Сәкен жүрген Ақмола -бүгінгі Астана

С.Сейфуллиннің жеке тұлға болып қалыптасуында Ақмола қаласының алатын орны ерекше. Қазақ елінің болашағы үшін  саяси-қоғамдық, мемлекеттік істердегі алғашқы қадамы осы жерден бастау алады. Ең үздік туындылары осы қалада жазылған.  Қазақ топырағында алғашқылардың бірі болып қоғам қайраткері ретінде қалыптасып, осы қалада өліммен бетпе бет келді емес пе? Ендеше бүгінгі егеменді еліміздің бас қаласы- Астана күнін атап өту барысында, Сәкен жүріп өткен жолды атап айтқан жөн.

     С.Сейфуллин Омбы мұғалімдер семинариясын 1916 жылы 10 мамырда 22 жасында бітіріп келгеннен кейін, Ақмола уезі Сілеті-Бұғылы ауылына барып, Ш.Уәлихановтың жиені Сұлтан Абылаевтың үйінде мектеп ашып, сол жерде мұғалімдік қызмет атқарады бастайды. Бұған дейін, С.Сейфуллин 1908 жылы оқуын үздік аяқтап, алғаш рет Ақмолаға келіп, 2 кластық приход мектебінде оқиды, кейін қалалық 3 кластық училищеде білім алған болатын.13553189_884965611607820_2101456029_n

  Сабақ басталғанша 1916 жылы ауыл-шаруашылық санақ жұмысымен Ақмола уезінің Шұбыра, Қоржынкөл, Ереймен бойындағы елдерді аралайды. Қоғамдық қызметі де осы Ақмола жерінде бастау алады. С.Сейфуллин ашқан мектепте алғашқылардың бірі болып білім алған шәкірті Жұмабай Орман баев  Ақмола табиғатын өз естелігінде былай суреттейді: «Есіл өзенінің Бидайбике көпірі… Айнала бұталары, өсімдіктері көп қалың тогай кейде тұтасқан жалпақ, кейде шоқ-шоқ болып, өзендерді қуалаған салалы. Есіл әлі күз нышаны жоқ. Белуардан қалың шөп, пісуі жетпеген алқаракөк өсімдіктердің жұпар иісі, таңертеңгі ауа кеудені жарып сергітіп келеді. Құмқарасуға жеткенде ұйқыдан енді-енді серги бастаған Ақмола үстінен шашыраған күн шапағы әлемге жылу төге бастаған-ды».

  1917 жылы патша үкіметі құлайды,  Сәкен Ақмолаға келіп, саяси-қоғамдық істерге белсене араласады. «Асығып тез аттандық» (Бостандықты қарсы алу) өлеңі осы кезде жарық көреді.

«Сол бір кезеңдегі Сәкеннің жұмысы бастан асады, күндіз түні тыныштық жоқ: мектептегі сабағы, үйдегі жазу жұмысы ( сол кезде «Бақыт жолына» деген пьеса жазып жүретін), жиналыстарға қатынасып, сөз сөйлеуі, пікірлес жолдастарымен бас қосуы әрі-бері жарыса өтіп жататын…Ақырында, сол жылы Ақмолада Совдеп орнады. Оның председателі – Бочек, орынбасары –Серікбаев, президиум мүшелерінің құрамында Сәкен де бар…»-деп еске алады інісі Мәжит Сейфуллин.

  1917 жылдың желтоқсан айында Ақмолада Совет үкіметі орнағанда, Ақмола жастары «Жас қазақ» атты ұйым құрып, «Тіршілік»газетін шығарды. Газет халық мүддесін қорғады. «Жас қазақ» ұйымына С.Сейфуллин басшылық еткенін тарихтан білеміз.1918 жылы ақпан-наурыз айларында бірінші уездік съезде депутаттар кеңесі (Совдеп) құрылып, Сәкен Сейфуллин уездің оқу-ағарту комиссары болып тағайындалады. 1918 жылдың 1 мамыр күні Ақмола қаласындағы қазіргі музейінің (С.Сейфуллин музейінің) әкімшлік ғимаратының артында  салтанатты шеруде  «Жас қазақ марсельезасы» алғаш рет шырқалады. Алғаш рет «Бақыт жолында» пьессасы С.Сейфуллин ұйымдастырған  Шығыстық үлгідегі «Қызыл керуенде» Ақмолада сахналады.

   1920 жылы жазғытұрым С.Сейфуллин Ақмолада уездік атқару комитеті төрағасының орынбасары, басқару бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады ды. Ақмоладағы тұрған үйі Иманов-Республика көшелерінің қиылысында орналасқан болатын. 1970-71 жылдары қаланың жаңа жобасына байланысты құлатылып тасталды.

  1924 жылы Қазақстанның астанасы қай қала болады деген пікірталас туындағанда: Сұлтанбек Қожанов  — Ташкент қаласын, Сейітқали Мендешов-Ақтөбе қаласын, Тұрар Рысқұлов –Шымкент қаласын, Ораз Исаев- Қызылорда қаласын ұсынғанда, С.Сейфуллин –Ақмоланы ұсынып, қаланың болашағына сеніп, жоспарын ұсынған. Сонда ақын жаңа ғана автономиясын алып, тәй-тәй басып келе жатқан еліміздің елордасы осы жер болу керегін тәптіштеп айтып берген… Қызылорда қаласы  астана  болады  деген шешім шыққанда, бәрібір «Ең ақ, ең дәмді нан – Ақмоланың наны», «Ең алып, батыл да ержүрек батыр — Қажымұқан» деген қанатты сөздері халық аузында қалған. Өйткені Қажымұқан Ақмоланың тумасы гой. Осындай батырларымыз туған Ақмола —  бүгінгі Астана!     Елбасы Н.Назарбаев : «Сәкен өз заманының саясатына қызмет етті, сол кездегі жаңа құрылған қоғамның болашағына сенім артты. Бірақ ол –өз халқының болашағына деген сенім еді. Егер ол тірі болса, бүгін сөз жоқ, өзіне тән өткірлікпен, от пен судан қорықпайтын батырлықпен тек халық мүддесі жағында ғана тұрар еді»- деп атап айтып, ақынға, қоғам қайраткері, елінің біртуар азаматына деген лебізін білдірген.

   Тәуелсіздік алып, болашақ қаласы –Астана бой көтерді!!! С.Сейфуллиннің аңсаған арманына ұрпағы қол жеткізді. Барлығымыз  оның куәсіміз!

    С.Сейфуллиннің музейінің, яғни жеке тұлғаға арналған музейдің  осы Астанада ашылуы кездейсоқтық емес. Астана — балалық шағы өткен, азамат болып қалыптасуына себепші болған  құт мекені. Ақын мұрасы –көп қырлы да күрделі. Сол мұраны сақтап, насихаттап, отырған осы киелі қара шаңырақ —  С.Сейфуллин музейі!

С.Сейфуллин музейінің ғылыми-ағарту бөлімінің меңгерушісі

Гүлназия  Ибраева 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *