Akim

Ауыл – ана тіліміздің тірегі

Барлығымыздың шыққан жеріміз – ауыл. Қаймағы бұзылмаған қазақы ортаны іздесек те, сөздік қорымыздың байлығына шөлір­кесек те, ата-әжелеріміздің әңгімесін естігіміз келсе де, ұлттық тағамның дәмін сағынсақ та бірінші кезекте есімізге ауыл түседі. Бірақ неге екенін қайдам білім қусақ, жұмыс ізде­сек, тұрақтап қалуды қаласақ мегаполистен жырақтау жерді көз алдымызға елестете алмайды екенбіз. Бұл жерде урба­ни­зацияның емес, ауылдың тұрмысын көтеру мәселесінің артықшылығы басымырақ сияқты. Жамбыл облысы Қордай ауданының әкімі Қайрат ­ДОСАЕВПЕН сұхбаттасудың сәті түскенде әңгіменің ауанын осыған бұрған едік. Бүкпесіз әңгімеде біраз мәселенің түйіні тарқатылып, бүгінгі ауыл қала тіршілігіне едәуір жақындай түскеніне көз жеткізгендей болдық.

– Қайрат Әскербекұлы, әңгімемізді Өзіңіз басқарған ауданның жайынан, оған қарасты ауылдардың күнделікті тіршілігінен бастасақ. Ауылдың бүгінгі жай-күйі қалай?
– Уақыт тынысына қарай бүгінде әр нәрсе өзгеріп, ауыл да өз хал-қадерінше тіршілік кешуде. Кейбір ауылдардың жағдайы тәуір болға­нымен, кейбірінің тұрмысы алаңдатарлық. Демек, ауылда сән, тіршілігінде мән қалсын десек, алтын бесік – ауылды түлетуіміз керек. Бұл ретте Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдаулары мен әркез жарияланып тұрған мақалаларындағы талаптардың маңызы ерекше. Оның үстіне ана тіліміздің ұясы, бастау бұлағы болып отырған тілі­мізді сақтауымыз үшін де қарашаңырақ – ауы­лы­мыздың амандығы, оның гүлденіп, өркендеуі өте қажет-ақ.
Жастардың қалаға асық, қалалық өмірге құштар болуы заңды. Мысалы, Қордайға Алматы да, Тараз да шалғай емес. Ал қырғыздың астанасы тіпті іргеде. Қаланың өмірі белгілі ғой. Білім, мәдени ошақ, әдебиет, өнер, ойын-сауық дейсіз бе, көңіл сүйгеннің бәрі бар. Шынын айту керек, жастарға, әсіресе соңғысы жақын. Ал ауыл ше? Әрине, ауызды құр шөппен сүртетін жайымыз жоқ. Бүгінгі ауыл қалалыққа едәуір жақындаған. Көгілдір отынмен қамтамасыз етілген үйлер өмір сүрудің ретін тауып, тұрмыстық жағдай түзелген. Мәдени ошақ, спорт алаңы, түрлі секциялар мен үйірмелер жастардың бос уақытын ұтымды және пайдалы ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтінін әрі оның шапағатын көріп жүрген жас ұрпақтың түрлі сайыстарда аудан намысын қорғап, ақтап жүргенін айтпай кетуге болмас. Бүгінгі ауыл жастары әлжуаз емес – күш-қуатты, немкетті емес – белсенді. Өмірдің барлық саласына араласып, өздерін әр қырынан танытып, ақылды, ар-намысты, бәсекеге қабілетті болып өсіп келе жатқаны көңілге медеу. Басшылық қызметте де жастардың үлесі аз емес. Бұл бізді қуантады, әрине.
– Жастарды өмірдің барлық саласынан көруге болады деп қалдыңыз. Әрине, «жас келсе – іске» дейді ғой, ендеше осы жастардың жұмыспен қам­тылуы туралы сөз етсек. Шынын айту керек, дипломын сандыққа салып, екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер арамызда бар ғой. Ауданда бұл мәселе қалай шешілуде?
– Бұл жерде жұмыспен қамту орталығының жұмысы ерек. Мысалы, Қордай ауданында жергілікті халықтың ішіндегі жұмыссыздардың үлес салмағы 31,2%. Аудан бойынша «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында 2012-2016 жылдары 390 азамат шағын несие алды. Оның ішінде өз ісін кеңейтуге 79 азамат, өз ісін ашқан 311 азамат жеке кәсіпкер ретінде салық басқармасына тіркеліп, қосымша 261 жаңа жұмыс орнын ашты. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.
Жаңа жұмыс орындары туралы айтқанда өткен жылды мысалға келтірсек, 2015 жылы жоспарланған 1478-дің орнына 1691 жаңа жұмыс орны ашылды немесе 114,4 пайызға орындалды. 2016 жылы жұмыспен қамту орталығына жұмыс бойынша 2751 адам жолыққан. Бағдарламаның бірінші бағыты: елді мекендерді дамыту бойынша 2016 жылға ауданға республикалық бюджеттен барлығы 286484,0 мың теңге қаражат бөлінді. Бағдарламаның екінші бағыты – ауылдық жерлерде кәсіпкерлікті дамыту бойынша 50 азамат жоспар бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. 100 адамға шағын несие беру үшін барлығы 381650,0 мың теңге бөлініп отыр. 60 адамға несие алу бойынша оң қорытынды беріліп, 60 адам несие алды. Сонымен қатар ­несие алған азаматтардың қайтарылған қаражаты есебінен 6 азаматқа шағын несие берілді. Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша – әлеуметтік жұмыс орындарын ашу үшін қарастырылған қаражат шеңберінде 177 азамат жұмыспен қамтылды. Биылғы жылы кәсіби оқуға 65 адамға барлығы 3453,0 мың теңге қаражат бөлінді. Сондай-ақ ақылы қоғамдық жұмыстарға 405 адам тартылды.
– «Еңбек – бәрін жеңбек!» деп ұрандатқа­ны­мызбен, жалқаулық, масылдық, енжарлық бізге қолбайлау болып отырған жоқ па? Мысалы, ұн алып нан пісіруге енжарланамыз, есіктің алдына бау-бақша өсіруге ерініп, сатып алғанды қолай көреміз. Ал енді өзіміз еңбектенбей жатып, билік тізгінін ұстағандардан әлеуметтік, материалдық көмек сұрауымыз, басқаша айтқанда «алма піс, аузыма түс» деген масылдық пиғылдың кері емес пе?
– Елбасының «Еңбек – шешуші ұлттық фактор» екеніне баса назар аударуы тегін емес. Бұл туралы Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын ұсынып, осы бағытта атқарылуға тиіс мәселелерді де жариялады. Абай да: «Жан аямай кәсіп қыл» дейді. «Терлей-терлей тоған байласаң, қызара бөртіп су ішерсің» дейді дана қазақ. Алайда көп жағдайда жалқаулық сынды кертартпа мінездің де кесірі тиіп жатады. Кешегі тылда еңбек еткендер мен бүгінгі компьютерде отырған мамандарды салыстыруға болмайтын шығар, дегенмен еңбекке деген көзқарас өзгергенін мойындауымыз керек. Бұл жоғарыда айтып өткен әлеуметтік инфантилизмнің салдары. Бүгінгі жастар аз жұмыс істеп, көп ақша тапқысы келеді. Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен өтсем дейді. Бұл енжарлықтың белгісі. Алдына таудай талап қойып, соған жету үшін жанын аямай еңбектенген адам түбінде мақсатына жетеді. Жалпы адал еңбек Алладан қайтатынына сенген адам жаңылмайды. Ал қалауын тапсам деп, жеңіл жол іздеген жанның жеңілмесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Әрине, мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке әркімнің-ақ таласы бар. Елбасымыздың да көздегені – халықтың әл-ауқатын арттыру. Алайда мемлекетке сеніп, қол қусырып отыра беруге болмайды. «Әрекет түбі – берекет» дейді халық.
– Қазір мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен көңіл бөлінуде. Ауданда бизнестің әлеуеті қалай?
– Мен жыл басында халыққа есеп беру кездесуімде де осы мәселеге көп тоқталған болатынмын. Қазір урбанизация мәселесіне көңіл көп бөлінеді. Ал ауылға жастарды тартудың бірден-бір жолы – жұмыс орнымен қамтамасыз ету. Жаңа жұмыс орындары ашылып та жатыр. Бірақ халықты жаппай қамту әзірге мүмкін болмай отыр. Сол үшін де Қазақстанда «Даму» бағдарламасы жұмыс істейді. Өз ісін ашып, шағын немесе орта бизнеспен айналысамын деген азаматтарды мамандар арнайы оқытып, ­бизнес-жос­парын құрып, төмен бағамен несие алып беріп, ісін дөңгелетіп әкетуге көмектеседі. Бастапқыда несиені төлеуге де жеңілдік қарастырылған. Осы мүмкіндікті пайдалану керек. Бұл біріншіден, өз кәсібін ашып, кіріс көзін ұлғайтады. Екіншіден, ауданымыздың экономикалық әлеуетін арттырады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, жерлестерінің алғысын алады.
– Биыл Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында ауданда ауыз толтырып айтарлықтай қандай жаңалықтар бар?
– Бұл енді ұзақ әңгіме ғой. Қысқаша тоқталып өтуге тырысайын. Мысалы, білім саласын алайық. Тоқсаныншы жылдары тоқырау қысқан шақта мұғалімдердің жалақысын бере алмай қалған кездер болды. Елбасының сындарлы саясатының арқасында салада небір реформалар жүзеге асып, бұл күнде көптеген проблемалар түбегейлі шешімін тауып, келмеске кеткен. Сандарды сөйлетсек, 1991 жылы 13640 оқушы болса, 2016 жылы 27794 бала мектепке барды. Яғни 14154 балаға артқан. 25 жылдың ішінде ­ауданда 9 мектеп және 2 мектепке қосымша корпус ­салынды. Балаларға арналған психологиялық орталық пен ментальды арифметика академиясы ашылды. Сондай-ақ бүгінде психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен мүгедек ­балаларды оңалту және бейімдеу орталығы жұмыс істейді.
Тәуелсіздік жылдары ауданда 7 жаңа бала­бақ­ша салынған. Олардың үшеуі жаңадан бой көтерсе, төртеуі күрделі жөндеуден кейін кеңей­тіліп, қайта пайдалануға беріліп, кезекте тұрған 1320 бүлдіршін мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылды. Енді, міне, биыл «Нұрлы жол» бағ­дар­ламасы аясында Масанчи ауылында 280 орын­дық балабақша пайдалануға берілді. Соңғы екі жыл­дың өзінде жекеменшік 10 балабақша ашылды.
Соңғы кездері шағын орталықтар көбеюде. Жалпы 1991 жылы 27 мектепке дейінгі балалар мекемесі болса, биыл бұл көрсеткіш 61-ге жетті. Яғни Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске қосылған «Балапан» бағдарламасының тетіктері іске аса бастады. Бұл бағдарламаның басты көздегені 2020 жылға дейін еліміздегі балабақша кезегін түбегейлі жою.
– Қазіргі уақытта 2017 жылға баспасөзге жазылу жүргізіліп жатыр. «Ана тілі» газеті туралы не айтар едіңіз?
– Әр басылымның өз оқырманы болады. «Ана тілі» ұлт газеті өзінің бағыт-бағдарымен ерекшеленіп, жұрттың көңілінен шығып келе жатқан басылым екендігін айта кеткен абзал. Біз өз тарапымыздан газеттің таралымының көбеюіне қолдау көрсетуге әзірміз. Ұлт газетінің таралымы біздің аудан бойынша жоғары көр­сет­кішке ие екенін де тілге тиек еткеніміз жөн.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Бағдагүл Балаубаева

Жамбыл облысы




Пікір қалдыру