Teltaev

Бағдат ТЕЛТАЕВ: Жол – өмірдің өзегі

Қазақстан Ұлттық ғылым академия­сы­ның құрметті мүшесі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Инженерлік академиясының,  Халықаралық көлік академиясы­ның және А.Эйнштейн атындағы Халықаралық энергетика академиясының академигі, «Қазақстан жол» ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Бағдат ТЕЛТАЕВ жол саласында ашқан ғылыми жаңалығын жария еткен болатын. Осыған байланысты білікті ғалыммен жүздесіп, аз-кем әңгімелескен едік. 

– Ғылыми жаңалығыңыз құтты болсын! Оқырмандарымызға оның қыр-сыры неде екенін түсіндіріп берсеңіз.
– Рақмет! Бұл жаңалықтың қыр-сыры – жолдар сапасын арттыруға, оның берік­тігін күшейтуге мүмкіндік береді. Қандай инженерлік құрылыс болсын оны жасап шығарған соң оған табиғи климаттық факторлар, механикалық күштер әсер етпей қоймасы анық. Уақыт өте келе инженерлік нысандар өзгерістерге ұшырайтыны заңдылық. Содан кейін ол пайдалануға жарамсыз болып қалады. Мысалы, көлік жол­дарының осы сияқты белгілі бір уақытқа дейін қызмет көрсету мерзімі бар.
Негізінен біз нормалық құжаттар бойынша жолды жиырма жыл уақытқа төтеп беру керек деп саламыз. Ең негізгі жолдар асфальт бетоннан жасалады. Ал мұндай жолдарға климаттың ықпалы тиеді. Айталық, солтүстікке қарай қатты аяз болғанда олардың көбісі суықтан қарс айырылып кетеді. Жарықшақтар пайда болады. Ал оңтүстікке қарай керісінше үдерістер орын алады. Біз өз зерттеуімізде жолдың асфальт-бетон жамылғысының қалай бұзылатынын, не себепті бұзылатынын ұзақ жылдар бойы қарастырдық. Соның ішіндегі көп кездесетін бұзылу түрлерінің бірі төменгі температуралық жарықшақтардың пайда болуы. Ол жарықшақтар Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде көп кездеседі.
Енді ашылған жаңалыққа келетін болсақ, асфальт бетондарының қатты аязды төменгі температураларында жол жамылғысында пайда болатын жа­рықшақтарының құпиясын ашуды мақсат еттік. Екіншіден, осы жарық­шақ­тардың жиіліктері қандай, қай уақыттарда және не себепті болатынын анықтадық. Жаңалық бір күнде ашылмайды. Оған біраз уақыт дайындық қажет. Мен жалпы ғылыми жұмыстарымды студент кезімде бастадым. Содан бері ғылыммен айналысып келе жатырмын. Үшінші курс кезімде маған жолдар неге бұзылады деген тапсырма берілді. Осы тақырыпта диплом қорғадым. Кейіннен кандидаттық диссертация, докторлық диссертация қорғадым. Одан кейін ғалым ұстаздарыммен, шә­кірт­теріммен бірге жұмыс жасадым. Бүгінге дейін ресми түрде менің ғылыми жетекшілігіммен 5 адам ғылым докторы, 28 адам ғылым кандидаты атанды. Осы жұмыстардың біразы ғылым механикасына байланыс­ты болды. Әсіресе, соңғы он бір жыл төңірегінде мен Қазақстан жолын зерттеу институтында жұмыс істеген кезімде бұл тақырып терең зерттелді деп айта аламын. Бұл жаңалықтың ресми авторы мен болғаныммен зерттеуге көп адамдар қатысты. Ондаған жылдар жүргізілген зерттеулер талдаудан өткізіліп, көңілге қонымды нәтиже берді.
– Өзіңіз басқарып отырған «ҚазЖол» мекемесінің бүгінгі тыныс-тіршілігі қандай?
– Біздің институтымыз жол сала­сының игілігіне жұмыс жасап келе жатқан әлемге танымал ғылыми-зерт­теу ордасы. Шет елдерде өтетін ғылыми конференцияларға, конгресс­терге, ғылыми симпозиумдарға жиі шақырту аламыз. Біздің жұмыс­тарымызға белгілі профессорлар пікір білдіреді. Мысалы, әлемде механика бойынша ұйымдастырылатын Конгрес­ке 10-15 баяндамалардың біреуі ғана өтеді. Сонымен қатар еліміздегі көлік, жол, механика саласы бойынша өтетін форумдарға тұрақты түрде қатысып тұрамыз. Томпсон, Рейдерс, Сколус сияқты деректер қорына кіретін журналдарда мақалаларымыз жа­рық көріп тұрады.
Институтымыздың материалдық-тех­никалық базасы өте жоғары. Бірнеше зерт­ханаларымыз бар. Заманауи құрыл­ғы­­лар­мен қамтамасыз етілген. Терең ғы­лыми-зерттеу жүргізу үшін қажетті ас­пап­­тарды өзіміз жинайтын болдық. Асфальт бетонның механикалық қасиеттерін зерттедік.
Біз зертханаларымыздың көмегімен биыл 1400 шақырым республикалық маңызы бар жолды сараптамадан өткіздік. Ол кешен заманауи компьютерлік және ақпараттық техникалық жүйелермен жабдықталған. Шетелден келген ең мықты мамандар да біздің институттың жұмысына таңданыспен қарайды. ­Жуырда Ирландиядан маман келіп бізбен бірге жұмыс жасауға ниетті екенін білдірді. Мамандарымыздың деңгейі жоғары болғаннан соң шетелге іс-сапарларға жиі шығады. Өткен айлардың бірінде Моңғолия мен Америкадан шақырту келді. Біздің институтпен тығыз байланыс орнату үшін Италиядан, Франциядан меймандар келмекші. 2017 жылы өтетін «ЕХРО 2017» халықаралық көрмеге өзіміздің әріптестеріміздің жол ғылымдарының мамандарын шақырып отырмыз. ЕХРО аясында семинар өткізу де жоспарымызда бар.
Осы орайда мына бір жайттарға тоқтала кетсем деймін. 2006 жылдан бас­тап асфальтқа қатысты материалдарды зерттеуден өткіздік. Соның нәтижесінде еліміздің түрлі аймақтарында 100-ден астам тәжірибелік жол бөлімдері салынды. Олардың сапасына мониторинг жасалып, зерттеу қорытындысы бойынша үздік сапа көрсеткен материалдарды пайдалануға көңіл бөлудеміз. 2015 жылы еліміздегі республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарға табиғи климаттық жағдайларды, жолдың үстіндегі автомобильдердің әсерін, жолдың санаттарын есепке алатын жол құрылымдарының түрлерінің альбомын жасап шығардық. Бұл республикалық және халықаралық маңызы бар жолдар одан бөлек сондай құжатты қолдану әдістемесімен жергілікті жолдарға арнайы құжат жасап шығардық. Негізі Қазақстанның жері, аумағы қанша үлкен болса да климаттық жағдайы бойынша екі-ақ аумаққа бөлінеді. 2014 жылы жаңа карта әзірлеп, 4 аймаққа бөлдік. Келесі жылдың көктемінен бастап сол картаны енгізу бойынша Қазақстанда зерттеулер жүргізетін боламыз. Асфальт бетонның шағыл тас мастикалық асфальт бетон деген жаңа түрі бар. 2006 жылы Алматы қаласында біз оны тұңғыш рет қолданған болатынбыз. Он жыл өткеннен кейін осы шағыл тас мастикалық асфальт бетонын Қазақстанның барлық жерінде қолданылды. Асфальт бетонның түрі оңтүстігімізде де, солтүстігімізде де тиімді екенін көрсетті. Сондықтан біз бұл асфальт бетонның түрлі маркаларын жасап, оның құрамындағы материалдардың сапаларын көтеріп ылғи жетілдіріп отырамыз. Атап айтатын болсақ, бір ғана шағыл тас асфальт бетонының ШМА 20, ШМА 15, ШМА 10 деп аталатын түрлері тәжірибеден өтті. Оларға біз полимер қостық. Элвалой, клатон, ботанал деген үш полимер Америкадан келеді. Италиядан супер пласт, Ресейден КМА полимері, Италия­дан Сер витамит полимері, Австриядан техролог, Ресейден Дорсан, Германиядан вескопласт 2901 деп аталатын материалдар қолданылады. Қазақстанда да полимерлер өндірілуде. Көптеген инновациялық ұсыныстарымызды жол саласына арнаудамыз. Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы бо­йынша да біздің полимер асфальт бе­тон­дарымыз қолданылуға ұсынылуда.
– Алдағы уақыттағы жоспарла­рыңызбен бөліссеңіз.
– Автомобиль жолдар Комитеті рес­пуб­ликалық екі бағдарлама жасаған болатын. Бағдарлама тендерге түсіп, біз осы бағдарламаны жеңіп алдық. «Жол саласындағы стандарттарды жетілдіру», «Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын сараптамадан өткізу» деп аталатын екі бағдарлама біздің негізгі жұмысымыз болады. Одан бөлек те көптеген жұмыстарымыз бар. Қандай зерттеулер болса да оны тікелей өндіріспен байланыстырып отырамыз. Зерттеулеріміздің сапасын тереңдету үшін іргелі ғылымдарға да назар аударамыз. Бұрын механика-математика ілімдерін меңгеріп, тәсілдерін қолданып келсек, қазір химия, физика ілі­мін меңгеріп химиктермен, физиктермен әріптестік байланыс орнатылған.
Бұл ғылыми жаңалығымды Мәскеу қаласында орналасқан халықаралық ғылыми жаңалықтардың авторлары және өнертабыстар бойынша халықаралық академия ашық және жабық сынақтан өткізеді. Соның нәтижесінде ғана қолымызға диплом береді. Бір айта кетерлігі, зерттеу­леріміз тек қана жол аясындағы ғана зерттеулер емес, ол, сондай-ақ, химиялық, физикалық зерттеулерді қоса меңгеріп, сәтті пайдаланып жүргеніміздің дәлелі.
Алдағы уақыттағы жоспарлар өте көп. Бәрі де жол саласына байланысты ғой. Қазіргі таңда шетелдік ғалымдармен де байланысымыз бар. Италияның оңтүстігінде орналасқан Калабрия университетімен 2014 жылы бірлесе жұмыс жасау туралы келісімге келдік. Битомдық материал, битом және полимер қосылған битомдық материалды химия тұрғысынан терең зерттеп жатырмыз.
Болашақта жолымды жалғастыратын шәкірт тәрбиелегім келеді. Алған білімді кітап қылып жазу да жоспарда бар. Еңбегім ғы­лымға қосылған бір үлес болып кітап­ханада тұрса, мен үшін үлкен қуаныш сол болар еді.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Абылайхан Жұмашев




Пікір қалдыру