Ақмола облысы бойынша 1,2 миллион тонна астық экспортқа шығарылды — М.Балпан

692

Ақмола облысы бойынша 1,2 миллион тонна астық экспортқа шығарылды. Бұл туралы Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің агроөнеркәсіптік кеңесінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Мұрат Балпан айтты.

Оның айтуынша, көктемгі егіс пен орақ жұмыстарын ұйымшылдықпен өткізудің және қазіргі заманғы технология енгізудің арқасында облыс диқандары өткен жылы 4,7 миллион тонна астық жинаған.

«Жалпы өңірдің агроөндірістік кешені ішкі қажеттілікті тұқыммен, азықтық жем-шөппен және азық-түліктік бидаймен толық көлемде қамтамасыз етті. Сондай-ақ, 1,2 миллион тонна бидай жақын және алыс 13 шетелге экспортталды. 1 миллион тонна бидай республикамыздың 12 облысына сатылды», — деді М.Балпан.

Сонымен қатар, басқарма басшысы ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің көлеміне де тоқталды.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімі өндірісінің жалпы көлемі 263,1 миллиард теңгеге жетті. Оның ішінде егіншілік саласының үлесі 186,2 миллиард теңге, мал шаруашылығы 76,2 миллиард теңге. Жалпы көлем индексі 2014 жылдың деңгейімен салыстырғанда 102,1 пайызды құрады. Өңірде тұрақты астық алудың оң беталысы қалыптасқан. Облыс бойынша орташа жылдық астық өндірісі соңғы 3 жылда 4,7 миллион тоннаны құрады. Әр гектардан 11,6 центнер астық алынды. Бидайдың сапалық көрсеткіші жақсарды. Өткен жылы жиналған астықтың 83 пайызы 3 класқа сәйкес келіп, өңіріміз еліміздегі алдыңғы орындарынан көрінді», — деді М.Балпан.

Автор: Аслан Оспанов

ҚазАқпарат  агенттігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *