Шағын шаруашылықтар сала құрай алады

Ешбір ауытқусыз, үйлесімді дамып отыруды қажет ететін, өзектілігі барған сайын арта беретін бірден-бір сала – ауыл шаруашылығы болса, бүгінгідей жаһандық және ішкі сын-қатерлер жағдайында бұл – екі есе айқындала түсетін заңдылық. Осындай өзгешеліктер аясында сала тиімділігін жоғарылатудың жолдары, агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мүмкін шаралары жөнінде ой-ұсыныстарын тыңдау үшін маман-ғалым, экономика ғылымдарының докторы Ғани Әлімұлы ҚАЛИЕВПЕН әңгіме өрбіткен едік. 

Неизвестный объект

– Құрметті Ғани Әлімұлы, Мемлекет басшысы «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырып, оның басымдықтарын нақтылап берді. Осы тұрғыда бүгінде нарыққа қажетті өнім түрлері, оларды ұлғайту мен әртараптандыру мәселелері турасында нендей пікір айтар едіңіз?
– Иә, көзделіп отырған бағдарлама нарыққа неғұрлым қажетті өнім түрлеріне назар аудара отырып, ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуды және әртараптандыруды негізге алады. Бұл ыңғайда ең алдымен саланың болашақтағы дамуы еліміз аймақтарының табиғи және экономикалық ерекшеліктерін ескерумен өндірісті тиімді мамандандыруға және орналастыруға бағытталуы керек. Сонда ғана өндірісті әртараптандыру ісі ілгері басады.
Әртараптандыру топырақтың құнарлылығын сақтау, бизнестің табыстылығын арттырып, тәуекелділікті төмендету, ауыл шаруа­шылық кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін көтеру үшін қажет. Қазірдің өзінде еліміздің өсімдік шаруашылығындағы әртараптандыру өз нәтижесін бере бастады – дәнді дақылдардың егіс алқабын қысқартуға (он жыл ішінде олардың үлесі егіс алқабы үлесіне қарағанда 81%-дан 70%-ға дейін қысқарды) және майлы дақылдардың алқабын (4%-дан 10%-ға дейін), жемшөп дақылдарын (11%-дан 15%-ға) ұлғайтуға мүмкіндік берді. Егістік құрылымының өзгеруі жалғасуда – қант қызылшасының, көкөніс, бақшаның егістік алқаптары қарқынды өсіп келеді.
Десек те, еліміздегі әртараптандырудың дамуына кедергі келтіретін бірқатар проблемаларға нақты назар аударған жөн. Мәселен, баламалы дақылдардың жақсы тұқымдарының жоқтығы, өндірістің жаңа түрлері үшін техниканың болмауы мен технологиялардың жабдықталмауы, инфрақұрылымдардың кенже қалуы және соның салдарынан элеваторлардағы құрал-жабдықтардың негізінен бидай мен арпаға ғана  бейімделіп, рапс және зығыр сияқты ұсақ тұқымды дақылдарды бірлі-жарым элеваторлардың ғана қабылдап, өңдеуі жұмысты қиындата түсуде. Сондай-ақ, нарықтағы азық-түліктің жаңа түрлеріне сұраныстың болуы да өте маңызды. Өйткені, осы баламалы дақылдардың өнімдеріне сұраныстың жоқтығынан оларды өсіру айтарлықтай тартымды болмай отыр. Бұл өз кезегінде әртараптандыру қарқынының төмендеуіне басты себеп болуда.
Қазақстан бүгінде Еуразиялық одақтың, Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі бола отырып, әлемнің дамыған елдерімен көпқырлы қарым-қатынастарды нығайтуда. Әріден ойласақ, Мемлекет басшысы озық мемлекеттерден калыспай, қатарға қосылу міндетін ғана емес, еліміздің топырақ-климаттық және экономикалық объективті ерекшеліктері тұрғысынан алғанда, көптеген экономикалық аспектілер бойынша озып, алға шығу межесін де бағдарлап отыр.

Соған сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен салаларына отандық, шетелдік ғылым мен техниканың үздік жетістіктерін жан-жақты енгізу қажет. Бұл бір десек, екіншіден, аграрлық ғылымның басқа ғылымдарға қарағанда, жергілікті табиғи ерекшеліктерге тәуелді әрі онымен тығыз байланысты екендігін де естен шығармауымыз қажет. Мәселен, сырттан әкелінген мал тұқымдары мен оларға қажетті технологиялар неге көп жағдайда біздің елімізге бейімделе алмайды? Неліктен ол елдердегідей тиімділікке – сауымға, шығымдылыққа, өнімділікке біздің қолымыз жете бермейді? Бұл жерде олардың оңды қасиетін біздің жағдайда пайдалану үшін терең селекциялық-генетикалық зерттеулер жүргізу қажет. Тиісінше, әртараптандыруға кешенді дайындық қажет. Ең алдымен, нарықты зерттеп, баламалы дақылдардың өнімдері үшін сату механизмін пысықтау керек. Оның ішінде республикадан тыс жерлерді де назарға алып, қазірдің өзінде басқа елдерден трансферт жүргізу немесе технологиялар әкелу, тұқымдық база құру және қажетті техника және басқа да тиісті жабдықтарды сатып алу жайын талдаған жөн.
– Аграрлық сектордағы маңызды институ­цио­­нал­дық реформалардың бірі – ауыл шаруашылы­ғы кооперативтерін дамыту. Осы бір пайдалы істі жүзеге асырудың маңызды тетіктері қан­­дай? Сондай-ақ оны дамытуда әлемдік озық тәжіри­белер үлгісін қалай бағалар едіңіз?
– Жаңа «Ауыл шаруашылығы кооператив­тері туралы» заңның механизмдері қабылдан­ған шаралар сипатының жүйелілігіне, кешен­ділігіне байланысты болмақ. Атап айтқанда, бұл мемлекеттік реттеу, ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдау шараларымен, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында шаруашылықтардың шағын түрлерінің кооперативтерге бірігуінің артықшылықтарын тү­сіндіру жұмыстарын ұйымдастырумен, атқа­рушы және жергілікті билік органдарының – әкімдіктердің, ауыл шаруашылығы басқарма­ларының, ғылыми, білім беру, қоғамдық ұйым­дардың, аудан, облыс, республика­лық дең­гей­дегі ауыл шаруашылығы кооперативтері ас­со­­циацияларының бірлесе қатысуымен тіке­лей жүзеге асатын мәселе.
Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы заңды тиімді жүзеге асыру және оның елімізде дамуына кедергі келтіретін проблемаларды жою үшін біріншіден, ауыл шаруашылығы коопе­ративтерін мемлекеттік қолдау бойынша арнайы шараларды әзірлеу, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидиялау механизмін қайта қарап, оны шаруашылықтың шағын түрлерін (ауыл шаруашылығы өндірістік коопе­ративтеріне біріктірілген шаруа қожа­лық­тары, жеке қолдағы шаруашылықтар) қолдауға бағыттау қажет. Екіншіден, Ауыл шаруа­шылығы министрлігі және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы әзірлеген кооператив құрудағы әкімшілік шығындарды субсидиялау ережелерін әзірлеу мен бекітуді, «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін айналымдағы қаржыға арнайы несиелік өнім­дерін құрайтын бірлескен іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне екінші деңгейлі банктердің несиелеуіне «Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясының кепілдіктерін беру керек. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастырудың қанатқақты жобаларын жүзеге асыру мен оларды қаржыландырудың механизмін жүзеге асыру бойынша бірыңғай бағдарлама әзірлеу қажет. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы қызмет көрсету кооперативтерінің (тұрмыстық, қайта өңдеу, жабдықтау және т б.) арнайы салық режимі аясында қызметті жүзеге асырғанда  салық заңнамасының жеке меншік және (немесе) уақытша пайдалану құқығында жер учаскелерінің болуы туралы талаптарын алып тастау керек. DSC_9645
Әлемде кооперативтік қозғалыс кең тараған және қоғамдық дамудың экономикалық, әлеуметтік, саяси үрдістеріне белсенді ықпал етеді. Бүгінде дүние жүзінде 600 млн.-нан астам кооператив бар. БҰҰ бағалауынша, жер шары тұрғындарының жартысы немесе 3 млрд.-қа жуық адам кооперативтік кәсіпорындардың арқасында өздерін тірліктің қаражатымен қамтамасыз етуде. Мысалы, Еуроодақта 132 мыңнан астам кооперативтер 83 млн.-нан астам адамды біріктірген, олардың ішінде 46 мың ауыл шаруашылығы кооперативтерінің құрамында 10 млн.-нан астам адам бар.
Нарықтық экономикасы дамыған елдерде фермерлік кооперативтер  аграрлық саланың өндірістің аралас салаларымен өзара байланысы жүйесінде, жалпы агроөнеркәсіптік кешеннің дамуында айтарлықтай елеулі, бірқатар жағдайларда тіпті шешуші рөл атқарады. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің кооперативтерде жүз пайыз дерлік қатысуы Солтүстік Еуропа, Нидерланд, Ирландия, Жапония елдеріне тән. Континенттік Еуропаның көптеген елдерінде барлық фермерлік шаруашылықтардың шамамен 80%-ы кооперативтерге бірріккен. АҚШ-та, Канадада және Австралияда бұл көрсеткіш 60-80% шамасында. Нарықтық экономикалары дамыған мемлекеттердің ұлттық экономикалары жүйесінде кооперативтердің көзге ілінер позициялары көбіне олардың дамуына мемлекеттің ынталандырушы ықпалымен айқындалған. Белгілі бір өнім түрлерінің өндірісін ынталандыру үшін мемлекет кооперативтер үшін салық төлеуді тоқтатып, бағаларды қолдауға қосымша субсидиялар бағыттай алады.
Бұған қоса, бұрынғы Кеңес одағының колхоздар мен совхоздар шеңберінде ұжымдық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін енгізу бойынша жинақталған тәжірибесін де ескеру қажет. Қазіргі кезде шаруашылық қожалықтардың шамамен 60%-ы ауыл шаруашылық жайылымының 10 гектарына ғана ие. Бұл жағдайда жоғары өнімділікті ауыл шаруашылығы техникасын және ғылыми-техникалық үдерістің жетістіктерін қолдану мүмкін болмайды. Тиісінше жер, мал, басқа да мүліктердің деңгейлес ықпалдастығы – объективті қажеттілік болып отыр.
– Бізде экологиялық тұрғыда таза өнім өндіруге табиғи мүмкіндік мол болғанымен, ветеринарлық, сақтау, логистикалық қызметтің нашар дамуы қиындықтар тудырады. Мысалы, мал басының амандығы үшін ветеринарияны қалай жолға қою керек?
– Мал шаруашылығы өнімдерінің сапалық көрсеткіштерінде ветеринарлық қызметтің алар орны ерекше. Алайда, біз соңғы уақытта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер­ге еркіндік береміз деп бұл маңызды сала қызметінің беделін төмендетіп алдық. Бүгінде жергілікті жерлерде бағыныштылығы әр деңгейдегі үш ветеринарлық құрылым бар. Кей жағдайда мал өнімдерін өндірушілер­дің өздері олардың қызметтерінің ерекшелікте­рін  біле бермейді. Меніңше, біріншіден, бұл маңызды сала қызметі бұрынғыдай бір орталық­тан­дырылған республикалық дең­гей­­дегі құрылымға шоғырландырылуы қажет. Сонда жауапкершілік те артар еді. Екін­шіден, экологиялық таза ауыл шаруашы­лығы өнімдерін көбейтудің бір жолы – ауылдық жерлерде шағын, қосалқы, отбасы шаруашылықтары қызметтерін жетілдіру деп санаймын. Бұл құрылымдар өндірген өнімдерін өздерінің ішкі қажеттілігіне де жарататын болғандықтан, олардың экологиялық тазалығына басты көңіл бөледі. Сонымен қатар, бұл шағын құрылымдар қызметтерін дамытудың басты жолы – тағы да сол ауылдық округтер аумағында ауыл шаруашылығы кооп­еративтерін ұйымдастыру болып табылады.
– Еліміздің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруімен ауыл шаруашылығын дамытуда қандай өзгерістер орын алатын болады?
– Көптеген ДСҰ-ға мүше мемлекеттер өздерінің агро-азық-түлік нарығын қатаң қорғайды, яғни, ауылшаруашылығы және азық-түлік өнімдерінің саудасы ДСҰ-ға мүше елдердің көбінде іс жүзінде ырықтандырылмаған. Бұл тіпті анағұрлым қолайлылық режимінде де баса елдерден өнім сатуда елеулі қиындықтар тудырады. Қазақстан ДСҰ-ға кірерде басқа мүше-мемлекеттермен салыстырғанда (Қытай – 15,8, Жапония – 19, ЕО – 13,5, Қырғызстан – 12,7, Ресей – 11,1 %) ұлттық нарықты қорғаудың төмендеу деңгейіне (орта есеппен 10,2%) келісті.
Кедендік-тарифтік реттеу және нарыққа кіру жағдайы тұрғысынан алғанда, Қазақстанның келісімдері елеулі қорғаушы деңгей бола алмайды. Яғни, еліміздің аграрлық секторындағы анағұрлым сезгіш тауарлар импорттың күшті ықпалына ұшырайды. Мұндай өнімдердің қатарына мысалы, тауық еті  жатады. Үшінші елдерден әкелуге кедендік тариф квота аясында 25-тен 15%-ға төмендейді. Бірақ, қол қойылған келісім нәтижесінде тарифтік квота көлемі бойынша да, қорғау шаралары бойынша да өзгереді. Соның ішінде, тауық етіне квотадан тыс мөлшерлемелер 80-нен 40%-ға дейін төмендейді, ал квота көлемі 110-нан 128 мың тоннаға артады.
ЕАЭО аясында мұздатылған ірі қара етінің импорты Қазақстан үшін 14 мың тонна болса, ДСҰ-да 21 мың тоннаға ұлғаяды. Бұл ретте квотадан тыс мөлшерлемелер 55-тен 40%-ға төмендеп, отандық етті мал шаруашылығының дамуына тұсау салады.
Айта кету керек, көптеген мүше елдер тарифті квоталау құралын белсенді пайдаланады. Мысалы, ЕО-да азық-түлік өнімдерінің негізгі түрлеріне тыйым салынған квотадан тыс баж белгіленген. World Tariff Profiles деректері бойынша, ЕО-да сүт өнімдері бойынша кедендік тарифтердің квотадан тыс мөлшерлемесі –  163%, қант бойынша – 118% құрайды, яғни, ДСҰ келісімімен тек сиыр етіне және құс етіне тарифтік квота белгіленген Қазақстан үшін рұқсат етілген мөлшерлемеден анағұрлым жоғары.
Сондай-ақ, қант-шикізат импортындағы өзгеріс те айтарлықтай проблема туындатады. Қазіргі кезде ішкі нарықтағы ақ қант өндірісінің 96%-ы сырттан әкелінген қант-шикізат негізінде жүзеге асырылады. Соның нәтижесінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі қант-шикізат құнына тым тәуелді болуда. Оған қоса, құрақ шикізат импортына кедендік баж 0-ден 5%-ға ұлғайып, ішкі нарықтағы бағаның өсуіне алып келеді.
Үшінші елдерден сары май, жеміс-көкөніс консервілері, шекілдеуік жемістер импортына кедендік баж төмендейді. Осылайша, алдағы уақытта ішкі нарықта азық-түлік тауарлары бойынша бәсекелестік өрши түседі. Алыс шетелден келген тауарлар анағұрлым бәсекеге қабілетті болып, құс еті, сары май, ірімшік, сүзбе, сондай-ақ жемістердің кей түрлерінің (алма, алмұрт) нарығында шетелдік өнім өндірушілердің қатысуы күшеюі мүмкін. Мұнымен қоса, ақ қанттың, өсімдік майының негізгі экспорттаушылары ЕАЭО елдері болып қала береді.
Бір жағынан, ЕАЭО ережелері бойынша, барлық мүше мемлекеттер ауыл шаруашылығы жалпы өнімі құнының 10% деңгейінде тікелей субсидияларды пайдаланады. Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш 2016 жылы 8,5%-ды құрайды. Дегенмен, бүгінде ауыл шаруашылығын барлық мемлекеттік қолдау деңгейі ішкі жалпы өнімнің  5,9%-н құрауда.
Айта кету қажет, Қазақстанда ауыл шаруашылығы субсидияларының жиынтық көлемінде ДСҰ-мен уағдаластықтармен қолдау шектелген  сары себетке (тұтас мемлекеттік қолдаудың 81%-ы) бағдарлау байқалады.
Ішкі нарықта адал бәсекелестіктің дамуына ықпал ететін тағы бір фактор – ДСҰ-ның санитарлық және фитосанитарлық шаралар бойынша келісімінің шарттары бола алады. Олар уақытша санитарлық және фитосанитарлық шаралар енгізуге, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай келмейтін импорттық өнімдерді енгізуге тыйым салуға мүмкіндік береді. Қазақстандық экспорттық өнім де осыған сай болуы керек. Яғни, ұлттық нарықты қорғау мен экспорттық өнімдерімізді алға жылжыту үшін санитарлық, ветеринарлық және карантиндік фитосанитарлық шараларды белсенділендіру қажет.
Ғани Әлімұлы, сіз Жер реформасы комис­сиясының құрамында жұмыс істеп, осы бір еліміз үшін, қоғамымыз үшін өзекті болып табылатын өткір мәселені шешуге атсалыстыңыз. Осы орайда, өз аузыңыздан комиссия жұмысының қорытындылары жөнінде  әңгімелей кетсеңіз.
– Мен жер реформасы басталған уақыттан және 2003 жылы Жер кодексі қабылданғанға дейін жерді шаруа қожалықтарына және тауарлы ауылшаруашылығы өндірісін жүргізетін ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына 49 жылға ұзақмерзімді жалға беруді қолдап, ауылшаруашылығы жерлерін жекеменшікке сатуға қарсы болдым. Ауыл шаруашылығына арналған жерлерді сатуға мораторийдің енгізілуі жерді жалға беру мен мемлекеттің тікелей басқаруымен және бақылауымен жер қатынастарын жетілдіруге маңызды себеп болатынына сенімдімін.
Жер реформасы экономиканы құрылым­дауда ерекше орын алады. Бұл әрбір адамның, жалпы қоғамның мүддесін қозғайтын маңызды мәселе. Сондықтан, ауыл шаруашылығында жұмыстың жүруі үшін барлық жағдай жасалып, ауылдарда кадрларды орнықтыру, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсарту мәселелері түбегейлі шешілуі тиіс.
Жер реформасы жөніндегі комиссия өз жұмысы барысында маңызды нәтижелерге жете алды деп ойлаймын. Мәселен, ауылшаруашылығы жерлерін беру бойынша әкімдіктер жұмысының нақты тәртібін белгілейтін конкурстар жүргізу ережесін әзірлеу, жалға беру мерзімін бизнес-жоспарға сай, инвестиция көлеміне қарай белгілеу; қазақстандықтарға жалға берілетін ауылшаруашылығы жерлерінің ірі олигархиялық құрылымдардың пайда болуына жол бермейтін шекті мөлшерлерін белгілеу; халықтың қосалқы шаруашылықтары мұқтаждықтарын қанағаттандыру үшін елді мекендердің айналасындағы жайылымдар мен шабындықтардың алаңдарын айқындау, нормативтік реттеумен жайылатын мал басының контингентін шектеп, жерлердің тозуына жол бермеу үшін олардың артық бөлігін жайылымды сай-салаға орналастыру; шекара маңы аумақтарындағы ауылшаруашылығы жерлерінің мемлекеттік шекарадан радиусын айқындай отырып, жергілікті жағдайларға және өңірдің ерекшеліктеріне байланысты оларды беру жөніндегі талаптарды күшейту шешімдерін айрықша атап өту қажет.
Жер реформасы комиссиясы сондай-ақ, жерді ұтымды пайдалануға, жер пайдаланушының өзіне алған міндеттерін орындауына үнемі мониторинг жүргізу жолымен бақылауды күшейтудің қажеттілігін қуаттады. Меңіңше, ол үшін мұндай қызметтегі мамандардың санын арттырып, шешімдердің табысты орындалуына мүмкіндік туғызу қажет. Сонымен қатар, жалға беру мерзімін ұзарту бір әкімдіктің ғана шешімімен емес, жерді пайдаланудың және жалға алу келісімшартының тиісті деңгейде орындалуы бойынша мониторинг нәтижелерін екерумен қоғамдық кеңестердің қатысуы арқылы жүзеге асуы керек.
– Агроөнеркәсіп секторын дамытудың басым бағыты – инновация болып саналады. Ендеше саланы инновациямен ұштастыру, ғылымды ауыл шаруашылығы өндірістеріне кадр даярлау ісімен бірлестіру  міндеті қалай жүзеге асырылуы керек? 
– Қай қоғамда болмасын ғылым мен білімнің алатын орны ерекше ғой. Ауыл шаруашылығы ғылымы, білімі және өндірісі араларында тиімді байланыстылықты қалыптастыру үшін 2015 жылы ауыл шаруашылығы министрлігі құрамында, ауыл шаруашылығы саласы ғылыми-зерттеу институттары мен еліміздің үш іргелі ауылшаруашылығы мамандарын дайындайтын үниверситеттері негізінде «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Бүгінде бұл іс-шара тиімділіктерін айту ертерек шығар, дегенмен, бұл келешекте ауыл шаруашылығы ғылымының өндірісте тиімділігін арттыруға, өндірісте қызметтер атқаруға қабілетті, білімді мамандардың дайындалуына оң әсер етеді деп есептейміз.
– Республикамыздағы бау-бақша өндірісінің деңгейі қандай деп ойлайсыз?
– Ашық топырақ көкөністері елімізде 139,1 мың га аумақта өңделіп, бау-бақша – 40,0 мың га, жидектік жер – 2,6 мың га аумаққа орналастырылған.
Тұтастай алғанда, жан басына шаққанда, ашық және жабық топырақта 213 кг көкөніс, 11,3 кг жеміс, 1,2 кг жидек өндіріледі. Тексерілген шаруашылықтар балансы бойынша, өткен жылы көкөністі пайдалану жан басына шаққанда 90 кг құраған, өнімнің қалған көлемі (64 кг) шығынды құрайды және мал азығы (20 кг) ретінде пайдаланылады. Сондай-ақ үй шаруашылығы (39 кг) бойынша тым көтерілген статистикалық есептің кемшіліктері де бар. Егерде көкөніс өнімдері бойынша біз ғылыми негізделген қолдану нормаларына (120 кг), жақындасақ, жеміс және жидек бойынша нормадан елеулі артта қалушылық (сәйкесінше 71 және 50%) бар.
Соңғы жылдары Үкімет инновациялық технологиялармен, тамшылатып суаруды қолданумен көкөніс және жеміс шаруашылығы өнімдері өндірісіне үлкен көңіл бөліп, бұл бағытта жоғары тиімділікке қол жетуде. Мемлекет бұл салалардың дамуын ынталандырып, шығындардың бір бөлігін өтеу үшін тамшылатып суаруға, сондай-ақ минералдық тыңайтқыштар мен гербицидтер алуға 40% көлемінде субсидия бөліп отыр.
Келешекте халықтың жеміс-көкөніс өнімдеріне қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету бойынша міндеттерді іске асыру өндірісті жеке қолдан қоғамдық секторға, яғни ауыл­шаруа­шылығы кәсіпорындарына және ірі шаруа қожалықтарына ауыстыру қажеттілігімен байланысты болады.
Бірақ та, қазіргі кезде бұл өнімдердің едәуір бөлігі шаруа қожалықтарының шағын жер учаскелерінде (1 ден – 5-10 га) өсіріліп, бұл өнімді техниканы қолдануды, шығындардың өзін-өзі ақтауын жеделтету мүмкін болатын үлкен аумақтарда инвестициялық жобалар енгізу үшін бизнес құрылымдарын тартуды қи­ындатады. Сондықтан да бірнеше шаруа қожалықтарының көкөніс дақылдарын егуге арналған шағын аумақтарын егіс айналымы алқаптарына біріктіріп, деңгейлес өндірістік кооперативтерді немесе жерді өңдеу мен анағұрлым ірі өндірістерді жүргізу бойынша серіктестіктерді құрған жөн деп ойлаймыз.
Отандық және шетелдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, өндірістік процестерді механизациялаудың жоғары деңгейімен өсіру тек үлкен аумақтарда – 200-500 гектарда тиімді болады. Бұған қоса, тамшылатып суарылатын бау-бақша шаруашылығын дамыту анағұрлым аз – 10, 20, 30, 40 га аумақтарда да тиімді. Жер тапшылығы мен аз жер пайдалану бойынша заңнаманың жоқтығы жағдайында ғалымдардың міндеті – шаруашылықтардың одан әрі ұсақталып, бөлініп кетуіне жол бермеу үшін, сонымен бірге, бәсекеге қабілетті  жоғары тауарлық өндірісті қамтамасыз ету мен өнім шығынын азайту үшін мамандандырылған жеміс-көкөніс шаруа қожалықтарының жер пайдалануларының ең шекті мөлшерін анықтау болып табылады.
– Ғани Әлімұлы, өзекті ой-пікірлеріңіз үшін алғыс айта отырып, саладағы еңбегіңіз жемісті бола берсін дейміз.
– Рахмет.

Әңгімелескен –
Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *