ЖАТ ЖИЕНДЕР ТАРИХЫ

Заңғар КӘРІМХАН,
журналист

«Жиен ел болмас» деген халықтың «Жиен неге ел болмайды малды болса» деген қарымта сөзі тағы бар. Түрі өзімізге ұқсағанымен, тірлігі өзгенікі болған жиендер басқа халықтардан да табылады. Осы шағын материалымызды өзімізге белгілі бірнеше жиеннің тарихына қысқаша тоқталмақпыз.

Неизвестный объект
корниловГенерал Корнилов
Заманында өзгеден озық туған жанның асылы – Лавр Корнилов. Тек, әскери қолбасшы деп қана білетін кей замандастарымыз, оның жан-жақты дарын иесі екенін естен шығарады. Алты тіл білген полиглот, ел мен елді жалғаған дипломат, жанкешті жиһанкез, лингвист ғалымды қазіргі таңда жаңаша зерттеу ісі жүріп жатыр.
Лавр 1870 жылы Өскемен қала­сында дүниеге келген. Анасы – Мәриям (Мария) Ивановна, шоқындырылған, Ертіс бойында өскен қазақ қызы. Оның қазаққа ұқсап туғаны кейінгі өміріндегі барлау жұмыстарына көп көмектескені туралы деректер мол. Бала кезінде қазақ, түрік, араб тілдеріне жетік болған деседі. Сегіз жасынан бастап барлау жұмыстарына қатысқан ол патша империясының бірінші қылышына дейін көтеріледі. 1914 жылғы Бірінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен асқан ерлігі үшін (3 мыңнан аса жауды тұтқындайды) генерал-лейтенант атағын алады.
1917 жылғы Петроградтағы саяси және әскери жағ­дайлардың ушығуға байланысты Керенский бастаған Уақытша үкіметтің ұсынуымен генерал Корнилов Жоғарғы бас қолбасшылыққа тағайындалады. Тек басшылардың ләп­пайына көнбейтін асау тұлға өзінің ар-ожданы мен халық алдында ғана есеп беруге жауапты екенін білдіріп, сондай талап қояды. Әскери тәртіпті күшейтеді, майданда өлім жазасын енгізуді сұрайды. Осындай жағдайларға байланысты Петроград губернаторының Керенскийге жазған хаты сақталған.
Генерал Корниловтың Уақытша үкіметке жазған баяндамасының үзінділері «Известия» газетінің 4 маусымдағы нөміріне жария­ланған. Генералдың «немістердің адамдары мен Ленин бастаған шпиондарын асып тастау керек, ал, жұмысшы және солдат депутаттарының кеңесін еш­­қашан жиналмайтындай етіп таратып жіберу керек» деген сөздері де тарихта қалған. Алайда, дәуірінде атағы жер жар­ған қолбасшының өмірінің соңы қиян-кескі ұрысқа ұласқан. Ақгвардияшылардың көшбасшысы Уақытша үкіметтің басшы­ларының жалтақтығынан большевиктер  қолынан жеңіліс тапты. Журналист Қ. Төрежанның «Генерал Корнилов қалай қаза тапты?» деген мақаласында «оның денесін қолға түсірген дұшпандары аяусыз кескілеп, өртеп жіберген» деген деректер бар.
Батыр туралы замандастары тамаша естеліктер қалдырған: бірі «Лавр Корнилов сол кездегі офицерлердің басым бөлігі сияқты социалист те, монархист та болған жоқ, ол саясаттан аулақ болуға тырысқан» деп жазса, оның ізін басқан генерал Деникин: «Корнилов көзқарасы, сенімі жағынан либералдық демократияның қалың тобына жақын болды», – дейді.
Адвокат Плевако
ПлевакоРесейдің атақты ад­во­каты Федор Плевако 1842 жылы Орынбор губерниясының Троицк қаласында дү­ниеге келіпті. Әке­сінің ұлты поляк. Орыс тарихшысы В. Смолярчуктың «Ад­вокат Плевако» де­ген кітабында анасының қазақ қызы екендігі, қартайған шағында өз аузынан жазып алынған естеліктер келтірілген екен. Алма есімді қыпшақ қызы: «Біз Троицкіден онша алыс емес, далалықта киіз үйде тұрдық. Киіз үй барлық сән-салтанатқа бөленген, іші толған кілем болатын. Мен, басқа да үлкендер сияқты асты-үстіміз бірдей жылы жүн көрпенің астында жататынбыз. Қабырғада қылыш, қару және қымбат киімдер ілулі тұратын. Әлі есімде, менің үстіме киген киімдерім үлде мен бүлдеге бөленген әдемі болатын және ол түрлі тиындармен әспеттелінген еді», – дейді. Ал, заңгер А. Конидың «Отцы и дети судебной реформы» деген кітабында Плеваконың шешендігі ғана емес, оның азиялықтарға тән келбеті де нанымды баяндалыпты.
Плеваконың құқық қорғау туралы көз­қарастары бала кезінен бастап оянған. Ата-анасының некеге тұрмағандығынан оқу ке­зінде  көп  мазақ көрген ол қатарластарының келемежі мен қитұрқылықтарына төзе жү­ріп оқуын тауысады. Гимназияны алтын медальмен тәмамдайды. Кейін ІІІ Думаға депутат болып сайланып, өзінің міндетін ат­қарады. Оның жұмыс барысындағы, қан­дай да бір істі қарар кездегі әдеті, – дейді біле­тіндер, – құдайға сенетіндігі, мінәжат ететіндігі.
Плевако айтты деген сөз бен қараған істер­дің аңызға айналғаны туралы әңгімелер өте көп. Орыс кемпірдің шелек ұрлағанын, қыздың бөлмеден секіріп кеткенін ақтағаны жайлы көп мысалдарды келтіруге болады. Зерттеуші А. Шаяхметтің жазуынша, «…Адвокаттың Смайыл Жаманшаловты қорғап Троицкіде сөз сөйлеуі де ел аузында, аңызға айналған. «Сот байлардан сескенбейді» деген желеумен Смайыл болыстың қамбадағы бидайды елге таратып беруін айыптап, оны соттамақ болғанда Плевако болыстың халыққа жасаған қамқорлығын да ұмытпау керек екенін алға тартып, ел үшін жасаған игілік үшін айып тартқызуға болмайтынын дәлелдеп шығады». Ресейдің «Право» журналы 1908 жылы Федор Плевако туралы: «Орыс поэзиясында Пушкин қандай болса, Плевако заң саласында сондай еді. Пушкиннен кейін орыс ақыны атану қандай қиын болса, Плевакодан кейін орыс шешені атану да сондай қиын», – деп жазыпты. Нағашыға тартып туған жиеннің көрші елдің маңдайалды адвокаты болғаны дәлелдеуді қажет етпейді.

***
Қазақ қызынан туып, жат жерде өсіп-өніп, сол елдің атын шығарған атақты жиендер аз емес.
МихаилЖазушы Михаилов
Орыс ақыны, жазушы әрі аудармашы Михаил Ларионович Михайлов 1826 жылы дүниеге келген. Михаил Илецкий деген псевдониммен танымал. Әкесі Илларион шенеунік, анасы – қазақ сұлтанының қызы. Деректерде Ольга Васильевна Ора­­қова деп көрсетіледі.
Алғашында Уфа гимназиясында оқып, кейін 1844 жылы Петербург университетіне оқуға түскен. 1845 жылдан бастап алғашқы шығармалары «Иллюстрация» журналында жарияланады. Кейін Нижний Новгородта әскери қызметте болып, туындылары «Москвитянин» журналында шықты.
Ал 1852 жылы Петербургқа көшіп келіп, «Современник», «Отечественные запискиде» қызмет істейді. 1856-1857 жылы Теңіз министрлігінің тапсырмасы бойынша Оралдан Атырауға дейінгі жерлерге саяхат жасап, әдеби-этнографиялық материалдар жинады, жергілікті балық шаруашылығы мен теңіз ісін зерттеді. Сол кездегі жинаған әдеби-этнографиялық материалдары «Морской сборник» (1859, № 8) журналында «Жайық очерктері» деген атпен жарық көріпті.
1861 жылы шетелден оралған соң саяси қызмет бабында ұсталып, Сібірге жер аударылды. Оның көптеген роман-повестері, аудармалары бар.
Генерал Моисеевский
моисеевБелгілі жазушы Жай­­ық Бектұров «Енеден ерте айырылған төл се­­кілді» атты кітабында «Кененің орыс офи­церлері қолын­да қал­ған бір қызының не­мересі, фамилиясы Мои­сеенко ме екен, бір ге­­нерал кешегі Ұлы Отан соғысында танк әскерлері штабының бастығы да болды», – деп жазады. Тегінің Моисеенко деп қате жазылғаны болмаса, хан Кененің қызынан туған көген­шары (3-ұрпақ) генерал Моисеевский туралы деректер аз.
1902 жылы 18 қазанда Алматы қала­сында туған. Александрдың анасы туралы Напуса Әзімханқызы Кенесарина: «Арғы әжелеріміздің бірі, бала кезінде анасы және бауырымен казак жасақтарының қолына тұтқынға түсіп, сол бойы Ресей жерінде қалып қойған. Оны тұрмысқа беріп, кейіннен ол ұл туған, ол баласы Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ол – генерал Моисеевский. Өлер алдында анасы ұлына оның шыққан тегі туралы айтып кеткен», – дейді.
Жас Александр азамат соғысы жылдарында 30-атқыштар дивизиясында, кейін 21-атқыштар дивизиясының құрамында болды. 1922 жылы топтық құрамды жетіл­дірудің курсын бітірген. 1934 жылы В. Ленин атындағы әскери-саяси академияны тәмамдаса, сонымен бірге М. Фрунзе атындағы Әскери академияның екі курсын бітірген.
Екінші дүниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қатысқан. 1941 жылдың күзінде 303-атқыштар дивизиясының командирі, 1942 жылдың қаңтарында 160-атқыштар ди­ви­зиясы командирінің орынбасары, 1943 жылдың тамыз айынан бастап 312- атқыштар дивизиясының командирі болды.
Смоленск шайқасы, Ельнинск, Висло-Одерскіні алу операцияларына қатысты. Моисеевский басқарған әскери құрам жауға қатты соққы берді. 1943 жылдың аяғында генерал-майор атағы берілді. ССРО Жоғар­ғы Советі Президиумының жарлы­ғымен 1945 жылдың 6 сәуірінде гвардия генерал-майоры Осташенко әскери тапсырмаларды үлгілі орындаудағы ерлігі мен жүректілігі үшін Совет Одағының Батыры атағымен марапаттады.
Берлинге шабуыл операциясына қатыс­қан ол жеңісті Тиргартен бағында қарсы алды.
Соғыстан кейін ССРО ҚК қатарында еңбек етті, Бас штабтың академиясы жа­нын­дағы курсты тамамдады. 1954 жылы зейнетке шықты. 1971 жылдың 18 мамырында қайтыс болды. Ваганьков зиратына жерленді. Батырдың ресми өмірбаяны осындай.
Соғыстан кейін ол қандасы, Кенеса­рының Ахметінен тараған ғалым Натай Кенесаринді іздеп тауып, оған хат жазыпты. Сол хат белгілі сәулетші ШотаУәлиханның қолында екен.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *