Sultan

Тәуелсіздік алу – мемлекет үшін ең жұлдызды сәт

Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтеміз. Айтулы мереке қарсаңында көрнекті ғалым, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Сұлтан Сартаевпен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Сұлтан Сартайұлының есімі біздің елімізге жақсы белгілі. Ол 1955 жылдан бастап республи­камыздың ірі заң жобаларын дайындауға атсалысып келеді. Бұлардың ішінде «Қазақ КСР Президенті туралы» Заңның, «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияның», «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңның жобасы бар. 

– Ең алдымен, Тәуелсіздік туралы ой-пайы­мыңызды біле отырсақ…
– Тәуелсіздік үлкен, қастерлі ұғым. Тәуелсіз болсаң біреудің алдына барып, басыңды иіп тұрмайсың. Өзіңнің шама-шарқыңа, қайрат-жігеріңе қарай тиісті мәселелерді шешіп отырасың. Тәуелсіз мемлекеттер өздерінің егемендігін сақтап, нығайтуға тырысады. Тәуелсіздік болмаса мемлекеттің өрістеуі қиын. Тәуелсіздіктің арқасында ғана жетістіктерге жетіп келеміз.
Тәуелсіздік алу – әрбір мемлекеттің өміріндегі ең бақытты сәт. Оны баянды ету, мәңгілік жасау сол елдің басшысы мен хал­қына тікелей байланысты. Елді көркейтуді әркім ойлауы тиіс. Осы жолда білімін, білігін, күш-жігерін жұмсау әрбір азаматтың міндеті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді. Алға қойған мақсат жолында бәріміз бір жұдырық болып, күш біріктіре қимылдасақ алынбайтын асу болмайды.
Бүгінгі күні дүниежүзінде 149 тәуелсіз мемлекет бар. Әлемдегі жеті жарым ­мил­лиард ­халық осы мемлекеттерде өмір сүреді. Солардың ішінде жер көлемі жағынан тоғы­зыншы орын алатын – біздің Қазақ елі.
Республикамыз тек кең-байтақ жерді алып жатқан жоқ. Жеріміздің қай жерін түртіп жіберсең сол жерден Менделеев элемент­терінің бірі шыға келеді. Басты міндет осы байлықты заманауи технологияларды пайдалана отырып елдің игілігі үшін игеру. Кешегі кеңес дәуірінде егемен республика болдық деп жүргеніміз жай еді. Саясаттың айтылуы­мен солай болды. Ол кезде біз Ресейдің құрамында болдық. КСРО болғанымен, ол – Ресей. Дүниежүзілік ең соңғы империяның қарамағында өмір сүрдік. Империя дегеніміз, ол сеніменен кейде санасады, көбіне ешқандай санаспайды. Өзі қалай билейді, қалай ойлайды, қалай шешеді – солай болады.
Сол уақыттары республикамызда шығатын заттардың тоқсан үш пайызын Ресейге алып кетіп жатты, бізде жеті-ақ пайызы қалды. Біздің экономикамызды әдейі осылай жасады. Сөйтіп, көзімізді бақырайтып қойып «Қазақстан өзінше өмір сүре алмайды, біздің арқамызда ел болып отыр» деді. Осыған бізді сендіргісі келді. Ол кездегі саясат осылай өрбіді. Шындықты, туралықты айтсаң басың кететін заман еді. Бір уақыт болар, сол кезде халық еңсесін көтеріп, өзінің тәуелсіздігіне қол жеткізер деген ойға да келіп жүрдік.
Үш мемлекет қайраткері, бұрынғы Одақты құрған мемлекеттердің өкілдері, біріншісі Ресей Президенті Б.Ельцин, екіншісі ­Украина Президенті Л.Кравчук, үшіншісі Белоруссия Президенті С.Шушкевич мынандай шешімге келді: «Біз барлық республикаларға бостандық берейік, әлемдегі соңғы империя­ны таратайық». Сөйтіп, 1991 жылы 8 жел­тоқсанда Одақ таратылды. Үш мемлекет бас­­шысының бұл кездесуі Беловеж келісімі ретінде тарихта қалды.
Одақтың таратылғаны, бұл тәуелсіз мем­лекетті қалыптастыруға жолдың ашылғаны еді. Міне, сол кезде мемлекетіміздің басында хал­қымызды алға жетелейтін, алысты болжай білетін біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы тұрды.
Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы қазақ халқының бағына дер кезінде, дер уақытында келген азамат. Елді жарқын жолға жетелейтін, жақсылыққа бастайтын сол елдің көшбасшы азаматы. Біздің көшбасшымыз – Нұрсұлтан Әбішұлы.
Мен Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлын саясатқа аралас­қан кезден білемін. Жақын жүрдік. Бір кездері Президенттік кеңес деген болды. Он адамнан тұратын. Соның бірі болдым. Президенттік кеңесте мемлекеттік мәселелерді қарап, шешіп жүрдік.
Кейбіреулер: «Қазақ халқы осы бос­тан­дыққа, еркіндікке оңай жетті» дейді. Жоқ. Олай айтуға болмайды. Тарихты ұмытпауымыз керек. Біздің халық отаршылдыққа қарсы 370-тен астам көтеріліс ұйымдастырды. Мұның барлығы бостандық, азаттық жолындағы күрес еді.
Біз Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтуымыз, бекіте түсуіміз керек. Бұл бәрімізге байланыс­ты. Жұмыла іс-әрекет етуіміздің арқасы болар, туған еліміз жыл санап өсіп-өркендеп келеді.
Мен машинамен жүргенді жақсы көремін. Елімді бір рет жылда аралап та шығамын. Туған ауылымда, өзге де елді мекендерде боламын. Сонда байқайтыным, көп жерде құрылыс крандары жұмыс істеп жатады. Бұл дегенің осы жерде мектеп немесе аурухана, я болмаса мәдениет ошағы салынып жатқанын аңғартады.
Қазақстан Тәуелсіздік алған мемлекеттер­дің ешқайсысынан қалып жатқан жоқ. Ауыз толтырып айтарлық жетістіктерден кенде емес­піз. Өнегемізден, ісімізден, жұмы­сы­мыз­­дан дүниежүзі құлағдар. Біз еліміздің көш­­басшысы болып Нұрсұлтан Әбішұлының жүр­ге­ніне қуануымыз керек. Ол кісінің саяса­тын қолдауымыз қажет. Сонда алға қойған мақ­сатымызға жетеміз.
– Жоғарғы Кеңестің мінбесінде тұрып, мемлекеттің Тәуелсіздігін жариялау сәті Сізге бұйырды ғой…
– Одақ тарағаннан кейін Мемлекетіміздің тәуелсіздігін жариялау керек болды. Мен ел Президентінің тапсырмасы бойынша біздің республиканың Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Заң жобасын дайындауға кірістім. Маған біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан ­Назарбаев: «Сіз осындай баяндамамен мінберге көтеріліп, тәуелсіздігімізді жариялайсыз» дегенді айтты. Парламент мінберіне 16 желтоқсан күні 18 сағат 08 минутта көтерілдім. Сол кезде мінбеге көтерілуге бара жатқан менің көңіл күйімді сөзбен жеткізу қиын. Толқыныстан болар, жүрегім лүпілдеп, сан түрлі ойларға беріліп бара жаттым. Мінбеге дейінгі шамалы жерде елімнің кешегісі мен бүгіні көз алдымда кино лентасындай зырылдап өтіп жатты. Бұл ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы армандаған ең үлкен қуанышы еді ғой. «Шынымен жеттік пе?» деген ой бойымды кернеді. 30 минутта баяндамамды бітірдім. Мінбеде тұрып, елімнің Тәуелсіздігін жария еткенім зор бақыт еді. Осы сәттің бұйыруы Президентіміздің маған көрсеткен сенімі деп сезінемін. Заң жобасындағы «Қазақстан Республикасы – Тәуелсіз мемлекет» деген жолдарды оқығанымда қуанышым қойныма сыймай, жүрегім жарыла жаздап тұрды. Себебі бостандықты, тәуелсіздікті жариялау әркімнің үлесіне тие бермейді. Оны жария ететін бір адам болады. Сол бақытты сәт маған бұйырды.
Сонда біздің тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған мемлекет Түркия болды. Тәуелсіз­діктің жария етілгеніне отыз-ақ минут болған. Бұл дипломатия тарихында сирек кездесетін жағдай. Осыдан-ақ түрік халқының бізге деген ықылас-пейілін аңғаруға болар еді.
Жоғарыдағы Заң қабылданғаннан бастап елдің тәуелсіз даму жолы басталды.
Ата-бабамыз армандаған Тәуелсіздікке ие болдық. Биыл оның жиырма бес жылды­ғын атап өтеміз. Тәуелсіздікті алу бар да, енді оны баянды ету бар. Мұның өзі зор міндет, үлкен жұмыс. Біз бүкіл халық болып Президентіміздің саясатына қолдау көрсе­туіміз керек. Мемлекет басшысының саясатын қолдамаса ол мемлекет өсіп, өркендей алмайды. Елбасының саясаты қолдауға тұратын, жұрт көңілінен шығып отырған саясат.
Қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялау да оңай болмады. «Тек қана қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын» деп талай тартысқа түскен адамның бірімін. Ақыры Парламентте осылай деп жарияладық. Орыстың тілін ұлтаралық қатынас құралы дедік.
Баяғыда автономиялық мемлекет болып тұрған кезімізде екі тілді мемлекеттік тіл дегенбіз. Бірақ қазақ тілі дәлізде қалып қойды. Орыс тілі жоғары көтеріліп кетті. Сондықтан екі тілді мемлекеттік тіл деп жариялауымыз әділеттілік болмас еді. Бөтен мемлекеттің тілі неге біздің елімізде мемлекеттік тіл болуы керек? Өзіміздің тілімізге ғана мемлекеттік деген мәртебе берілуі тиіс. Осылай айтып жүріп, нәтижесінде мақсатымызға жеткенбіз. Мұны сөз реті келген соң айтып отырмын.
– Қандай қасиетті жоғары бағалайсыз?
– Жасым болса 90-ға келіп қалды. 90-ға кел­дім, қартайдым деп қол қусырып отырған жоқ­пын. Шамам келгенше өз жұмысым­ды атқарып жатырмын. Бір азаматтай атқарудамын деп ойлаймын. Ең бағалайтыным – шындық. Басың кетсе де шындықты айтуға тиіссің. Шындық болмаса өмірдің өрістеуі, жандануы қиын.
– Ел-жұртқа қандай тілек айтар едіңіз?
– Қазақстанның әрбір азаматына менің тілейтінім – денсаулық. Ақиқат жолды қолдап, оны өрістетуге бар күшті салу керек.
Менің көпшілікпен кездескенде, өздерің­дей журналистермен сұхбаттасқанда беретін бата-тілегім бар. Артық болмас. Соны осы жолы да қайталағым келеді:
Бұлақты көрсең көзін аш,
Мөлдіреп суы ағатын.
Талаптыны көрсең жолын аш,
Елге тірек болатын.
Қисайып жатса жас терек,
Сүйеп оны қоярсың.
Кездессе егер жас зерек
Ақылшысы боларсың.
Қанаты сынса сұңқардың,
Қорегін тауып берерсің.
Еңсесі түссе жігіттің,
Көтерерсің кеудесін.
Шалшықта жатса жүзетін,
Көлге апарып саларсың.
Қабағы түссе жігіттің,
Күлдіріп өзің аларсың.
Қанаттыға аспан кең,
Жолын тапса ұшатын.

Әңгімелескен
Нұрперзент ДОМБАЙ




Пікір қалдыру