Төртем – төрт әлем

Жақында Алматы қаласында тұратын Есентай Қапар есімді азаматтың үйінде болдық. Есентай ағамыз жұбайы Назым екеуі алты қыз сүйіп, оларға тәлімді тәрбие беріп отырған ата-ана. Бір айта кетерлігі, олардың төртеуі дүниеге төртем болып келген. Бүгінде олардың жасы – алтыда. 

Биыл М.Жұмабаев атындағы №137 мектептің табалдырығын аттаған төртем өздерінің зеректігімен, алғырлығымен мектеп мұғалімдерін тәнті етіп жүр. Немерелеріне Нұрайша, Бегайша, Гүлайша, Жанайша деп ат қойған атасы Хуанган төртемді мектепке апарып, сабақтарын өзі қадағалайды екен. Қыздардың анасы «Күміс алқадан» үміткер. «Кіші қызым 6 айлық, «Күміс алқа» ең кішкентай бала бір жасқа толғанда беріледі екен» дейді Назым.
Бүлдіршіндердің қызығушы­лығы да әртүрлі. Мысалы, Жанайша мен Гүлайша математиканы жақсы көрсе, ал Нұрайша мен Бегайша сауат ашу пәнін сүйіп оқиды екен.
Олар мектеп партасында бірге отырады. Сынып жетекшісі Әйгерім Жәнібекқызы шәкірттерінің сабақ үлгерімі ойдағыдай екенін, сыныптас­тарымен жақсы тіл табысатынын айтады. Төртемнің әкесі ­Есентай ­Қапар 1978 жылы Талдықорған қаласында дүниеге келген. Бүгінде спорт саласында еңбек етеді, еркін күрес жаттықтырушысы. «Әулетімізде төртем болмаған, бірақ арғы ата-бабаларымда төртем, үшем дегендер болған екен. Қыздарымның ұлттық тәрбие алып, ибалы да инабатты болып өскенін қалаймын. Сол үшін әкелік тәрбиемді аянбай беруге тырысамын. Кешке жұмыстан келгенде міндетті түрде сабақтарын қадағалап, күні бойы не істегендерін сұрап, әңгімелесемін. Сабақ үлгерімдері туралы мұғалімнен біліп отырамын. Өздеріңіз байқасаңыздар, төртемнің мінездері бір-біріне ұқсамайды. Әрқайсысына жеке-жеке мән беріп, аялап, еркелете отырып оқытамыз» дейді отағасы.Tortem-1
Қыздардың анасы Назым құрса­ғының төртем болатынын дәрігерге тексерілгеннен кейін білген. Бірден төрт баланы қарау, өсіру оңай емес екендігін айтады. Қазір олар анасының қолғанаттары. Үй шаруасына қолғабыс жасап, көмектеседі. «Халқымызда «қыз – қылығымен» деген жақсы сөз бар ғой, мысалы, Нұрайшаның жауапкершілігі мол. Берген тапсырманы өз бетінше орындап, бәрін тиянақты жасауға тырысады. Бегайшам да сондай, Нұрайшадан қалғысы келмейді. Ал Гүлайшамыз ақкөңіл, бірақ оның назары ойынға көбірек ауып кетеді. Жанайшамыз тұйықтау. Оған көбірек көңіл бөлеміз. Төртеуінің де оқуға деген талпыныс­тары қуантады. Төртеуі мектепте би үйірмесіне қатысады. Қыздарымыз өскен соң қызықтарын көреміз ғой деген үміттеміз» дейді Назым.
«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген екен ата-бабамыз. Олай болса, төртемнің болашақта елінің елеулі қыздарына айналуына тілектестігімізді білдірдік.

Алмагүл ЖАРБОЛҚЫЗЫ

Суретті түсірген
Азамат ҚҰСАЙЫНОВ




4 пікір “Төртем – төрт әлем

  1. Әдия

    Керемет мақала екен. Бұл қыздар Алланың сыйы ғой. Қазір бір ғана баламен шектеліп, сол баланың өзін әрең бағып отырған отбасылар бар. Бұл мақала сол отбасыларға ой салар…

  2. Аянат

    Бақытты отбасы екен. Енді өмірге ұл бала келсін деп тілеймін.

  3. Мөлдір

    Бұл өнегелі отбасының үлгісі – ата-анасына күш-қуат, шыдамдылық тілейміз. Қыздары гүлдей болып, жайқалып өсе берсін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *