«Жамбыл — менің жай атым, Халық — менің шын атым»

1023

Алматы қаласындағаы Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында қазақ ауыз әдебиетінің алыбы, жыр дүлдүлі, суырыпсалма ақындықтың хас шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған «Ұлы дала жыршысы» атты халықаралық симпозиум өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Серік Қирабаев, Халықаралық Түркі Академиясының құрметті профессоры, филология ғылымының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик А.Ақматалиев, Колумбия университетінің профессоры Р.Абазов, Ш.Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Ратиани Ирма және т.б. ғалымдар қатысты.
Алқалы жиынды М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, филология ғылымының докторы Уәлихан Қалижанов ашып, жүргізіп отырды.

«Заманымыздың небір ірі тұлғалары Жамбылдың ақындығына әділ баға беріп, шын тәнті болған. Мұхтар Әуезов Жамбылды: «ақыл-ойдың алғыры» десе, Ғабит Мүсірепов: «Жамбыл өмірге жымия қарап, сынай өскен ақын еді. Оның ойлы көздерінің түбінде қашан да бір сықақ тұратын» дейді. Сәкен Сейфуллин: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды» десе, Тұрар Рысқұлов: «Жамбыл қай заманда болса да шындықты айта білді. Сол үшін халқы оны жақсы көреді» деп жазды. Жамбыл поэзия­сы – шыншыл поэзия» деп У.Қалижанов симпозиумға қатысушыларды жыр алыбының мерейтойымен құттықтады.Gulshara
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова өзінің құттықтау сөзінде Жамбыл Жабаев шығармалары қазақ халқының өмірімен және тарихымен өзара тығыз байланысып жатқанын, оның шығармаларындағы негізгі ой өрімдері Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынған «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясымен үндесетінін баса айтты. «Ұлтымыздың ұлы ақыны, жыр дүлдүлі Жамбыл ­Жабаев өз өмірі мен өнерін адамгершілік құнды­лықтарды, мейірімді жырға қосуға арнаған. Оның туындылары әлемнің 50-ге тарта халқының тілдеріне аударылды. Оның шығармашылығы тек қазақ қана емес, әлем ғалымдарының зерттеу нысанына айналды. Ел тарихында халқымыздың рухани тұғырын көтеруді мұрат еткен екі тұлға бар. Олардың бірі Абай болса, екіншісі – ­Жамбыл Жабаев. Қос бәйтеректің де өлеңдері өзектес, тамырлас келеді. Олардың екеуі де ел еңсесі биік болса деген мұратын жырына арқау етті. Өткен жылы ұлы Абайдың 170 жылдығын ел болып атап өтсек, ұлы Жамбылдың биылғы мерейтойы осынау рухани игіліктің жарасымды жалғасына айналуда. «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» деп жырлаған ұлы жырау халықтың ғасырлар бойы көкейінде жүрген арман-мұратын жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлы Жамбылға адамдық пен адамгершіліктің, әділеттілік пен ізгіліктің алып жыршысы деген тарихи бағасын берді. Жамбыл бабамыздың шығармашылық мұрасы халқының талайғы тарихи шынайы өмірінің айнасы. Қазақтың Гомері атанған ақынның эпикалық дастандарынан, айтыстары мен жыр толғауларынан біз ұлтымыздың өзіндік болмысын, өмір салтын, өркендік дүниетаным мен арман-мақсаттарын байқаймыз. Ел бірлігін сақтаған татулықты айт деп жырлаған Жамбылдың туындыларынан бүгінгі бейбіт тірлік пен берекелі өмірін көргендей боламыз. Жамбыл шығармаларының негізгі идеясы бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның қарышты қадамдарымен, жасампаз істерімен үндесіп келеді. Дәлірек айтсақ, Елбасымыз ұсынған «Мәңгілік Ел» Жалпыұлттық патриоттық идеясымен тамырласып, мазмұндасып жатыр. Өткен жылы адамзаттың материалдық емес, мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енген халқымыздың айтыс өнерін мазмұны мен түр жағынан байытып, оны биік көркемдік деңгейге көтерген Жамбыл аса дарынды айтыскер ақын ретінде танылды. Ақынның шығармаларының биік шоқтығына айналған Құлманбетпен, Сарбаспен, Майлықожамен, Айкүміспен, Шашубаймен айтыстары ұлттық өнерімізді жаңа биікке шырқатты. Адамзаттың рухани құндылықтарының қатарында ерекше орын алып, бүгінде 100 томдық шығарып жатқан қазақ халқының фольклорлық, этникалық өнеріне Жамбыл ақынның қосқан үлесі зор. Сөз зергері Мұхтар Әуезов ақындардың ақыны Жамбыл Жабаев шығармаларының әр сөзінің салмағын сезініп, оны тәуелсіздік тұрғысынан бағамдап береді. Жамбыл руханияты – халық өмірі. Жамбыл өмірі ұлт тағдырымен тамырлас тамаша тағдыр, Жамбыл шығармашылығы ұлағатты қазына» деген Г.Әбдіқалықова Жамбыл мерейтойын ел-елде атап өту парыз екенін атап өтті.
Алматы облысы әкімінің орынбасары Бахтияр Өнербаев облыс әкімі Амандық Баталовтың атынан құттықтау сөзін арнады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыр алыбы Жамбылды қазақтың дәстүрлі әдебиетінің аса дарынды асқақ алып өкілі деген еді. Поэзиядағы даналық қасиеті, жыршылдығы мен турашылдығы бүгінгі және келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге. «Жамбыл – менің өз атым, Халық – менің шын атым» дегенінен де өзінен халқын биік қойғаны жоғары бағаланады. Қасиетті өлең киесі, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың шығармалары уақыт өткен сайын саф алтындай жарқырай түсуде. «Өтірікті сүймедім, Дүние үшін күймедім. Алтынына біреудің, Жолда жатса тимедім» деп ол халық қадір тұтқан ел қасиеттерін ардақтап өтті. Небір дүлдүлдермен сайысқа түсіп, «Манас», «Ертөстік» деген эпостық жырларды жырлаумен ыстық ықыласқа бөленді. 100 жылдық ғұмырының 85-ін өлең-жырмен өткізді. Ұлы жыраулар үлгісін жаңғыртты, үлттық рухты оятты. Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет, Ақтамберді, Бұқар жырау, Махамбет, Мұрат Мөңкеұлы, бабамыз Сүйінбай, Бақтыбай сынды дау­ылпаз ақындардың асыл мұраттарын жалғады. Жамбыл өмір бойы халықтың сөзін сөйледі. Сұрапыл соғыс жылдары өз өлендерімен бүкіл одақ жауынгер­лері­нің жігерін жаныды. «Лениградтық өренім» деген рухты жырының әрбір сөзі неміс басқыншыларына оқтай әсер берді. Жамбыл ауданы ақын есімін ұлықтау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастыруда. Республикалық ақындар айтысы Майлықожа, Бақтыбай, Біржан – Сара сынды ақындар өнерінің заңды жалғасы. Жуықта «Жамбыл» фильмінің де көрсетілім болады. Ақпанның 28-і күні Жамбылдың 170 жылдығына орай мерейтойын атап өту жоспарлануда. Жыр алыбын біз құрметтеп, ардақ тұтамыз. Жыл сайын дәстүрлі түрде Жамбыл күні мерекесін өткізу біз үшін құрмет. Жамбыл тойы – қазақ мәдениетінің, әдебиетінің тойы» деді Б.Өнербаев.
ҚР Мәдениет және спорт вице-ми­нистрі Ғалым Ахмедьяров министрлік аты­нан құттықтау сөз арнап, Жамбыл есімін ұлықтаудың маңызы зор баса айтты.24
ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, Жамбыл айтыс ақыны әрі жырау, жауынгер жыршы, шын мағынасындағы биік, парасатты өнер иесі екендігіне тоқталып, ақынның өмір жолы жайлы сыр шертті.
Ал Жамбыл шығармашылығына жаңаша көзқараспен өз пайымын ортаға салған қазақ әдеби сынының сардары, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты директорының кеңесшісі, ҚР ҰҒА-ның академигі, филология ғылымының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Қирабаев баяндамасы да мазмұнды болды.
Халықаралық Түркі Академиясының профессоры, филология ғылымының докторы, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков «Жамбыл және айтыс: көркемдігі мен тарихилығы» тақы­рыбындағы баяндамасында ақын­ның айтыстағы жырларының өзіндік ерекше­ліктеріне тоқталып, талдау жасады.
Симпозиум барысында ­Жамбыл Жабаевтың сөз өнеріндегі орны, шығармашылығының көркемдік ерекшелігі және оның әдеби мұрасына жаңаша көзқарас тұрғысынан тұшымды ойлар айтылып, баяндамалар жасалды. Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазов Жамбыл шығармашылығы табиғатпен үндес, әлемдік деңгейдегі тұлға екендігін тілге тиек етті. Ш.Руставели атындағы Грузин әдебиеті институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Ратиани Ирма «Шота Руставели және Жамбыл поэзиясындағы оның бейнесі» тақырыбында, Қырғыз Республикасы ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Абдылдажан Ақматалиев «Жамбыл және қырғыз ақындары», М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Фольклортану бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Бақытжан Әзібаева «Жамбыл жырларындағы фольклорлық сарындар», Тұран университетінің кино жәе телевидение кафедрасының меңгерушісі, өнертану ғылымының докторы, профессор Гүлнәр Әбікеева «Жамбылдың кинодағы бейнесі» тақырыптары бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен еліміздегі Шет тілдері және іскерлік карьера университетінің ректоры, тарих ғылымының докторы Сабри Хилметли Түрік әлеміндегі Жамбыл поэзиясы жайлы сөз етсе, Қ.А.Иасауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Құлбек Ергөбек Ұлы Отан соғысы жылдарындағы халық поэзиясы хақында ой өрбітті. Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, филология ғылымының докторы Бекен Ыбырайым «Жамбыл және 1920-1930 жылдардағы қазақ поэзиясы», Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Серік Негимов «Жамбыл және шешендік өнерді жалғастырушы» тақырыптарында баяндама жасады.

Ақбота ИСЛӘМБЕК




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *