Аласапыран жарылыстар ауыздықталсын!

300

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті халықаралық қатынастар факультетінің Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсету жөніндегі аймақтық орталығы мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаменті Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне орай өткізген дөңгелек үстел мәжілісі осындай ұранмен өтті. 

Неизвестный объектСемей ядролық полигоны жабы­луы­­ның 25 жылдығы мен тәуелсіз­дігі­міз­дің ширек ғасырлық мерейтойына арнал­ған алқалы жиынның негізгі идеясы сая­саткерлер мен ғалымдар назарын осынау жалпыадамзаттық түйткілді шешудегі Қазақстаның атқарып отырған ауқымды іс-шараларға аударуға, халықаралық қауымдастық күн тәртібіндегі кө­кейтес­ті мәселені талқылауға тартуға сайды. Халықаралық Жастар күніне орай сөйлеген сөзінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун   халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі  жастар рөлін арттыруға баса тоқталғаны атап өтілді. Жиналысты ашқан оқу ордасының бірінші проректоры Мұхамбетқали Бүркітбаев пен БҰҰ-ның Қазақстандағы Қоғамдық ақпарат департаментінің өкілі Властимил Самек құттықтау сөздерінде жиналған жұрт­шылық ғасыр түйткіліне аударып өтті.
Осынау даңғайыр дата – әлем елдері, үкіметаралық ұйымдар ядро­лық сынақтарды тоқтатуға бірлесе күш салатын айтулы күн. БҰҰ Бас Ассам­блеясының осыған сәйкес қарарын­да адамның өмірі мен денсау­лығына қауіп төндіретін жойқын апатқа  жол бермеу арқылы ядролық сынақ­тарға нүкте қою қажеттігі көрсетілген. Тарихқа жүгінсек, 1947 жылғы тамыз айында Кеңес үкіметінің қаулысымен атом зарядтарын сынау үшін Семей, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумақтарынан 18500 шаршы шақырым жер әскери полигондар қажетіне алынған. 1949 жылдың 29 тамызында Семей полигонында ядролық қарудың ең алғашқы сынағы өткізілді, 1954 жылдың 12 қыркүйегінде термоядролық құрылғы, ал 1955 жылдың 22 қарашасында сутегі бомбасы жарылған. 1963 жылға дейін сынақтар әуеде өткізілген, ал кейін Кеңестер одағы, АҚШ және Ұлыбритания ара­сын­дағы ядролық сынақтарды атмосферада өткізуге шек қою туралы шартқа қол қойылғаннан кейін жер астына көшірілген. 456 ядролық сынақтың 116-сы әуеде өткізілген. Бұл зарядтардың жиынтық қуаты Хиросимаға 1945 жылы тасталған бомба қуатынан 2,5 мың есе артық болған.
1989 жылдың ақпан айындағы атом зарядының сәтсіз өткізілген сына­ғынан кейін халық наразылығы кү­шейе түсті. Республикада «Невада-Семей» ядролық сынақтарға қарсы қозғалысы пайда болып, оны ақын Олжас Сүлейменов басқарды. Бұл бастаманы бүкіл әлем қолдады. Мұның нәтижесінде полигондағы жарылыстар саны азайғанымен, толық тоқтатылған жоқ.  Елбасымыз сол кезеңде қозғалыс­қа ерекше қолдау көрсеткені, соның нәти­жесінде 1991 жылдың 29 тамызында «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» Жарлыққа қол қойғаны бүгінде әлемге әйгілі.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең ірі ядролық полигондардың бірін жабу туралы Жарлығы және әлем бойынша төртінші орында болған ядро­лық қару-жарақ қоймасын жою туралы тарихи шешімді қабылдаған қазақ елінің шешуші қадамы әлемді ядролық қарудан азат етудің жарқын үлгісі саналады.  Елбасымыз тарихи мазмұнға толы осынау тағдыршешті Жарлық арқылы ядролық державалар басшыларына үл­гі­лі өнеге көрсетіп, қарусыз әлемнің көшбасшысына айналды.
Қазіргі таңда бүкіл әлем жұртшы­лығы ірілі-ұсақты мемлекеттердің ядросыз әлемге қадам басуын тағатсыз тосып отыр. Бұл мәселеде татулықты сақтау мен ғаламшардағы тыныштықтың мем­лекеттердің ғана емес, жекелеген тұлғаның да қимыл-қарекетіне қа­тыс­­тылығын айқын көрсетіп отыр. 2010 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға келген сапарында Елбасымыздың ядросыз әлем үшін күрестегі қызметіне жоғары баға беріп, «ядролық сынақтарды тоқтату және ядролық қарудан бас тарту қажеттілігін Сізден басқа ешкім мәлімдей алмайды, өйткені, Сіздің халқыңыз мұндай сынақтардың құрбаны болып көрген», деп атап өтті.
Дөңгелек үстел жұмысына қатысу­шылар Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хат­шысының Арнайы өкілі және Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі Өңірлік орталығының басшысы Петко Драганов мырза мен еліміз Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі, Қазақстанның БҰҰ-дағы тұңғыш Тұрақ­ты өкілі Ақмарал Арыстанбекова ханымның мағыналы сөздерін ұйып тыңдады. Сондай-ақ «Полигон 29 тамыз» қоғамдық қорының төрағасы Н.Бозтаев, ҚазҰУ халықаралық қаты­нас­тар факультетінің оқытушысы Ж.Көшер­баев, халықаралық қатынастар факуль­тетінің 4-ші курс студенті С.Қайым ғалымдар мен зерделі жастар­дың ядролық қауіпсіздікке қосар үлесі жайлы тебірене сөйледі.
Дөңгелек үстел мәжілісін факультет деканы, профессор Кәрімжан Шаки­ров қорытындылады. Мәжілісте Бірік­кен Ұлттар Ұйымының «Academic Impact» бағдарламасының тұрақты даму жөніндегі Ғаламдық хабының ауқы­мында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да жұмыс істейтін бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелерін талқылау жөніндегі алаң құру туралы жастар бастамасы мақұлданды.

 Ғалия Ыбыраева,
Гаухар Нұрша,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ




2 thoughts on “Аласапыран жарылыстар ауыздықталсын!

  1. Назира

    Семей полигонындағы ядролық сынақтар қаншама тағдырды күл-талқан етті.

  2. Дархан

    Қазіргі таңда ядролық сынақтардан түбегейлі бас тарту бастамасын көптеген мемлекеттер қолдап отыр. Елбасы ұсынысы жерде қалып жатқан жоқ. Бастысы осы.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *