Ел әлеуетін еселеуге бағытталған әріптестік

195

Орал қаласындағы «ҚПО б.в.» компаниясының бас кеңсесінде Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының арасындағы аймақаралық кооперация шеңберінде әріптестік жөніндегі кеңес өтті.
Жиынды ашқан облыс әкімі Алтай Көлгінов Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастаған делегация  мүшелеріне «Ақ Жайық өңіріне қош келдіңіздер!» дей келе, басқосудың мақсаты қос өңірдің арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту екенін атап көрсетті. 

Неизвестный объект– Елбасының берген тапсырмасына сәйкес өңірлер арасындағы қарым-қатынасты дамытуға мүмкіндіктер мол. Өңірімізде ең ірі кен орындарының бірі – Қарашығанақ  мұнай-газ конденсатты кен орны орналасқан. Кен орнында ірі трансұлттық шетелдік компаниялар инвестор ретінде жұмыс жасап, еліміздің және өңіріміздің экономикасының дамуына қомақты үлес қосуда.

Мұның өзі Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың сәйкесінше жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Елбасы да өңірлердің инвестициялық тартымдылығын мейлінше арттыру, өңіраралық кооперацияны нығайту  міндеттерін қойып отыр. Жаңа ашылған ғимаратта басқосуымыз бекер емес, өйткені делегация құрамында бізге инвесторлар келіп отыр.  Осындай кездесулер үшін ол да оң септігін тигізеді. Батыс Қазақстан облысы – аграрлы-индустриялды өңір. Көптеген өндірістік кәсіпорындар бар. Ауыл шаруашылығы саласын дамытуға мүмкіндік жеткілікті. Бүгінгі кездесу екі өңірдің арасында жақсы қарым-қатынасты дамытып, әрі қарай нығайтуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, – деді Алтай Көлгінов.
Одан кейін сөз алған Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов екі өңірдің арасындағы қарым-қатынасты нығайту бағытындағы іс-шаралардың ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді. «Бизнес-делегация құрамында облыстағы кәсіпорын-ұйымдардың басшылары, ірі кәсіпкерлік өкілдері келіп отыр. Олар металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы салаларында тығыз байланыс орнатуға дайын. Алдағы уақытта іскерлік байланыс орнатып, нәтижелі жұмыстар жасаймыз», – деді  Болат Бақауов.
Оның айтуынша, өңіраралық әріптестіктің астары отандық тауарларды сатып алуда, отандық кәсіпкерліктің қызмет көрсетуіне жүгінуде. Тапсырыстарды орналастыру кәсіпорындардың табысын еселейді. Мұның өзі кәсіпорынды сауықтырып қана қоймайды, сонымен бірге күллі еліміздің, өңірлердің экономикасын өрге сүйрейді. Соңғы жылдары индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде Павлодар облысында машина жасау, металлургия, химия, агроөнеркәсіп салаларында 80-ге жуық жаңа өндіріс орны құрылған. Павлодарлық өндірісшілердің  батысқазақстандық мұнай-газ кәсіпорындарымен әріптестік  байланыс тәжірибелері бар. «KSP Steel» – Қазақстандағы мұнай-газ саласы үшін жіксіз, біртұтас, болат тұрбалар шығаратын тұңғыш кәсіпорын. Бұл компания Ресейдегі және еліміздегі мұнай-газ компанияларын өз өнімдерімен қамтуда. «Біздің өнеркәсіптік әлеуетіміздің ауқымы әлдеқайда кең әрі сан түрлі», – деп түйіндеді сөзін Болат Жұмабекұлы.
Қос өңірдің арасындағы әріптестікті дамытуды көздеген жиынға Павлодар өңіріндегі болат құбырлар, болат дайындамалар, кабельдік-өткізгіштік өнімдер, жылу сақтайтын материалдар, энергетикалық жабдықтарды жөндейтін кәсіпорындардың, ауыл шаруашылығы саласынан қағаз, май өңдейтін, астық өндіретін, раушан гүлін өсіретін және өзге де компаниялардың өкілдері қатысты. Сондықтан екіжақты әріптестікті дамытудың өндірістік нұсқалары аз емес. Өңірде пайдалы металл қазбасы мен көмірдің 39, жалпы кең таралған пайдалы қазбалардың 104 кен орны бар. Ресурстық әлеуетті толық пайдалану мақсатында «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы құрылып, жұмыс істеуде. Батыс Қазақстан облысы сияқты бұл өңір де Ресеймен шектеседі. Облыс аумағынан Сібір нарығына шығатын теміржол көліктік дәлізі (Оңтүстік Сібір және Орталық Сібір теміржол магистралі) қалыптасқан. Жалпы өңір басшысының айтуынша, Павлодар облысы Қазақстанның дамыған  индустриялық өңірлерінің бірі болып табылады. Дамыған халықаралық және аймақаралық байланыстар, өндірістік базалар, табиғи ресурстар және көліктік-логистикалық инфрақұрылымның болуы Павлодар облысының инвестициялық тартымдылығын күшейте түсері сөзсіз.
Басқосуда павлодарлық тараптан «Казэнергокабель» АҚ-ның бас директоры Олег Крук, «KSP Steel» ЖШС-ның директоры Эдуард Креймер өздері басшылық жасайтын кәсіпорындардың тыныс-тірлігімен таныстырды. Голландтық технологиямен күніне 25 мың дана раушан гүлін өсіріп, еліміздің біздің өңірден өзгесін түгел дерлік қамтып отырған  «Green Нouse KZ» жылыжай кешенінің директоры Айтмағанбет Сәрсенбекұлы бір құшақ гүлін әкеліп, Алтай Сейдірұлына ұсынып, өз өніміне жақсы жарнама жасады. «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумының операторы – «Зениттехсервис» ЖШС директоры Көшербай Айғожаұлы оралдық машина жасаушылардың әлеуетімен таныстырып, әріптестерін «ҚПО» нарығына кіру үшін консорциумға мүшелікке шақырды.  Сондай-ақ  кездесуде «ҚПО»-ның өндірістік қызметі, жобаларды кеңейту келешегі, жергілікті үлесті дамыту шараларын іске асыру мақсатында Павлодар облысының өндірістік кәсіпорындарының «ҚПО»-ның сатып алулар үрдісіне қатысу мүмкіндігі сөз болды. «ҚПО б.в.» компаниясының бас директоры Ренато Мароли өткен жылы Павлодар облысында болып, бірқатар кәсіпорындардың өндірістік әлеуетімен танысқанын, онда шығарылатын тұрба, кабель және химия өнімдерін көріп-білгенін айтып өтті. Бас директордың айтуынша, бүгінде «ҚПО»-ның деректер базасында 3800-ден астам қазақстандық кәсіпорын тіркелген. 1997 жылы Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге (ОСРП) қол қойылғаннан бергі уақыт ішінде «ҚПО»-ға отандық компаниялар арқылы жеткізілген тауарлардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құны 5,5 млрд АҚШ долларынан асты.
Аймақаралық кооперация шеңберінде өткен кеңестің соңында Павлодар және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері арасында экономиканың түрлі салаларында  өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
– Батыс Қазақстан облысында Қарашығанақ жобасын кеңейту жоспарланған. Кәсіпорындарымыздың ішінен «KSP Steel»  компаниясының әлеуеті күшті. Оның өнімдері Ресейге, еліміздің барлық өңірлеріне шығарылады. Сондықтан компанияның өнімдері кен орнын кеңейту жобасына қатысатын болады. «Казэнергокабель» компаниясының кабель өнімдері Ресейге, ел нарығына шығарылады. Соныман қатар құрылыс материалдары да нарықта сұранысқа ие. Өңір кәсіпорындарының өнімдері қазақстандық үлесті арттыруға үлестерін қосса дейміз, – деді Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов журналистерге берген сұхбатында.
Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, батысқазақстандықтар бұған дейін  Алматы, Маңғыстау, Атырау, Солтүстік Қазақстан облыстарымен әріптестік жөнінде келісім жасаған. «Павлодар облысының делегациясымен кездесудің пайдалы жағы көп. «Зениттехсервис» консорциумы «KSP Steel», «Казэнергокабель»  зауыттарымен әріптестік орнатуға ынталы. Ауыл шаруашылығы саласындағы бірқатар кәсіпорындар өзара байланыс орнатуға ықыласты. Мұндай кездесулер өзара әріптестікті нығайтуға жол ашады», – деді облыс басшысы Алтай Көлгінов.
Жиыннан кейін өңірге келген павлодарлық меймандар Оралдағы «Орал трансформатор зауыты», «Орал сауда-өнеркәсіп компаниясы», «Стекло сервис» ЖШС-ларының өндірістік базаларында болып, олардың жұмыстарымен танысты.

 Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,
Орал қаласы 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *