Б. Байбек егілген өсімдік және ағаш көшеттерін ұрлаушыларды қоғам болып айыптауға шақырды

121

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек отырғызылған жасыл желектер бойынша көшпелі жиын өткізді.

Айта кетелік, биылғы жылы Алматыда қала бюджеті есебінен 77 мың шаршы метр жерге гүлдер егілді. Олардың ішінде раушан гүлінің алатын аумағы — 38 мың шаршы метрді құрайды. Бұл саланы қаржыландыру 20 пайызға азайып кеткенімен, егу көлемі өткен жылғы деңгейде қалған.

«Алматы — жасыл қала, Алматы — гүл қала» деп бекерге айтылмаған. Бюджеттен бөлінетін қаржы азайғанымен біз бұл мәртебені сақтап қалуымыз керек. Қаржы жұмсаудың тиімділігін, ағаш отырғызудың сапасын арттыруымыз қажет. Бұл үшін халықаралық тәжірибелерге сүйенуге болады», — деді Б. Байбек.

Мердігерлік компаниялардың өкілдері биыл гүл отырғызу барысында жауын-шашынға байланысты қиындықтар туындағанын айтты. Сондай-ақ, ауа райымен қатар, әлеуметтік сипаттағы себептер де кедергі болып жатыр екен. Мысалы, көптеген елдерде гүлдер тікелей жерге емес, алдымен қыш құмыраларға отырғызылады. Содан кейін барып, белгіленген жерге тізіліп  қойылады. Сонда солған, бүлінген гүлдерді тез ауыстыруға болады. Ал бізде құмыра түгілі жерге отырғызылған гүлдердің өзін ірі көлемде ұрлап жатқандар бар.

«Біз 400 шаршы метрге гүл отырғызған едік. Таңертең келіп қарасақ, бірде-бір гүл қалмапты. Оларды біз жеке тұрғын үйлердің маңына отырғызған едік. Оның үстіне бұл жұмыс «Ата-аналар күніне» сәйкес келді», — деді мердігерлік ұйымдардың бірінің басшысы.

Қала басшысы өсімдіктерді отырғызу жұмыстары қала бюджетінің есебінен, яғни қала тұрғындарының ақшасына жүргізіліп жатқандығын, ал гүл ұрлау қала тұрғындарының ақшасын ұрлаумен тең екендігін айтты.

«Қала тұрғындарының арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. Қырағы, адал ниетті азаматтардың көмегіне сүйену үшін, әлеуметтік желіні де пайдалану қажет. Біріншіден, көшет ұрлағандар жауапқа тартылады, екіншіден мұндай заңсыз әрекеттерді қоғам болып айыптауымыз керек. Егер, адамдар биліктен жемқорлық пен бюрократияның азайғандығын талап ететін болса, онда олардың өздері де өзгеруі тиіс», — деді Б. Байбек.

Автор: Айбота Жаппарберген

ҚазАқпарат агенттігі




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *