Шаруа мүддесінен туындаған

180

Таяуда Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков жұмыс сапарымен Қытайда болып қайтты. Сапардың мақсаты – Қытай нарығына Қазақстан тауарларын экспорттауға қатысты бірқатар шектеулерді азайту болатын.Неизвестный объект

Сөз жоқ, мұндай сапардың маңызы зор. Өйткені министрлік ауыл шаруашылығына қа­тысты стратегиялық мәселелермен шұғыл­­дануы тиіс. Қазіргі өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Себебі еліміздегі ауыл шаруа­шылығындағы компаниялардың тоқсан тоғыз пайызы – жеке қожалықтар. Шаруа­шы­лықта мал қырылып жатса не болмаса егін қар астында қалып жатса бұған бола министрлікті кінәлауымыз дұрыс болмас. Себебі әр шаруа­шылықтың өз иесі бар. Орын алған кем­ші­ліктерге ең алдымен жауап беретін солар.
Бүгінгі күні еліміз үшін инвестиция тартудың маңызы ерекше. Бұл ауыл шаруашылығына да қатысты. Саланы жаңа бағытта дамыту талабын Елбасының өзі қойып отыр.
Министр Қытайда болғанда тек мал өнім­деріне не болмаса егін шаруашылығына қа­тысты ғана емес, басқа да тауарлар бойынша келі­сімдерге қол жеткізді.
Қытайдың бізден сатып алғысы келетін өнімдерінің бір – ет. Алайда олар жайдан-жай сатып ала бермейді. Ең алдымен ветеринарлық жүйеге мән береді. Өзі қай елдің де талабы осындай, Экспорттау мәселесінде ең алдымен жүйеге көңіл болінеді. Егер жүйе халықаралық тәжірибеге не стандарттарға сәйкес болмаса өнімді экспорттау мүмкін емес. Біздің елдің бір ерекшелігі, ветеринарлық салаға деген назар айрықша. Ел министрінің өзі атап көрсеткендей, елімізде, тіпті дүние жүзінде деуге болады, тұңғыш рет ветеринарлық саясатты дамыту жөніндегі ұзақ мерзімге арналған жоспар халықаралық эпизоотикалық бюроның келісімімен қабыл­данған. «Ветеринарлық қыз­метті дамыту стра­тегиясы»дейтін құжат өзге елдерде жоқ. Сондай-ақ Елбасының тапсыр­масына сәйкес осыдан бес жыл бұрын ветери­нарлық комитет бөлек шығарылды.
Қытайдың мемлекеттік басқару жүйесі өз­геше. Оларда Реформа және даму жөніндегі мемлекеттік комиссия деген бар. Бұл министр­ліктердің үстінен қарайтын министрлік десек болар. Кешегі кеңес кезіндегі Мемлекеттік жоспарлау комитетіне келіңкірейді. Еліміздің ауыл шаруашылығы министірінің осы комис­сия өкілдерімен кездесуі кезінде бірқатар келі­сімдерге қол жетті. Министрлік алдағы уақытта аталған комиссиямен бірге екі елдің ауыл шаруашылығын дамытудың стратегиялық мә­се­лелері бойынша іс-қимыл жоспарын бел­гі­лейді. Комиссия құрамында селолық эконо­мика департаменті бар. Министрлік осы де­пар­таментпен тікелей ынтымақтаса жұмыс істейтін болады. Біздің елді қызықтыратын не нәрсе? Ол – қазақстандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге берілетін квотаға қол жеткізу. Қытай біздің мемлекеттік азық-түлік корпорациялары арқылы зор көлемде азық-түлік сатып  алмақшы.
Сапар кезінде еліміздің министрі Қытай­дың СОFСО және Sinoma аталатын корпорация өкілдерімен кездесу өткізді.
СОFСО – Қытайдағы мемлекеттік корпорация. Ол бидай сатып алумен шұғылданады. Мемлекеттік резервтегі астықтың тоқсан пайызын сатып алатын осы корпорация. Осы жерде айта кеткен жөн, бұл ел жыл сайын 130 млн. тонна астық пайдаланады. «Ал өздері қанша астық өндіреді?» десек. Оның көлемі 114 млн. тонна. Импорт өткен жылы шамамен 9,6 млн. тоннаны құраған.
Жылына әлгіндей көлемдегі астықты пай­даланатын көрші елге Қазақстан астығы артықтық етпейтіні белгілі. Сол себепті аспан асты еліне биылдың өзінде 500 мың тонна бидай жеткізу мәселесі күн тәртібіне қойылып отыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсе бермек. Таяудағы үш жылда осы көрсеткішті 1 млн. тоннаға дейін жеткізу мүмкіндігі бар. Бұл жүзеге асыруға болатын меже. Өткен жылдың желтоқсан айында сыртқа шығарылатын бидайға қатысты фитосанитарлық талаптар жөніндегі хаттамаға қол қойылды. Мұның өзі осыған дейін орын алған шектеулерді жоюға қол жеткізеді.
Ол не шектеулер еді? Күні кешеге дейін қазақстандық бизнес бидайды қапқа салып жеткізетін. Бұл оңай шаруа емес. Қаптау ісі көп уақыт та алады әрі едәуір шығын да жұмсалады. Енді басқаша болайын деп тұр. Астық қаппен емес, герметикалық контейнерлер және астық таситын техникалар арқылы жөнелтіледі. Осы­ның өзі жұмысты әлдеқайда жеңілдетпей ме?
Карантин нысандарға байланысты да келі­сімге қол жетіп отырғанын айта кеткен жөн. Қытайлықтардың алаңдаушылығын түсінуге болады. Олар жеткізілетін өнімдермен бірге карантин зиянкестердің келуін қаламайды. Мұн­дай алаңдаушылықтың негізді болғанымен біз­дің ел тарапынан ондай қорқынышқа негіз жоқ екеніне әбден сенім бар. Өйткені елімізде фитосанитарлық және зертханалық қызмет тұрақты жұмыс істейді. Бұл жүйедегі аудиттің өзі сенімді жұмыс істеуге кепілдік бере алады. Яғни әрбір жөнелтілген астықтың сапасына күмәнмен қарауға, қайта-қайта тексеруден өткізуге негіз жоқ. Бұл да болса кәсіпкерлер үшін тиімді жағдай.
Енді Sinoma атты корпорация жөнінде бірер сөз. Бұл корпорация да сатып алумен айналысады. Дегенмен, СОFСО-дан біршама ерекшеліктері бар. Мұның өзіндік жеке тарату жүйесі, дистрибютерлік келісім-шарттары бар. Өнімдердің көп бөлігі оның жүйесі арқылы жан-жаққа таратылады. Осы жағынан да қызығушылық тудырады. Олар жоғары сапалы органикалық өнімдерді сатып алуға мүдделі және сол үшін жақсы қаржы төлеуге дайын. Биылғы жылы Sinoma 90 мың тонна өсімдік майын сатып алмақшы. Алдағы уақытта мұның көлемін 200 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр. Сондай-ақ 180 мың тонна күнбағыстың, зығырдың және рапстың тұқымын сатып алмақшы. Болашақта бұл көлем де ұлғая түсетіні анық.Ұлт жоспары: 100 нақты қадам

Министр сапар барысында кездескен адамдардың бірі – «АйЦзюй» Сиань май және бидай өндірісі тобының» төрағасы Цзя Хэи. Бұл корпорацияның аты да әлемге әйгілі. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, оларды өндеумен шұғылданатын компания. Цзя Хэидің айтуына қарағанда, Қазақстан оларға жақсы таныс. Соңғы бір жыл көлемінде тығыз байланыста жұмыс істеп келеді. Алғашқы инвестицияны да салып үлгерген. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында май зауытының құры­лысы жүруде.
– Біз өндірісімізді кеңейткіміз келеді, – дейді қытай­лық бизнесмен. – Бұл ұсынысымыз қазақстандық минис­тр тарапынан қолдау тауып отыр. Шамамен елу-жетпіс млн. доллар көлемінде инвестиция салуға мүдделіміз. Алдағы уақытта ет, сүт өнімдерін өңдеуді жоспарлап отырмыз. Қазақ жерінде таза экологиялық өнім өндіруге толық мүмкіндік бар. Мұндай тауарлар Қытайда үлкен сұранысқа ие. Біздің корпорацияның өзі Қытайда бір мыңнан аса дүкендер желісіне иелік етеді. Қазірдің өзінде Қазақстандағы «Алматыпродукт» компаниясының өнімдерін дүкендеріміздің сөрелеріне шығардық. Әзірге май өнімдері жеткізілді.
Қытай не себепті қазақ өнімдеріне қызығып отыр? Осы жөнінде айта кетелік. Біріншіден, Қытайда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Жерден қажетті дегендерін артығымен алуда. Өнімділікті арттырамыз деп жүріп жерді тоздырып алды. Халық саны өсіп жатыр. Тұрғындар қартайып барады. Міне, сондықтан да екінші баланы дүниеге әкелуге рұқсат беріп отыр. Елдің әл-ауқаты дұрысталғаннан кейін таза экологиялық өнімге деген сұраныс артуда. Ал ондай таза өнімдер біздің елімізде жеткілікті. Осы жағдайлардың барлығы азық-түлік сұранысын тудырады. Бір ескерер жай, Қытайда халықтың негізгі бөлігі, яғни бір миллиардқа жуығы елдің шығыс жағында. Мемлекет ұстанып отырған саясатқа сәйкес ішкі көші-қоң батысқа қарай бұрылады. Осының салдарынан батыс жақта, бізбен шекаралас тұста тұрғындардың өсуі қарқынды. Сайып келгенде саяси экономикалық жағынан болсын Қытайға біздің елден тауар алу әлдеқайда тиімді болып отыр.
Қазір Қытайда майлы дақылдарды тұтынуда өзгерістер бар. Әсіресе өсімдік майына деген сұраныс жоғары. Олай болса өнімнің осы түрін сату көлемі жыл өткен сайын арта беретініне еш күмән жоқ.
Реті келгенде айта кеткен жөн. Еліміздің Ауыл шаруа­шылығы министрлігі тарапынан «Агробизнес – 2020» мемлекеттік бағдарламасы дер уақытында қабыл­данды. Осы бағдарламада монодақылдар өндіру көлемін азайту жағы көзделген-ді. Бұл жерде бидай өндіруге қатысты сөз болып отырғаны белгілі. Бағдарламада астықтан гөрі майлы және азықтық дақылдар өндіру көлемін ұлғайту баса көрсетілді. Неге азықтық дақылдар? Өйткені мал шаруашылығы дамып отыр. Осыған сәйкес мал азығына деген сұраныстың артатындығы заңдылық. Неге майлы дақылдар? Оны пайдаланушылардың қатары өсіп отырғандығы. Осының өзі ел министрлігінің алдағы күндерге дұрыс болжам жасап отырғандығын байқатады.
Қазақстан өткен жылы Қытайға 111 млн. доллардың өнімін сатты. Бұлардың ішінде 30 млн. долларға бидай, 20 млн. долларға күнбағыс тұқымы, 10 млн. долларға май сатылды. Бұл әрине ауыз толтырып айтарлықтай үлкен көрсеткіш емес.
Біздің елімізде 222 млн. гектар жер бар. Біз осының қырық-қырық бес пайызын ғана пайдаланып жүрміз. Қалған жер пайдаланып отырған жоқ. Неге? Бұл ішкі нарықтың шектеулілігіне байланысты. Яғни ішкі нарықтың сұранымы өтеліп отыр. Бұл жерде құс етін, қантты, ірімшікті және сары майды қоспағанда.
Еліміз министрлігінің қазіргі таңда алдына қойып отырған мақсаты сыртқы нарықты қалыпқа келтіру. Фермерлер қандай іске де бейім келетін жандар. Егер де сұраным болса олар пайдаланылмай жатқан жерді игеру арқылы, сондай-ақ өнімділік есебінен өндірісті ұлғайта алар еді. Бұл жерде субсидияның жаңа, тиімді шараларының жүзеге асуының маңызы зор. Министрліктің өзі осыған көшуді ұсынып отыр. Бұл дегеніңіз генетиканы асылдандыруды субсидиямен қамтамасыз ету. Айта кетейік, қазір елімізде тұқым шаруашылығының жаңа жүйесі қалыптасқан. Бұл істе министр А.Мамытбековтің тікелей еңбегі барын айта кеткен жөн. Тұқым шаруашылығының бағыт-бағдары өзгерді. Қазіргі таңда фермердің шығынын субсидия өтеу арқылы отандық та, шет елдік те тұқымның бағалы түрлерін пайдалануға әбден болады. Бұл әрине генетикалақ түрлендірілген ағзалар (ГМО) емес. Ең маңыздысы – органикалық өнімдерді өндірушінің мәртебесін сақтау.
Жаңа сорттарды, сондай-ақ ғылыми жаңалықтарды енгізу арқылы пайдаланылып жүрген жердің тиімділігін арттыруға толық мүмкіндік бар. Бұл бағытта да ел министрлігінің белгіленген мақсат-жоспары бары қуантады. Бұл өзі жүзеге асыруға болатын көрсеткіштер. Мұның бәрі фермерлердің ынта-ықыласына байланысты. Ауыл шаруашылығындағы осы саясат ойдағыдай жүзеге асатын болса 2020 жылы өндірілетін майлы дақылдар көлемін 2,1 млн. тоннаға дейін жеткізе алар едік. Егер де өткен жылдың бағасымен салыстыратын болсақ бұл 420 млн. доллларға бағаланар еді. 2014 жылы 1,5 млн. тонна өндірілген. Демек бес жылда өнім көлемін неге жарты миллион тоннаға арттырмасқа. Әбден болады.
Сөз бетін тасымал жағына бұрайық. Қытайда біздің өнімді сатып алғысы келетін провинциялар көп. Оның үстіне елде жыл сайын ауқатты тұратын адамдардың саны өсіп келе жатқаның да айта кетейік. Олар қазір елу миллионға жетіп отыр. Қаржыға бай бұл адамдар ГМО-сыз, табиғи сапалы өнімді пайдаланғысы келеді. Олар тек тұтынушы ғана болғысы келмейді, қаржы салуға да әзір. Сонда өнімді сату проблемасын шешіп қана қоймай, инвестиция тартуға да жол ашылады.
Шэньси провинциясының орталығы – Сианьға Қазақстан тарапынан алғашқы жүк пойызы келді. Өсімдік майы тиелген 88 контейнер. Бұл дегеніңіз екі мың тонна өсімдік майы. Енді осы пойыз туралы.
Қытайлықтар көптеген тауарларын жол арқылы Еуропаға жөнелтеді. Бұл Қазақстан, Ресей, Белоруссия жері арқылы іске асады. Мұны кәдімгі бүгінгі Жібек жолына бағалауға болар еді. Пойыз Еуропаға жүктерін жеткізгеннен кейін қайтарда бос қайтады. Осы Қытай үкіметін қатты ойландырады. Пойыздың қаншама жерден салдырлап бос қайтуы тиімді емес, әрине. Бұл бір жағынан шығын да ғой. Неге мысалы бұл контейнерлерді Қытайға қажет қазақстандық өнімдермен толтырып қайтпасқа? Сөйтіп алғашқы рет пойыз бос қайтпай жүкпен оралды. Және бұл өте қажет өнімдер еді.
Бізден өсімдік майын сатып алған компания Солтүстік Қазақстан облысында өсімдік майын өңдейтін құны елу сегіз млн. доллар тұратын кешен салмақшы. Кәсіпорын іске қосылған жағдайда тәулігіне 800 тонна май өндіре алады. Қытай елі үшін өсімдік майы көптік етпейді. Мәселен Шэньси провинциясының өзінде 37 млн. адам тұрады. Ал оның төнірегінде қаншама елді мекендер бар десеңізші?!
Әрине ынтымақтастық, достық қарым-қатынас деген жақсы. Бұған ешкім де қарсылық білдірмесі анық. Алайда қазақстандықтарды ойландыратын бір маңызды мәселе бар. Көрші ел кәсіпкерлерінің біздің жерді пайдалануы қалай болады? Болашақ кәсіпорынды салу мақсатында өз жұмысшыларын елімізге қаптатып жібермей ме?
Ауыл шаруашылық министрлігінің өкілдері бұл сауалдарға былайша жауап қайтарды. Қытай инвесторлары өнімді өндеу кәсіпорындарын салуға мүдделі. Олар біздің елде фермерлік істеп айналысқысы келмейді. Бұл ауыр жұмыс және оларға қажеті де жоқ. Олардың көздеп отырғаны – кәсіпорын ашу, шыққан өнімді елдеріне жеткізу. Қажетті жерді уақытша ғана пайдаланады. Мәселен жалға алуы мүмкін. Онда да жиырма бес жылдан артық мерзімге алуға құқы жоқ. Біздегі заң талабы осындай. Кәсіпорынға қажет технологиямен, құрал-жабдықтарымен өздері қамтамасыз етеді. Өйткені тиісті стандартқа сай болуы тиіс.
Жұмысшылар жайына келсек, инвестжобаға нарықта кездеспейтін зәру мамандық иелері тартылуы тиіс. Алдымен конкурс жариялайды. Егер қазақстандықтар арасында білімді, тәжірибелі маман табылмағанда ғана өтініш беруге болады. Жалпы кәсіпорынның ашылуы қосымша жұмыс орынның табылуына кепіл.
Тағы бір айта кететін жайт, өнімді экспортқа шығаруда ұсақ фермерлерден гөрі кооперативтердің артықшылығы көп. Бүгінде фермерлер арасында осы жаңа құрылымға мүдделік танытып отырғандар бар екендігі қуантады. Жалпы, кооперативтің тиімділігі зор. Технологияны бірлесіп сатып алады, өнім өндеуге қажет кәсіпорындарды бірлесіп сала алады. Мал мамандарын да бірлесіп пайдалана алар еді.
Қоғамда ұсақ тауар өндірушілер бірігіп жұмыс істегісі келгенімен осы мақсаттың іске асуы жайында кедергілердің кездесетіні рас. Міне, осы тосқауылдарды жою ниетінде. Өткен жылдың 29 қазанындағы Елбасының Жарлығымен бекітілген «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» Заң шықты. Заң биылғы жылдың 1 қаңтарынан күшіне енді. Заң негізінен кооперативтерге жағдай жасауға бағытталған. Атап айтар болсақ өнімді өткізу, өндіріс жабдықтарын сатып алу, ауыл шаруашылығы техникаларына қол жеткізу және т.б. мәселелер бойынша. Ауыл шаруашылығы кооперацияларының артықшылығы дегенде не айтуға болар еді. Өндіріске жұмсалатын шығындарды азайтуға, сондай-ақ шығарылған өнімді кідіріссіз сату есебінен табыс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Жаңа заңның басты жаңашылдығы – кооперация үдерісіне кедергі келтіретін мына тосқауылдарды жою болып табылады:
Коммерциялық емес ұйымдар түрінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативтерінің табысын бөлу мүмкіндігінің болмауы;
Артық нормативтік – құқықтық реттеу;
Арнаулы салықтық режимді еңгізуде мүмкіндіктің шектелуі, селолық тұтынушы кооперативтер үшін субсидия мен жеңілдетілген несиенің болмауы;
Кооперативтер қызметінің ашық болмауы, бір-біріне деген сенімсіздік, алаяқтықтың өршуі;
Ішкі жұмыстардағы артық реттеулер;
Заңды тұлғалардың өндірістік кооперативтерге қатыса алмайтындығы.
… Біз ауыл шаруашылығына байланысты Қытаймен екі арадағы қарым-қатынасқа үлкен үмітпен көз тігіп отырмыз. Қазіргі замандағы ең күрделі мәселе – шығарған өніміңді тұтынатын кәсіп иелерін табу ғой. Бұл жағынан алып қарағанда аспан асты елімен ынтымақтастығымыздың маңызы зор. Бізге қажеті күн-түн демей маңдай тер төге жұмыс істеп жүрген қазақ шаруасының сол еңбегінің нәтижесін көруі. Қытай еліне сапар да осы мүдде тұрғысынан туындағанына еш күмән жоқ.

Нұрперзент ДОМБАЙ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *