Құс жолы қалай пайда болған?

Құдай тағала он сегіз мың ғаламды жаратты. Оның алты мыңын хайуанат, алты мыңын өсімдік, қалған алты мыңын тау-тас, топырақ түрлері құрады. Тәңірі тағала аң-құс, жан-жануар, жәндік атаулыны жаратып, олар тіршілігін бастады. Құстар аспанда самғап, Құдай берген қос қанатының арқасында нәпақасын айырды. Кей құстар күз келгенде, туған жерін тастап, жылы жаққа ұшып кететін. Олар жолда неше түрлі азап-бейнетті бастан кешетін. Көбісі жолдан адасып, аштыққа, суыққа ұшырап өлді. Енді біреулері жол торыған мергендердің оңай олжасына айналды. Сөйтіп бірде құстар Алла тағалаға арыз айтты:

– Иә, Алла, жаратып жан бергеніңе шүкіршілік. Бірақ көк жүзінде қауіп-қатер жоқ па десек, біздің жағдайымыз жердегілерден де қиындап барады. Жылы мекенге ұшқан қанша бауырларымыз жолдан жаңылып, қырылып қалды. Кейбіреулері аңшы мылтығының қарауылына ілікті. Сабымыз селдіреп, азып-тозып, азайып барамыз. Бізге де жердегі жол сияқты көктен жол жасап берсең, – деді. Құдай:

– Болсын тілектерің. Сендер де адам сияқты жолмен қатынап, қалаған мекендеріңе барып-келіп жүріңдер, – деді. Сөйтіп көк аспанда шығыстан батысқа қарай шұбалып жатқан Құс жолын жасады. Осылайша құстар Құс жолы арқылы жылы жаққа адаспай, ұшып барып-қайтатын болыпты.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *