Отандық БАҚ: кешеден – келешекке

Газетіміздің өткен нөмірінде хабардар еткеніміздей, Атырау қаласында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларына арналған баспасөз туры ұйымдастырылған   болатын. Аталған шара аясында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев БАҚ басшыларын қабылдап, өңірдегі қол жеткізген жетістіктер, сондай-ақ отандық баспасөз саласының көкейтесті мәселелері туралы ойын ортаға салды. «Отандық БАҚ: кешеден – келешекке» тақырыбында өткен жиында бас редакторлар өзара пікір алмасты. 

Алқалы басқосуда алғаш болып сөз алған Атырау облысы әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев халықтың сапалы ақпаратқа қолжетімділігін қамтама­сыз ету мақсатында аймақта ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығына тоқталды.
– Атырауда 2001 жылдан бастап екі облыстық және жеті аудандық газеттерді біріктірген «Атырау-Ақпарат» медиа холдингі жұмыс жасап келеді. Бұрын бар болғаны 18 бұқаралық ақпарат құралы қызмет етсе, қазіргі таңда саны 45-ке жетті. Олардың 35-і баспа саласында, ал 7-і электрондық негізде ақпарат ­­таратуда , – ­­­­­­­деді Ә.Нәутиев.
Ол сонымен қатар өткен жылдан бастап мемлекеттік ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы байланысты нығайту мақсатында өңірлік коммуникациялар қызметі жұмысқа кіріскенін, биыл облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың тікелей тапсырмасымен бекітілген кестеге сай аймақ басшысының орынбасарлары, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары әр апта сайын тұрғындарға жасалып жатқан жұмыстар туралы есеп беріп отыратынын тілге тиек етті.
Дөңгелек үстел барысында өз ойын ортаға салған Қазақстан Журна­листер одағының Атырау облыстық ұйымының жетекшісі Қуандық ­Батыров ­­Қазақстан Журналистер одағының 220 мүшесі бар аймақтағы журналистер Одағы филиалының жұмысы туралы баян етті. Ол журналистердің құқықтық сауаттылығын арттырып, ашық пікір алмасуға үйретуге бағытталған курстарға 44 адам жіберілгенін айтты. Журналистер одағының негізгі міндеті – бұқаралық ақпарат құралдары мен халықтың, биліктің арасындағы байланыстарды үзбеу екеніне тоқталды.
Жиында «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ерболат Қаменов Серіктес­тіктің атқарып отырған жұмысына тоқталды. Е.Қаменов өз сөзінде Серіктестікке қарасты екі облыстық және жеті ау­дандық газетпен қатар өңірлік коммуникация қызметі жұмыс жасайтынын, жеке баспахананың бар екенін, алдағы уақытта жұмысты жүйелей түсіру бағытында бірқатар мақсаттар қойылып отырғанын атап өтті. Материалдық-техникалық базаны одан әрі нығайтуға көңіл бөлінетінін жеткізді.
– Ғасырға жуық тарихы бар облыстық «Атырау» және ­«Прикас­пийская коммуна» басылымдары үшін биыл тарихи кезең болды, жиырма мыңыншы нөмірлері жарыққа шықты. Облысымыздың негізгі шежіресін осы газеттерден табуға болады. Облыста болып жатқан жаңалықтардың барлығы біздің газеттерде көрсетіледі. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнап «Ширек ғасыр шежіресі» атты кітап шығару ойымыз бар.
Жиында сөз алған «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалин баспасөз саласын дамыту төңірегіндегі ойларымен бөлісті.
Басқосуда, сондай-ақ «Хабар 24» телеарнасының директоры ­Арман ­Сеитмамыт, «Қазақстан-заман» ха­лықара­лық қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Ертай Айғалиев, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлы, «Түркістан» газетінің бас редакторы Шәмшидин Паттеев, «Жас қазақ» апталығының бас редакторы Смайыл Срайыл, Қазақстан Журналистер одағының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағжан ­Садыханов, Батыс Қазақстан облысының «Орал өңірі» газетінің бас редакторы Бауыржан Ғұбайдуллин, қоғам қайраткері Ирак Елекеев және т.б. қаламгерлер күн тәртібіндегі мәселе бойынша пікірлерін білдірді.
Осы шара аясында Ерлан Садықов пен Әбілсейіт Мұхтардың «XVII-XIX ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты кітабының тұсаукесер-таныстырылымы өтті. Атырау облысы әкімінің қолдауымен жарық көрген монографияны жазушы Мереке Құлкенов құттықтау сөзімен ашты. Баспагер кітап туралы: «Бүгінде ел тәуелсіздігінің арқасында Қазақстан тарихы концепциялық жаңа көзқарастармен жазылуда. Соның дәлелі алдарыңыздағы монография болмақ. Бұл кітап әр қазақтың төрінде тұруы тиіс» деп ойын тұжырымдады.
Тарихшылардың айтуынша, бұл кітапты оқып шыққаннан кейін Қазақ хандығының басынан өткен ең бір алмағайып кезеңнің үш ғасыр суреті оқырманның көз алдына тізбектеле келеді. Тек осы кезең емес, ата тарихтың арғы-бергі дәуірі толығымен қамтылған, қазақ тарихының бүгінгі күнге дейін дейін шам түспеген терең түкпірлеріне, айтылмаған сырларына сәуле шашқан бірегей еңбек – мемлекетіміз кеше ғана атап өткен Қазақ хандығының 550 жылдығына, егемендігіміздің 25 жылдығына қосылған сүбелі үлес деп бағалануда.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор Хангелді Әбжанов та жаңа кітап туралы өзінің оң пікірін білдірген бейнежазба жіберген екен. Қазақ хандығының қысылтаяң кезеңін ұлт мүддесі тұрғысынан жүйелі саралаған монография авторларының кәсіби маман ретінде еңбектеріне үлкен баға берді.
Кітапты алғашқылардың бірі болып оқыған тарих ғылымының докторы, ­профессор Аққали Ахмет ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай халыққа осындай құнды дүниені тарту еткен авторларға тарихшылар атынан алғысын білдіріп, монографияның құндылығына қатысты үш қана пікірін айтты.
– Біріншіден, бұл – Әбілсейіт Мұхтар­дың жиырма жылға жуық жүргізген зерттеуінің нәтижесінен шыққан құнды дүние. Екіншіден, мұрағаттағы құ­жат­тарға негізделіп жазылғандығы, ал үшіншіден, жаңа көзқарастар кеңінен зерттелгендігімен ерекшеленеді, – деді тарихшы.
Жиын соңында, монографиялық еңбектің авторы Әбілсейіт Мұхтар сөз алып, бұл кітапты жазып шығу үшін ­сонау тоқсаныншы жылдардың аяғынан бастап кіріскендігін, жалпы, бұл – қазақ тарихындағы ең күрделі кезең саналатынына ерекше тоқталды.
– Біз зерттеген ХҮІІ-ХІХ ғасырлар аралығындағы Қазақ хандығы тарихы Ресей елінің сыртқы отарлау саясатымен сәйкес келген ең күрделі кезеңдер екендігі, тәуелсіз ел атанған тұстан отарлық кезең тарихын қайта қарау тарих ғылымы үшін де, отандық тарихшылар үшін де оңайға соқпағандығы, біраз уақытқа дейін орыс мұрағаттарының кейбір қорларына рұқсат болмағандығын, кейінгі жылдары ғана ашылған орыс мұрағат қорларын пайдалана сараланғанын атап өтуіміз қажет. Бұл еңбекте қазақ мемлекеттілігі тарихын біртұтас бірізділікпен жүйелі тарихи оқиғалар желісін барынша шынайы ашып көрсетуге тырыстық. Барлық мәселе қамтылды, түйіндеріміз еш талассыз ақиқат деуден аулақпыз. Олай болса салиқалы сын-пікір күтеміз. Тарихымызды бірге түгендейік, – деді автор.
Сиясы кеппеген жаңа кітаптың тұсаукесер рәсімінде лентаны қию салтанаты Әбілсейіт Мұхтардың ұстазы «Қазақстан Республикасы ағарту саласының үздігі» Қаламқас Құмарова мен «Қазақ газеттері» ЖШС-нің Бас директоры Жұмабек Кенжалинге жолданып, «ел асыға күткен бұл тарихи еңбек қалың оқырманына жетіп, еліне қызмет етсін» деген тілектер айтылды.
Осылайша, Е.Сыдықов пен Ә.Мұқтардың «ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы» атты монографиясы оқырманға жол тартты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ
Дәулетқали АРУЕВ

Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ
Әнуар Әбілғазиев




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *