Қазақ фольклорындағы аспан әлемі атаулары

633

Жер-суды танып қарастыратын қазақ топонимдік фольклорына қатысы бар саланың бірі – аспан денелеріне байланысты атаулар. Ежелгі қазақ халқы жазу-сызу болмаған кезде, аспанға қарап, келешекті болжаған, соған сәйкес, табиғат құбылыстарының реттілігін, сипатын айқындай білген. Аты айтып тұрғандай, бұл сала өз табиғатында аспан әлемі мен кеңістігі, ғарыштық сфера мен оның халық танымындағы көрінісін қарастырады. Ескеретін бір жайт, космологияның аясына кіретін түсініктер түрлі уақыттың өлшемінен трансформацияланған. Қазақ тумысынан өз өмірін жұлдызға «аманаттайды». Бұл дегеніңіз – халық арасындағы әр адамның өзінің жұлдызы болады, жер бетінде қанша адам болса, сонша жұлдыз бар деп есептегендіктен туған дүние. Ел арасындағы «менің жұлдызым», «жұлдызың оңыңнан тусын» немесе «жұлдызы жанған» деген тіркестер осының айғағы. Егер, адамның жұлдызы жарқырап айқын жанса, онда жердегі жұлдыздың иесі бақытты адам деп есептелген. Адам өлгенде, оның жұлдызы ағып түседі деген. Мұндай түсініктер – ежелгі анимистік танымнан туындап, қалыптасқан ұғымдар деуге болады. Топонимдік фольклордың аясына тек жер үстінің әлемі ғана емес, сонымен бірге, аспан әлеміндегі халық қиялы туғызған аңыздар да енеді. Қазақ мифтік танымында Күн мен Жер дихотомиялық құбылыс ретінде көрініс табады, яғни, күн – күйеу, жер – әйел образында келеді. Ай ару кейпінде сақталған. Сонда Жер әйел образында келіп, отбасын, ана мен баланы қорғаушы ретінде сақталса, ал, Ай – мәңгілік жастықтың, аспани арулықтың символы. Күн – қай кезде де, қай жерде де тұрақты мәнде келеді, Ай оның көктегі серігі, Күннің қосыла алмай кеткен ғашығы ретінде сипатталады. Мына мифті келтірейік: «Асылында, ай ару мен күн күйеу, көк аспанда ғашық-машықтар еді. Олар ұдайы қараңғылықты қуғындауменен айналысып, біреуі күндіз, біреуі түнде көшіп-қонып, өмірбақи өріс-қоныстары айқаспағандықтан, бір-біріне қосыла алмаған екен. Көк жүзін кезіп қанша іздесе де кездесе алмайды. Олар осы ауыр халдеріне қайғырғанда, аспанды бұлт қаптайды, кейде қабақтарынан қар борайды. Сағыныштан саулаған жастары жаңбыр болып жауады. Кейде құсалықтан тұтанған күйі отты жүздерін жалын болып шарпиды, бұл сәттерінде, күннің көзі, айдың жүзі тұтылады» [1, 12].

Қазақ фольклорында, әсіресе, жұлдыздарға байланысты аңыз сюжеттер кең орын алады. Оның себебі екеу: біріншіден, өздерінің малшылық, бақташылық өмір салтына байланысты, жұлдыздарға қарап, бағдар алу үшін, екіншіден, халық жердегі өмірлерін аспанға теліп, жер бетінде өздері атаған табиғат бедерінің, белгілерінің, құбылыстарының қойылуын олар жөніндегі аңыздау мотивтерін аспан әлемін танып білуге пайдаланған. Айталық, Темірқазық жұлдызын қазақ халқы бағдар ретінде қолданған. Оның атауының шығуы да атына сай, қазыққа қағылғандай, бір орында қозғалмастан телміріп тұрады. «Темірқазық түнгі аспанның шырқау биігі – жоғарғы нүктесінде орналасқан. Кейде Солтүстік жарты шардың осынау орталық жұлдызын Алтын Қазық деп те атайды. Оған Тәңір өзінің аттарын байлайды. Темірқазықтың қасындағы қос жарық жұлдыз – Тәңірдің ақбоз тұлпарлары» [2, 210-б.], – деген түсініктен темірқазықтың Тәңірге «бағынышты» туған космобейне екенін көреміз. Ал, осы мифтің заңды жалғасы іспетті мына сюжетке назар аударсақ: «Ақбозат пен Көкбозат арқанмен Темірқазыққа арқандаулы – Жетіқарақшы түнімен бұл екі атты ұрлаймыз деп торып, аттар қозғалмай, қағулы тұрған қазықты айналып, күзетті алдырмай, таң атып кетеді» 1, 17-б.]. Сонда бұл жерден Темірқазықтың тұрақты, орнықты жұлдыз екенін көреміз, ал, Жетіқарақшы «ұры», көп жұлдызға қастандық қылушы озбыр ретінде көрінеді. Жетіқарақшы жұлдызы турасындағы мифтердің типологиялық басты белгілері мынадай сюжеттерді құрайды:

1. Жетіқарақшы ел арасында ұры, баукеспе болған, оларды халық соңынан түсіп қуғаннан кейін, жеті ұры аспанға жұлдыз болып кеткен. Алдыңғы төртеуі – көшбасшылары, кейінгі үшеуі – құйыршықтары.

2. Түнімен «ұйықтамай», басқаларға озбырлық көрсетіп, таң ата өздерінің істеген істеріне өкініп, қайғырады да, аспан әлемінен жоғалып кетеді.

3. Жетіқарақшы жұлдызының – алтауы – ұрылар да, ең кішкенесі – алтауының ортасында тұратын патша әйел.

4. Жетіқарақшы жұлдызы жерде мекен етіп, кейін өлген 7 қарақшының рухынан пайда болған жұлдыз.

5. Ең ішіндегі жарқырап тұрғаны – қарақшылардың бастығы, көмескіленіп тұрғаны – тұтқында отырған Үркердің қызы (Үлпілдек). «Жетіқарақшы мен Үркер жайында» [2, 205-б.] деген мифте Жетіқарақшының Үркердің қызы Үлпілдекті айттыра алмай, өздерінің арасындағы «қақтығыстары» туралы айтылады. Сонда біз жоғарыда Жетіқарақшы жұлдызы турасында халық арасындағы сюжеттік бейнесін білдіріп өттік. Бұл сюжеттің қиял негізде құралғандығын оның аталуында екіәлемдік жүйенің қосындысынан туған космонимдік атаудың көрініс беріп тұруынан байқауға болады. Бұл жұлдыз да, әуелі жерде болып, кейін көкке ұшуға мәжбүр болған. Мына мифтік сюжет соны білдіреді. Бұлардан кейінгі үлкен жұлдыз – Үркер. Бұл жұлдыз Аспан әлемі мен Жер әлемі арасындағы немесе Көк Тәңір мен Жер Тәңірдің арасындағы қатар «өмір сүруші қосмекенді» ретінде қабылданған. Өйткені, олар алдымен Жерде өмір сүрген, ол кезде мәңгілік жаз болған екен. Аласапыран кез болып, табиғат өзгергеннен кейін ұйықтап жатқан 12 Үркерді барлық жануарлар өлтірмек болады. «Үркерлерді өлтірсең, мәңгілік жаз болады» дегенді естігеннен кейін, әрқайсысы бөліп алып таптамақ болады. Тек қана сиырдың тұяғы аша болғандықтан, оған бөлінген 6 жұлдыз аспанға ұшып кетіпті делінеді. «Үркер» турасындағы барлық мифтерде кездесетін сюжет – оның бұрын жерде өмір сүріп, жануарлардың үстемдігімен аспанға кетуі. Ал, ол сюжеттің варианттары түрлі болып келеді. Мәселен, бір жерде Үркерлер өздерімен өздері ұйықтап жатады десе, бір жерде оның құрт болғанын, оны түйе табанымен басып тұрып, сиырға ұстата тұрған делінеді, келесі бір жерде Үркер Сұлусарыны Жетіқарақшы ұрлап қояды деп олардан қашып, жерге келіп, қырық күнге жатып алуы. Сонда барлық жерде Үркер мәңгілік жаздың бейнесі ретінде көрініс береді. Халық танымындағы ерекше жұлдыз – Шолпан жұлдызы. «Зуһра – Алланың шын сүйікті пендесі. Оны Әза мен Әзайа атты періштелер сұлулығына қызығып, алдап қолға түсіреді. Зина жасауға зорлайды. Оның қашып құтылуға ешқандай мүмкіндігі болмай қалады. Ақырында Алланың мың есімін үйретуді өтінеді. Өйткені, ол Алланың мың есімін жаттап алғанда, көкке ұша алатын қасиет пайда болатынын білетін еді. Зуһра дәрет алып, таң жақындағанда «мына пәлелерден құтқар» деп Аллаға сыйынады. Көкке көтеріліп, барлық халық қастерлейтін жұлдызға айналып кетеді. Еуропаша – Венера, арабша – Зуһра, түрікше – Шолпан – сол жұлдыз» [1, 22-б.]. Бұл миф те барлық жұлдыз атаулының «табиғатына сәйкес жерден жапа шегіп, көкке бару идеясымен сәйкес келіп, бірақ ислам түсінігімен, ұғымдарымен бейнеленеді. Бұл жұлдыздың қасиеттілігі турасында мынадай түсінік бар. Венера, бәрімізге белгілі ежелгі грек мифологиясында махаббат, әдемілік құдайы болып саналады. Сол себепті, көп ата-ана қыздарына сұлу болсын деген ниетпен «Венера» деп ат қойып жатады. Немесе бұл жұлдызды «Бақташы жұлдыз» деп атаған. Өйткені, осы жұлдыз туысымен малшылар қойды түнемеге алып кететін болған да, бұл жұлдыз бағдар көрсетуші ретінде қызмет атқарған. Сонымен бірге, Шолпан ғашықтарды желеп-жебеуші, оларға көмектесуші ретінде көрініс береді. «Шолпанның қыста тууы қатты суықтың нышанын білдіреді. Соны алдын-ала ескертерде, ол айрықша жарқырап көрінеді. Осыған байланысты, оның Тұл қатын деген тағы бір аты бар. Ескі наным бойынша, Венера планетасын әлі тумаған адамдардың жандары мекендейді. Оның құпия жарығына адамдардың құмар болатыны сондықтан шығар-ау» [2, 209-б.]. О.Жанайдаров айтқан бұл пікір, негізінен, дұрыс. Бірақ Шолпанның Тұл қатын атану себебі қыстағы суыққа байланысты емес, таң алдында аспан төрінен басқа жұлдыздар жоғалғанда, оның өзінің ғана жалғыз қалуына байланысты айтылған. «Шолпан» жұлдызының аталуының типологиялық белгілеріне сәйкес, оның астарынан тәңіршілдік діннің де танымын көруге болады. Себебі жоғарыда айтылған сюжетке сүйенетін болсақ, Зуһраның тәңірден жалбарынып сұрап, оның қауіптен құтылу мақсатында жоғарыға көтеріліп кетуінің өзінен біз аспан әлемінің топонимдік қабатының бір үзігін көреміз. Ескі түсінік бойынша, халық үш әлемнің құбылыстары, адамдары, құрылғылары ауысып, бір-бірімен орын алмастырып жүре береді деп ойлаған, соған сәйкес үш әлемдегі жүйе бір-біріне тез көшірілетін қондырғы деп есептеген. Міне, осы мақсатта, жердегі болып жатқан оқиғаның аспан әлеміне бір-ақ шығуы – ескі анимистік түсінік болса керек. Қалай болғанда да, халық жұлдыздарға ат бергенде, аспанның өзінен алып қоймайтыны белгілі. Ол атаудың бәрі өздері таныған дүние, тұтынған заттарына ұқсата бейнелеуінен туған. Мысалға, арқарға байланысты топонимдер жер бетінен орын алып отырса, оның аспандық варианты Үш арқар деп аталып кете барған. Осы «Үшқарқар» жұлдызы және оның айналасына топталған жұлдыздар турасында мынадай миф бар: «Бірінің артына бірі созылып тұрған үш ірі жұлдыз – шұбап бара жатқан үш арқар, оған көлденең тізіліп тұрған «қиқымдай» Шайтантараз дейтін үш жұлдыз, үш арқарды кезеп атқалы тұрған Көгалдай мергеннің «Көкшақпағы». Шақпақ – үлкенірек көк жұлдыз. Ол Үшарқардың бүйірін ала тұрады. Үшарқардың аржағындағы үлкен қызғылт арқарлардан әрі өтіп кеткен мергеннің қызарған оғы. Күңгірт теңбіл байқалады. Ол мергеннің мылтығының түтінінен пайда болған. Үшарқардың соңғысы – кішірек. Оны мекиені (ұрғашысы) дейді» [2, 15-б.]. Сонда бұл жұлдыз мергенге байланысты, оның іс-әрекетіне байланысты құрылғанын көреміз. Жалпы жұлдыз атаулының қайсысын алсақ та, онда табиғаттың заңдылығына сәйкес, күрес заңы қатты даму үстінде болады және мергендер «атсалысады». Келесі бір мифте аңшылардың орман ішінде әдемі арқарларды көріп, оларды ұстаймыз деп иттері шаба жөнелгенде, арқар, иттердің бәрі көкке кометалар арасына көтеріліп кеткендігі айтылады. Арқардың маңында айналып жүрген сол иттер деп болжаған халық оған «Үш арқар таразы» деген айдар тағыпты [1, 210-б.]. Сөйтіп, жұлдыздар туралы фольклорлық сюжеттер олардың әуелі жер бетінде болып, кейін көкке көтерілгенін әңгімелейді. Бұл, бір жағынан, «екі өмір бар» дегенді білдіретін сияқты көрінеді. Біз топонимдік фольклорды зерттеу нысанасына алғанымызбен, аспан денелеріне байланысты туындаған қиял негізді сюжеттерді сөз етіп отырғанымыз олардың дені жер бетіндегі тіршілік, адамдардың әртүрлі әрекетіне, шаруашылық жағдайына, басқа да себептерге қатысты болғандықтан деп түсінген жөн. Сондай әрекетке байланысты фольклорлық сюжеттің бірі – Есекқырған аталады. Есекқырған жұлдызы басқаларға қарағанда, әдейі, қасақана жердегі есектерді қыруға бағытталған «жалмаушы» ретінде көрінеді. Оның мәтіні былай: «Зат тиелген шаналарға есек жеккен керуен үдере көшіп, жолдағы бекетке қонады. Шолпан туып қалыпты деп, шығыстан келе жатқан жарық жұлдызды көріп, шатастырған керуен иесі жолға түсіп тарта береді, күн суытады. Керуен жолдан адасады. Жылы жерден шыққан есектер суықты көтермей қырылып қалады. Осылайша жарық жұлдыз есекті қыруға шыққан «Есекқырған» жұлдыз аталады [2, 23-б.]. Түсін құбылтып, «жолдан адастырушы, тайдырушы» кейіпте шыққан бұл жұлдыз осылайша трагедиялы оқиғаға соқтырады.

Тіршілік-тынысы табиғат аясында өтетін, ғұмыры даламен тығыз байланысты қазақ халқының табиғаттың жіті зерттеушісі де бола білгендігін осыдан-ақ байқауға болады.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1 Қазақтың мифтік әңгімелері. – Алматы: Ғылым, 2002. – 320 б.

2 Жанайдаров О. Ежелгі Қазақстан мифтері. – Астана: Аруна, 2006. – 252 бет.

Пангереев А.Ш

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік

университетінің профессоры,

филология ғылымдарының кандидаты