Nazarbayev

Назарбаевтың жаһандық бастамалары: Қазақстан өркениетаралық диалогтың маңызды орталығына айналды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өте маңызды бастамасы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізуге байланысты екені баршаға аян. Осы маңызды съездің бірінші отырысы 2003 жылы өтіп, содан бері ол диалог пен өзара іс-қимылдың бірігей алаңына айналды. Сәйкесінше, Қазақстан әлемдік қоғамдастық тарапынан өркениетаралық және дінаралық диалогтың маңызды халықаралық орталығы ретінде мойындалды.

2015 жылдың 10-11маусым күндері Астанада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезінде тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қақтығыстардың алдын алу мақсатында діни лидерлердің саяси қайраткерлермен, халықаралық ұйымдармен және азаматтық қоғаммен диалогқа жәрдемдесу шешімі қабылданды. Съездің қатысушылары қорытынды құжат — Декларацияны қабылдаған болатын.

«Бүгінде қауіпсіздік пен дамудың жаңа парадигмасын қалыптастыру бойынша кең көлемді үнқатысуларды жолға қоюдың маңызы зор. Оның негізінде теңқұқылық, өзара құрмет, бір-бірінің мүдделерін мойындау, ынтымақтастық, толеранттылық және өзара түсіністік қағидаттары болуы тиіс. ХХІ ғасырда барлық салалардағы саяси, экономикалық, мәдени, рухани салалардағы үнқатысуға балама жоқ. Бүгінде адамзат үлкен материалдық, ғылыми-техникалық және интеллектуалдық мүмкіндіктерге ие. Егер адамдар бір-бірімен бейбітшілікте және рухани келісімде өмір сүріп үйренбесе, ешқандай прогресс болмайды. Адамзаттың болмысы сондай,этностық, тілдік, діни және мәдени айырмашылықтар болжаулы болашақта әркезде де бола бермек. Бірақ олар ажыратушы жіктер емес, біріктіруші бастаулар болуы тиіс»,-деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері V съезі барысында.

Астанада осы маңызды форумды өткізу жылдарында әлемде белгілі көптеген танымал саясаткерлер, діни қайраткерлер қатысып, олардың барлығы осы диалог алаңын ұйымдастыру бойынша Н.Назарбаевтың бастамасын жоғары бағалады.

Елбасының парасатты саясатының арқасында Қазақстанда қалыптасқан этникааралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі жұмысының негізіне салынған ұстанымдардың дұрыстығына дәлел болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің V съезіне қатысушылардың декларациясы жарияланды. Осы ретте олар кезекті VI съезді 2018 жылы Астанада өткізуге уағдаласты.

ҚазАқпарат  агенттігі




Пікір қалдыру