Туризм – көп қырлы сала

376

Станислав Рамазанұлы Ердәулетов туризм географиясы мектебінің негізін салған, «Тұран» университетінің құрамында Қазақстандағы тұңғыш туризм факультетін, Абай атындағы педагогикалық университетте және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де туризм кафедраларын ашқан ғалым. Қазақстандағы экономикалық, әлеуметтік және саяси география мамандығы бойынша диссертацияларды қорғау кеңесін ашқан Қазақстан мен Орта Азия елдеріндегі туризм географиясы бойынша алғашқы доктор, профессор. Ол туристік кадрларды даярлау бойынша түбегейлі курстардың типтік жұмыс бағдарламаларын және оқу құралдарын шығарған. 400-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 16 монографияның, 12 кітап пен брошюралардың, 46 әдістемелік құралдың, 15 картаның, 3 оқулықтың, 21 оқу құралының, 300-ден астам мақалалар мен тезистердің авторы. 

Неизвестный объект– Станислав Рамазанұлы, сіз туризм географиясы бойынша атақты ғалым­сыз. Осы жаңа ғылым туралы әңгімелеп берсеңіз.
– Алдында география жайлы бірер сөз айта кету керек. Бұл қандай ғылым? Әлем елдерінің ғалымдары география мен философия сияқты түбегейлі ғылымдардың анықтамасын беруден жасқанады. География – философия секілді қуатты бір түбегейлі ғылым. Дәл осы екі ғылым дүниені жан-жақты әрі кешенді түрде қарастырады. География әрқашан жергілікті жерлердің  табиғи, әлеуметтік, мәдени, экономикалық, экологиялық т.б. ерекшеліктеріне және олардың Жер бетіндегі географиялық орналасуына ерекше назар аударады. География табиғат пен қоғамның өзара әрекеттесу үдерістерін жергілікті, аймақтық, ұлттық және жаһандық деңгейде зерттейді. География  горизонталды, яғни аумақтық және вертикалды – салалық байланыстар байқалатын әралуан кеңістік деңгейлердегі «табиғат-қоғам» интегралдық жүйелерін зерттейді деп айтсақ та болады.
Адамзат алдында туындайтын мәселе­лердің географиялық сипаттары одан сайын айқындалуда. Осыған орай зерттеулердің гео­графиялық тетіктері мен географиялық ойлау тәсілі қызықтырады. Географиялық ойлаудың аумаққа байланысты болуы оның ерекшелігі болып табылады. Аумақ, территория, кеңістік дегеніміз – бұл адамның күнделікті тіршілігінің түбегейлі категориялары. Сондықтан географтар олардың адам өмірінде атқаратын рөлін, адам әрекеттері нақты бір жағдайлар мен дүниетаныммен қалай байланысты екенін, кеңістікті қалай дұрыс ұйымдастыру керек екенін ұғып, түсіндіруге тырысады.
Туризм – бұл өте күрделі, көпқырлы, көп аспектілі, оның ішінде кеңістіктік және әлеуметтік-экономикалық құбылыс. Дәл осын­дай құбылыс ретінде оны қоғамдық, әлеу­меттік-экономикалық географияның са­ла­лық пәні болып табылатын туризм гео­гра­фиясы зерттейді. Мұның басты себебі – туризмнің географиялық ортамен, қоғам­мен, оның қоғамдық және әлеуметтік-эконо­микалық іс-әрекеттерімен ты­ғыз байланысты болуында. Туризм дегеніміз тек кеңістіктік құбылыс қана емес, туризм ел аумағы мен оның жеке аймақтарымен тығыз байланыста болатын «кеңістікті танып білу». Дәл осы себептен «туризм» мен «география» ұғымдарын бір-бірінен айыруға болмайды. Атап айтсақ, география – бұл табиғи және әлеуметтік құбылыстар мен үдерістерді олардың кеңістіктік (аумақтық) өрнегінде қарастыратын ғылым.
– Яғни, туризм географиясы туризмді күрделі, көпқырлы құбылыс ретінде зерт­тейтін көптеген пәндердің ең бастысы деп айтуға бола ма?
– Иә, шынында да дәл солай. Алайда Ресейде де, Қазақстанда да Жоғары аттестациялық комиссиялар оны ресми түрде жеке ғылыми пән ретінде мойындамаған. Жалпы, бүкіл әлемде туризмді зерттейтін ғалымдар арасында да ресми қабылданған туризм туралы ғылым жоқ. Олар да туризм туралы бір ғана ғылым болуы тиіс, әлде, туризмнің көпқырлылығына қарай оны туризм туралы ғылымдар жүйесі зерттеу керек деп дауласуда.

Бұл дода ғылым туризм құбылысына қызы­ғушылық білдірген кезеңнен-ақ басталған. Осы­лардың барлы­ғына қарамастан, туризм өзінің дамуын жал­ғастырып, жаһандық құбылысқа ай­нал­­ған, ал әлем елдерінің, оның ішінде Қа­зақ­стан мен ТМД елдерінің жоғары оқу орын­дары туристік сала үшін мамандарды дая­рлауда. Туризм мамандарын даярлау ісі 1960-жылдары Батыс Еуропа елдерінде, ғылыми қауым бірдауыспен мойындаған туризм теориясы әлі де қалыптаспаған жағ­дайда басталған. Сондықтан жоғары оқу орын­дарының өздеріне осындай дайындық бағ­дарламаларын әзір­леуге және туризмнің теориялық негіздерін оқытуға тура келді. Әрбір елдің әрбір жоғары оқу орнында туризм негіздерін беретін пәндер өзінше аталған. ТМД елдерін алсақ, мысалы Ресейде, туризм туралы ғылым «туризмология», «туризмтану», «туристика» деп аталады. Туризм бакалаврларын даярлау бойынша қазақстандық мемлекеттік стандартта бұл пәннің атауы – «туризмология негіздері». Қалай да болса, осы пәндерді оқыған жоғары оқу орындары студенттері туризм туралы, ең алдымен кеңістіктегі әлеуметтік-экономикалық құбылыс ретінде теориялық білім алып, оқуды бітіргеннен кейін туристік қызмет аясында табысты қызмет атқара алады.
– Еліміздегі туристік білімнің бастаушысы болып және осы салада 50 жылдан астам уақыт қызмет атқарып, мынадай сұраққа жауап бере аласыз ба: Қазақстанда тамаша ресурстардың болуына қарамастан туризм саласы неге соншама нашар дамыған, туризмнің елдің жалпы ішкі өнімге қосатын үлесі мардымсыз екені белгілі емес пе?
– Туризмнің елімізде нашар дамуының көптеген себептері бар, алайда, менің пікірімше, ең маңызды екі себебіне назар аударғым келеді. 
Біріншісі – ұйымдастырылуы. Ресей мен ТМД-ның басқа елдеріндегідей, Қазақстанда туризм ұлттық экономика теориясында «өгей бала» болып қала береді. Туризм мұнда «де-факто» болса да, «де-юре» емес. Ал кеңес ғалымдары туристік саланы қалыптастыру қажеттілігі жөнінде баяғыда айтқан-ды.
Туристік қызмет көрсетуге қатысатын барлық элементтер тек нысаналы жоспарлау мен реттеу жағдайында ғана келісімді, үйлесімді жұмыс атқара алады. Біріншіден, туристік саланы халық шаруашылық жоспарлауға және өндіріс пен үлестірудің материалдық балансына енгізу қажет. Екіншіден, туристік саланың басқарылуын реттеу қажеттілігі өзекті мәселеге ай­налған. Қазақстанда туризммен мемлекет деңгейінде айналыса бас­таған кезде туризм әуелі Дене шынықтыру, туризм және спорт министрлігінің құрамына, одан кейін Жастар, туризм және спорт шаруалары министрлігіне, одан кейін Көлік, коммуникациялар және туризм ми­нистрлігінің құрамына кірген, содан соң, туризм Туризм және спорт министрлігінің құрамында қайтадан спортқа қосылып жіберген. Ең соңында бұл министрлік жоққа шығарылып, туризм басқа министрлікке, алдында бас комитет ретінде енгізілген, ал қазір ол Инвестициялар мен даму министрлігі құрамында департамент ретінде көлеңкеде отыр.
Мұндай жағдайда демалыс пен туризмді ұйымдас­тыру жағынан бірқалыпты саясатты іске асыратын, туристік саланы бір жерден басқаратын, жоспарлау, үйлестіру және бақылау функцияларын атқаратын ведомствоаралық органды – туризм министрлігін қа­лып­тастыру қажет деп ойлаймын. Оның нұсқаулары мен өкімдері туристік-рекреациялық қызметке қатысы бар барлық министрліктер мен ведомстволар үшін орындалуға міндетті болуы тиіс.
Екінші себебі – туризм дамуының ғылыми қам­та­­ма­­сыз­дан­ды­рыл­мағандығында. Рес­публи­­камызда туризм дамуы мен аумақтық ұйымдас­ты­рылуы мәселеле­рі­мен үнемі айналысатын ғылыми құрылымдар жоқ деп айтуға болады және бұл кездейсоқ нәрсе емес. Қа­расақ, елімізде үкімет қабылдаған туризмді дамыту бойынша бағдарламаларында, оның ішінде қолданыстағы «Туристік саласының 2020 жылға дейінгі дамуы тұжырымдамасында» туризм туралы ғылым жөнінде де, оны ғылыми тұрғыдан дамыту жайлы да бірде-бір сөз айтылмаған.
Аталған себептер саланы дамытуға, оның ағымдағы және болашақтағы жоспарлануына, қызмет бабындағы басқарылуына кедергі жасап, туристік-рекреациялық қызмет көрсету сапасына кері әсер тигізеді, қаржының ыдырап кетуіне, ресурстарды тиімсіз пайдалануға әкеліп соғады.

Айман Жакупова,
география ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті;
Айтқали Жайсаңбаев,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
аға оқытушысы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *