Большевиктерден қарымта қайтару

Қазан айының басында Қанат ағаның үйіне бір іспен бардым. Қанат аға  (Тасыбеков) ағамыз «Ашаршылық ақиқаты» деген Сағат Жүсіп деген ағамыздың кітабын ұстатты. Беріп тұрып:

– Келесі аптада осы кітаптың тұсаукесері болады. Мен осы шараны ұйымдастырушылардың бірімін. Оқып шығып, шараға келіп, пікіріңді айтып берсең, – деді.

– Жарайды, – деп кеттім. Үйде асықпай оқып шықтым. Автор ашаршылыққа қатысты қолына түскен мол  материалды бір кітапқа жинапты.  Ондағы деректер мен естелік әбден таныс. 1932 жылғы әлемдегі ең ірі ашаршылықтың бірін бастан кешкен әкеміз есімді білгелі осы жайлы тоқтаусыз әңгімелер айтқан. Бала кезде дастарқан басында естіген естеліктер санаға еріксіз құйылып қалды. Кітапты парақтап отырғанда санадағы сол естеліктер түгел тіріліп, қалқып мидың бетіне шықты. Тұсаукесерге қалайда барамын деп шештім. Айтылған күні межелі жерге бардым. Ұлттық кітапхананың  залындағы үлкен дөңгелек үстелде кілең танымал тұлғалар отыр екен. Модератор – Мұхтар Тайжан.  Оның оң жағында Қанат ағам отыр. Үлкен үстелге емес, төмен жақтағы екінші қатарға жайғастым. Шара басталды. Автор сөз алып, өзін де, кітабын да таныстырып жатқанда Қанат аға тұрды да «менің қасыма келіп отыр» деп алыстан ишара жасады. Осында отыра берейін дегеніме көнбеді. Еріксіз қасына барып отырдым. Модератор бірінші сөз кезегін қазақтың бір танымал тұлғасына берді. Ол кісі ашаршылық туралы айтамын деп бастады да «қазақтарды екі ғасырдан бері орыстар әдейі қырып келе жатыр» деп саясатқа бірден аунап  түсті. Модератор тізгінді тартамын дегенше, ол «Чернобыль АЭС-і жарылған кезде де кілең қазақты іріктеп жіберген» деп біраз жерге барып қалды. Кітапхана басшылығы: «Кітап туралы айтсаңыздаршы. Саясатта не шаруаларыңыз бар? Бізге зияндарыңыз тиеді», – деп шыр-пыр боп жатты.  Шара басталмай жатып, бағытынан айнып кетті. Кітап жайына қалды. Оны тоқтата бергенде тағы бір қазақ атып тұрды да, қазақтардың санының аздығы жөнінде өзінен өзі қызынып сөйлеп кетті. Модератор: «Ой, мырзалар, тәртіп сақтайық. Тізіммен, кезекпен сөйлейік. Есептеулі уақыт бар», – деп сөзді зорға дегенде Қанат ағаға бұрып үлгерді. Қанат аға: «Құрметті бауырлар, мына жерде кітапты оқып келіп, арнайы пікір айтатын жігіт отыр. Мен сөзді соған бергім кеп тұр», – деді де, қисайғанды түзеуге мені қосты. Мәселеге төтесінен бірден көштім. Кітаптың ұнаған тұсы туралы тез-тез таратып айтып шықтым. Автор риза боп басын изеп отыр. «Енді кемшін тұстары туралы айтайын», – дедім.  Автор не сын айтады екен деп демін ішіне тартып қатты да қалды.

1446098738_12186409_905519176193700_1706347393549350488_o

Мен бүй дедім: «Кітапта өлген адамның санын анықтауға шамадан тыс көңіл бөлген.  Бір-біріне қарама-қайшы цифрлар өте көп. Санақ жүргізбейтін көшпенді елдің санын дәл анықтау – атам заманнан бері проблема.  Бейне бір аштықты зерттеуде мақсат өлген адамның санын дәл анықтау сияқты болып қалған. Үш миллионның ар жақ, бер жағында қырылғаны анық. Аштықтың  кейінгі ұрпақтың да психологиясына тигізген кесірі, әсері туралы материалдар неге енбеген немесе сол туралы неге бір тарау жазылмаған?  Мына жерге аштық туралы алуан түрлі деректер жан-жақтан жинақталған. Ол туралы Таласбек Әсемқұлов ағамыз «Аштық және соғыс» атты мақаласында таратып жазған. Неге сол дайын материалды  салмадыңыз? Оны ағамыз мақаласында «қазақ санасының мертігуі» деген ұғыммен әдемі берген.  Осы арада Таласбек ағаның мақаласынан  үзінді бере кетейін.

«Бұрынғы Ресей империясының территориясында 1917-1949 жылдар аралығында, яғни отыз екі жыл бойы тарихи эксперимент жүргізілді. Осы эксперимент барысында жоғарыда айтылғанның барлығы да расталды. Енді совет халқына айналған қоғамның азық іздеуге жұмсаған уақытының көлемі адам айтқысыз өсіп, азық-түлік карточкасын табу, олардың бағасын өсіріп сату, түкке тұрмайтын ұсақ-түйекке бола ұзындығы бірнеше шақырымдық кезекке тұру, азық-түлік іздеп базарларға бару, «қара базарды» аралау, тамақ үшін неше түрлі жұмыстарға жалдану т.т. Тиісінше, басқа ермекке арналған уақыт көлемі мүлдем азайды /мысалы, театрға бару, көрме, кітапханаға, таныстарға бару, серуенге шығу тоқтады/. Адам өмірінің мәні тек «қарын тойғызуға ғана айналды», – деп жазады П.Сорокин.

golodomor_ustam2

Сөзімді жалғай бердім. Мысалы, 1926 жылы туған менің әкем аштықтан аман шыққан соң ақыры тоқшылыққа ілінді. Отыздан асқанда үйленіп, «нашар болсаң да, көп бол» деген принциппен он балалы болды. Бертінде 85 жасында дүниеден озды. Бірақ әкемнің аштықта мертіккен санасы сол күйі оңалмады. Жыл сайын өзінен өзі мазасызданып аштыққа дайындалып жүретін. Қатқан нанның қалдығын суға жібітіп сиырға берсе, ашаршылықты еске алып еңірей жөнелетін. Д.Лондонның «Өмірге құштарлық» деген әңгімесі есіңізде ме? Алтын іздеп жүріп мертіккен досын жолдасы жарты жолда тастап кетеді. Ол жүре алмай далада қалады. Тамағы таусылып аш қалады. Не болса соны жеп сүйретіліп жүріп, кемеге кезігіп, ақыры қалаға жетеді. Сонда да аштықтың үрейінен арыла алмай, қатқан нан жинаған матрацын өзімен бірге арқалап жүреді. Санадағы мұндай дертпен қазақ халқы тұтас ауырған. Әкеміздің санадағы жарасы қартайғанда тіптен асқынды. Тіпті үйдегі қонаққа қарап отырып: «Асқабақты қабығымен же. 32-нің аштығында жеуге қабық таппай қалғанбыз», – деп айта беретін деңгейге дейін жетті. Міне осындай психологиялық салдары кітапта жазылуы керек еді. Осының бәрі Т.Әсемқұловтың мақаласында жақсы ашылған». Осы арада мақаладан үзінді келтіре кетейін.

ҚАЗАҚ САНАСЫНДАҒЫ ПАЛИМПСЕСТ

Адам санасы палимпсестің бір түрі болып саналады. Палимпсест дегеніміз – түрлі текстердің немесе суреттердің бір-бірінің үстінен қабаттасып түсуі. Адамзаттың тарихи тағдыр барысында кешкен қорлығы, кіріптарлығы, бүкіл ауыртпашылығы белгілі бір рефлекстер түрінде санада бекіп қалады. Уақыт өте бұл негативтік рефлекстер одан әрі түпсанаға таңбаланып, санадан тыс реакцияларға айналады. Сананың мертігуі салдарынан пайда болған психикалық беріш ешқашан өшпейді, ұрпақ санасында мәңгі бақи тұра береді.

depression

Осыдан соң тағы бір құбылысқа назар аудартқым келді. Қазіргі қазақтар – өзіне өзі көңілі толмайтын ұлт. Бірінің бойынан бірі тонна-тонна теріс мінез көрген сайын ұлт ретінде өзінен өзі түңіліп кетеді. Халқының соншалықты сорлы болғанына қорланып кетеді. Оның да түпкі себебін  Таласбек ағамыз соғыстың соңынан ілесе жүретін жеті жұттың бірі аштықтың кесірі деп көрсетеді. Яғни толассыз соғыс пен бітпейтін ашаршылық алаш жұртының ең сапалы сапын жалмап отырған. Соның кесірінен  басталған кері селекция қазақтарды ең нашар ұлт пен ұлыстың құрамына апарып қосты. Ол туралы да мақалада мынадай деректермен дәйектеп әдемі берген.  Енді мына мақаланың дерегіне назар аударыңыз.

1456 жылы Алтын Орданың сол қанатынан қазақ құрамындағы тайпалар бөлініп шықты. Осы жыл жаңа мемлекет – Қазақ Ордасының жыл санауының басы болып есептеледі.

Қазақ халқының жолы оңай болған жоқ. 1456 жылы ту тіккенінен бастап 1821 жылы тәуелсіздігінен айрылғанға дейінгі аралықтағы үш жүз алпыс жылдық тарих – сансыз соғыстардың қанды жолы. Туыстас тайпаларды біріктіру жолындағы соғыс, моғолмен, бұхармен, қытаймен, өзбек хандықтарымен екі арадағы соғыс, Ташкенттің ханымен болған соғыс, қазақ халқының жарымына жуығын жалмаған қатаған қырғыны. Бірақ қазақ санасының ең үлкен мертігуі қалмақ соғысынан болды.

1329630930_8076

Бұл соғыстың тарихы әлі жазылған жоқ. Аталған тақырыпқа арналған жекелеген романдар, зерттеулер бар, алайда бұл соғыстың салдарынан болған заттық, моральдық, ізгілік шығындарымызды әлі ешкім түбегейлі зерделеп есептеген жоқ. Екі көшпелі халықтың екі жарым ғасыр бойы бір-бірін қырып бітіруді ғана көздеген кезек шабысуы, тізеден қан кешіп, аяспай соғысуы – тарихтағы жалғыз ғана оқиға, ерекше прецедент болса керек. Есі кірмеген бала мен әжетке жараған қыз, өңі бүтін әйелді ғана олжалап, қалғанын қылышқа шалған қатыгез соғыс, әрине, өзінің логикалық күрмеуіне, екі халықтың кіріптар күй, құлдық кепке түсуіне әкеліп соқты. Соғыстың өзі қорқынышты емес, оның айнымас серігі  аштық қорқынышты.

Кері селекцияның нәтижесінен болған биологиялық апат ұлттың бүкіл рухани әлемін күйретті. Егемендік біздің көзіміздегі кіреукені сейілтті. Он төрт жылдың егемендік өмірі барысында біз «асқаралы тұлғамыздың» ішінің кеуек екеніне, мәдениетіміздің «показуха», сырт көрініс қана екеніне, ал надандығымыздың шетсіз-шексіз екеніне көз жеткіздік. Ешбір жұрт надан, ақылсыз болып жаратылмайды. Халық ақылынан жүре айырылады. Біз ақылынан айырылған ақымақ тобырға айналдық.

скачанные файлы

Міне, осы мақаладағы «моральдық, ізгілік шығындарымызды әлі ешкім түбегейлі зерделеп есептеген жоқ» деген сөйлем менің сол жердегі сөзімді басқа тараптан өрбітуіме түрткі болды. Мен бүй дедім: «Аштықта тек адам өлмейді. Сіздер кітапта «аштық құрбандарына әлі ескерткіш қойылған жоқ» деген мәселені қайта-қайта көтергенсіздер. Неге сонша тек материалдық  шығын жайлы жаза бергенсіз? Аштықта адаммен бірге мораль мен ізгілік те өледі. Миллиондаған адамның жүрегі мен миына ғасырлар бойы әбден сіңісті болған төл танымы мен өнер-білімге деген құштарлығы  қоса жоғалады. Дүниетаным, киелі ұғымдар, мінез-құлық, сапалы менталитет қоса құриды. Аштықтың кесірінен ұлттың ең басты байлығы саналатын генофонд келмеске кетті. Большевиктер 32-жылы қазақтардың малы мен тамағын ғана тартып алған жоқ қой. Олардың рухани азығын да тартып алды. Ғасырлар бойы олардың рухани сұранысын өтеп келген жүздеген діни кітапты өртеп жіберді. Шекара асып, жан-жаққа бытырай қашқан қазақтар жол бойы киелі кітаптарын киізге орап, көміп кетті. Бірақ оларды қайтадан іздеп келіп, ешкім қазып алып жатқан жоқ. Себебі ол кітаптарды іздейтін ұрпақтың бәрі аштықтың кесірінен өліп қалды немесе санасы мертігіп, оларды керек қылмай кетті немесе мүлде таба алмайды. Соның кесірінен қазіргі қазақтарды қанша жерден шет елге апарып оқытса да, алдыңғы атпал азаматтардың ақылы мен танымына жете алмай жатыр. Себебі жаңа қазақтар  алапат аштықта үзілген мыңжылдық рухани һәм мәдени тамырына жалғана алмайды. Бұл жайтты да Таласбек ағадан асырып жазу мүмкін емес.

1

«Бірақ біз қандай халықпыз? Кімдер едік, кімдер болдық? 1456 жылдан бастап бес ғасыр кескілес барысында біз биологиялық ең текті, таза, ғазизлеген қанымыздан айрылдық. Бес ғасырға созылған соғыстың, бес жүз жылдық «кері селекцияның» шығынына ешбір генофонд төтеп бере алмайды. Керей мен Жәнібек, Еңсегей бойлы ер Есім, Салқам Жәңгір мен Абылай заманының қазақтарын былай қойып қойыңыз, біз тіпті Абай заманындағы қазақтармен қай жағынан болса да шендесе алмаймыз. Иә, иә, таң қалмаңыз, себебі қандай тайғақ кешуден өтсе де, қазақтың қаны өшіп бара жатқан инерция бойынша Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды жаратты».

bZPeNyiC3WE

Жаңа ұрпақ өзінің өркениетіне жалғанайын десе, өртеліп, көмілген кітаптар қайта басылып шықпайды. Шықса да, қазіргі қазақ тіліне ұқсамайды. Адаптация жасалмайды. Жарайды, енді мұндай пессимизмге салынбай «сонда не істеу керек?» деген сұраққа келіп тірелеміз. Меніңше, ақыры ақырға дейін аман қалу үшін күреседі екенбіз, ендеше үмітті үзбеу керек. Шыны керек, маған да бұл үмітті сыйлаған Таласбек ағаның ойлары болатын.

«1991 жылы біз егемендікке қол жеткіздік. Ресей империясынан іргемізді аулақ салып, халықаралық құқық субъектіне айналдық. Біздің аспан түстес көк байрағымыз Біріккен Ұлттар Ұйымы штаб-пәтерінің жанында желбіреп тұр.

Әнұранға сенсек, біз аман қалыппыз. Біз көп екенбіз. Демограф Мақаш Тәтімов бірде қазақтың санын 13 миллионға жеткізді.

Біздің халқымыздың болашағы бар ма? Бар. Ең бастысы, біз тарихтың ең ауыр өткелектерінен жүгіміз ауса да, аман өттік. Содан соң біздің санымыз көп, болашақ биологиялық комбинацияларға, болашақ селекцияға жетерліктей көп. Алайда аяқ астынан керемет болады дегенге сеніп керегі жоқ. Қоғамның алдында сан ғасырлық ауыр еңбек күтіп тұр. Адам – оның қайталанбас тіршілігі, кұқығы, игілігі, кісілігі мен намысы басты қазынаға, басты құндылыққа айналуға тиіс. «Адам, адам – ең бастысы адам. Адам ақшадан қымбат. Адамды ешбір базардан сатып ала алмайсың, себебі олар сатылмайды да, сатып алынбайды да. Адам ғасырлар бойы тәрбиеленіп қана адам болып шығады, бірақ ол ғасырларға уақыт керек», – деген еді Достоевский».

12049138_1670642413221925_830677342933243013_n

Аштықтың зардабын айтып, тарихты да ұмыттырмай ұрпақтың санасына құйған дұрыс. Оған дау жоқ. Бірақ енді әрі қарай аштықтың зардабын  қалай жоямыз немесе большевиктерге қалай қарымта қайтарсақ болады? Не істесек олардың бүлдіргенін оңалтып, айызымыз қанады? Себебі әділдік салтанат құру керек қой. Мені бұл сұрақ көптен бері толғантып жүрген. Мен большевиктерге қарымта қайтарудың  өзімше бір түрін ойлап таптым. Ол үшін қорықпай көп балалы болуға тырыса беру керек. Менің жасым қырық бірде. Қазір жеті балам бар. Кенже балам жақында дүниеге келді. Жасы үлкен ағайын-туыс модерн есімдер ұсынып еді, бәрін де жаратпай тастадым. Ренжігендері де болды. Ешкімнің көңіліне қарағам жоқ. Жаңа туған шақалаққа аштықта опат болған бабамның атын қойдым. Туыстар: «Келіндер атасының атын қалай атайды?» – деп дәстүршіл бола қалды. «Салтты бір жолға қоя тұрыңдар. Мен большевиктерден қарымта қайтарып, атам мен әжемнің ақысын алып жатырмын», – дедім. Осылайша алдыңғы аштықта қыршын кеткен (1918-20 жылдардағы) бір бабамның атын жаңғыртып, бір адамды тірілтіп қойдым. Онымен де тоқтамадым. Большевиктер тартып алып, өртеп жіберген кітаптарын қайта жаздық. Олай дейтінім Шаһарман деген нағашы әжем қожаның қызы болған. Сауатты отбасының қызы. Егер менің және туыстарымның тұла бойында рухани ілімге қызығатын титтей де болсын қолайлы мінез байқалса, сол әжемізден  ауысқан генофондтың бір ұшқыны  шығар деп өзімше топшылаймын. Репрессия кезінде әжеміздің ата-анасын большевиктер тентіретіп жіберген. Кімнің моласы қайда екенін ешкім білмейді. Кітаптарының қайда қалғанын Құдай біледі. Енді есейген соң аштан өлген әжемнің ақысын қайтарғым-ақ келеді. Бірақ атам заманда бірінің басын бірі жалмап біткен большевиктермен ұстасу деген абсурд. Бірақ сонда да оларға бір ғасырдан соң болса да соққы беретін стратегия  ойлап таптым. Ол үшін олардың өртеген кітабын қайта басып шығарып, өшірген ілімін жаңа ұрпақтың жүрегіне қайта жағып, өлтірген адамдарын қайта толтырып, оларға марқұмдардың есімін қою керек. Сол үшін  Совет өкіметінің жандайшаптары ерекше құлшыныспен өртеген «Сияр Шәріп» деген кітапты бірнеше жігітпен қайта жазуды қолға алдық. Құдай жолды оңғарды. Жүз жыл бұрын отқа тасталған рухани құнды кітап жарты жылда жарыққа қайта шықты. Қазір бала-шағама сол «Сияр Шәріпті» күн сайын оқып беріп отырам. Киелі кітаптар жас ұрпақтың генетикасында сақталып қалған зиялы қасиеттерді қайта оятатын шығар деген үмітім үзілген емес. Аштықта өлген ата-бабамның аруағы риза шығар деп ойлаймын», – деп барып әзер тоқтадым. Отырғандар бұл стратегия туралы айтқанымда ду қол шапалақтап, ерекше ілтипат танытты. Одан соң да басқа ғалымдар кезегімен сөйлеп жатты. Ал мені «Хабар» арнасының журналистері сұхбат беруге шақырып әкетті.

Санжар Керімбай




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *