Ahmetov

Рақымшылық аясында Серік Ахметовтің мерзімін қысқартуға қатысты өтініш түсті

Сотталған Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі Серік Ахметовке қатысты рақымшылық бойынша жазасын өтеу мерзімін қысқарту туралы өтініш келіп түсті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне  сілтеме  жасаған Kazgazeta.kz.

«Серік Ахметов жазасын өтеп жатқан мекемеден «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңын қолданысқа енгізілген күнінен бастап оның жазасының өтелмеген төрттен бір бөлігін қысқарту туралы ұсыным берді. Бас бостандығынан айыру органдары Ахметовтің өтініші бойынша қолдаухат жіберген. Өтініш бүгін келіп түсті. Іс сотқа жіберіліп, қарау уақыты белгіленеді», — деп мәлім етті Абай аудандық сотының БАҚ-пен жұмыс үйлестірушісі Ардақ Жұмашев.

Еске сала кетейік, 2015 жылы желтоқсан айында Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты бұрынғы премьер-министр С. Ахметов пен басқа да лауазымды тұлғаларға қатысты іс бойынша үкімі шығарды.

Аталмыш іс бойынша 7 түрлі эпизодқа сәйкес барлығы 21 адам айыпталған болатын. Сот талқылауы 2015 жылғы 10 тамызда басталып, төрт айға созылды. Сот тергеуі мен сот жарыссөздері 2015 жылғы 9 желтоқсанда аяқталды.

Қарағанды облыстық сотының қылмыстық істер бойынша апелляциялық соты 2016 жылдың 14 наурызда жемқорлық қылмыстық іске қатысты сотты болған 11 адамның жазасын жеңілдетті. Соның ішінде Серік Ахметовтің жазасы 10 жылдан 8 жылға дейін азайтылды.




Пікір қалдыру