АУЫЛ ШАРУАЛАРЫНЫҢ ШАРАПАТЫ

183

Қымызбен емдейтін сауықтыру кешені жұмыс істейді

Жамбыл облысындағы шаруа қожалық иелері мал шаруашылығынан бөлек, туризм саласына да бет бұра бастады. Атап айтқанда, Тұрар Рысқұлов ауданында «Шәушен» ШҚ фермасының жанынан қымыз дайындайтын цех салынуда. Мұнда қазір  сауықтыру кешенін іске қосудың дайындық жұмыстары аяқталуға таяу. 

Неизвестный объект«Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев ата бабалар дәстүрін ілгері жалғастырудың көшбасшысы атанған. Ауыл фермері тау етегінен қымызбен емдеу орталығын ашуды бұрыннан ойластырып жүреді екен. Қазір ол ойға алған жобасын іске асыру мақсатында көп ізденіп, қымыз өндірудің ерте замандардан келе жатқан тәжірибесін қайта жаңғыртуға бел шешіп кірісіп жүр. Бұл жөнінде ол арнайы мамандармен де ақылдасып, қажетті кеңес алуды жөн санаған. Өйткені, қымыз баптаудың құпиясы көп. Оны толық меңгермейінше, қолға алған жұмыстың оң нәтиже бермейтіндігін фермер жақсы түсінеді.
Қожалық жетекшісі С.Дөненбаев 2014 жылы қымыз өндіру үшін өз қаражатына жалпы құны 250 миллион теңге жылқы фермасы жобасын іске қосқан болатын. Содан беріде біраз тәжірибе жинақтағаны белгілі. Ал, мына қымыз дайындайтын цех енді сауықтыру кешеніне бірыңғай қызмет ететін болады. Оның да өзіндік қиындықтары бар. Бірақ, қолға алған істі жеріне жеткізбей болмайды. Өйткені, емге-дәру, шипалы сусынды ұлттық брендке айналдыру үшін көп тер төгіу керек. Қазір мұнда желіде екі ауысымда (күндізгі және түнгі) 250-ден 500 бие байланып тұр. Алдағы уақытта желіге мың бас бие байлау көзделіп отыр.
Тау бөктеріндегі қымызбен емдеу орта­лығында қолға алынған заманауи қонақ үй, сауна, бассейн тағы басқа да нысандардың құрылысы толық аяқталды. Мұнда келушілер тек қымыз ішіп қоймайды, сан түрлі ұлттық тағамдарға да арнайы тапсырыс бере алады. Таза тау ауасы, көңілді саяхат, емдеу орталығының мінсіз қызметі жұртшы­лықтың жанын сергітіп, қуанышты сезімге бөлері анық. Десе де, шипалы сусын-қымыздың жөні бөлек ғой. Оның бағасы да қымбат емес, келушілерге қолжетімді бағамен ұсы­нылады. Ерекше атап өтерлігі, шаруашылық бас­шысы мұнда Ұлы Отан соғысының ардагерлерінің қымызбен емделуіне есік­терін айқара ашады, бұл ретте тегін арнайы екі бөлме қарастырылған.
Қымызбен сауықтыру кешенінде тәжірибелі технологтар сұранысқа қарай ұлттық сусынның бірнеше түрін дайындайды. Негізінен тапсырыс Астана, Алматы қалаларынан түседі. Фермада көбінде халықтың сұранысы бойынша жуас қымыз, асау қымыз, сүр қымыз дайындалады. Қыс айларында сұраныс көбіне асау қымызға болады. Ал жазда жуас қымызға сұраныс көп. Сондықтан бағалы сусын 20 тоннаға шақталған қоймада сақталады.
Жуырда мемлекеттің «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы  кешенге 7 шақырым жерден электр желісі тартылды. Ендігі міндет – саяхатшыларды ынталандыратын арнайы бағдарлама жасақтап, туристік салада жұмыс істейтін мамандар даярлау болып отыр.
Туристерді қабылдау үшін сауықтыру кешенін EXPO-2017 көрмесінің алдында толық қуатында іске қосу – басты нысанаға айналған.

Ибрагим Бекмаханұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *