Еуропа қазақтарының биылғы құрылтайы Кельн қаласында өтеді

165

Жыл сайын, дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан Еуропа қазақтарының құрылтайы 2016 жылы мамыр айының 14-15 күндері Германияның Кельн қаласында болады.  

Кельндегі «Қазақ мәдениет қоғамының» төрағасы Шуайып Еролдың айтуынша, құрылтайға 2000-ға жуық адам қатыспақ. Қазақстаннан 20-ға тарта өнер адамы шақырылған. Құрылтайдың мақсаты – кәрі құрлықтың әр жерінде бытырап жүрген қандастардың басын қосып, жастарды бір-бірімен таныстыру, ұйыстыру және қазақ мәдениеті мен өнерінен қол үзбеуге дағдыландыру.

Шуайып Ерол, Қазақстанға келген сәті

Екі күнге созылатын құрылтайда футбол жарысы мен марафон өтеді және ұлттық ән-күйден концерт нөмірлері қойылады. Доп бәсекесіне Еуропаның 10 мемлекетіндегі қазақ қоғамы 10 футбол командасын әкелмек. Ал, қазақтар көп қоныстанған Түркия елінен 2 команда ойнайды. Бұдан сырт, Қазақстаннан баратын өнер иелері де бір команда болып қатысуға ниет білдіріпті.

Құрылтайға Қазақстан Республикасының Германиядағы Елшісі де қатысады деп күтілуде. Сонымен қатар, Түркияның қазақтар көп тұратын Салихлы, Зейтінбұрын өңірінен аудан әкімдері де құрылтай қонағы болмақ. Америкадан да 20-дай адам келмекші екен.
Жаплы, құрылтайдың барлық қаражатын өзіміз көтеріп алдық дейді Шуайып мырза. Себебі, Қазақ мәдениет қоғамы басқа жерден көмек алмайды. Ал, қоғам мүшелерінің ай сайынғы қосып отыратын жарнасы мұндай үлкен шаралар өткізуге жетпейтіндіктен, ұйымдастырушылар қаржыны үнемдеп, одан-бұдан құрап құрылтайды жақсы деңгейде өткізуге күш салуда.
Германияда қазақтардың ең көп қоныстанған жері Кельн және Берлин қалалары. Берлинде Еуропа қазақтарының құрылтайы 2014 жылы өткен болатын.
Еуропа елдеріндегі қазақ мәдениет қоғамдары «Еуропа Қазақтары қоғамдары федерациясына» қарайды. Оның төрағасы Абдулқайым Кесіжи мырза. Кельндегі Қазақ мәдениет қоғамының басшысы Шуайып Ерол Кельн қаласына 1974 жылы келгенін айтады. Алдымен бұл қалаға әке-шешесі Түркиядан қоныс аударыпты. Кельнде 40 жылдан астам уақыттан бері тұрып жатқан Шуайып Ерол ондағы қазақтардың өз ұлттық болмысын ұмытып кетпеуіне өзіндік үлес қосып жатқан азамат.
Өз күштеріне сүйеніп, әр жылы құрылтай жасап, жастардың жат болып кетпей, бір-бірімен жақын өсуіне қолдарынан келгенше жағдай жасап жатқан Еуропадағы қандастарымызға тілектестік білдіреміз.

Мұрат Алмасбекұлы

BAQ.KZ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *