Өмірзақ Айтбайұлы

«Сіздер өте қажетті іспен айналысып жүрсіздер»

Белгілі қоғам қайраткері, академик, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Өмірзақ Айтбайұлы үшін өткен жылдың өз ерекшеліктері болды. Солардың ішіндегі ең маңыздысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен жеке жүз­де­суі болса керек. Бұл жөнінде республикалық басылымдарда хабардар да етілді.
Жақында Өмірзақ ағамызбен кездесіп, жоғарыда тілге тиек етілген жүздесуге қатысты бірқатар сауалдарымызға жауап беруін өтіндік.

– Жаңа жыл қарсаңында Мемлекет басшысы өзіңізді қабылдады. Сіздің сонда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмысы туралы баяндағаныңыздан хабардармыз. Осы кездесу жөнінде кеңірек айтып берсеңіз.
– 2016 жылы желтоқсан айы­ның 18-і, төрт күн демалыстың үшін­ші күні кешкісін телеарна жаңа­лық­тарына көз салып отырғанмын. Ұялы телефон қоңырауы шалынды. Бел­гісіз нөмір. Аржағынан «Аға, ассалау­ма­ғалей­күм, мен Нұрлан атты ініңіз болам, қала­лық әкімдіктен. Алматы­дасыз ба, ертең сағат 11.00-де Сізді Елбасы қабылдайды. Сағат 10.15-те барып алып кетеміз. Дайын болыңыз» дейді. Аң-таңмын. Елбасы қабылдайды деген ой әзірге жоқ еді. Жүрек тарсылдаңқырап, Зәмира екеуміз әр алуан ой жетегіне түстік. Барғанда не айтамын. Көз алдымнан ойда жүрген көп мәселе өте бастады. Дереу орынбасарым Ерденге телефон шалып: «Тез жет! Кеңесетін шаруа бар» дедім. Келді. Ол да мына жағдайды естіп: «Елбасының тілге, қоғамға да көңіл бөлгені ғой, аға. Жаңа жыл алдында бұл жақсы жаңалық болды ғой» деп жатыр. Екеуміз біраз шаруаны ақылдастық.Elbasymen kezdesu
Қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтеріле бастағаны жайын­да ойластық. Оған дәлел әлемдегі белгілі университеттерде қазақ тіліне деген ынта-ықыластың үдей түсуі. Қазақ тілінің пән ретінде оқытыла бастауы. Сол университеттер ректорларының Президентімізге деген ықыласы, Елбасының әлемдік тұлға ретінде мойындалуы. Құрметті доктор, профессор етіп қабылдап, ықылас-ниетін жария етпек. Бұл бір.
Екіншіден, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қазақстан халқы Ассамблеясы қайраткерлерімен де тығыз байланыста болуы, мәселен, таяуда ғана Ассамблея мәдени орта­лықтары жетекшілерінің өз өті­ніштерімен үлкен басқосуда оларды Қоғамға алқа мү­шелері етіп қабылдадық. Олар да мемлекеттік тілді игеру шаруасын қолға алып отыр.
Бірер сағаттан соң Асқар ­Мол­да­ғаринов телефон соқты.
– Аға, қалалық әкімдіктен хабарласты ма?
– Иә, Нұрлан деген азамат телефон шалды. Сонда Елбасы біраз адаммен кездеспек қой шамасы, – деп едім, Асқар:
– Жоқ, аға. Сізді жеке қабыл­дайды, – деді.
19 желтоқсан. Айтылар ойды көкейге түйіп кездесуді асыға күтіп отырмын. Тағы телефон шалынды. Қабылдау уақыты 20 желтоқсан күні сағат 11.30-ға ауыстырылыпты.

Асқар да, Нұрлан да кезек телефондады. Мен «көлік бар, өзім барармын» деп едім, Нұрлан «Жоқ, аға мен өзім барып таңғы 9.00 бен 9.30 арасында алып кетуім керек» деп бәйек болды. Соған келістік. Ерден де өткенде дайындаған хат пен ұсыныстарымызды қайта дайындап әкелді. Нұрлан айтқан уақытында келді. Нұрлан «Аға, сәл ертерек барып отыруымыз керек. Біздің кабинетте аздап күте тұрармыз» деді. Қалалық әкімдіктің 5-қабатындағы Ішкі саясат басқармасы басты­ғы­ның (бастығы Нұрланның өзі) кабинетіне келіп 40 минуттай әңгімелесіп отырдық. Сол екі арада Б.Байбек Нұрланға телефон соғып «Өмірзақ Айтбайұлын алып келдің бе» деп қадағалап сұрап жатты.
Сағат 11.10-да Н.Ә.Назарбаев­тың Алматыдағы Ордасында қабылдауын күтіп отырдық. Асқар да сонда екен. Мен оған айтпақ ойларымның қайсыбірін жеткіздім.
11.40-та Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы кабинетінің есігі ашылды. Ол тік тұрып қарсы алды. Мен «Ассалау­мағалейкүм, Нұреке!» деп қазақша ауыз толтырып сәлем бере кірдім. Ол кісі шын бейілімен сәлемімді қабылдап, «Уағалецйкүмассалам, Өмеке, келіңіз, отырыңыз» деп жарық бөлменің оң жақ қапталындағы орындықты нұсқады. Отырдым. Екеуміз бұрыннан бір-бірімізді білетін болғандықтан еркін сөйлесе бастадық. Ол кісінің адамды өзіне тарта сөйлейтін бөлек жан екенін бұрыннан да сезетінмін. «Ал Өмеке, сөйлей отырыңыз» дегеннен кейін, ең алдымен алдын-ала дайындап алған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жұмыстары мен мемлекеттік тіл туралы нақты деректерді әйгілейтін нұсқалық мәліметтерді алдына қойдым. Екіншісі өзімнің қолымда. Беттерін ашып, қысқаша баяндай бастадым. Ол бас изеп отырды. «Біраз тірліктер жасапсыздар ғой. Мен мұны бұрыннан да білемін, Өмеке. Сіздердің істеріңізді үнемі ­назарда ұстап отырамын. Мына мәліметтер менің қоғам жайындағы ойымды тағы дәйектей түсіп отыр. Сіздер өте қажетті іспен айналысып жүрсіздер. Мен Сізге ризамын. Мәселенің дұрысын айтып жүруге тырысасыз. Мемлекеттік тіл жөніндегі ойларыңызды білемін. Зор жұмыс атқарып жүрсіз. Рақмет!» деді.
– Газет оқырмандарын Елбасы­ның ана тіліміз жөніндегі пікірі қы­зықтыратыны белгілі…
– Келесі ойдың өзегі алда бола­тын Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қо­ға­мының Құ­рылтайына ойысты. Нұрекең: «Құ­рыл­тайды қашан, қай жерде өткізбексіздер» деді. Мен: «2017 жылы, Наурыз, сәуір айларының бірінде Қара­ғанды, не Түркістанда өткізсек пе деп отырмыз» дедім. Ол кісі «Сәуір айы дұрыс шығар» деді.
Ал өткізілетін орны жайында, әсіресе, Түркістан қаласы туралы ойды ашыңқырап айтуға тура келді.
«Нұреке, өткізілетін орын жайлы әзір нақты шешім бола қойған жоқ. Дегенмен, негізгі көпшілік Түркістанға бейіл беріп отыр. Құрылтайға қатысатындар негізінен туыс түркі халықтарының өкілдері және басқа да алыс шетелден делегаттар да тілек білдіріп отыр. Олардың көбі Түркістанды, Арыстан баб, Сайрам, Қорқыт Ата, Сауран тәрізді көне орындарды аралап көргісі келеді. Оның бер жағында қазақ тілі бүкіл түркі тілдерінің негізгі түпқазығы, баба тіл екендігі жайында пікір орныға бастағандай.
Қазақ тілінің халықаралық деңгейге көтеріле бастағанына тағы бір мысал, көптеген шетел университеттерінде (АҚШ, Ұлыбритания, Әзербайжан, Иран, Қытай, Корей, Түркия, Баш­құрт­стан, Қырғызстан, т.б.) қазақ тілінің арнайы пән ретінде оқытыла бастауы және сол университеттер ректорларының Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына игі ұсыныстармен шығуы. Олар Елбасын 25 жылдық Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, «Құрметті доктор, профессор» атағын бермек» дедім.
Осыған орай Елбасыға алда болатын Құрылтайымызға қатысып, мемлекеттік тіліміздің қандай дәрежеге көтерілгенін әйгілеп, сөйлеп беруін өтіндім.
Бірден келісім бермегенімен, көкейіне түйіп «ойланайық» деген сыңай танытты. Бұл «Қазақ тілі» қоғамы мүшелерінің және барлық қазақ бауырларымыз бен бүкіл қазақстандықтардың да көкейлеріндегі көп түйінді шешіп жіберетін шара болар еді. Елбасының көреген көсемдігіне сенеміз деген ойды айттым.
Кездесудің келесі бір тұсында ­А.Байтұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтының тағдыры мен терминология мәселесіне қатты назар аударды. Реттелуге, зерттелуге тиісті мәселелер бар екеніне көңіл бөлді. Осыған орай мен ол кісінің есіне Терминология комитетінің жұмысын жандандыру қажет екенін салдым. «Иә, бұл комитеттің жұмысын күшейту керек» деген ойды айтты.
Бұл кездесуден түйгенім. Бұл кісінің ешнәрсені, ешқашан ескерусіз, елеусіз қалдырмайтынын байқадым. Әсіресе, ел үшін еңбек етіп жүрген адамдардың барлығын жадында сақтай ма дедім.
– Елбасы осы кездесуде Сізге арнайы сый-сияпат жасапты. Осыны біле отырсақ. Жалпы жүздесуден қандай әсер алдыңыз?
– 20-30 минут әңгіменің соңында менің 80 жылдығымның өткеніне мән берер деп ойлаған жоқ едім. Өйткені арнайы Құттықтау хатын жіберген болатын. Соның өзіне қатты риза болған едім. Ал арнайы өзінің қолын қойған сағатты маған сыйға тартқанына, әрине, қатты риза болдым. Мәселе бергенде емес, ықылас, ниетте ғой. Мен сияқты қарапайым ғалым, профессорды елеп, көңіл аулап отырғаны түп негізден жалғасатын адамгершілік атаулы әлемнің жоралғысы іспетті деп қабылдадым. Қысқасы мен бұл кездесуден шұғылданып жүрген жұмысымның елге керектігін, ана тілге бағышталған еңбегімнің жеміссіз емес екеніне тағы бір көзім жетіп, керемет рухтанып, арқаланып шықтым. Іштей аруақты азаматтың амандығын ойладым. Тәуелсіз еліміздің мәңгілігін тіледім!
– Таяуда Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның кезекті отырысын өткізгені белгілі. Осы жиынға Сіз де қатысып, мемлекеттік тілге байланысты өзекті мәселелерді көтеріпсіз. Ол қандай мәселелер? Осы жөнінде әңгімелесеңіз.
– Ал биылғы жыл аяғы тағы бір келелі іс-шараға ұласты. 23 жел­тоқсан күні Астанада «Мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі комиссияның» кезекті отырысына (мүшесі ретінде) қатыстым. Отырыс ҚР Премьер-министрі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаевтың басқаруымен өтті. Онда ең алдымен «Мемлекеттік тілді оқыту әдістемесін жетілдіру және бағалау жүйесі туралы» ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев баяндады.
Сосын «Қазақстан Республика­сын­дағы Тіл туралы» Қазақстан Респуб­ликасы Заңының орындалу барысы ­туралы екі ­министр – Арыстанбек Мұхамедиұлы, Бақыт Сұлтанов және Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов хабарлама жасады. Сұрақтар болды. Сұрақтың көбін Бақытжан Әбдірұлы қойып отырды. Оның сауалдарынан мемлекеттік тіл шараларынан мол хабары бар екені және жанашырлығы байқалып отырды.
Мен Қоғам атынан бірнеше мәселе төңірегінде ойымды ортаға салдым. Сөй­леген сөзімнің мәтіні мынау:

Құрметті комиссия төрағасы
Бақытжан Әбдірұлы!
Қадірлі комиссия мүшелері!

Баршаңызды ең алдымен ұлтымыз­дың ұлы мерекесі – ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойымен шын жүректен құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, елдігіміз ғұмырлы болсын.
Әлбетте, дербес ел, егемен мемлекет болудың басты шарттарының бірі – мемлекеттік тілдің болуы. Бабалар арманы болған азаттыққа қол жетіп, қазақ тілі – мемлекеттік мәртебеге ие болды. Тілді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалар қабылданып, іске асырылуда. Десек те, мәртебе бар да, сол мәртебесіне сәйкес тілдің тиісті де міндетті қолданысы бар. Осы жағынан келгенде, ширек ғасыр өткеніне қарамастан, тілімізге қатысты әлі де шешімін күткен мәселелер көп. Бүгінгі басқосуымыз да осынау өзекті мәселелерді талқылауға, оларды тиісінше оң шешуге ықпалын тигізеді ғой деп ойлаймын.
Осының алдындағы жиындарда да үнемі көтеріп, бірақ кейінге ысырылып келе жатқан көптеген күрмеулі мәселелер бар. Солардың бірқатарын тағы да қайта жаңғыртуға тура келеді.
Өздеріңіз тарихтан жақсы білесіздер, патшалық Ресей кезеңінде қазақтарды отарлау, орыстандыру бағытында пайдаланылған мынадай тәсілдер болды. Олардың біріншісі – орыс-түзем мектептерін ашу және тәржімашылар институтын енгізу. Әлгі аралас оқу орындарынан Абайдың «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» деген өлеңінде айтылатын қазақтың бірен-саран жастары білім алды, орыстың тілін үйренді. Олардың көпшілігі орыс ұлығы мен қаймана қазақ арасында дәнекер болатын тілмаштар болып шықты. Өйткені кеңсе тілі орыс тілінде, қазақты басқарған үлкен төрелердің барлығы да орыс ұлықтары болды. Қара қазақ тұрмақ, қазақтың бетке ұстар, ел ағасы болған болыс-билерінің өзі орыс тілін білмегендіктен, патшалық Ресейдің дәрежесі ең төмен шенеунігінің алдында күні тілмашқа қарап, бүгежектеп тұратын. Абай хакімнің сол тұста жазған «Болыс болдым, мінекей» деген өлеңі қазақ басына түскен осы бір аянышты халді бейнелейді. Бұл өлеңді жұрт Абайдың болысты сынаған, сатиралық өлеңі деп жүр ғой. Байыптап қарасаң, мүлдем олай емес. Бұл Абайдың қазақтың осыншалық мүскін хәлге түскеніне жаны күйіп, аянышпен жазған өлеңі. Мұны неге айтып отыр дерсіздер? Бір қызығы, қызық емес ең бір өкініштісі, осы бір кепті тап қазір тәуелсіздігіне 25 жыл болып отырған Қазақстан жағдайынан ұшыратамыз деп кім ойлапты?! Амал нешік, ақиқат солай болып тұр. Тәуелсіздік алған кезден бастап Қазақстанда осы аралас мектептер ашылып, қазақ тілінің аудармашылары пайда болды. Бұл өзі уақытша құбылыс болар, 4-5 жылда жойылатын шығар деп едік, жоқ, қателесіппіз, олар сол қалпы, әлі күнге мұрты бұзылмай сақталып келеді. Осындайда жаңағы патша заманындағы аралас мектеп пен аудармашылар институтының жаны неткен сірі еді деп ойлаймын. Осында айтылған бұл екеуі де қазақ тілінің қолданысына өте үлкен кедергі болып отырғанын ашып айтуымыз керек. Сондықтан біз Қазақстанда бүкіл аралас мектептердің барлығын қазақ тілінде білім беретін мектептерге ауыстыруды, ал бүкіл мемлекеттік мекемелердегі қазақ тілінің аудармашыларының барлығын таратуды, оларды басқа қызметпен қамтамасыз етуді тағы да қайталап ұсынамыз. Егер осылай жалғаса беретін болса, қазақ тілі ешқандай да мемлекеттік мәртебесіне сай қызмет ете алатын дәрежеге жете қоймайды.
Осы кезге дейін қазақ тілінде бірде-бір заң дайындалмаса, бүкіл іс қағаздары тек орыс тілінде жүргізіліп, оларды әлгі айтқан аудармашылар арқылы қазақ тілінде аудартып қойсақ, онда шын мәнінде Қазақстанда мемлекеттік тіл ешқандай қызмет етпеген болып шықпай ма?! Егерде қазақ тілді мамандардың қазақша қызмет етулеріне мүмкіндік бермейтін болсақ, жоғары оқу орындарында несіне қазақ бөлімдерінде мамандар дайындап жүрміз. Тек аудармашылар ғана дайындасақ жетпей ме?! Осының салдарынан бүгінде ресми қазақ тілі аударма тілге айналды. Аударма қанша жатық болса да түпнұсқаға жетпейді. Осындай шала аударманың салдарынан заңдардың, басқа да ресми құжаттардың қазақшасын оқып түсіне алмайтын, содан соң оны еріксіз орыс тіліндегі нұсқасымен салыстырып оқып, ұғынатын жағдайға жеттік. Сондықтан Үкіметтен ендігі кезекте ресми құжаттардың барлығының түпнұсқасын алдымен қазақша дайындау туралы қаулы қабылдауын талап етеміз. Егер, қажет болған жағдайда ғана, оны орыс тіліне аудартуға болады. Бұл норма Тіл туралы заңда да көрініс тапқан. Аталған Заңның 4-бабында «Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iсқағаздарын жүргiзу тiлi» деп, тайға таңба басқандай анық көрсетілген. Заңның осы талабын атқарушы орган тұрмақ, заң шығарушы орган – Парламенттің өзі осы уақытқа дейін орындамай, өрескел бұзып келеді. «Ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді» дегенді данышпан қазақ осындайда айтса керек. Қазіргі кезде іс қағаздарын толықтай қазақша жүргізіп кетуге маман-қызметкерлер толықтай жеткілікті. Тек саяси ерік-жігер ғана жетпей тұр.
Қадірлі Бақытжан Әбдірұлы! Өзіңіздің пәрменіңізбен осы мәселе оң шешіледі ғой деп сенеміз. Өйткені Өзіңіздің қоғамдық жер комиссиясы отырыстарын да, Үкімет жиындарын да негізінен қазақша өткізіп жүргеніңізді көріп, сүйсініп жүрміз. Осы толғақты жайтты соңына жеткізеді деп үміттенеміз. Елбасының осы кезге дейін айтып келе жатқаны да, қалауы да осы емес пе?
Қазіргі кезде ресми мәлімет бойын­ша, қазақтың үлес салмағы 67 пайыз болды, орыстардың үлес салмағы 20 пайыз. 7 жасқа дейінгі қазақ баларының үлесі 90 пайыз, ал орыс балаларының үлес салмағы – 7 пайыз ғана. Демек, он-он бес жылда елдегі орыстардың үлес сал­мағы 10 пайызға жетер-жетпес қана шамада болады. Сондықтан біз орыстарды қазақша оқытамыз, оларға қазақша үйретеміз деп тырыспай-ақ қояйық. Үлкен диаспора ретінде орыс мектептерінде оқи берсін, қазақша үйренеміз десе, қарсылық жоқ. Мемлекет тек мемлекеттік тілде оқитындарға ғана, сондай-ақ ірі диаспора өкілдеріне ғана өз тілдеріндегі мектептерде тегін білім алуларына жағдай туғызуы керек. Ал қазақ ата-аналары балала­рын орыс тілінде не басқа да тілдерде оқыта­мын десе, өз қаражаты есебінен тек ақылы мектептерге оқытсын. Ал мемлекет есебі­нен, салық төлеушілер қаражатынан қазақ баласын өзге мемлекеттің мемлекеттік тілінде (орыс тілді) тегін оқыту ешқандай ақылға сыймайтын құбылыс. Бұл жерде ешқандай адам құқығын шектеу деген мәселе жоқ. Қазақстанда мемлекеттік тіл – біреу. Мемлекеттің міндеті – барша азаматына мемлекеттік тілде тегін білім алуын қамтамасыз ету. Сол секілді осы елде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің де ана тілдерінде белгілі деңгейде білім алуларына, ұлттық мәдениетін сақтауына қолдау көрсету. Сондықтан мемлекет 25 жыл болса да балаларын қазақ тіліндегі мектептерге бермеу арқылы Қазақстанның болашағына сенімсіздікпен қарайтын, қазақ тіліне, елдің дамуына тежеу, біртұтастығына сына қағып отырған бірқатар қазақ ата-аналарға осындай шара қолдануы керек пе деймін.
Қолдан жасалып отырған және шешілуі оп-оңай мәселенің бірі – мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді жетік білетін азаматтарды ғана сынақтан өткізіп жұмысқа қабылдау. Бұл талап, әсіресе, басшылық лауазымдарға міндеттелуі керек. Себебі бірінші басшының қазақша білмеуі салдарынан сол мекемедегі, соған бағынышты мекемелер желісіндегі бүкіл ісқағаздары орыс тілінде жүргізілуде. Қазақстанда жоғары лауазымды қызметте отырған мемлекеттік тілді білмейтін басшы азаматтар ұзаса 150-200-дің ар жақ, бер жағы ғана болар. Сол екі жүз шақты адамға бола бүкіл қазақ халқы орысша іс жүргізуге мәжбүр болып отыр. Қазіргі кезде қазақ-орыс тілдерінен бөлек тағы да бірнеше шет тілін еркін білетін білікті, қабілетті, іскер азаматтар толып жатыр. Сондықтан аталған екі жүз лауазымды қызметкерді сол азаматтармен жедел ауыстыру керек. Және бұл ешқандай қиын да шаруа емес. Өйткені осы мәселе бойынша Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына азаматтар жиі жүгінеді. Көбінің айтатын мәселесі осыған келіп саяды.
Астанаға арагідік ат ізін салып тұрамын. Әр келгенде қаланың көркіне қарап, ажарлана түскенін көріп сүйсінемін. Қара көздеріміздің де қарасы қалың. Алайда бір қынжылтатыны Астананың барған сайын орыстанып бара жатқандығы. Қарапайым халық қазақша сөйлесең, бәрі қазақша біледі. Алайда шенеуніктерге қарап, атқамінер төрелерге қарап, еріксіз солардың ығына жығылуға, солардың ыңғайына қарай орысшаға қарай ауып бара жатқанын көріп, ішің ашиды. Өзіңді еріксіз Қазақтың астанасы емес, бурят не якут, чукша секілді туысқан халықтардың бір қаласында жүргендей сезінесің. Өйткені ол бейбақ бауырлас халықтарымыз да өз тілдерінен ажырап, орыстанып кеткен еді. Біздің ел аман, жұрт тынышта, тәуелсіз елде тұрып, бұлайша өзімізді өзіміз тұқыртатындай не басымызға күн туды. Халықта ешқандай кінә жоқ. Мәселе жоғарыда айтқан іс ­басында отырған екі жүз шақты мемлекеттік тілді білмейтін азаматта болып тұр. Іс насырға шаппай тұрғанда өз елінде қазақтың қазақша сөйлеуіне, қазақша іс жүргізуіне, қазақша қызмет атқаруына жол ашу керек деп санаймыз. Міне, осындай шараларды батыл қолға алсақ қана, Елбасымыз ұсынған Мәңгілік Ел мұратын іске асыра аламыз.
– Әңгімеңізге рақмет. Тіліміздің тұғыры мықты болсын!

Әңгімелескен
Нұрперзент ДОМБАЙ




Пікір қалдыру