Бірлік бар жерде береке бар

185

Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасындағы өңіраралық сауда айналымы сырттан тасымалданатын тауарлар легін азайтады

Екі өңірдің арасындағы арасындағы алтын көпірдің негізі бұған дейін қаланған еді. Ал наурыздың басында Ақтөбе қаласында өткен көрме-жәрмеңкеде сол әріптестік қарым-қатынас жаңа деңгейге көтерілді. Қызылордалық тауар өндірушілер Ақтөбе облысында болып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі мен кәсіпорындар көрмесін ұйымдастырды.

Сыр өңірінде өндірілетін өнімдерге сұраныс та, сапасы да жоғары, ең бастысы, бағасы нарықтан 20-30 пайыз төмен болғандықтан көрме-жәрмеңкеге халық көп жиналды. Сыр бойынан жеткен өнімдер Ақтөбедегі «Орда» сауда үйінің іші-сыртына түгел қойылды. Қызылордалық тауар өндірушілер мен кәсіпкерлер 22 түрлі өнім түрінен 130 тоннадан асатын тауар апарды.

Бағасы қолжетімді тауарлар жұртшылық назарына ұсынылып, облыстың кәсіпкерлік мүмкіндігі таныстырылды.  Елбасы тапсырмасын  Сыр өңірі алғашқылардың бірі болып  жүзеге асырып, осы сапарда еліміздің солтүстік-батыс аймағымен ынтамақтастық келісім жасалды. Екіжақты іскерлік, кәсіпкерлік ынтымақтастық, жаңа мүмкіндіктерді сарапқа салған кәсіпкерлер экономикалық дағдарыс кезінде өз бизнестерін құлдыратпай, алға жылжыту үшін тәжірибелерімен бөлісті.

Аймақтар бизнесмендері бірлесе жұмыс жасап, осылайша өңірлер арасындағы сауда айналымын арттырса, импортты алмастыру үрдісіне үлкен үлес қосары анық. Қазіргідей қысылтаяң уақытта қажетті өнім мен тауарларды сырттан тасымай, екі облыс бір-бірінің керегін қамтып отырса, мұның өзі ел экономикасының дамуына елеулі үлесін қоспақ.

Жәрмеңкеде картоптың бір келісі 50 теңгеден,  сәбіз 45, пияз 40, қырыққабат пен қызылша 60 теңгеден, ал  еттің келісі  950 теңгеден  сатылды. Әсіресе, балық өнімдері қызу саудаланды. Сазан, шортан, ақмарқа, мөңке секілді түрлері  әп-сәтте сатылып кетті. Базар нарқынан 15-20 пайыз төмен бағада ұсынылған тауарлардың ішінде, Сырдың басты дақылы –  ақ күрішке  ақтөбеліктердің  сұранысы зор болды. Саудаға шығарылған  30  миллион теңгенің өнімін ақтөбеліктер сатып алды.

Шетелдерден келетін өнімдерді азайту үшін бірінші кезекте ішкі мүмкіндіктер жан-жақты зерттеледі. Сырттан импортталатын тауарларды ел ішінде тиімді бағамен сатып алу кәсіпкерлер үшін оңтайлы. Осы ретте көрме-жәрмеңкенің кәсіпкерлерге тигізген пайдасын айта кеткен жөн.  Мысалы, «Арал-тұз» ЖШС Ақтөбедегі «Анвар» сауда орталығымен келісіп, тікелей, делдалсыз тұз өнімдерін зауыт бағасымен жеткізуді қолға алды. Сонымен қатар күріш өндіретін «АгроХолдинг Байқоңыр» «Ақтөбе» ӘКК келісіп, 150 теңгеден күріш ұсынып отыр. Мұнымен қоса, облыста ұн өңдейтін комбинат Ақтөбеден бидай алып, сол ұнды жергілікті нарыққа шығаруда.

Экономикалық дағдарыс кезінде өз елімізде өндірілетін өнімдер сырттан тасымалданбауы керек. Бұл дағдарыстан тезірек шығуды, экономиканы дамытып, жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз етеді.

Бұрын Қызылорда мен Ақтөбе арасына тауар тасымалдауға бірден бір кедергі – жол еді. Қазір екі облыс арасында тақтайдай тегіс жол сайрап жатыр. Осы сапардан әсіресе, балық өндірушілер қанаттанып қайтты. Атакәсіп – балық шаруашылығын дамытып отырған олар көрші облыс халқының сұранысына  орай жұмыс істеуді жоспарлап отыр.

Қызылорда облыстық «Атамекен» ҰКП басшылығының  өкілі  Дархан Мырзаелиев жәрмеңке жұмысын жоғары бағалап, мұндай шаралардың өңіраралық байланысты жақсартуда маңызы зор екенін атап өтті. «Қызылорда және Ақтөбе облыстары арасындағы өңіраралық сауда байланыстарын жақсарту аймақтағы кәсіпкерліктің дамуына әсер етеді. Сондықтан мұндай шараларды жиірек өткізіп тұрғанымыз жөн»,-деді ол.

Сырбойылықтар жайған жәрмеңке өз өніміміздің  сырттан тасымалданатын тауарлардан еш кем түспейтінін, халықтың сұранысы жоғары екенін тағы да дәлелдеп берді.

 

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *