DSC00348-950x713

Алтаймен мәңгі астасқан

Көрнекті жазушы Дидахмет Әшімханұлының туған күніне орай Шығыс Қазақстан облысында жас қаламгерлердің жазушының стилінде жазылған шығармаларына арналған ауданаралық байқау өткен болатын. Төменде  сол байқаудың Бас жүлдесін алған  оқушы Мөлдір Қадылқанованың әңгімесін ұсынып отырмыз.

Мамыр айының жанға жайлы қоңыр салқын самалы мұнартып жатқан маңғаз Алтай тауының сай саласында өскен бұта қарағанның, менмұндалап көкке өрлеген тал-теректердің басын еркелете тербейді. Төменде терең шатқалда Бұқтырма өзені күндегідісінше арқырап-күркірейді. Жолында кездескеннің барлығын бұқтырып ағызып әкететін тентек Бұқтырманың жағасы әсемдік пен әдемілікке толы. Самалдың лебімен билеп Алтайдың күмбірлеген сазына балқығандай сылаңдаған ақ қайың, өрім тал сәнмен ырғалады. Тамылжыта сайраған құстардың әні де осы әсем әлемге қосылып ғажайып әсер береді. Жаңадан шешек жара бастаған балғын көк майсаның иісі танауыңды қытықтайды. Көкжиекке таяп батуға айналған күннің шапағы қан қызыл арайға бөленіп бүкіл әлемді түрлендіреді. Алтайдың ғажайып табиғатын өз шығармашылығына арқау еткен өнер тағылымдарын енді ғана түсінгендеймін. Қаншалықты көркем сөзбен сипаттаса да Алтайдың сұлулығына сөз жетпейтін сияқты. Өзімнің Алтай аясына не себепті келгенім енді ғана есіме түскендей  қолымдағы кітабымды аялай сипап қойдым. Неше күннен бері мені еріксіз өз әлеміне баурап алған, қызығына тамсандыра тартқан Дидахмет ағаның «Сары самауыр»  кітабын кеудеме қысып жалғыз аяқ жолға түстім. Кітап оқуға табиғат аясы ең табылмас орын екеніне көзім жеткендей. Кітапқа қызыққаным соншалық күннің кешкіріп қалғанын да сезбеппін. Иә, шынында да Дидахмет ағаның әлемі терең де тұңғиық, ерекше әлем. Менің ойлаған ойымды, айтар сөзімді дөп басқан бұл қандай адам деп таң қаламын. Өз шығармалары арқылы адамгершіліктен қашып, қоғамның қатыгезденіп бара жатқанын мінездер, тағдырлар арқылы толғаған, өзінің еліне, жеріне деген сағынышын жеткізе білген. Алтайдың етегіне түсіп, ауыл шетіне іліндім, ойымды өрістен азан-қазан болып төлдерімен шұрқыраса табысқан түліктердің даусы бөлді. Балалық шағымның ең қызықты күндері өткен Алтай тауының баурайына бұрылып қарадым. Әсем де ғажайып әлемді бір түрлі қимай тұрғандаймын. Дидахмет ағаның «Сарыатанындай» бота күнгі мекеніме тағы бір рет қимастықпен қарап бір күрсініп қойдым. Ертең бой жетіп, өз арманыма қанат қағатындығым есіме түскенде бота күнгі әлемімді әлден сағынғандаймын. Табиғат аясында еркін тыныстап, рахаттана мөлдір саф ауаны қомағайлана жұттым.

– Балам-ау қайда жүрсің? Өңің бір түрлі ғой?

Анамның үнемі байыппен сөйлейтін қамқор үні жүрегімді одан әрі елжіретті. Қайран анашым қызының өсіп, үлкен болып қалғанын қайдан білсін. Кешкілік ас қамымен жүріп әңгімесін жалғастыра берді.

– Білесің бе, қызым? Бүгін Дидекеңнің жылдығына байланысты аудан орталығында ағайын туғандары ас берді. Дидекеңді білетін адамдардан бір кісі қалмаса керек, көп адам жиналды. Несін айтасың, Дидекеңнің өзі де қадірлі жан еді ғой…

Иә, Дидахмет аға шынында да қадірлі жан.

– Балам-ау, мені тыңдап отырмысың? Төбеңнен күн өтпесе жарар еді, әлде ұшынып қалдың ба?

Маңдайымды ұстап, көзімді ашып көріп,  абыржығаны байқалып тұр. Баласына шыр-пыр болып жаны шығардай қамқор болған анама қарап  жаным ашып кетті.

– Бәрі дұрыс, анашым, әңгімеңіз қызықты екен, тыңдап отырмын. Айта түсіңізші…

Дидахмет аға туралы әлі де білгім келетіндігін түсіндім.

-Дидекеңнің  соңғы күндерінен естелік ретінде бейнеролик көрсетілді. Тәуір толқыдым, балам. Құдды тірі кезіндегідей, жаймашуақ қалпы. Тіпті арамызда жоқ дегенге сенгің де келмейді екен… Артындағы ұрпағына, халқына аталы сөздері,  ізі қалды деген осы да…

Есіме еріксіз өзім білім алып жатқан алтын ұя мектебім түсті.  Мектебім — өткен ғасырда осы елді жайлаған қалың жұртқа болыс болған Әбдікерім салдырған мектеп бір ғана Алтай өңіріне емес бүкіл Қазақстанға көптеген қайраткерлер дайындап берген киелі мекен. Оның түлектері ғылымның, өнердің, шаруашылықтың әр саласында қызмет етіп жатыр. Солардың бірі — өткір қаламын Алтайдың сұлулығы мен халқының өміріне арнаған Дидахмет аға. Мектебімізге кіре берісте «Бұл мектепте Дидахмет Әшімханов оқыған»  деген тақта тас ерекше көзге түседі. Дидахмет Әшімханұлы атындағы казақ тілі және әдебиеті кабинетінің  іші жазушы ағаның өмір жолы мен шығармашылығына арналған ақпаратқа толы. Қарсы алдымызда Дидахмет ағаның портреті маған ризашылығын білдіргендей күлімдей қарайды. «Үлкенді сыйлаған, қонақты құрметтеген, халқымның асыл салтымен өскен ұрпағым менің!» дейтіндей. Алтаймен мәңгі астасқан, өмірін  шығармашылығымен өрген Дидахмет ағаның тұңғиық  әлемі осы сынып ішінен бастау алғандай. Белгісіз бір тылсым күш өзіне баурап, ыстық алақанымен басымнан сипағандай ерекше сезімге бөлендім. Дидахмет ағамен арамызда белгісіз бір байланыс бардай, оның жанын түсініп елім деп, жерім деп соққан жүрегінің лүпілін естігендей болдым. Халқы қадірлеген, әрбір сөзін ұрпағы бойтұмардай сақтаған, Алтайымен мәңгі астасқан  Дидахмет ағаны Қаратай елі мәңгілік ұмытпайды.

…Ерек туған Алтайдың бел баласы,

Көркем сөздің шырайлы шын данасы.

Сұлулығын өлкеңнің жырлап өттің,

Адамзаттың сындарлы сен сарасы,-

деген Ләззат апамыздың Дидахмет ағамызға арнаған өлең жолдары тіліме  орала берді…

Қадылқанова Мөлдір
Шығыс Қазақстан облысы
Катонқарағай ауданы
Шыңғыстай ауылы
«Әбдікерім атындағы Шыңғыстай орта мектебі» КММ
7-сынып оқушысы




2 пікір “Алтаймен мәңгі астасқан

  1. Нурлан

    Абай мен Шәкәрім шыққан қасиетті шығыс жерінің табиғатын бір шумақ өлеңмен тамсандырып жататыны бар.Дидахмет ағамыздың осындай тамаша табиғаты бар өлкесі естігенге татымайды!

  2. Нурлан

    Өзім барып бір марқайғым келіп жур!

Пікір қалдыру