«Алмас қылыш» қазақ тарихынан сыр шертеді

Елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақ елі» сериалының кинонұсқасы – «Алмас қылыш» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Ауқымды ­тарихи жобаның идея авторы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Алматы жұртының алдында фильмнің тұсауын ҚР Мәдениет және ақпарат министрі ­­Арыстанбек ­Мұхамедиұлы кесіп, қалың көрерменге жол тартқан тың туындыға сәттілік тіледі. Аталған шара барысында Алматы қаласының әкімі ­Бауыржан Байбек те сөз сөйлеп, ақжарма тілегін жеткізді.
«Кеше ғана Астана қаласында фильмнің тұсауы кесілді. Халық ықыласпен қабыл алды. Мұндай фильмдердің мақсаты – жас ұрпаққа тарихын таныстыру. Бүгінгі мереке құтты болсын, бірліктің арқасында шығып жатқан фильм бәрімізге қуаныш сыйласын» деді қала басшысы.
Көркем фильм Қазақстан кинотеат­рларында қаңтардың бесінен бастап, ал телехикаяның өзі жаңа жылдан кейін отандық «Қазақстан» арнасынан, «31 арнадан» көрсетілетін болады. «Қазақ елі» – ауқымды жоба. Кинодастанды түсіруге 500-ге тарта адам, 100-ге жуық актер жұмылдырылды. Көркем фильмнің режиссері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Рүстем Әбдірашев фильм жөнінде өз ойын білдірді.
– Жобаға белгілі жазушы І.Есенберлиннің «Алмас қылыш» ­романын лейтмотив етіп алдық. Дегенмен, тұтас кітаптағыдай етіп жасаған жоқпыз. Өйткені білесіздер, «Алмас қылыш» – Кеңес өкіметі кезінде жазылған кітап. Ол кезде көп тарихи деректер жоқтың қасы болатын. Біз жаңа тарихи деректерді де пайдаландық, – деді режиссер.
Кеш барысында фильмге түскен актерлардың біразы сахнаға шығып, көрермендер ықыласына бөленді. Фильмге ХV ғасырдағы тарихи оқиғалар арқау болған. Әйтсе де негізгі мақсат – Қазақ хандығының құрылуын көрсету, Алаш ұранды қазақтың бұғауға көнбейтін арда болмысын дәріптеу, халқымыздың сол замандағы дала демократиясына бағынған тұрмыс-тіршілігінен хабар беру. Ондаған тарихи ірі тұлғалардың, атап айтқанда, Ақ орданың билеушісі Әбілқайыр ­Шайбани, Қазақ хандығының негізін салған Керей, Жәнібек хандар, Моғолстан билеушісі Есен-бұға, ойраттардың тайшысы Өз-Темір, Қасым, Бұрындық, Шах-Мұхамед сұлтандар, атақты Асан қайғы мен Қазтуған жырау, т.б. бейнелері түрлі оқиғалар тұсында жан-жақты ашылады. «Алмас қылыш» фильмінің сценарий авторлары: Смағұл Елубай, Тимур Жақсылықов және Рүстем Әбдірашев.

Қуаныш ҚАСЫМ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *