Бейітте өскен ағашты сындырма

Түркістанда Үйрек ата әулиенің қабірі бар. Ол кісі заманында Түркістанға Ислам аша келген дін ғұламасы екен. Залымдардың қолынан шәйіт болып, қаза тауыпты. Кейін қабірінің басына ағаш өсіп шығады. Ел ол ағашты киелі деп ырымдап, қадір тұтады.

Бір күні Жақсыбай деген кісі жәрмеңкеден асыл тұқымды бір үйір жылқы әкеле жатады. Жолай әулиенің қабіріне жетіп ат шалдырады. Даладан отын жинауға ерініп, жайқалып тұрған әулие ағаштан бірнеше бұтақ шауып алады. Сол бұтақтарды отын қылып, қазан асып, шай қайнатып тамақтанады. Ауқаттанып алған соң, ұйқы басады. Қалғып кетіп, қорқынышты түс көреді. Түсінде Үйрек ата оған тас лақтырыпты. Жақсыбай бұғып қалады. Тас одан өтіп, жылқының үйіріне барып тиіпті.

Жақсыбай шошып оянады. Қараса, асыл тұқымды жылқыларын қасқыр жарып кетіпті. Ол дереу тәуба қылады. Басының амандығына шүкір етеді. Алладан кешірім сұрап, ақсарбас атайды. Жұрт: «Бейітте өскен ағашты кеспе» деген тыйымның сыры осы екен ғой, – десіпті.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *