Келінін күңдей жұмсау Кеңес өкіметінің орнауымен келді

Кеше балаларыммен бірге кіндік қызым Көклен мен оның анасы Гүл Бекенге қонаққа барып келдік. Негізінде, қырқынан шықпайынша жаңа туған нәрестені мазаламайтынмын. Бұл салтқа берік едім. Қырқынан шықпаған сәбиді тек ет жақындары, туыстары, құрбылары ғана көріп, көмектесіп, қол ұшын беріп, әңгіме айтып, босанған ананың көңілін көтеріп кетуіне рұқсат бар. Былайғы жұрт тек қырқынан шыққан соң ғана көре алады. Алайда мен бұл жолы шыдамадым. Кіндік қызымды көргім келді. Босануы кезінде анасының жанында болғандығымнан оған деген көңілім алып-ұшты. Біз келгенде жас босанған ана көрпенің астында жатыр екен. Екеуміз сөйлесіп отырдық. Біз үшін етін асып, шайын құйып енесі бәйек боп жүрді. Енесінің жасы жетпіске тақау. Соған қарамастан таба нан пісіріп, немерелеріне қарап отыр. Үйін де өзі жинап, ыдысты да жуып, кірді де қолмен жуып жүр. Кір мәшіңкелері сынып қапты. Ербол Алшынбайдың анасының аты кім екендігінде білмеймін. Біз оны апа дейміз. Ерболдың өзі анасын «байдың қызы» дейді. Апамыз Қытай жерінде дүниесі тәркіленген байдың қызы болыпты. Текті жердің қызы екені білініп тұрады. Сүйегі асыл адамдар ғой. Этнолингвистикалық бөліністерді талқылаған кезде Ербол «апам біздің тыңдармандарға бола қылпығын да қисайтпайтынын» бірден айтты, «ол байдың қызы ғой» деді. Апамыз айналасына байдың қызына тән тәкәппарлықпен қарап, сынап отырады. Бірақ сөйлескен кезде онысы түк сезілмейді. Дегенмен, баласы менімен кездескен сайын одан «өзі оқымысты бола тұра салтты неге сақтамайды» деп сұрап отырады екен. Мәселен, ат тергеуді қолданбаймын. Бұл келіннің күйеуінің туыстарына ат қою салты. Өзім ежелгі мифологияны зерттейтін маман болсам да, өз өмірімде дәстүрді қолдана бермеймін. Содан ұсталып қалып жатам. Апам бізге шай құйғанда бір қолымен шәугімді ұстап тұрды да, екінші қолымен шәугім ұстаған білегін тіреп ұстады. Мен бастапқыда қолы ауырып қалған екен дедім. Не болды деп сұрағанымда, бұл бізге деген апамның құрметпен шай құю үлгісі екен. Неткен өнеге! Бұрын-соңды мұндайға мән бермеппін. Келіндер осылай шай құя ма екен? Апамның айтуынша, шілдехана өтпейінше босанған ананың қолынан ас жеуге, шай ішуге болмайды. Тыйым салынады. Тіпті шариғатта да бұл дүние бар. Харам саналады. Міне, қазақтың дәстүрі осындай. Келінін күңдей жұмсау Кеңес өкіметінің орнауымен белең алған үрдіс. Ол кезде ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан игі дәстүрге балта шабылған, ұмыт қалған. Менің де әжем осылай айтып отыратын. Келінді күтіп-баптау керек деп. Әсіресе, босанар алдында, босаған соң оның күтіміне енесі бастаған бүкіл отбасы міндетті болған.

Зира Наурызбаеваның фейсбуктағы парақшасынан




3 пікір “Келінін күңдей жұмсау Кеңес өкіметінің орнауымен келді

  1. Інжу

    Тамаша мақала екен. Қатал енелердің құлағына алтын сырға.

  2. Ерке

    Келін ешқашан қыздай болмайды, ал ене анаңдай болмайды. Осыны түсіндім.

  3. Аружан

    Келін мен ене түсінісу үшін екеуінде де сана болуы керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *