Өмірзақ Айтбайұлы: «Қазақ тілінің болашағы жарқын болады деген үміттемін…»

604

Ана тілінің қадір-қасиетін жете түсініп, оның әдемі иірімдерін таныту өркениетті елдерге тән құбылыс. Өз тілін, дінін, салт-санасын қадірлемеген адам толық зиялы бола алмайтыны хақ. Осындайда Бауыржан Момышұлының: «Өз тіліңнің сұлулығын сезінбей, өзге тілдің сұлулығын сезіну екі талай», – деген даналығы ойға оралады. Бүгінгі таңда күн тәртібіндегі алғашқы мәселелердің бірі де осы тіл мәселесі. Оның шешу жолдары табылғаныменен, іске асуы баяулап қалғандай. Осы орайда, қазақ тілінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен қоғамдағы түйіткілді мәселелер төңірегінде филология ғылымдарының докторы, Ұлттық Ғылым академиясының академигі Өмірзақ Айтбайұлының пікірін білген едік.

Неизвестный объект

– Сіз қазақ тілінің бо­ла­шағына шын жанашырлық танытып, біраз мәселелерді көтердіңіз. Бір сөзіңізде: «Тіл – қоғамдық құбылыс. Ол қоғаммен бірге дамиды» деген екенсіз. Сіздің ойыңызша, қазіргі таңда қазақ тілінің даму дәрежесі қаншалықты және қазақ тілі­нің шын мәніндегі ертеңі қандай?
–  Ия, мен өзімнің мақалаларымда, ғылыми зерттеулерімде «Тіл —  қоғамдық құбылыс» деп жазғаным рас. Қоғам бар жерде тіл бар, тіл бар жерде ел бар, ел бар жерде ұлт бар. Қоғам жоқ жерде тіл өркендемейді. Біздің қазақ тілі де қоғаммен бірге дамыды. Мен өз еңбектерімде осы идеяны ылғи баса айтып отырамын. Қазақ тілінің тағдыры біздің қазақ халқының тағдырымен ұқсас. Халқымыз басынан қандай дүниелерді кешірсе, қазақ тілі де сол тағдырды басынан өткізді. Сонау патша үкіметінің кезінен бері еліміздің маңдайына біткен талай сауатты тұлғалар болды. Біз үшін Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, одан бұрынғы Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаевтардың жөні мүлдем бөлек. Олар еңбектеріменен, жазған дүниелеріменен, өлеңдеріменен, сондағы терең ойларыменен қазақ халқы үшін қызмет етті. Әсіресе, қазақ халқының тілін өркендету жолында көп тер төкті. Алаш арыстарының барлығы да қазақ халқының тарихы, мәдениеті, елдігі, тілі, сауатты болуы үшін еңбек еткен тұлғалар. Соның ішінде, әсіресе, Ахмет Байтұрсыновтың еңбегі ерекше. Ол әу баста оқымаған қараңғы, малынан басқа ешнәрсені көрмейтін, сауаттылық дегенді білмейтін, орыс шенеуніктеріне телініп, солардың айтқанын ғана істеп, мақұлмен ғана жүретін,  ең болмаса өзінің тілегін айтып, қағазға түсіріп жазатын сауаты болмаған халқы үшін намыстанды. «Біздің сауатты азаматтарымыздың бірінші міндеті – халықты сауаттандыру» деп түсінді. Сол мәселелерді қолға алып, мектеп ашты, оқулықтар жазды. Ол қалың қазақтың ортасында жарық жұлдыздай болып, елдің есін кіргізу жолында құнды мұраларын қалдырды. Міне, содан бермен қарай қазақ тілі реттеліп, дамып келе жатыр. Әрине, алғашқы кезде кеңес үкіметі қазақтың сауаттанғанын құптаған болатын. Бірақ, біртіндеп коммунистік саясаттың арқасында барлық тілдердің басын біріктіріп, бір тілге ғана көшу идеясын қолдады. Сөйтіп, әрбір жеке тілдің өзінің емін-еркін дамуына кедергісін, кесірін тигізе бастады. «Түптің түбінде орыс тіліне қарай бет бұрып, орыс тілі арқылы ғана коммунизмге жетеміз» деген идеяны Сталиннен бастап, оның бер жағындағы Хрущевке дейін ұстанып келді. Горбочевке дейінгі орыс үстем тап өкілдерінің басшыларының барлығының көкейінде өзге ұлтты орыс тіліне қарай бейімдеу, орыс тілін негізгі тіл ету саясаты күні бүгінге дейін жүргізілуде. Соған қарамастан, ұлтшыл азаматтарымыздың арқасында ол саясат жүзеге аспай келеді. Құдайберген Жұбанов деген тіл білімі саласындағы алғашқы қазақ профессорымыз, оған іле-шала І.Кеңесбаев, М.Балақаев, С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев деген ғұламаларымыз болды. Сол ғалымдардың іс-тірлігінің нәтижесінде қазақ тілінің мәселелері жан-жақты зерттеліп, дамыды деп есептейміз. Осыған байланыс­ты бір нәрсені ескертіп айта кеткім келеді (бірді айтып, бірге кетіп жатырмыз). Сол кеңес дәуірі кезінде орталық Мәскеуден Қазақстанға, Өзбекстанға, Қырғызстанға, басқа да Республикаларға рухани, мәдени, тілдік жағынан көмек көрсетеміз деп, лауазымды ғалымдарын жіберіп отырған. Алайда, олардың Қазақстанға тісі батпады. Неге десеңіз, Қазақстан Мәскеуден жіберген ғалымдарының өзімен тайталасып, тең түсіп жататын. Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбановтар бар еді. Олардан соң іле-шала жаңағы айтқан Мәулен Балақаев, академик Ісмет Кеңесбаев, Сәрсен Аманжолов сынды мамандар болды. Осындай ғалымдардың арқасында орыс зерттеушілерінің Қазақстанға тісі батпады. Өйткені, бізде осындай мықты мамандар отырды.
Қазақтың маңдайалды қайраткерлерінің арқасында тіліміздің даму дәрежесі артты. Қаншама қиыншылық көргенменен, қазақ тілі дами түсті. Білім дамыды, мектеп қалыптасты, қазақ тілінде балабақшалар ашылды, қазақ тілінің өркендеп өсуіне толық мүмкіндік жасалды. Әсіресе, Тәуелсіздік таңы атқаннан бері қарай қазақ тілінің беделі әлдеқайда көтерілді. 1989 жылдың 22-қыркүйегінде «Тіл туралы» заң қабылданды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі болды. Қазір Мемлекеттік тілдің беделі жоғары. Әрине, бәрі керемет болып кетті деп те айта алмаймыз. Бірақ, бұрынғыға қарағанда салыстыруға келмейтін жағдай жасалуда. Сондықтан, тіліміздің болашағы да жарқын болады деген үміттемін. Кешегі Тәуелсіздік алған жылдары туылған балалардың барлығы мектеп бітіріп, қызметке араласа бастады. Тәуелсіздіктің алғашқы кездері оқыған оқушылардың қазақшасы бұрынғы мектептегі оқушылармен салыстырғанда көңіл қуантады. Біз барлығын осылай салыстырып отыруымыз керек. Әрнәрсе салыстыру арқылы ғана жүзеге асады. Кейде мектептің балаларымен тілдесіп отырып, қазағымның тілінің қалыптасып келе жатқанына шынайы сүйсінемін. Қазақ тілінің болашағы айқын және жарқын деп сеніммен айта аламын.
–  Меніңше, тіл тазалығы басты орында тұру керек. Қазіргі таңда телеарналарда орфоэпия заңдылығы көп сақтала бермейді. Мысалы, соңғы кездері «келе жатқан» деген сөздің орнына «келе жатырған» дегенді көп естіп жүрміз. Бұрындары «тіл тазалығы» арнайы бақылаудан өтіп қана халыққа жол тартатын сияқты еді…
– Дамудың маңайында, осындай, болмайтын мәселелердің ілесіп жүретіні заңдылық. Тілімізге еркіндік берілгеннен кейін, әсіресе, журналистер, қаламгерлер, радиодан, теледидардан сөйлеп жүрген адамдардың тіліне менің де кейде қарным ашып отырады. Қазақтың тілінің өзінің жазу заңдылығы, сөйлеу заңдылығы, айтылу заңдылығы бар. Сол заңдылықтардың барлығын сақтап отыру керек. Аты аталған заңдылықтарды сақтау үшін бір кездері менің ұстазым профессор Мәулен Балақаев «Тіл мәдениеті» деген курс ашқан болатын. «Тіл мәдениеті» деген кітап жазды. Ең алдымен қазақ тілін дамытамыз десек, халқымыздың жазу сауаттылығын арттырып, сөйлеу мәдениетін күшейтуіміз керек. Мысалы, біреулер сөйлей біледі де, оны жаза алмайды, керісінше біреулер жаза алады, бірақ, ел алдында сөйлей алмайды. Қазір жаза білетін де, сөйлей алатын да адамдар бар. Оның есесіне, сол жазуда да, сөйлеуде де сауаттылыққа қарамайтын, қалай болса солай сарнай беретін адамдар көбейіп келеді. Міне,  сондықтан, Мәулен Балақаевтың сол кезде қойған талаптарын қадағалап, іске асырып отыру керек. Барлық жерде тіл мәдениетін қадағалауға тырысқан жөн. Тіл – мәдениетсіз өркендемейді. Тіл өркендемегеннен кейін, сол тілді қол­да­нушы адамның өзі де рухани өспейді деген сөз.
–  Сол  тіл  тазалығын  қадағалайтын «Ар­­найы  комитет» құрып,  мұны  бақы­лауға мүмкіндік бар ма?
– «Арнайы комитет» дегенде Мәдениет министрлігі бар. Мәдениет министрлігінде біз баяғыда Тіл комитетін ашқан болатынбыз. Сол Тіл комитеті «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесе жұмыс істеді. Бірақ, бұлар бірлесе жұмыс істеу тәсілін дұрыс пайдалана алмады. Қазір сол Тіл комитеті бірнеше саланың басын құрастырып отырған мекемеге айналған тәрізді. Ол жерде тіл саласына жауап беретін адамдар отыр деп естимін. Біздің «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қолында ешқандай билік жоқ, тек қоғамдық пікір туғызуға ғана мүдделі. Ал, Тіл комитеті деген мемлекет тарапынан заңдылық үлесін ұстап отыратын құқығы бар мекеме болу керек. Ол бір кездері болды. Соны қайта-қайта жеке комитет етіп шығару мәселесі талай рет күн тәртібіне қойылды. Алайда, ол әлі күнге дейін созылып келе жатыр. Ақыр аяғында ол қандай комитет екені белгісіз, әйтеуір жұмыс істеп жатқан түрі бар.
– Қазіргі Жаһандану заманында «әлем­дік деңгейде ойлау» деген тенденция қалыптасты. Оның біздің тілімізге қандай әсері бар? Жаһанданудың жанында жұтылып кетпес пе екен?
– Әлемдік деңгейде ойлау дегеннің өзіне абайлап қарау керек. Елдер жаһанданудан қорқады. Ол да бір заңды құбылыс. Жаһандану жан-жақты салаларды қамтып жатыр. Бірақ, одан қорқудың керегі жоқ. Қорқудан гөрі сол жаһандануға мүлдем сіңіп, жоғалып кетпеудің амал-тәсілдерін ойластыруымыз керек. Ол үшін өзіңнің тіліңе, әдеп-ғұрып, салт-санаңа ие бол. Өзіңнің болмысыңды ешуақытта біреудің табанына таптауға салып берме. Өзіңе-өзің мықты болсаң, сені ешуақытта ешқандай жау алмайды. Мықты болу үшін әрбір қазақ сауатты болу керек, білімді болу керек. Бұл заманда білім алуға, Құдайға шүкір, мүмкіндік мол. Сондықтан, бала-шағамызды, үрім-бұтағымызды ең алдымен білімділікке, сауаттылыққа тәрбиелеген жөн. Сауатын өзінің ана тілінде ашқан ұрпақ ешуақытта біреуге тәуелді болмайды. Өйткені, өзінің мүддесін ол өз ана тілінде және өзі сауаттанған тілдің қуатымен қорғауға толық қақысы бар. Сол себептен де жаһандану дегеннен соншалықты үркудің керегі жоқ, қайта соған берілмеудің амалын ойлау керек. Күресе білген жөн.
– Технологияның мүмкіндіктері күн санап түрленгенімен, өркениеттілікке қол жеткізу мүлдем өзгеше жолмен жүзеге асатыны белгілі. Сіздің түсінігіңіздегі өркениеттілік қандай болу керек?
– Өркениет дегеніміз менің түсінігімде өзің айтып отырған мәдениет деген ұғыммен түбірлес және соған тікелей қатысы бар. Ол білім мен ғылымға, біздің өмір, қоғам, адам туралы түсінік пайымымызға тікелей қатысты, мәселе. Өркениетті қазақ ұлтының тарихын кеңес үкіметінің алғашқы күндерінен бастаған кездер болды. Қарап отырсаң, ар жағында дым жоқ сияқты. Ал, енді, тексеріп келіп қарасақ, сол Кеңес үкіметінен бері өмір сүріп келе жатқан орыстардың өзінің арғы түбінде, бүкіл Еуропаның арғы түбінің мәдениетке, сауаттылыққа жетуіне тікелей себепші болған біздің ата-бабамыз екен. Кең даламызда өсіп өркендеген, арғы түбіміз түріктердің жазуы да сызуы да біздің осы кең даладан былай қарай ойысып барып Еуропаға, Еуропадан ары қарай дамып, кері өзімізге қайта келіп отыр. Біздің түп негізімізден негізгі рухты ала отырып, ең сауатты адамдар солар болып шықты-дағы, ең сауатсызы біз болып қалдық. Міне, бұл өркениеттің, мәдениеттің төмендеген түрі. Соған қарамастан, өркениеттіліктің біздің қазақ халқының тіліне, тарихына, мәдениетіне қатысы бар тарихын түгел білетін, соның барлығын күнделікті іс-тірлігінде қолданып жүрген адамдардың саны көбейген сайын, өркениеттің өркендеуі өсе береді, мәдениеттің рухы көтеріле береді. Өркениет пен мәдениетті бір-бірінен алшақтатпай, бірін-бірімен байланыстыра түсініп еңбек ету керек деп ойлаймын.
– Бізде «Зиялы қауымды» тек шығар­машылық интеллигенцияның балама атауы ретінде қабылдау сынды, кеңестік кезден қалған көзқарас бар. Әр кезеңнің, әр заманның озық ойлы ұлт жанашырлары, зиялы қауымы болады. Болмай қалуы мүмкін емес. Сіздің ойыңызша, нағыз зиялылықтың көрінісі қандай болу керек? Бүгінгі қазақ интеллигенциясының жай-күйі қандай, олар ұлт тағдыры таразыға түскен сәтте жанын шүберекке түйіп, халқына араша түсуге дайын ба?
– Иә, халық арасында зиялылық туралы осындай жалған түсінік бар екені рас. Оқып білім алған, профессор, доктор, кандидаттық қорғаған адамдарды зиялы қауымның тобына жатқызады. Олардың ішінде де зиялысы бар. Бірақ, өзім жас кезімнен ескіше оқыған, діни мектептерді бітірген кемел қариялардың ортасында өстім. Менің әкем Отырар ауданының орталығындағы Арыстан баб деген жерде бір кездері имам болып та тұрған. Ол Бұқарадағы үлкен діни мектепті бітірген. Міне, сол кісілердің төңірегінде не бір кемел қариялар әңгіме дүкен шертіп, шариғаттың неше түрлі шарттарын, өмірге керекті қызық оқиғаларын әңгімелеп отыратын. Солардың айтқан сөздері адамға әсер етпей қоймайды. Сан алуан толғаулы пікірлер айтып, жырларды жатқа оқитын. Осылардың барлығын «зиялы қауымның өкілі емес» деп қалай айтасың. Мәселен, адамға керекті, текті тәрбиенің бәрі де сол қариялардың бойында жатыр. Ал, кейбір кейінгі кезде сауатын ашқан орысша профессормен сөйлесіп қарасаң, ар жағы тез-ақ  көрініп қалады. Оны қалай зиялы қауым өкіліне жатқызасың? Мәселе кітап оқуда ғана емес, соның түп төркініне жетіп, түсініп, көңілге тоқып, өмірде жарата білудің өзі тектіліктің белгісі. Зиялы деп кімді айтамыз дегенге мынадай екі шумақпен жауап беруге тырысып едім. Қарабайырлау болса да, соны еске алғым келіп отыр. Ол мынау:
Зиялы болу үшін оқу шарт па?
Деп сұрау беріп едім ақын қартқа –
Оқудан тоқу озық – жауабы сол,
Деді де ол назар салды жасыл баққа.
Зиялы деп ойлама оқығанды,
Әңгіме сол оқудан не қосып алды.
Сан кітапты ақтарып жаттағанмен,
Көкей көзбен айтқайсың тоқығанды.
Сондықтан, зиялы қауым қатарына тек қана оқыған адамдарды ғана қосуға болмайды. Қазақта «текті тұқым» деген ұғым бар. Зиялылықтың арғы түбінде осы тектіліктің негізі жатыр. Біздің ұлтымыздың ұлы қасиеті – тектілігінде.
– Бұрындары ауыл қаланы асырайтын еді. Қазір бәрі керісінше… Ауылдың өркендеуі – елдің көркеюі емес пе еді?
–  Бұл адамды ойландыратын мәселе. Өткен ғасырдың 90-жылдардың басында нарықтық экономика басталды. Оған дейін әрбір ауыл, әрбір колхоз өз жерінде өз кәсібін жасап, өз шаруашылығын жүргізіп егінін салып, бидайын орып отырды. Одан кейін нарықтық экономика келгеннен соң нарыққа бірден бүкіл халқымызбен дайындықсыз кіріп кеттік. Бұл сол кездегі Елбасымыздың көзсіз ерлігі дер едім. Елдің еңсесін көтеру үшін бірден бұрқ етіп кіріп кету керек сияқты болды. Бұл ол кісінің ерлігі болғанымен жалпы халық оған дайын емес еді. Халық ә дегенде не істерін білмей, қалай тірлік жасарын ойлап аңырап қалды. Көбі жұмысынан босатылып жатты. Не істерін білмеген жұрт, әсіресе, әйелдер дорбасын арқалап, ел аралап кетті. Ал, қолында кетпен-күрегі, тірлігі бар еркектер үйде отырып қалғаны белгілі. Осының барлығы нарықтық экономикадан қорыққандықтың пәлесі. Содан кейін біртіндеп ел есін жинай бастады. Ішінде өмірді бірден ұққан, тірлік етуіміз керек деп қолында әрекеті бар адамдар қайтадан жеріне, малына ие болып, кәсіпке араласа бастады. Ерте кәсіпке араласқан адамдардың барлығының бүгін тірлігі оңалған. Ал, көпшілігі дәл сондай тірлікке бара алмай, адасыңқырап қалды. Кейіннен нарықтық экономика дегеннің не екеніне көз жеткізіп, өздерінің кәсіпкерлігімен айналысып, банк саласымен араласып, одан несие алып, тіршілік жасауға болатынына көздері ашылып, іске кірісе бастады. Соның арқасында ел еңсесі біртіндеп көтеріліп келеді.
– Сіздер бір ғасырға жуық уақыттың куәгерлерісіздер. Сонау Кеңестік дәуірдің алғашқы жылдарынан бастап, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанға дейінгі бірнеше тарихи кезеңдерді бастан өткердіңіздер. Және де осы уақыт аралығында біраз мәселелерді көтердіңіз. Қазір, міне, артыңызда сізді үлгі тұтатын ізбасарларыңыз еріп келеді. Аға, бүгінгі жастарға көңіліңіз тола ма? 
– Мен 15-16 жыл Қайнар уни­вер­ситетінің филология факультетінде қазақ тілі пәні мен әдебиетінен сабақ бердім. Сол жерде декан, кафедра меңгерушісі болдым. Университетте жүріп әр түрлі балаларды көрдім. Мені ауылдан келген балалардың еңбекке құштарлығы, білімге ұмтылысы қуантты. Көбі қазақ тілінде жақсы сөйлейді. Оқуға келгенннен кейін де биікке ұмтылып, тырысқан балалар болды. Менің шәкірттерімнің көбі қазір әр жерде қызметте. Сол шәкірттерімнің көбі бір кездері ауылдан шыққан балалар. Ауыл балаларының еңбекке қабілеті басқашалау болып келеді. Жастайынан еңбекке ұмтылған бала әрқашанда мақсатына жететіні белгілі ғой. Сондықтан, мен қазіргі жастарға ризамын. Қаладағы балаларға кішкене реніш айтуға болады. Қалада қазақ тілінде бірнеше мектеп бар. Қазақ тіліндегі мектептердің сабақтарының барлығы да қазақ тілінде жүреді. Алайда, сабақтан шыққаннан кейін дәлізде балалар орысша сөйлей жөнеледі. Осы дерттен құтыла алмай-ақ қойдық.  Мұғалімдердің де, ата-аналардың да бұған шамасы келмей отыр. Бұдан ата-аналар мен мектептің арасындағы байланыстың әлі де жеткіліксіз екенін байқауға болады. Егер, бірін-бірі қадағалап, көмектесіп, ұрпақ тәрбиесін бірге отырып жасайтындай мүмкіндік болса бұл мәселені шешуге болады. Соған қарамастан сол қала мектебінде оқып жүргендердің арасында да ең талантты балалар бар. Қазақша оқып бітірген балалардың көбі физикадан, тіл мен әдебиеттен Халықаралық олимпиадаларға барып, небір алдыңғы орындарды алып келіп жатыр. Солардың барлығы орыс мектебін емес, қазақ мектебін бітірген балалар. Бұдан қазақ тілінде жүргізіліп жатқан тәрбиенің нәтижесі бар екенін көреміз. Міне, сондықтан, мен қазақ жастарына сенемін. Олардың болашағы зор деп білемін!
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбатты жүргізген:
Маржан СӘБЕТ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *