img-4463_1474458803

Ұлттық баяндама кәсіпкерліктің барлық мәселелерін қамтиды

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында елдегі кәсіпкерлік белсенділігі жағдайы жөніндегі Ұлттық баяндама таныстырылды.

Жиынның спикерлері ретінде «Атамекен» ҚР ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасарлары Нұржан Әлтаев пен Рустам Жүрсінов қатысты.

«Атамекен» ҚР ҰКП, іргетасы қаланғанына көп болмағанына қарамастан, елдегі кәсіпкерлік ахуалы жайлы дербес көзқарас қалыптастыра алғаны белгілі. Ұлттық палатаның кәсіпкерлікті өркендетуге қатысты өзіндік түсінігі, алғашқы Ұлттық кәсіпкерлік белсенділігі жағдайы жөніндегі баяндаманы дайындауға әсер еткен. Бұдан әрі Ұлттық баяндама мемлекет пен қоғамды елдегі кәсіпкерлік белсенділігі мен бизнес-қауымдастықты дамыту жайында ақпараттандырудың жыл сайынғы дәстүрлі арнасына айналмақ.

«Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің айтуынша, өзгеше сипатта және кең көлемде басы қайырылған зерттеулер арқасында кәсіпкердің орташа алғандағы қызықты келбеті құралған. Мысалға, елімізде ірі кәсіпорындар барлық кәсіпкерлік субъектілерінің небары 0,2%-ын еншілесе, шағын кәсіпкерлік көбінесе сауда мен ауыл шаруашылығына жұмылған екен.

Рустам Жүрсінов Ұлттық баяндаманың «Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңы 10-бабына сәйкес дайындалып, жарияланатынын, Елбасы қарауына ұсынылатынын келтірді.

«Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасында Қазақстан бойынша кәсіпкерлерден 10 мың, еңбек қабілетті тұрғындардан 17031 адам сұралды. Іскерлік климатты бағалауда әкімшілік реттеу, шағын және орта бизнесті мемлекеттік қолдау, қаржы ресурстары, адами ресурстар, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым сынды 5 фактор сұлбасы түзіліп, жалпы алғанда, 4600 адам қамтылды. Бұл көрсеткіштер тұрғысында Астана көшбасшылыққа шығып, екінші орынға Ақтөбеге және үшінші орынға Алматы тұрақтады. Бүгінде Қазақстанның 30 дамыған елдің қатарына кіру мақсатында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының индикаторлары негізге алынуда», — деп хабарлады Рустам Жүрсінов.

Мұнда кәсіпкерлікті дамытудың басты межесі – 2050 жылға қарай еліміздің Жалпы ішкі өнімінде шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайызға жеткізу болып саналатынын еске сала кетейік.

Ұлттық баяндама бірнеше бағытта жүргізілген кешенді жұмыс жемісі болып саналады. Бұл тұста Рустам Жүрсінов Ұлтық баяндама басты 4 бөлімнен тұратынын жеткізді.

«Біріншіден кәсіпкерлер бейнесі тармағынан, екіншіден кәсіпкерлікті дамытудың мақсатты индикаторларынан, үшінші бұл индикаторларды өлшемі мен талдау құралдарынан және төртінші 2015 жылдың қорытындысында отандық кәсіпкерлерге жолығатын бөгеттер мен оларды шешу жолдарынан тұратын баяндаманы дайындау барысында мемлекеттік негіз құраушы құжаттар, халықаралық және отандық рейтингтер, қоғамдық мониторинг деректері, кәсіпкерлер мәселелерінің реестрі, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен 16 өңірлік кәсіпкерлер палатасы сарапшылары қызметінің қорытындысы, 13 000 кәсіпкерлер өтініші зерделенді. Бірқатар мақсатты зерттеу қолға алынды: шағын және орта, ірі бизнестен 6250 кәсіпкер сұралып, әр аймақтан бизнес-қауымдастықпен 9-15 терең сұхбат, жергілікті атқарушы билік, даму институттары, екінші деңгейлі банктер және өзге де салалардан сарапшылар қоғамдастығымен сұхбат жүргізілді», — деп атап өтті Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Р.Жүрсінов.

Сарапшылар қоғамдастығымен сұхбатта ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы Экономикалық зерттеулер институты, «Даму» қоры, «Қазмұнайгаз» АҚ, White and Case Kazakhstan, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы, McKinsey өкілдері қамтылған. Қосымша ҰКП қарамағындағы салалық комитеттермен және қауымдастықтармен, түрлі құрылымдық бөлімше мамандарымен сұхбаттар өткен.

Баяндаманы ҰКП қызметкерлерінен құралған жұмыс тобы әзірлеген. Жұмыс тобы негізгі міндеттерінің бірі ретінде тұтас Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі кезеңіндегі кәсіпкерлік саланың даму қарқынын бағалауды көздеген. Сәйкесінше, өзгерістердің ұзақмерзімді әрі іргелі сипатын қамтитын жүйелі шешімдер түзу межеленген.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, өз кезегінде, Ұлттық баяндаманы дайындау уақыты елдегі барлық 16 өңірге Кәсіпкерлікті дамытудың өңірлік картасын дайындау бойынша ауқымды зерттеу жұмыстарымен және де жыл сайынғы «Іскерлік климат» рейтингін құрастырумен тұспа-тұс келгенін атап өтті.

«Ұлттық баяндамада қазіргі жалпы ұлттық экономикаға және жекелей бизнесті жүргізуге жағымсыз ықпал ететін өнімді өткізу нарықтарының қысқаруы, жұмыспен қамтудың төмендеуі, қаржының қолжетімсіздігі, білікті кадрлар тапшылығы, бизнеске ауыртпалықтың көбеюі, инфрақұрылымның жетіспеушілігі тәрізді экономикалық қатерлер егжей-тегжейлі жіктеліп, жүйеленді. Сонымен қатар, ондаған жылдар ауқымында өзекті мәселелер қатарына еніп үлгерген мемлекеттік капитализмнің өсуі, бұлыңғыр мемлекетті қолдау, кәсіпкерлер құқығының бұзылуы, көлеңкелі экономиканың артуы секілді кәсіпкерліктің маңызды мәселелері талданды. Әр түйткілді мәселелер бағытында оларды шешу жолдары мен теріс салдарларды төмендету амалдары ұсынылды. Баяндамамен «Атамекен» сайтынан және бұқаралық ақпарат құралдарынан таныса аласыздар», — деді Нұржан Әлтаев.

Ұлттық баяндаманы жасау барысында Назарбаев университеті ақпараттық және әдістемелік қолдау танытып, Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы, World Bank, Asian Development Bank әдістемелік құралдары, талдау материалдары, Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекеті қатарына кіру тұжырымдамасы, кәсіпкерлік белсенділіктің GEM рейтингі,  Doing Business және Global Competitiveness Index, Эксперт РА рейтингтері қолданылған. 20-дан астам дамушы елдердің тәжірибесі зерделеніп, дүниежүзінде пайдаланылатын 100 қолдау құралы талданған.

Алдаберген КЕМПІРБАЕВ 




Пікір қалдыру