АЛАҒАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН

Мұрнымызды шүйіріп көксігеннен іштей өзімізді жеп жататынымыз бар. Жоғын бар ғып көрсететін қайран қазағым. Қанымызда бар қасиет қой. Ертеңгі күнді де ойлап жатқанымыз жоқ. «Бірдеңкесі болар» деп өзімізді сабырға шақырып қоямыз. Елден қалмайық, заманның ағымы осы, ағайын жұрттан ұят болар деп несие алып, қарызға батып жатамыз. Сол банктен алған қаржысымен біреулер қаншама шаруаны тыңдырып жатқанымен, қарызға белшесінен батып жатқан қаншама адамдар бар. Жатса да, тұрса да уайым мен қайғы, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, бозданып жүрген адамдар көбейіп келеді. Қаншамасы психологиялық күйзеліске ұшырап, ауруды сатып алып жатыр десем артық айтқандық емес. Бұл күнде банктен қарыз алмаған, немесе өзге біреуден үстемеге ақша алмаған қазақ қалмаған шығар. Қарызға кіргені оның ауырлығын сезініп, кірмегені кіргендердің ауыртпалығын бірге көтерісіп жүрген жайы да бар…

Көз алдаған жалт-жұлт еткен жарнамалар, несиені бейне бір тегін беріліп жатқан дүниедей көрсетеді. Кепілдемесіз несие, құжатсыз несие, өсімі  аз несие, ипотекаға «сыйланған» жайлы үй,  қарызға берілген көлік  немесе тұрмыстық бұйымдар… жалаңдаған жарнамалар еліктірмей қоймайды. Тіпті өз еркіңмен қалай қарызға кіріп кеткеніңді білмей де қаласың. Соңында өз ақылыңның қайда қалғанын білмей, опық жеп, бар тапқан-таянғаныңды кредитке төлеп жүресің. Жүз кісінің біріне ғана, мүмкін, қатты ауыртпалық түсірмес. Бірақ басым бөлігі несиенің қасіретін сезінеді..Бұл  өмірдің шындығы.

Аштың ақылы- тамағында. Жаяудың ақылы- табанында. Саналы түрде ойланып барып, қадамдар жасайық!     

                                                                                      Жанарбек Алихан




1 пікір “АЛАҒАН ҚОЛЫМ – БЕРЕГЕН

  1. Қамбар

    Несиені алғанша асығамыз, сосын құтылғанша асығамыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *