі Ахметжан Смағұлұлы Есімовке, қалалық мәслихат депутаттарына аудан жұртшылығының атынан шексіз ризашылығымызды білдіргіміз келеді.

Бүгінде Нартай Бекежановтың есімі мәңгі сақталуда. Қызылорда қаласындағы облыстық қазақ музыкалық драма театры Нартай Бекежановтың есімімен аталса, туған ауылы — Нартай ауылы делінеді. Шиелі кентіндегі үлкен көшеге аты берілген.

Сұхбатты жүргізген Қ.Ақордаұлы