Uki

Үкі қауырсынын кие тұту

Ертеде топан су тартылып, Нұх пайғамбар кеме шалдыратын жер іздейді. Сол кезде әлемдегі асқар таулар:

– Нұх маған тоқтайды. Адамзат ұрпағы менен қайта таралады, – деп таласыпты. Тұран даласындағы Қазығұрт тауы ғана сынықтық көрсетіп:

– Бұл дәрежеге лайық емеспін. Ұлық Алла орынбасарын биік тауға тоқтатар, – дейді. Алла Қазығұрттың кішіпейілдігіне риза болып:

– Нұх, кемені Қазығұртқа қондыр. Тіршілік сол жерден басталсын, – деп әмір береді. Нұх:

– Қазығұрт тауы қайда? – дейді. Ұлық Алла үкі деген құс жаратып:

– Мына үкіні қасыңа ал. Оның көзі өткір, түнде көреді. Қазығұртқа баратын жолды сол біледі, – дейді. Үкі Қазығұртқа жеткенше кеменің алдында жол көрсетіп, ұшып отырады. Нұх Жиддә тауын, сосын Арарат тауын айналып өтеді. Кеменің желкені көрінгенде таулар балбырап, балқып кетіпті. Сондықтан да олардың жақпарында кемеге ұқсас жартастар түзіліпті.

Нұх Қазығұрт тауына аман-есен тоқтайды.

Үкіге риза болған Нұх пайғамбар:

– Орман-тоғайдың иесі бол! Шаңырағымның киесі бол! – деп бата береді. Содан үкіге айрықша кие дариды. Адамдардың оның қауырсынын «тіл-көз тимесін» деп баланың бесігіне, қыздың бөркіне тағатын дәстүр содан қалыпты[1]. Үкінің қауырсынын алу үшін оны өлтірмейді екен. Өлтірген адам Нұхтың берген батасының киесі ұрады деген түсінік бар. Үкіні ұстап алып, бір-екі тал қауырсынын ғана алады.

[1] Әлдиден эпосқа дейін. Отбасы хрестоматиясы. – Алматы: Орхон, 2013ж.




Пікір қалдыру